Бюджет қаржысы қалай бөлінеді?
30 қазанда «Abai.kz» порталында 2019 жылға арналған еліміздің бюджет қаражаты жайлы ақпарат жарияланды. Қаржы ең көп бөлінген сала автожол екен. Жалпы 187 млрд теңгеден асады. Мемлекетаралық күре жолдармен қатар, облыс орталықтарын ел астанасымен, ірі елді мекендерді бір бірімен байланыстыратын мыңдаған шақырым жолдардың тозығы жеткенін ескерсек көп қаражат бөлінуі түсінікті.
Салалық министрліктердің ішінде Білім мен ғылым мекемесі бірінші орында. Оған 100 млрд-тан астам қаржы бөлініпті. Мыңдаған мектептердің шығыны бар, жаңаларын салу, он мыңдаған ұстаздарға жалақы төлеу керек, біраз қаражат жұмсалады. Назарбаев атындағы университетінің жылдық қаражаты 37 млрд 283 млн болса, интелектуалды мектептердікі 29 млрд 695 млн теңге екен.
Мәдениет пен спорт министрлігіне де қомақты қаржы - 28 млрд-тан аса бөлінген, оның ішінде Ұлттық олимпиада комитетіне 12 млрд 604 млн, физкультура жөніндегі ғылыми орталыққа 564,5 млн, АҚ «Қазақ әуендеріне» - 3 млрд 695 млн, «Астана балет» театрына 2 млрд. 891 млн «Рухани жаңғыру және қоғамдық даму» бағдарламасына 981 млн теңге қаржы қарастырылыпты.
Ал егемен еліміздің тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылық министрлігіне бар жоғы 8 млрд 689 млн теңге қарастырылыпты. Аталған қаражаттың көпшілігі дақылдарды аса қатерлі аурулар мен зинкестерден қорғауға, карантинді нысандарды жоюға кететіні белгілі. Осындай түйткілдер мал шаруашылығында да бар. Оған қоса егілетін дақылдардың сапалы сұрыптарын, малдың асыл тұқымдарын, қолданылатын тыңайтқыштар мен өсімдік қорғау құралдарын субсидилауға да біраз қаржы жұмсалады.
100 млрд-тан аса қаражат бөлінген Білім және ғылым минстрлігіне келсек, оның бірталай мекемелеріне бюджеттен қаржы бөлінген. Мәселен Сүлейменов атындағы шығыстану ҒЗИ-на 236 млн, Уалиханов атындағы тарих пен этиология ҒЗИ-на 90 млн, Әуезов атындағы әдебиет пен өнер ҒЗИ-на 411 млн, Ядролық физика ҒЗИ-на 539 млн теңге қарастырылыпты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының берген тапсырысына қарамастан, қолданысқа қолайлы латын әліпбиін жасай алмаған А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты да осы тізімде болу керек. Ғылым ордасына аты бар заты жоқ ұлттық қоғамдық академияға 294 млн, Ғылым қоры деп аталатын акционерлік қоғамға 5 млрд 813 млн теңге бөлініпті. Оның ғылымның қолданбалы, әсіресе ауылшаруашылығына қатысты салаларын қаржыландырып, ғалымдарды қолдап, еңбектерін жариялап жатқанын естіген емеспін. Бұл мекемені де жемқорлық жайлаған болу керек, жақында басшысы Қарағанды университетінің ректорынан пара алды деп іс қозғалыпты.
Ауылшаруашылық саласы бойынша жиырмаға жуық ғылыми зерттеу институттары мен тәжірибе стансаларын қаржыландыратын аграрлық ғылыми білім орталығына бар жоғы 9.7 млн теңге бөлініпті. Тізімде ауылшаруашылық саласында ғылыми ізденістермен айналысып жатқан бірде бір ғылыми зерттеу институты жоқ. Жан жақты ойластырылмай қабылданған Мемлекет қаулысымен осыдан он онбес жылдай бұрын олар республикалық мемлекеттік мекемеден жауабы шектеулі серіктестіктерге айналдырылған.
Осы орайда Министрлер кабинеті мен Финанс министрлігіндегі жауапты қызметкерлер және мемлекеттік бюджетті бекітетін парламент пен сенат депутаттары «Арпа бидай ас екен. алтын күміс тас екен». «Наннан үлкен ас жоқ», «Өз әскеріңе жағдай жасамағаң ел жау әскерін бағады» деген және т.с.с. мақал мәтелдерді білмейтін немесе ұмытқан сияқты. Отандық аграрлық ғылымды қолдап, ғалымдар үшін жағдай жасамағандықтан, іріқарамалдың асыл тұқымдарын, біраз дәнді дақылдардың зығыр, күнбағыс, рапс және т.б. сұрыптарын шетелдерден тасымалдаудамыз. «Абай КZ» порталында Ақтынбек Құмырзақ «Қазақстан аграрлық ел бола тұра Парагвай мен Уругвайдан 44 млн долларға ет әкелінгенін, бүгінгі таңда бағасы шарықтап, бір кило сиыр еті 1800, қойдікі 1500 -1600, жылқынікі 2000 теңгеден асқанын жазыпты.
Қорыта келгенде айтарым Президент Қасым-Жомат Тоқаев қолға алып жатқан қарапайым халықтың әл аухаты мен тұрмыс деңгейін көтеруге, көпбалалы аналарға қаржылай жәрдем жасауға, жеңілдетілген баспаналармен ұамтамасыз етуге арналған шараларды іске асыруға толық мүмікдік бар екеніне көзім жетті. Ол үшін мәдениет пен спорт салаларындағы даңғаза шараларды шектеп, жөнсіз жұмсалып жатқан бюджет қаражаттарын үнемдеу және көлеңкелі экономикамен ымырасыз күресу қажет.
Мұрат Қойшыбаев
Abai.kz