Ашық люк көрсеңіз, 109 номеріне хабарлаңыз
Биыл ақпан айында осындай ашық люктердің бірінде 12 жасар баланың мүрдесі табылды. Құдыққа құлаған бала үш күн өткен соң табылды. Өткен жылы қараша айында осыған ұқсас жағдай болды. Құтқарушылар қыз баланың денесін алып шықты.
Өкінішке қарай мұндай жағдайлар астанада ғана емес, аймақтарда да болып тұрады.
Өткен жексенбіде МИСК адам құқықтары мектебінің ұсынысымен акцияға қатыстық.
Астана іргесіндегі Қараөткел кентіне барып ашық жатқан люктерді тексеріп келдік. Бір-екі апта бұрын аузы аңқиып жатқан құдықтар қар астына жасырынып үлгеріпті. Соның өзінде беті ағаш тақтайлармен жабылған, шала жабылған, ашық люктерді көрдік. Ақпанда құдыққа түсіп көз жұмған балаға қатысты сот әлі болып жатыр. Кінәлі мынау деп кесіп айту қиын.
Астанада 63 мыңға жуық люк бар. Қала өскен сайын бұл сан да көбеюде.
Соңғы уақытта құдықтардың бетін цемент жабынмен жаба бастады. Бірақ бұл да ұрлықты тоқтата қойған жоқ. Тіпті цементтелген қақпақтардың өзін алып кетеді дейді. Түрлі-түсті металл қабылдау пункттеріне люктер үшін салынатын айыппұл да проблеманы шешпеді. Полимер материалдан жасалған қақпақтар біздің климатқа келмейді дейді. Люктерді ұрлау-орнату-ұрлау тізбегін қалай бұзу керек?
P.S. Ашық люк көрсеңіз, 109 номеріне қоңырау шалып хабарлаңыз. Сіздің қоңырауыңыз адамды құтқаруы мүмкін.
Белла Орынбетованың facebook парақшасынан
Abai.kz