Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6075 0 пікір 15 Маусым, 2016 сағат 13:39

МИНИСТР САҒАДИЕВ ҚАТЕЛЕСКЕНІН МОЙЫНДАЙ МА?

Жақында Оңтүстік Қазақстан облысында бір мектептің 40 түлегі Ұлттық біріңғай тестілеуді жоғарғы деңгейде тапсырып, «Алтын белгі» иегері атанды.

Бұл туралы ОҚО, Аймақтық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, ҰБТ қорытындысы туралы баяндама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ержан Бұрханов айтты.

Сондай-ақ, өңір бойынша 6 түлек 125 балл жинаса, тағы 18 оқушы 124 балл алған. Биыл ОҚО бойынша 1439 оқушы  «Алтын белгіге» үміткер атанса, олардың 575-сі сенімді ақтапты. Соны ішінде, Мақтарал ауданындағы Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектептің  40 түлегі  «Алтын белгі» иегері атанды.  Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай  облыс бойынша бітірушілердің ҰБТ-ға қатысу пайызы – 73,2 пайызды құрап, жалпы облыстың орташа балы 77,7 пайызды көрсетті.

Аталған ақпаратқа қатысты біз Ұлттық тестілеу орталығына хабарласып, аталған мектеп түлектері туралы толық ақпарат алмақ болған едік, өкінішке орай ол жерде телефон тұтқасын көтеріп жауап беретін жан табылған жоқ.

Әуелі Ұлттық тестілеу орталығының қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз (аты-жөнін айтпады): «Қазір бізде семинар жүріп жатыр. 1 сағаттан соң хабарласыңыз», - деді. Уағдаласқан 1 сағаттан соң қайта қоңырау шалып едік, «Бұл туралы ҰТО-ның «Ақпарат бөлімі» жауап береді», - деп екінші бір бөлімге сілтеді. Жөнелткен жерге  хабарласқанымызда бөлім қызметкері Айгүл Өмірзаққызы: «Рас, ол туралы естідік. Бірақ сізге бұл туралы Жанна Тілеуова толық жауап береді», - деп үшінші бөлімге итеріп қойды. Ұлттық біріңғай тестілеу жұмыстарымен тікелей айналысатын бұл бөлімде бізге әуелі қызметкер Айдын Нұрыпбайқызы: «Мен жәй қызметкермін. Қазір Жанар Тілеуова жоқ. 10 минуттан соң хабарласыңыз», - деді. Одан кейін тағы бір қызметкер  Насихат Өркенқызы да жоғарыдағы сценарий бойынша түстен кейін хабарласуымызды өтінді.

Осылайша ҰТО кеңселерін телефон арқылы шарлап жүріп, «Алтын белгі» алған  ОҚО-лық 40 түлек туралы мәлімет беретін  бір адамды таба алмадық.

Десе де, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Ержан Бұрхановтың брифингтегі деректеріне қарап отырып, Б.Момышұлы атындағы қазақ тілді жалпы білім беретін орта мектеп түлектерінің жетістігіне сүйсіндік.

Жоғарыда біздің сұрақтарымызға жауап беретін жан табылмаған Ұлттық тестілеу орталығының деректеріне сүйенсек, биыл  ҰБТ-ға еліміз бойынша 84079 бітіруші қатысса, соның ішінде 61739 оқушы қазақ тілінде, 22340 бітіруші орыс тілінде тест тапсырған. Жалпы еліміз бойынша мүмкін болған 125 балды 19 бітіруші жинаса, олардың 6-уы ОҚО-лық түлектер және  Алматы қаласынан - 6, Шығыс Қазақстан облысынан – 2, Павлодар облысынан – 2, Астана қаласынаннан – 1, Батыс Қазақстан облысы – 1, Қарағанды облысынан – 1 оқушы.

Осыдан сәл ертеректе, Қазақстанның Білім және ғылым министрі мәлімдеме жасап, еліміздегі қазақ тілді орта мектептердің білім деңгейінің тым төмендігін айтқан еді. Қазақ мектептері орыс мектептерімен салыстырғанда 1,5 жылға артта қалып қойған деген министр Сағадиев мырза барлық орта білім беретін мектептерге үштілділік енгізілетінін мәлімдеген болатын. Мектеп оқушыларының тілін шұбар-алалауға ниетті екенін аңғартқан Бас педогог монотілділік идеясына ынта-шынтасымен қарсылық танытқан еді.

Министр ағылшын мен орыс тілін күштеп үйретпек болған орта мектептер жылды қорытындылады. Ұлттық біріңғай тестілеулер аяқталып, оның қорытындысы бойынша қазақ тілді және орыс тілді мектеп түлектерінің білім көрсеткіші таразыға салынды. Бір ғана қазақ тілді орта мектептің 40 түлегі «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл рекордтық көрсеткіш екенін министр Сағадиев мырзаның өзі терістей алмаса керек. Демек, министрдің «қазақ мектептерінің білім деңгейін төмен» деген мәлімдемесі шындыққа жанаспайтын, жалған дерек болғаны ғой? Енді министр Сағадиев қазақ мектептері туралы қателескенін мойындауы керек. Мәселе осында- мойындай ма?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366