ҮКІМЕТ ӨЗГЕРІП ЕДІ РУШЫЛДЫҚ КҮШЕЙДІ. НЕГЕ?
Кезінде ел арасында Мәсімов үкіметінің қабілетсіздігінен гөрі оның, экс-пермьердің этникалық тегі көп сөз болатын. «Премьерлік тақта тек қазақ отыруы керек» деген заң бар секілді талай жанның бұра тартып, дастархан басындағы әңгімені үлкен саясат сахнасында айтқанын да көзіміз көрді. 2012 жылдың кыркүйегінде бұл қызмет Серік Ахметовке бұйыра қалды. Сол-ақ екен, кеше ғана баға жетпес лауазым саналған премьерліктен мән кетті. Ешкім елеп-ескермейтін қарапайым қызмет санатына қосылып, Ахметов атқарушы биліктің басында бар екендігін әредік көрсетіп қана жүрді. Амал не, бұл премьеріміз 2014 жылы темір тордың ар жағынан бір-ақ шығып, Кәрім Мәсімов ескі креслосына қайта қонжиды. Сол-ақ екен, баяғы әңгіме тағы басталды.
Шынын айтайық, Мәсімов үкіметі көп қателіктер жіберді. Ел экономикасын қайраңнан алып шыға алмады. Реформалары сәтсіздіктерге ұшырай берді. Жер мәселесін тым күрделендіріп жіберді. Ұлттық қордағы ақша сарқылып, сыртқы қарыз күн санап өсіп жатты. Ал, біздің экс-премьеріміз болса, халыққа жағу үшін ел аралап кетті. Өзінің қызметіне жарнама жасамақ болып талай мәрте талпынып көріп еді, онысы қоғамның әжуасына айналып шыға келетін болды. Амалы таусылған Мәсімов министрлерді қасына ертіп алып, көшеге шығып жүгіретінді шығарды. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» дейді қазақ. Аяқ астынан екі түрлі шұлық киіп «қуып» жүрген экс-премьеріміз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды да, Үкімет басына бұрыңғы-соңғы қызметінде іскерлігімен көзге түскен азаматтар келді.
ҰҚК-нің тізгіні Мәсімовке бұйырды делік. Ал, елдің көз құртына айналған Үкімет «басылық» міндет Бақытжан Сағынтаевқа жүктеліп, Жер комиссиясында елдің сөзін сөйлей білген іскер азаматтың екі жағына Иманғали Тасмағанбетов пен Асқар Мырзахметов секілді ауыр салмақтағы жайсаңдар жайғасты.
Міне, тап осы кезде белгісіз бір күштер руаралық араздықты туғызатын әңгімелерді «гулете» бастады.
Билікте «наймандардың» күші әлсіреп кетті. «Кіші жүзге» тізгін берілмеді. «Арғындардың» мысын басып жатыр. «Дулаттар күшейіп барады», т.с.с.
Кешегі Үкімет басының этникалық тегін қазбалайтындар, енді Үкімет тізгінін ұстаған азаматтардың руын түгендеп әлек.
Жалпы, бұл - арандатушы күштердің ойлап тапқан айласы болуы мүмкін. Бұның ар жағында үкіметке сенімсіздік туғызып қана қоймай, жүзшілдік пен жершілдіктің әңгімесін шығарып, қазақты шырғалаңға салатын қулардың түлкі бұлаңы көрініп тұрған сияқты.
Қазақтың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаруына қарсы топтар тағы да іске кіріскенге ұқсайды. Оны әлеуметтік желідегі кейбір түсініксіз жандардың сөз ыңғайы мен сайттардағы пікірлерден-ақ көруге болады.
Тасада отырып тас ату басталды.
Абай болайықшы. "Біз - бір қазақтың баласымыз"...
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz