Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 7989 0 пікір 20 Мамыр, 2016 сағат 16:52

АЛМАТЫНЫҢ АЛАҢДАРЫНАН ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТТАР ТАБЫЛЫП ЖАТЫР. РАС ПА?

Бүгін Алматы қаласындағы «Республика» және «Алматы» алаңдарының төңірегінен жарылғыш заттар мен  жанармай құйылған бөтелкелер табылыпты деген ақпарат «Abai.kz» поштасына келіп түсті.

Алматылық полицейлер жедел жүргізген шара барысында «Республика» және «Алматы» алаңдары маңындағы бірнеше қалтарыс жерлерден жандырғыш сұйық зат құйылған бөтелкелер, оншақты арматура кесінділері мен ішінде бензині бар канистрлер табылыпты. Сонымен қатар, Алмалы және Медеу аудандарындағы 2 пәтерді тінтіген полцейлер Макаров және «ТТ» тапаншаларын, бірнеше ондық оқ-дәрісі бар тегіс ұңғылы шолақ мылтықтарды, РГД-5 төрт гранаты, сондай-ақ жалпы сомасы 5 миллион теңгені құрайтын ақшалай қаражат тауып, тәркілепті. Жедел жүргізген жұмыстардың нәтижесінде 5 адам күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынғаны тағы рас екен.

Содан, мәселенің анық-қанығын білмек болып, Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке хабарластық.

-Сәке, аяқ-астынан «Республика» мен «Алматы» алаңдарынан жарылғыш заттар табылыпты деген ақпарат қайдан шықты?

-Рас, Алматының екі үлкен алаңына жақын маңайдан жарылғыш заттар мен жанармай құйылған бөтелкелер, шолақ кесілген темір-терсектер табылды, тәркіленді.

-Бұл неге бүгін табылып отыр? Бұл  туралы сіздерге кімдер хабарлады?

-Жалпы ақпараттарды бізге қала тұрғындары хабарлап айтты. Кейін тергеу жұмыстары жүргізілгенде, ақпарттың рас екендігі анықталып, шын мәнінде аталып көрсетілген орындардан жарылғыш заттар табылды.

-Нақты қай уақытта?

-Нақты қай уақытта хабарланғаны туралы менде ақпараттар жоқ. Оны  тек тергеу тобы ғана біледі. Сонымен қатар қаламыздағы екі аудандағы пәтерлерді тінту барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 5 адам ұсталды.

-Ұсталған азаматтар кімдер және олар қалай анықталды?

-Өкінішке орай бұл туралы менде мәліметтер жоқ.

-Бұл әдейі қолдан жасалған ақпарат емес пе? Ертең мына халықты алаңға шығармау үшін, үркітіп, қорқыту үшін жасалып отырған жоқ па?

-Бұл ресми тіркелген ақпарат. Әдейі бұрмалап, жалған ақпарат тарататындай біздің де басымыз екеу емес қой. Сондықтан, тұрғындардан хабардың келіп түскені де рас, жарылғыш заттардың табылғаны да рас.

Тінту барысында пәтерлерден Макаров және ТТ маркалы 2 тапанша, РГД-5 төрт гранатасы, аңшы мылтығының шолақ түрлері мен бес миллион теңгеге жуық ақша табылып, тәркіленді.

-Тәркіленген ақшалар қандай вальюталарда болды? Доллар ма, әлде теңге ме?

-Жо-жоқ, теңгелей болды.  Қазір аталған оқиғаға қатысты  ҚР Қылмыстық кодексінің 287 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот алды тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5244