ТҰҢҒЫШБАЙ ДАУЛЫ МӘСЕЛЕГЕ ЖАУАП БЕРДІ
Жақында «Abai.kz» порталында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының атына жолданған үшбу хат жарияланды. "Тұңғышбай Жаманқұлов жетекшілік ететін Қазақстанның театр қайраткерлері одаған қатаң тексеруден өткізу керек" деген талабы бар хатқа Асанәлі Әшімов бастап, Меруерт Өтекешова қоштаған алматылық жеті өнер қайраткері қол қойған.
Хатта жазылған даулы мәселеге байланысты бүгін ҚР театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов сөз алып отыр.
- Тұңғышбай аға, өзіңіздің әріптестеріңіз бірігіп, Елбасына хат жазды. Оқыдыңыз ба?
- Көрдім, оқыдым. Енді мен не айтам?!. Біріншіден, менің атымдағы фестиваль туралы айтайын. «Тұңғышбай Таразға шақырады» деген фестивальді Қазақстан театр қайраткерлері одағы өткізген жоқ. Оның барлығына қаражатын бөліп, жөн-жоралғысын жасап өткізген Жамбыл облыстық әкімшілігі және сол әкімшіліктің Мәдениет және мұрағат департаменті. Оған одақтың ешқандай қатысы жоқ. Мен өзім тараздық болған соң, жерлестерім ұсыныс айтып, "осындай фестиваль жасайық" деді. Менің атымды сұрады. Мен "жақсы" деп, келісімімді бердім. Ол фестивальдері кейде халықаралық деңгейде өтіп, оған Польша, Чехиядан әртістер келді. Кейде республика деңгейінде өткізіліп жүр.
- Хатта айтылғандай, сіз жетекшілік ететін одақ ешқандай шара өткізбейді екен ғой. Жалғыз осы фестивальден басқа... Ол да одақтың жобасы болмай шықты.
- Бұл енді екінші мәселе. Мұндай фестиваль өткізуге одақтың қаражаты жоқ. Білесіз бе? Біздің одақта ондай бюджет жоқ. Министрлік бізге бір тиын да ақша бөлмейді. Біз жыл сайын өз жобаларымызды министрлікке жолдаймыз. Өкінішке орай Мәдениет және спорт министрлігі біздің хаттарымызға жауап бермейді.
- Неге?
- Білмеймін ғой. Әйтеуір ешбір ұсынысымызды құптаған кезі болған жоқ.
- Ал «Еңлік гүл» сыйлығын ешкім танымайтын актерлерге берді дейді хатқа қол қойған жеті адам. Бұған не дейсіз?
- Рас, «Еңлік гүл» салтанатын біздің одақ жасап жатыр. Мен төраға болғалы бері өткізіліп келеді. Мұның жеке демеушісі болды. Алғашқы 5-6 жылда "Қазмұнайгаз" компаниясы демеушілік көрсетті. Одан кейін бір жыл демеуші болмай қалды. Биыл тағы бір жеке кәсіпкер демеуші болды. Анау есікті бір, мынау есікті бір қағып жүріп тапқан қаражатымызға өткіздік. Енді ол жүлделерді кімдер алады дегенге келсек: Қазақстанның барлық облыстарындағы театрлардан үміткерлер қабылданады. Бүкіл өңірлердегі облыстық театрлардың актерлері бір жыл бойы өзі сомдаған үздік рөлдердің бейне нұсқасын жібереді. Мәреге 2 ай қалғанда біздегі тәуелсіз сарапшылар актерлердің ішінен сұрыптап, ең үздіктерін анықтайды.
- Олар кімдер? Қандай Тәуелсіз сарапшылар?
- Олар мынау Ғылым академиясында қызмет ететін, өнертану ғылымының докторлары, ғылым кандидаттары. Онда жалғыз актерге ғана емес, режиссері, суретшісі бар, барлығы 7 номинация бойынша сыйлық береміз. Соңғы сәтте жаңағы жеті орынға 14 адам үміткер болады. Бір орынға екі адамнан таласады. Ол шешімді тәуелсіз сарапшылар 1 ай бойы үміткерлердің жұмыстарын бақылап, екшеп барып шығарады. Президиум мүшелері "ертең жүлде беріледі" деген күні жабық дауыспен жеңімпазды анықтайды. Ең басты номинациясы 1 миллион теңге. Ақтық сынға шыққан үміткерлер де 200-300 мың теңгеден сыйлық алады.
- Байқап отырсақ, хат жазған қайраткерлердің де сізге өкпесі қара қазандай көрінеді.
- Рас айтасың, мынау хатты жазғандар Алматының актерлері ғой. Облыстық театрларда қандай актерлер бар екенін білмейді де олар. Ашығын айтатын болсақ, өздерін "ең мықтымын" деген сезім билеп алған мырзалар мен ханымдар. Бұл жерде бұлар "біз сыйлықсыз қалдық" деп жатыр. Ал облыстарда өнердің жүгін өгіздей арқалап, маңдай терлерін төгіп, қызмет етіп жүрген жандар бар. Әлгі "сыйлықсыз қалғандар" сол актерлердің намысына тиіп отыр деп есептеймін. Облыстық театрдың актерлері бұл актерлерден асып түспесе, кем түспейді.
- Тұңғышбай аға, қоламтаны қоздатып, шаланы үрлегеніміз емес, сонда да сұрасақ. Осы уақытқа дейін «ләм-мим» демеген қайраткерлердің кенеттен сізді "театр қайраткерлері одағының жұмысын тексеру керек" деп талап көтеруінің астарында не сыр жатыр?
- Мына «Еңлік гүлдің» болып жатқанына биыл жетінші жыл. Осыған дейін әлгі кісілер, расында, қайда жүрген? Неге былтыр осы мәселе көтерілген жоқ? Ал, Асекеңді (Асанәлі Әшімовті айтады.-ред) біз жыл сайын шақырамыз, ол кісі келмейді. Сонан соң бұл кісі одақтың жұмысынан еш хабары жоқ. Араласпайды, атсалыспайды. Меніңше әлгі хаттың артында министрдің өзі тұрған сияқты.
- Министрмен араңыздағы мәселенің мән-жайы өздеріңізге мәлім. Десе де, сіз білдей бір одақты басқарып отырсыз. Сіздің артыңызда Қазақстанның барлың өңірлеріндегі театр қызметкерлерінің аманаты, сенімі тұр. Осы даулар Одақ жұмысына зарарын тигізеді деп ойламайсыз ба?
- Салқыны тисе, тек осындай өсек-аяң таратуға ғана салқыны тиер. Біздің министрмен текетіресіміз ол ректор болып тұрған кезде басталған. Мен Жүргеновте сабақ беремін. Ол - ректор. Бар болғаны Үкіметтен 12 грант бөлінеді, сол кезде. Арыстанбек мырза барлық 12 грантты өзінің тізімімен жасауға тырысты. Бұл осыдан 4 жыл бұрын болған әңгіме. Мен бұл тізімді орындай алмайтынымды ашық айттым. Сол жерден біздің айқас басталған. Ол кісі маған доқ көрсетті. «Сен менің кім екенімді білмейді екенсің, мен сені жұмыстан шығарып жіберемін» деген сөздер айтылған соң, екеуіміз шекісіп қалдық. Сол текетірес министрдің көңілінде сақталып қалған екен. Содан ол кісі министр бола сала, мына біздің одақтың сьездін өткізіңдер деп бұйрық соқты.
Оны жасайтын министр емес, одақтың президиумы. Енді тағы бір мәселе - бұл кісі кино саласының білгірі ғой. Осы саламен қатты айналысады. 2012 жылы менің «Феникс» деген жобам басталған еді. Қаражатты жаратуға арналған смета болады. Соған сәйкес, біз дайындық жұмыстарына, техникалық құралдарға 60 миллион теңгедей жұмсадық. Қай айда, қанша ақша, қайда жұмсалатынын «Қазақфильм» басшылығы реттеп отырады. Қатаң бақылауда. Содан бәрі ретімен келе жатқанда, дайындық жұмыстары аяқталып, енді міне кино түсірілімін бастаймыз дегенде Арыстанбек мырза жобаны тоқтатып тастады. Қанша адам айлықсыз қалды. Ол тағы бар. Сондықтан біз сотқа да жүгіндік. Өкінішке орай еш нәтиже болмады. Ең соңында бізге бөлінген 470 миллион теңгені министр «Қазақ елі» сериалына аударып жіберді. Жағдай осындай.
- Өзіңіз айтып отырсыз, ҚР театр қайраткерлері одағының барлық қаржылық мәселелері қиындап тұр деп. Сондай-ақ, сіз Елбасының қабылдауында болдыңыз. Сонда бұл мәселелер айтылған шығар?
- Мен енді біздің одақ жайында министрге қаншама рет хат жаздым. Елбасының өзі «қоғамдық ұйыммен жұмыс істеңдер» деп тапсырған. Ал ол кісі киномен ғана жұмыс істейді екен. Бізбен шаруасы да жоқ. Ешқандай жиналыстарына шақырмайды. Тіпті десеңіз, біз одақтың атынан жыл сайын құрметті атақтарға Қазақстанның барлық өңірлерінен бірсыпара актерді ұсынамыз. Министр біздің хаттарға бір де бір рет жауап берген емес. Естуімше, Өскемен театрының актері Сахан Әлекеев деген жігіт сол министрмен бірге оқыған екен. Барып, «мені осы одақ мынадай марапатқа ұсынып отыр еді. Сол жағы не болды, Ареке?» деп жолығыпты. Сөйтсе, министр «ол одақтың ешқандай атаққа ұсынуға қақысы жоқ» депті. Бұл дегеніңіз албаты сөз. Кез келген қоғамдық ұйым атаққа ұсына алады. Ал енді театр актерлерін атаққа біздің одақ ұсынбағанда кім ұсынуы тиіс?
- Енді жаңағы хатқа қайта оралсақ, Асекең мен Меруерт апайлар бастап сізге қарсы хат жазуы күтпеген жағдай. Десек те, Асанәлі ағамен араңыздағы араздықтың да ықпалы бар болуы мүмкін ғой?
- Асанәлі ағамыз министр Арыстанбек мырзаның арқа сүйеп жүрген ағасы. Жыл сайын атақ-құрметін, степендиясын беріп жарылқап жүрген адамы. Қайталап айтамын. «Еңлік гүл» сыйлығын алғандардың 70 пайызы өңірлердегі актерлер. Облыстық театрларда айына 20-30 мың теңге айлық алып жүрген, сөйте тұра сахнаға адал қызмет етіп жүрген азаматтар. Рас, қалған 30 пайызы осы Алматының нардай театрларында жүрген дардай актерлер. Қазіргі таңда облыстарда 2000-нан астам актер бар. Олардың ешқайсысы Асанәлі немесе Меруерттен кем емес. Керек десеңіз, дарыны асып түсетін актерлер бар. Тек олар көрінбей жүр. Ал енді актерлердің басы қосылмайды дегенге келетін болсақ, біздің одақ мемлекеттен бір тиын ақша алмайды.
- ҚР Театр қайраткерлері одағы шығаратын журнал бар ғой...
- Одақ шығаратын «Театр» деген журналға жыл сайын беретін 1 миллион теңгесі бар еді. Биыл ол да жоқ. Қазір үш айдың номері шықпай тұр. Себебі - ақша жоқ. Мүшелік жарнадан түсетін азын-аулақ тиын-тебен одақтың еш жыртығын жамамайды. Жарнаның құны – 500 теңге. Сондағы жиналатыны 700-800 мың теңге салық, коммуналдық шығын секілді ұсақ-түйектен аспай қалады. Ал журнал айына бір рет шығуы керек. Оның баспаханасына кемінде 600 мың теңге жұмсалады. Ау сонда мен бір тиынсыз отырған одаққа жеке демеушілерді тартып, өзімнің аз-маз беделімді пайдаланып, әркімнің есігін бір қағып жүріп, «Еңлік гүлді» өткізсем, онда облыстарда көрінбей жүрген талантты актерлерге сыйлық берсем, кінәлімін бе?
Әлде мен театрда көптен бері ешқандай рөл ойнамай жүрген Меруерт Өтекешоваға сол «Қыз Жібек» үшін қайта-қайта сыйлық бере берейін бе? Асекеңе ол сыйлықтың не керегі бар?
- Жөн ғой. Дегенмен сұрағыма жауап бермедіңіз...
- Рас, біз Асекең екеуіміз әкемтеатрдың 90 жылдығында арамыздағы ескі дауды ұмытып, қол алысып, кеуде қағыстырып, татуластық. Мен сонда Асекеңе келіп: «Асеке-ау, арамызда аз-кем араздықты ұмытайық. Мен ініңіз ретінде артық кетсем, кешіріңіз. Қашанғы бұлай жүреміз? Біз бас болып, басқа актерлердің де басын қосайық» дедім. Содан бері керемет жүр едік, мына хатта Асекең келіп мені жақсылап сыбап тастапты. Сосын өткенде Айман Мұсаходжаеваның концерті болды, Абай атындағы театрда. Сонда Асекең жүр екен. Мен барып амандасуға батпадым. Сөйтсем Асекең: «Әй, Тұңғышбай, бері кел. Не болды, амандасудан қалдың ба?» деді. Мен: «Асеке-ау, қорқып тұрмын. Өткенде ғана бар өкпені ұмытып, татуласқан едік. Артынша сіз солай депсіз. Енді барып амандассам, қолымды қағып тастай ма деп қорқақтап тұрмын» дедім, әзіл-шыны аралас. Сонда Асекең: «О, несі-ей?!» деп аң-таң қалды. Мен түсіндірдім, осылай да осылай екен деп. Сонда Асекең: «Маған өткенде бір балалар хабарласып, "сьезд өткізу керек" деді. Мен "е, өткізсеңдер өткізіңдер" дедім. Басқа ештеңесін де білмеймін» деді. Енді әлдекімдер осыдан дардай қылып, шу шығарып жатқанға ұқсайды.
- Меруерт Өтекешеева да «ratel.kz» сайтына пікір білдірген екен. Ол кісі де Асекеңнің айтқанындай, біреулер хабарласқанда «е, жақсы» дей салыпты...
- Меруерт Өтекешоваға да біреулер хабарласып, «сьезд өткізу керек» десе, Меруерт «өткізсеңдер өткізіңдер» депті. Сосын жаңағы хатқа қол қойған Сайлаубек Асылхановқа хабарластым. Сөйтсем, «Ойбай, Тұңғышбай, ешқандай хабарым жоқ» деп аң-таң. Тіпті өзімнен сұрап отыр «не деппін?» деп...
- Зинат Акбарова апай Ұйғыр театрының актрисасы...
- Зинат алпыстан асып қалған актриса ғой. Ұйғыр театрында істейді. Мен ол жаққа да хабарласып көрдім. Ұйғыр театрының директоры Ялқұнжан Шамилов деген жігітке хабарласып ем, «Тұқа, Зинап апай ауырып жатқалы қашан. Ондай хатқа қол қойған жоқ. Хабары да жоқ. Солай ма екен?!» деп отыр.
Енді Анау Татьяна Тарасова деген актриса 2014 жылы мені төрағалыққа сайлаған кезде: «Ойбай, Тұқа, сіз басшылыққа келгелі одақ жанданып, тіріліп қалды. Сондықтан сьезге қатысушылар, Тұқаңның кандидатурасын жабық емес, ашық дауыс беріп-ақ сайлайық» деп ұсыныс жасап, мені төрағалыққа ашық сайлаған адам еді. Татянаның теріс айналғанына сене алмаймын.
Одақ ғимаратына келер болсақ, рас, бізде ешқандай ғимарат жоқ. Жаңағы өзің айтқандай, мен 2014 жылдың 21 тамыз күні Елбасының қабылдауында болдым. Сонда Желтоқсан көшесіндегі актерлер үйін бізге кеңсе ретінде пайдалануға сұрадым. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы бұл тапсырманы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамадиұлына жүктеп, мәселені тездетіп шешіп беруді тапсырған. Содан да ешқандай нәтиже болмады. Кейін Мемхатшы Гүлшара Әбдіхалықоваға кірдім. Ол қайтадан Арыстанбекке тапсырма берді. Ал министр мырза арадағы баяғы ренішті ұмыта алмай жүр...
- Енді бір ғана сұрақ. Егер сьезд шешім қабылдап, Одақ төрағалығынан кет десе, кетесіз бе?
- Жақсы, мен кетейін. Мен бұл орынға жабысып отырғаным жоқ. Менің орныма іскер, талантты жас адам келсе, тіпті, мен оған көмектесуге даярмын. Ал енді өсек-аяң таратып, ұят тірлік жасап отырғандардың артында қаншама былық жатыр. Мен оны жақсы білемін. Және жұрт құсап, олардың артын қазбалап жатқаным жоқ. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Хош, біз жақында президиум шақырамыз. Сонда жаңағы хатты жазған жеті қайраткерді де шақырамыз. Сіздер де келіп қатысыңыздар. Сонда барлығы ойындағысын ортаға салсын. Ал мен қайталап айтамын, бұл орынға жабысып отырғам жоқ. Министр ақша берсін одаққа, сосын кезектен тыс сьезд өткізіп, сол жерде тағайындайтын адамын тағайындасын. Алдымен министр Арыстанбек мырза одақтың жағдайын, облыстардағы театр актерлерінің жағдайын біліп алсын. Айына 20-30 мың теңге жалақыға облыстық театрларда қызмет істеп жүрген азаматтарға қолдау жасап, «Еңлік гүл» сыйлығын бергенім үшін мен-ақ кінәлі бола қояйын. Бары - осы.
Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz