Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 4972 0 пікір 20 Мамыр, 2016 сағат 11:01

МУЗЕЙДЕГІ ТҮН АКЦИЯСЫНА 30 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ КЕЛДІ

18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай Ұлттық музей ұйымдастырған «Музейдегі түн» акциясына 30 мың адам келді. Қазақстан музейлер тарихында осынша көп адамның бір мезгілде музейге келуі бұрын-соңды болмаған оқиға. Ұлттық музейдің 2015 жылғы ұйымдастырған аталмыш акциясына 23 мың адам жиналған болатын.

«Музейдегі түн» акциясы – халық назарын музейге аудару үшін және қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау үшін ұйымдастырылады. Қазір еліміздегі көптеген музейлер бұл шараны жыл сайын тұрақты түрде өткізуді дәстүрге айналдырып келеді.

Биылға Ұлттық музейдің «Музейдегі түн - 2016» акциясы көптеген қызықты бағдарламалардан түзілген болатын. Мерекелік акция  «Жаңғыртылған жәдігерлер» деп аталатын көрменің ашылуымен басталды. Көрмеге қойылған зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері, ағаштан, былғарыдан және металдан жасалған тұрмыстық заттар, кілем-киіз, қыш және фарфор бұйымдары көрермендердің көзайымына айналды. Бұл бұйымдардың барлығы Ұлттық музей шеберлері қайта өңдеп, қалпына келтірген жәдігерлер.

Бұл күні Ұлттық музейдің барлық залдарына экскурсия жасау тегін болды. Мерекелік іс шараға  арнайы қонақ ретінде шақырылған өнер жұлдыздары кештің сәнін келтіріп,  кешті салтанатты думанға айналдырды. Мәселен Майра Мұхамедқызы, Досымжан Таңатаров, Димаш Құдайберген, Ерлан Рысқали, Тамара Асар, Индира Расылхан, Дос, Еділ Құсайынов бастаған өнер адамдары музейге келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлады.  

Салтанатты кештің  ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай жалпы музей саласы туралы айта келе, әлемнің әр елінде өтіп жатқан «Музейдегі түн» акциясына тоқталып өтті.

-                     Музей – әрбір халықтың өткені мен бүгінгі тарихи-мәдени байлығын  жинақтаған үлкен рухани орталық. Қазіргі музейлер  озық технологиялармен жасақталған. Музейге келушілерге жаңа құрылғылардың көмегімен көне жәдігерлер жөнінде жан-жақты мәліметтер алуға жағдай жасалып отыр. «Музейдегі түн» акциясының басты мақсаты – сақталып тұрған жәдігерлерді бұқараға мейлінше көбірек насихаттау. Сол арқылы мәдениет пен тарихтың өркендеуіне үлес қосу. Ал, Ұлттық музей аталмыш акцияны осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Өткен жылы бұл шараға астаналықтар мен қала қонақтарының ерекше қызығушылық танытқанын көрдік. 23 мыңнан астам адам қатысты. Биыл мерекелік бағдарламаға көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, барынша көрермендер көңілінен шығатындай жобалар ұсынып отырмыз. Сондықтан да музейде өткізген уақыттарыңыз мәнді, мағыналы әрі көңілді болады деген сенімдемін, – деді Д.Мыңбай.

         Бұл күні немересін ерткен ата мен әже, қол ұстасқан жастар, зиялы қауым өкілдерінен бастап қарапайым бұқараға дейінгі халықтың барлығы музей залдарын аралады. Әр қайсысы өздеріне ұнаған бағдарламаларды тамашалады. Байырғы салт-дәстүр бойынша киініп, қару жарағын асынған батырлар мен үлде мен бүлдеге оранған арулардың киім үлгісін тамашалап, олармен фотаға түсті. Алтын адам, Тақсай ханшайымы сияқты тарихи экспонаттардың киім үлгісіндегі «жанды жәдігерлер» мерекеге келушілерге ерекше әсер етті. Бір сөзбен айтқанда қала тұрғындары мен қонақтары рухани күш алып, серпіліп қайтты. Сізде музейге келіп рухани күш алып қайтыңыз, оқырман!

abai.kz

0 пікір