Жексенбі, 6 Қазан 2024
Спорт 2667 0 пікір 2 Қараша, 2019 сағат 13:38

Сырбойылық толағайлар табысқа жетті

Солтүстік Кореяның астанасы Пхеньянда ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Айтулы додада сырбойылық спортшылары ел намысын абыроймен қорғады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

96 келі салмақ дəрежесінде қызылордалық Рахат Бекболат алтыннан алқа тағынды. Ол қоссайыс нəтижесінде 352 келіні (156+196) бағындырды. Серпе көтеру бойынша 196 келіні еңсеріп, әлем рекордын жаңартты. Сондай-ақ, жастар арасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Сырбойылық өрен облыстық олимпиадалық резерв даярлау орталығында тəлім алады. Жаттықтырушысы – Нұржан Смаханов.

Сондай-ақ, 81 келі салмақта тағы бір қызылордалық спортшы Есенкелді Сəпи күміс жүлдені еншіледі. Ол жұлқа көтеруде – 125, серпе көтеруде 165 келіні бағындырды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 290 келіні көтерді. Ж.Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледж оқушысы Есенкелді Сəпиді жарысқа Арман Абдраев дайындады.

Ал, қыздар арасында Айсамал Сансызбаева жасөспірімдер арасында 81 келіден жоғары салмақта жəне жастар арасында 87 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп, екі мəрте күміс жүлдегер атанды. Сырбойылық спортшы қыз Ж.Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде жаттығады. Оны жарысқа Нұрсұлтан Бахрадин мен Арман Абдраев дайындады.

Айта кетейік, биылғы жылдың наурыз айында Лас-Вегаста жасөспірімдер арасындағы Əлем чемпионатында Рахат Бекболат пен Есенкелді Сəпи алтын медальдарды иеленген болатын.

Abai.kz

0 пікір