Жұма, 22 Қараша 2024
Жалқы сұрақ 6604 0 пікір 20 Шілде, 2016 сағат 17:39

КҮЛІКБАЕВ ДЕГЕН КІМ?

Шілденің 18-күні Алматы қаласының бірнеше нүктесінде атыс жасап, 6 полиция қызметкерін опат қылған содырдың есімі – Руслан Күлікбаев екендігі ресми органдар тарапынан жария етілді. Бейбіт күнде 2 миллион халқы бар Алматына аяғынан тік тұрғызған қылмыскер атыс кезінде ауыр жарақат алғандықтан полицияның қатаң бақылауымен ауруханада болған. Қазір тергеу изоляторына жеткізілген.

Шетін оқиға орын алған түні ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов Алматыға арнайы келіп, шұғыл брифинг өткізген-тін. Онда министр мырза оқиға орнында ұсталған Руслан Күлікбаев деген азаматтың қылмысты толық мойындағанын айтып еді.

Күлікбаев Руслан Алпысбайұлы 1990-жылдың 11-маусымында Қызылорда облысында туған. Бұрын Байқоңыр қаласында тұрған.  Соңғы уақытта Алматы облысы Іле ауданына қарасты Ынтымақ ауылын мекендеп, Алматы қаласында ұялы телефон саудасымен айналысқан.

2010-жылдың 27-тамызында Шымкент қаласының Еңбекшіқазақ аудандық сотында ҚР ҚК 178-бабы (күш көрсету арқылы ұрлық жасау) бойынша сотталған. Ал 2012-жылдың 8-мамырында Қызылорда қалалық сотында ҚР ҚК 251 бабы ( қару-жарақты заңсыз алу және сақтау) бойынша қайта  сотталған.  2 жыл 11 айға түрмеде отырған.

ҚР ҰҚК басшысы Владимир Жұмақанов қылмыскер Күлікбаевтың түрмеде жүрген кезінде салафтық ағым өкілдерімен байланысы болғандығын айтты.

КҮЛІКБАЕВ САЛАФ БОЛҒАН БА?

Қр Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан деректерге сүйенсек, Руслан Күлікбаевтің түрмеде отырған кезінде салафиттік ағым өкілдерімен байланысы болған. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы діни уағыз жүргізетін Дарын Мұбаров есімді азаматттың шәкірті болуы әбден мүмкін деген пікірлер де айтылды.

Ал ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов журналистерге сұхбат беріп, Руслан Күлікбаевақа көмектесті деген  күдікпен тағы бір азаматтың ұсталғандығын айтқан. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, ол такси жүргізушісі болыпты.

Қазақстандық БАҚ жазғандай, такси жүргізушісі ретінде ұсталған азаматтың «Вконтакте» желісіндегі парақшасында діни сипаттағы материалдар болған.

Ал Руслан Күлікбаевтың атына аталған желіде екі парақша тіркелгенімен ол парақшаларда ешбір мәлімет көрсетілмеген. Бұл парақшалар тазартылған немесе жалған парақшалар болуы әбден мүмкін.

КҮЛІКБАЕВТЫҢ ҚАЙЫН ЖҰРТЫ КҮЙЕУ БАЛАСЫНЫҢ ӨЗГЕ АҒЫМДА БОЛҒАНДЫҒЫН АЙТТЫ

Ресми органдар қылмыскер Күлікбаевтың тұрғылықты жері туралы нақты деректерді әлі жарияламағанымен, бейресми дереккөздері арқылы Руслан Күлікбаевтың қайын жұрты журналистерге сұхбат берді.

Өзін Руслан Күлікбаевтың қайын енесімін деп таныстырған Жұмахан Үмбетұлова күйеу баласының намаз оқу мәнірінің дәстүрлі формаға сәйкес еместігін және кәдімгі мешіттерге бармайтынын айтыпты.

«Ол тіпті қызымызды бізге көрсетпейтін. Русланның өзін біз бір-екі рет ана көрдік. Олар үйленген кезде маған күйеу бала намаз оқитын, ұқыпты адам деп таныстырды. Мен қызыма бірнеше рет айтқанмын, ажырасып кет деп»,-дейді  КТК арнасына сұхбат берген Руслан Күлікбаевтың енесі Жұмахан Үмбетқұлова.

Бейресми дереккөздерінің хабарлауынша, Руслан мен Аяулым (Русланның әйелі) 7 жыл бұрын отау құрған. Аяулым төрт жастағы бір ұл мен бір қыздың анасы.

Сондай-ақ, қылмыскер Күлікбаевтың Руслан Байқоңыр қаласында тағы бір әйелі бар екендігі туралы ресми емес деректер пайда болды. Дереккөздерінің айтуынша, Русланның Байқоңырдағы әйелі жүктілік мерзімде көрінеді. Ал әке-шешесі ажырасып кеткен екен. Бұл нақтыланбаған дерек. Дегенмен қазіргі таңда бұл деректер анықталуда. Тергеу жұмыстарының жабық жүргізілуіне байланысты Руслан Күлікбаев туралы толық деректерді біз алдағы уақыттарда жазатын боламыз.

КҮЛІКБАЕВ ӨЛТІРДІ ДЕГЕН ӨЗБЕКСТАН АЗАМАТШАСЫ КІМ?

Шетін оқиға болған түні Алматыға келген Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов қылмыскер Руслан Күлікбаевтың 17-шілде түнгі сағат 03:59 шамасында Сыдықова деген әйел адамды өлтіргендігін мәлімдеген еді.

Күлікбаев өлтірді деген Сыдықова Өзбекстан азаматшасы болған.

Сондай-ақ, Қасымов мырза марқұм болған Өзбекстан азаматшасының жеңіл жүріспен айналысқандығын  айтқан еді.

Егер Руслан Күлікбаев радикалды діни ағым өкілі және оның отбасы (бейресми екі әйелі) болса – қылмыскер «жезөкшелікпен» айналысатын әйелдің қасында түнгі 03:59-да қайдан жүр? Ал атыс болатын күннен бір күн бұрын өлтірілген Сыдықова туралы мәліметтер неге жасырын? Сыдықованың денесі  қазір қайда? Қазақстанда ма, әлде Өзбекстанға жіберілді ме?

Біз осы мәселеге байланысты Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке хабарласып едік, «Қазір менде бұл туралы мәліметтер жоқ. Анықтап алайын, сәлден кейін хабарласшы»,-деді. Уағдаласқан уақыт өткен соң, қайта хабарласып көріп ек, байланыс орната алмадық. Ал Сыдықованың кім екендігі, қылмыскер Күлікбаевпен арада қандай байланысы болғандығы туралы деректер әлі анықтауды қажет етеді.

Түйін: Алматыда атыс жасап, алты адамның өмірін қиған Руслан Күлікбаев қазір қамауда. Сот алды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Руслан Күлікбаевқа қатысты ақпараттар жабық болғандықтан, біз бейресми дереккөздері арқылы оның отбасы туралы азды-кем ақпарат алудамыз.

Сонымен, Күлікбаевтың мұндай қадамға баруына не себеп болды? Ресми мәмімдемесінде ІІМ басшысы Қалмұхамбет Қасымов Күлікбаевтың құқық қорғаушыларда кегі болғандығын айтып қалды. Демек, Күлікбаев бұл қадамға саналы түрде барған ба? Әлде әлдебір радикалды ағымдардың ықпалымен жасады ма?

ҰҚК басшысы Владимир Жұмақанов оның түрмеде салафи ағымы өкілдерімен байланысы болғандығын айтты.

Ал қылмыскердің Өзбекстан азаматшасы Сыдықовамен байланысы туралы деректер айтылған жоқ.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318