Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ел іші... 6937 0 пікір 26 Тамыз, 2016 сағат 09:50

"ЮЖАНДАР", "ТЕХАСТЫҚТАР" ДЕУ - ҚАСАҢ ТҮСІНІК

Қазақ арасында орыстық санамен уланғандардың шымкенттіктерге үрке қарап, мысқылдап, әжуалап сөйлейтіндері кездеседі. Оларды "южандар", "техастықтар" деп мысқылдайды. Меніңше, бұл шымкентіктердің ұлттық салт-дәстүрге беріктігін, өмірге бейімділігін, іскерліктерін, кәсіпкерлік таланттарын қабылдай алмаған жандардың қызғанышынан туындаған кешегі кеңестік, орыстық көзқарастан туындаған "қасаң" көрініс. 

Шымкенттіктерден көп үлгі алуға болады. Демография жағынан Шымкент облысы бүкіл Қазақстанға "донор", облыс орталығы Шымкент қаласы ешбір қолдаусыз, бай шикізаттық кен орындарынсыз-ақ "миллиондық" шаһарға айналды, Қазақ еліне белгілі мәдениет майталмандары, ақын-жазушылар, іскер жандардың қатары да мол. Жақында "Серпін" жобасының негізінде 1 апта көлемінде Шымкентте болып, шырайлы аймақтың тыныс-тіршілігін өз көзіммен көрдім, көрдім де - көңілім толды. Алдымен адамға қызмет көрсету саласы ерекше дамыған: екі қадам сайын дәмхана, кафе, шайхана. Бағалары төмен, тағамы дәмді. Қоғамдық көліктер зырылдап тұр.Такси арзан. Қала таза, көрікті. Тұрғындары кішіпейіл, ілтипатты.

Қазақилық мәдениет айқын байқалады. Шымкенттің көрікті жерлеріне қазақтың Абай, Бауыржан Момышұлы сынды тұлғаларына еңселі ескерткіштер орнатылған. 

Мені аса таңқалдырған нәрсе қонақ үй болды. "Шымкент" қонақ үйі "төрт жұлдызды" сапаға ие екен. Жұлдызына қызметі де сай. Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде дәл осындай төрт жұлдызды қонақ үйде жатқанбыз. Бұл одан бір мысқал да кем емес. Барлық жағдай жасалған: wi-wi, мұздатқыш, телевизор, желдеткіш (отандық - Alma com), мини-бар, швед столы үлгісіндегі таңғы ас. Айырмашылық (әзіл ретінде-автор): Сеулде унитаздың дәрет алған кісіге жасайтын қызметі толық автоматтандырылған, яғни шаю, жуыну, құрғату деген мәселелер қол жететін жердегі  арнайы қондырғы арқылы басқарылады. Ішімнен: "автоматтандырылған унитазға да қолымыз жетер, өйткені дәрет алуға ерекше мән беретін мұсылман жұртымыз ғой, Еуропаның технологиясын байыған кезде алармыз, - деп ой түйдім.  


Оның есесіне Шымкент қонақ үйінің бағасы - қалтаңа салмақ салмайды. Бір кісілік люкс бөлме - 9000 (тоғыз мың) теңге. Өз Отанымызда осындай қызмет көргенге не жетсін! Көңілің толады. Мұндай төрт жұлдызды қонақ үйге деген арзан бағаны ешбір Еуропа елі ұсына алмас. Бәлкім, бұл салыстыруым да дұрыс емес шығар. Себебі Еуропаның өмір сүру деңгейі бізден гөрі әлдеқайда жоғары ғой. Жоғары елдің қызмет бағасы да соған лайық. Бірақ шымкенттіктердің елдің тұрмыс жағдайын, ал-ауқатын түсініп, арзан баға қойып отырғаны да іскерліктің бір көрінісі ма деп ойладым. Пайданы тауар мен қызметтің көлемі арқылы алуға болатыны сөзсіз. Біздер бағаны қымбат қойып, тез пайда табуға тырысатын сияқтымыз. Еліңе пайда әкелмеген іскерліктің несі сауап?! Шымкенттен осындай тағылым алуға болады. Шырайлы Шымкент деген тіркес бекерден-бекер түзілмесе керек! 

Алмасбек Әбсадық 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3269
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5650