Жұма, 20 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 10498 2 пікір 19 Қараша, 2015 сағат 11:47

ДОМБАЙ НЕГЕ ТАРИХҚА ҚИЯНАТ ЖАСАЙДЫ?


Нұрперзент Домбайдың «Ана тілі» басылымындағы  (№15,  2.04.2015ж.) 1727 жылғы Бұланты шайқасына қатысты мақаласына қарсы өз ойымызды білдіруді жөн санап отырмыз.

Қазақ жасағының 1727 жылы Бұланты өзені бойындағы алғашқы ірі шайқас – Еуразия даласындағы нағыз қанды қасап. Жоңғарларға қарсы алғашқы ірі шабуыл әуелі Ұлытау аумағында болып, бұған  үш жүздің барлық әскері қатысты. Бұл деректе Ұлы жүзден 7 мың, Орта жүзден 10 мың, Кіші жүзден 10 мың әскер қатысқаны айтылады. Енді бір деректе қырық төрт мың қазақ жасағы шайқасқаны сөз болады. І.Есенберлиннің «Көшпенділерінде» Орта жүзден жиырма мың, Кіші жүзден он бес мың, Ұлы жүзден Саурық-Сұраншы батыр бастаған үш мыңдай қол қосылған. Ол кезде Ұлы жүз тегіс жоңғарлардың қол астында бодан еді, ал Төле би Шашта жоңғардың ұлыс бегі, аманатқа ұлдарын беріп, құрып кетпеудің амалымен,  ел жұрты малын бағып, құлдық бұғаудың құрсауында жүрді. «Ел мен жер  тағдыры қыл үстінде тұрғанда, қан төгісте барлық әйгілі үш биіміз Төле, Қазбек, Әйтеке, хандарымыз – Сәмеке, Әбілмәмбет (Болат), бас қолбасшы – Әбілқайыр,  батырлар – Бөгенбай, Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Есет, Бөкенбай, Малайсары,  Баян, басқа да  ел есіндегі бірегей батырлар алғаш рет Сарысудың батысында, Шұбартеңізде жоңғарларға күресте соққы берді» дейді жазбада. Ескерту – «әйгілі үш би болды» дегені жаңсақ. Әбіш Кекілбаев: «Әйтеке би ол соғыстан көп жыл бұрын, 1709 жылы 56 жасында қайтыс болған. Ал  тарихта,  ел  аузында  Әйтекенің 1644  жылы  туып,  1700 жылы  қайтыс  болғаны айтылады»  дейді.  

Соғыс 1727 жылы болды. Төле би де болды деу  күмән туғызады, себебі ол жылдары Төле би – Шашта жоңғардың  ұлыс бегі, оны білсе Жоңғардың  ханы Қалден Церен басын  алады. Төле би  билікке  Абылай уақытында  Аңырақайдан  кейінгі соғыстарда,  Жетісудың басым бөлігі азат етілген соң  барып қана араласты. Төле би өз ажалымен  өлген жоқ, оны  Шашта  жоңғарлар өлтірген болуы  мүмкін. Шаш (Ташкент) Абылайдың  тұсында,  1748-1752 жылдары қайтарылды.

Бұланты соғысын жоңғарларға  қарсы алғашқы соққы деу жаңсақ. Жаумен алғашқы қырғын шайқас 1725 жылы  Мұғалжар  тауының,  Бөгелі-Бөртелі  шатқалында  Қарасиыр  жазығында болды.  Мұнда Қарасақал Тайлақ батыр 6 мың  Әлім – Шекті  қолымен, Ошақты Саурық батыр үш мың қолмен қосылып, Бөгелі Бөртелі мен  Қарасиыр жазығында  5 мыңдай  жоңғарды  жер жастандырды.  Екі жыл бойы естерін жинай алмаған   жоңғарлармен 1727 жылы Бұланты мен  Білеутіде қайта  шайқасып,  1731 жылы Аңырақайда тұралатып, Жетісудың біраз бөлігін  қайтарып, жау  соғысты тоқтатуға келісімге келді. Себебі бұл кезде Болатхан  өліп,  орнына  бозөкпе  баласы Әбілмәмбет  хан сайланды. Осыған ренжіген Әбілқайыр мен Сәмеке әскерін кері бұрып, өз ұлыстарына  кетті, Нұрперзент Домбай мырза! Осы тарихи  драманы  неге  айналып  өтесің?   Тайлақ  батырдың тарихта  алғаш  рет жоңғарларға  соққы  беріп, жауды  күйрете  жеңуіне  ұйытқы болғанын  айтуға неге қолың жүрмеді?  Осындағы Тайлақ батыр бастаған  Әлім  қолының  негізін  шектілер  құрағанымен,  тек Кіші  Шектіден қосылған  жан  болмады.  Қуаңдарияның  бойында қалпақ  жерінде  кірме,  диқаншылықпен  айналысқан, баққаны бес ешкі, бір сиыр, қораздың  бір бұтын ауыл  боп  талғажау  еткен жұрт  еді.  Тайлақ  батырды кейін сатқындықпен  қоршауда  қалдырып,  кезінде  көмекке  келмей,  мерт  болғанына  да  себепші  болған  Кіші-Шектілер деген  аңыз  ел  арасында  айтылып  келеді. З.Шүкіров.  «Сыр  бойы»  кітабында  ашып  жазбай  түртіп  өтеді.  Ашса  арты  ашылады ғой  Кішілердің...

Бұланты бойында ауыр шайқастан  соң есін  жия  алмай  жатқан  жоңғарларға  төтеннен шабуыл жасап, қарсыласуға шамаларын келтірмей қырып тастады. Аман қалғандары  Білеутіге қарай шегінген.  Нұрперзент Домбайдың «Ана тіліндегі» мақаласында  осы кезде Кіші жүздің биі – Байжанның  15 жастағы ұлы  Сартай бастаған мың бала жау шебіне қарай атқан оқтай ұмтылғанын жазады. Бұл  Сартай – кәдімгі «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Сартай батыр. Осы шайқаста  талай  қыршын  қаза тапты, өкінішке орай өзгелері  жөнінде қазіргі күні нақты мәлімет болмай тұр дейді Н.Домбай мақаласында. Мұнысы бекер. Мәлімет бар, мәлімет – халықтың інжу-маржаны дастанда.  Оны  білесің,  тек   қалпақ-сарт  қулығына  басып,  елемейсің. Сыр  шектісі  Жақайым  қабыландары  Жылқыайдар,  Жылқыаман,  Сартай  деуге  қолың  бармай,  қызғанышпен  айналып  өтесің.

Әруақтары риза болсын, жаужүрек бозбалаларды бастаған Сартай батырға тоқтала кетейін.  Сартай туралы қолымызда құнды дүние Н.Қосжанұлының «Сартай батыр» дастанын оқып отырғанда, ол толық емес, жалғасы бардай көрінген. Сартай жауға аттанарда әкесі Байжан биден  рұқсат сұрайды. Әкесі:

Көзімнің нұры Сартай жан,

Құлыншағым сен едің.

Жастайыңнан шырағым,

Ақылмен топты бөгедің.

Қайырлы болсын қадамың!

Осы жолы жауға аттан,

Қамдан-дағы  асыға.

Жауды жалғыз жеңбесең,

Мың бала ал қасыңа.

Ғұмыр бойы сол достар,

Қорған болар басыңа.

Әкесінен бата алып, елден ізіне ерем деген мың баланы жинап Әбілқайыр ханның жасағын іздеп сапарға шыққан он бес жасар Сартайдың дастанда  қанды көйлек достары –  Жылқайдар мен Жылқаман, түгелдей мыңын  жау жүрек қылып жаттықтырған Бүкірек батыр,  ақылшылары – Бабый, Сырлыбай, Мыңбай  ұлы  билердің  атын  атамай  айналып  өтесің  неге?! Сартайдың әкесі Байжан би осы билердің айтқанына жүгін, ақылын тыңда деген дастандағы жолдарды неге көзге елемейсің, Нұрперзент! Білмеді деп айта алмаймын. Әбілқайыр жасағына қосылуға аттанған мың  баланың ішінде  Кіші Шектіден бір жан болмаған, себебі ол заманда Кіші Шектілер түгелімен Қуаңдария бойындағы  қарақалпақ  арасында кірме, сарттардың боданы  болып жүрді.  Сол мың баланың жеті жүзден астамы Сыр Шектісі Жақайым аталығының жау жүрек жас өркендері еді.

Баласы Сартайға:

Бүкіректей батырың,

Қалмаққа жалғыз аттанған.

Қорашора Қармыс би,

Кем емес еді  кемеден.

Сырлыбай, Баби екеуі,

Тайсалмас әділ төреден.

Байжан, Ақша, Асаннан

Әрі сақа, әрі би,

Атымтайдан береген,

Сырлыбай, Бабый, Мыңбай –

Тар жерден өткізер жығылмай,

Осыларға қызмет ет

Сатып алған құлындай

Бәрін айт та бірін айт,

Баби  ғой соның көкесі.

Еске сақта мұнымды-ай,

Бүкірек, Жақау, Бәйімбет –

Кіші жүздің жырындай.

Кемшілік болмас шырағым,

Солардың жүрсең соңында-ай.

Бүгінде қазақ  басылымдары бірінен соң бірі  батыр да, би де – Шапырашты Наурызбай, Таусарұлы  Қазыбек би деп жалаң ұранға көшті.  Ерлігі Наурызбайды он орап алатын Албан Райымбек батырды неге жазбайсыңдар? Әруаққа қиянат жасап жатқандарыңды неге көрмейсіңдер? Ұлы шайқастарда ерлік көрсетсе де есімдері ұмтылған батырларын неге  зерттемейсіңдер? Ақтабан  шұбырынды  да  Наурызбай мен Райымбек  қол  бастады  деген дерек жоқ. Олар партизандық, Жетісу өлкесінің  азаттық  соғысының  батыры  екені  рас.  Хас  батыр  Төртағаның  бірі  Шақшақ  Жәнібекті  Алаштың  ұранынан  алып  тастап,  Жетісудың  өлке  азаттық  партизандық  соғысының  батыры  Наурызбайды  ұрандатқандарың  тарих,  Құдай  алдындағы  кешірілмес  қиянат.  

Бұлантыдағы тарихи соғыста Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібекпен  қатар қойып Наурызбайды қаһарман  қыласың, Нұрперзент. Сол уақытта жау  қол  астында қалған  жұртпен хабар тасушы  (жаушы)  орнында жүрген.  Қазыбекке 2000 мың Дулат  қолын  басқартып, қолбасшы  деп аспандатқансың. Қазыбек бидің Төле бидің орынбасары болғаны  көп кейін... Себебі,  1727 жылдары ұлы жүз түгелімен  жоңғарлар басып алған жер еді. Төле би ұлы жүздің ұлыс бегі, жоңғардың оң қолы, аманатқа ұлын беріп, Шашты (Ташкент) басқарған шағы. Наурызбайдың  аты Абылай  кейін Орта Жүзге   хан болғанда шарықтады. 1752 жылдары шүршіттер (Қытай) жоңғарларды қырып салды  (3млн. Халықтың 1.5 миллионын қырды).  Ал Қазыбек би Тауасарұлы дегенді мінажаты  Қалдарбек Балғынбаев жарнамалап, есімі үш ғасыр өткен соң шықты. Тауасар ұлы  тарихта болған тұлға, бірақ мінажаты жазғандай үш жүзге танымал, үш бимен қатар жүріп билік айтты деу жалған әсерлеу,  оны  қаһарман еткен Қалдарбек дегені.

Тарихтағы Қалмаққырылған атанған жер қай жер? Бір деректе  Сарысу  бойында  қырық мыңнан астам қазақ жасақтары  қатысқан соғыс өткен жер делінеді. Меніңше,  жоңғармен арадағы қанды шайқас – Мұғалжар  тауындағы  шатқалда,  Бөгелі Бөртелі мен Қарасиыр жазығы. Бұл жерде  Қарасақал Тайлақ пен  Ошақты Саурық батырдың  бірлескен қолымен  үш күндік ұрыста жоңғар жасағы күйрей жеңілген. Жекпе-жекте Тайлақ Дабу ноянды жер жастандырды.

Бөгелі Бөртелідегі жеңіс қазақ елінің еңсесін көтеріп,  арты Бұланты, Аңырақай жеңісіне жалғасқан  ұлт-азаттық қозғалысының бастамасы.  Бұланты мен Аңырақайдағы жеңіс болмаса қазақ  ордасы сол кезден 100 жыл бұрын ғана тоз-тоз боп құрыған Ноғай ордасының кебін киері анық еді. Кедергісіз қазақ жерінің кіндігіне жеткен жоңғар  қолы енді бір секірсе  Еділ қалмақтарымен бірігер еді.  Жоңғар мен қалмақ  тілі бір, нәсілі бір халық.  Еділ қалмақтары  әр себептермен Еділ бойына тұрақтап қалған көшпенді халық. Өте жауынгер ұлт. Бір заманда өзінен жүз есе көп шүршіттер оларға салық төлеп, қонтайшыларына қыздарын беріп құда-жекжат болып қорғанған.

Орыс мемлекетінің тағдыры үшін Полтава, Куликово, Бородино түбіндегі шайқастары қандай маңызды болса, қазақ халқы мен мемлекеті үшін Бұланты мен Білеуті түбіндегі жеңіс  те сондай маңызды.

Бұланты, Аңырақай шайқастарына дем берген Бөгелі Бөртелі, Қарасиыр жазығындағы бірінші рет жоңғарларға күшейте соққы берген қолды бастаған Тайлақ пен Саурық батырлар тарихта лайықты орындарын алуы тиіс!  Бұланты, Аңырақайдағы  жеңісті Кіші жүз ханы Әбілқайырдың кемеңгер  қолбасшылығымен келгенін мойындауға тиіспіз.

Бала Сартай кейіннен жасы келгенде Әлім тайпасының биі ел қорғаған қолбасшысы болып, 40 жыл қырғында талай айқасты бастан өткізді. Еділ қалмақтарымен, түркімен, башқұрт, Хиуа, Үргеніш сарттарымен, орыс басқыншыларымен  соғысып, өле өлгенше Сыр бойын қорғап кетті. Сартай – орыстың отарлау саясатына, Әбілқайырдың  бодан болу саясатына қарсы тұрғандардың бірі. Сартай есімі А.Левшиннің  «Описание киргиз-казачь или киргиз-кайсацких орда степи» атты еңбегінде, Тевкелевтің күнделігінде, М.Вяткиннің «Сырым батыр» кітабында, т.б. көптеген құжаттарда кездеседі.  Ол 1732 жылы 6 наурызда Тевкелевпен кездесіп әңгімелескен.

Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаңында» Байжан, Баби, Сырлыбай билер, батыр Ақша, Сартай  туралы  ашып жазылған. Орыс елшілерінің  атқан оғынан  қаза тапқан Баби бидің інісі – Байғара батырдың құнын даулаушылардың бірі.

Сартай Қазалыға таяу Қызылдың құмындағы Қасым қожа  қорымына жерленген дейді. Ол  қате пікір. Сартай атамыз қыс қыстау, жаз жайлауы, Жақайым асандарының қонысы –  Райым  елдімекеніне таяу орында жатыр. Кесенесі жаңартылды.

Бірде Өмірзақ Жолымбетов ағамыз Грузияға барғанда, мұражайға айналған патша сарайының етегінде ағып жатқан Кура өзені жағалауындағы тас құлпытастарға көзі түседі. 1744 жылы Иранның Нәдір шақы  Гүржістанға  шабуыл жасағанда, патша сарайын қорғап, қақпа алдында қаза тапқан Гүржінің (грузиннің) жүз баласының әрқайсысына құлпытас қойып, есімдерін тасқа ойған. Біз шаһид кеткен 500 баланың әр қайсысына қоймасақ та,  жау жүрек мың балаға ортақ белгі неге қоймаймыз? Тасқа қыршын кеткен бозбалалардың  қолбасшысы Сартайды, батырлар Жылқайдар, Жылқаманды, ұстазы Бүкірек батырды ойып  жазсақ, ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге болар еді.

1998 жылы Жезқазған қаласының әкімшілігі Бұланты шайқасын зерттеуге экспедиция ұйымдастырып, Бетпақтың даласымен 1500 шақырым жүріп, Бұланты шайқасы өткен – Қалмаққырылған жотасынан бастап 6 жерге белгі  қойды.  60-70 шақырымға созылып жатқан Бұланты бойындағы қалың қорымда қалмақпен шайқаста қаза тапқан жауынгерлер жатыр.

Сыр бойында елжанды азаматтар бар, Қорқыт ата педагогикалық институты экспедиция ұйымдастырып, жау жүрек мың балаға арнап қомақты ескерткіш белгі қояр. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Сартай бастаған қолдың ерлігі лайықты аталғаны жөн. Бұланты жеңісінің 290 жылдығына  да аз уақыт қалды.

Жанат – сері, Баби би тегі, Ақтөбе облысы.

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1893