Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3782 0 пікір 25 Тамыз, 2011 сағат 05:30

Маржан Сұлтанбаева: «Орындата алмаса, атасының басына заң шығара ма!?»

 

Редакция ұжымы жазғы каникулдан оралып, газеттің жаңа саны беттеліп жатқанда, белгілі жас радиожурналист Маржан Сұлтанбаева «Русское радиодан» қуылыпты деген хабар естідік. Расында, Маржанға қатысты біздің алаңдайтын жөніміз бар: біріншіден, ол біздің газеттің өткір кейіпкері. Екіншіден, қазақ арасында кенже дамыған «ҒМ радиода» тікелей эфирді емін-еркін меңгеріп жүрген кәсіпқой қазақ қызын қиянаттан қорғау - ұлтына қызмет қылған әр басылымның парызы саналса керек.

Иә, заңсыздық пен қиянат жайлаған бұл қоғамда кім қуғын көрмей жатыр дерсіз. Бірақ бізге жеткен ақпарға қарағанда, Маржан «Русское радиодан» қазақ тілін қорғап қуылған көрінеді. Орыстар қожалық еткен алақандай ғана радиода ана тіліне араша түскен қаршадай қыздың қайсар қылығын төменгі сұхбаттан оқып көріңіздер.

- Маржан, әдетте журналист ағайындар арасында қауесет жатпайды: «Русское радиодан» кеткенің рас па?

 

Редакция ұжымы жазғы каникулдан оралып, газеттің жаңа саны беттеліп жатқанда, белгілі жас радиожурналист Маржан Сұлтанбаева «Русское радиодан» қуылыпты деген хабар естідік. Расында, Маржанға қатысты біздің алаңдайтын жөніміз бар: біріншіден, ол біздің газеттің өткір кейіпкері. Екіншіден, қазақ арасында кенже дамыған «ҒМ радиода» тікелей эфирді емін-еркін меңгеріп жүрген кәсіпқой қазақ қызын қиянаттан қорғау - ұлтына қызмет қылған әр басылымның парызы саналса керек.

Иә, заңсыздық пен қиянат жайлаған бұл қоғамда кім қуғын көрмей жатыр дерсіз. Бірақ бізге жеткен ақпарға қарағанда, Маржан «Русское радиодан» қазақ тілін қорғап қуылған көрінеді. Орыстар қожалық еткен алақандай ғана радиода ана тіліне араша түскен қаршадай қыздың қайсар қылығын төменгі сұхбаттан оқып көріңіздер.

- Маржан, әдетте журналист ағайындар арасында қауесет жатпайды: «Русское радиодан» кеткенің рас па?

- Кеткенім рас. Қуған жоқ ешкім, тек тілімізді кемсітіп, қазақтың абыройын төккені болмаса, жиналыстарда әрбір сөзді шымшып айтып. Өзімді, шынымды айтсам, сол сәт өзге елде жалдамалы жұмысқа жегілген қара жұмысшы ретінде сезіндім. Аянышты күй! «Кел!» - деп шақырып алып керек кезде, қажетің болмағанда бір шетке ысырып тастап жатса - тимей ме намысыңа?!. Айқай-шу шығарып жатпадым. Ойланып та уақыт өткізбедім текке. Төрт жылғы жұмысымды, тұрақты орнымды санаулы сағат ішінде тастадым да кеттім. Сол қасиетті жұма күнге тұспа-тұс келді. Бейсенбі күні түнде нанымды ашытып, таңертең иіс шығарып, жеті шелпек пісіріп, бардым да, ұстаттым қолдарына «өз еркіммен кету» туралы арызымды. Ол жерде өтірік күліп қала алмас едім бәрібір.

- Не үшін? Себепкер не, кінарат кімнен?

- Сол баяғы құрдымға кетіп бара жатқан сорлы Тіліміздің мәртебесін көтерем деп мен шыр-пыр болдым. Олар «басу» айтты маған: «Айналайын, саған қазақша сөйлеуге мүмкіндік бергенімізге рахмет айт!» - деп. Жиналыста эфирге қазақ әндерінің қойылу мәселесін қанша рет көтердім. Нәтижесі сол - жеккөрінішті болдым тек қана. Айттым - көшеден көріп қалғанның да, эфирге хабарласқанның да өкпе-ренішін, қазақ тілінде сөйлеп отырып, домбыраның қоңыр даусын естуге зар болған қалың көпшіліктің тілегін орындай алмай отырғанымды... Мені мазақ етіп мырс күлді. Шарасыздықтан тағы да салым суға кетті. Ал тыңдармандар болса, микрофон алдында отырған адамнан көреді: «Ей, жүргізуші қыз, неғып қоймайсың мықты болсаң бір әнін қазақтың?!..» - деп, «смс» жазып, онсыз да меңдеп тұрған жараңның бетіне тұз себеді. Сонымен, сәтті күні сәрсенбінің жағымсыз жаңалық естідім: «Сендер қазақша сөйлесеңдер, біздің рейтингіміз түсіп қалады, бастық айтты солай деп... Күндізгі қазақ эфирін алып тастадық...» - деді. Жиналыс ашып түсіндіріп айтса екен, бұрында солай істейтін, арттарын жуып-шайып - бұл жолы қатты кетті. Соған қарағанда, тірегі мықты болу керек басшылардың. Сеніп отыр-ау әлдекімдерге, әйтпесе, заңға қайшы келетін әрекеттерін білмей отырған жоқ.

- Тапсырыспен құттықтау әндер берілетін «Стол заказов» бағдарламасын орыстардан бұрын қазақтар көп тыңдайтын сияқты. Сонда эфирге оның сен жүргізетін қазақша нұсқасы шыққанда, рейтингісі төмендеп кетеді деген не уәж болды?

- Тыңдармандар аз болмады - оны келген хаттар бойынша да аңғаруға болар еді. Халық белсенді, қоңыраулар үзілмейді. Тек тіл білмейтіндердің санасында «Қазақша жүретін жобалардың рейтингі төмен болады!» - деген қисық қағида қалыптасқан. Өкініштісі - жұмсақ орындықта отырғандардың басым көпшілігі қазақтың тіліне аяушылық білдірмейтін сияқты.

- Жалпы «Русское радиодағы» қазақ тілінің ахуалы нешік? Хабарды «елу де елу» теңгермешілігімен тарату тәртібі сақтала ма?

- Бір мекеменің айналасында өршіп жатқан проблема емес бұл. «Елу де елу» - ден кейін тағы өзгеріс енгізді ғой біздің ақылды депутаттар. Ол бойынша әр үш сағат сайын қазақша сайрау керек болатын. Қазір біздегі хабар таратып жатқан әуе толқындардағы жағдай: мемлекеттік тілде 60 секунд сөйлейміз - оны есеп беру қағазына бақандай 60 минут деп жазады. Түсінікті, барлығының өзіндік форматы бар: бірі - шетел әндерін насихаттайды, бірі - орыс эстрадасын, енді бірі - классика... Бірақ мемлекеттік тілді бір шетке ысырып тастауларына хақылары жоқ қой.

- Ал осы «Тіл туралы заңның» орындалу барысын тексеріп жүрген депутатты немесе билік өкілін көре алдың ба?

- Тексеретін, заңның орындалуын қадағалайтын мекемелердің бар екенін білеміз, әрине. Тек төбелерін көрсетпейді олар. Жиі-жиі қонаққа келіп тұратын болса - жағдай басқаша болар еді деп ойлаймын. Ал депутаттар «для галочки» заң қабылдаудан ұялатын түрлері жоқ. Атасының басына жаза ма, заңды орындата алмаса?.. (Қатты айтқаным үшін кешірім сұрағым да жоқ!). Қазақта жақсы мақал бар: «Қарамайтын қыз жоқ - қарата алмайтын жігіт бар» - дейтін. Сол сияқты, орындалмайтын заң жоқ, орындата алмай отырған билік бар. Өз елімізде жүріп, Тілімізді менсінбей қорлағандарға: «Шаңыраққа қара!» - деп айта алмасақ, ол - ең бірінші шикі заң жазатын депуттардың арқасы деп білем мен.

- Бірақ Парламент - заң шығарушы ғана орган. Депуттарға неге сонша өкпелісің - қадағалайтын басқалар ғой?

- Заңды жазып қою - аз, адам өзі бастаған ісінің нәтижесін қадағаламай ма?.. Егер орындата алмайтынын біліп тұрса, не керек айқайлатып-шулатып: «Тіл туралы заң» - деп, оны елге жаңалық қып айтудың?! Түсінбеймін... «Айдағаным бес ешкі - ысқырығым жер жарады» - дегеннің кейпі, әлдеқандай қып ара-тұра өзгеріс енгізіп қояды, құлағымызды түріп біз отырамыз үміттеніп... Бәлкім, түртіп қою керек шығар біздегі сапасы емес, саны жағынан жақсы көрсеткішке ие заңдардың бұрышына: «Бұл тіл білмейтін бастықтарға... не мемлекеттік тілді жетік меңгерген қарапайым жұмысшыларға арналған заң» - деп. Сонда өкпе-реніш болмас еді. Біліп жүрер едік кімнің қай Заңға бағыну керектігін. Ал негізі шындап тырысар болса, біраз өзгеріс енгізер еді дипломатын құшақтаған депутаттар.

- Мәселен?.. Нендей өзгеріс?..

- Анау «Ирония любви» фильмі жарыққа шыққанда, Бекболат Тілеухан мырза жақсылап тұрып «пиар» жасады ғой үлкен дау көтеріп. Менің өзім: «Тілеуханның титығына жеткен бұл өзі қандай фильм?» - деп, іздеп жүріп, тауып көрдім. «Аттың көтіне теріс отырғызып...» - деп біраз ашуға мінді емес пе?! «Қазақтың қызы орыс жігітімен сүйісті...» - деп те бұлқан-талқан болды. Бірақ тіліңді менсінбей тұрған орысың сенің дәстүрің мен наным-сеніміңді қайтсін?.. Олар үшін жылқы малы көп жануардың бірі ғана. Біз де отырған жоқпыз ба, мойындарына моншақ тағып, қасиетті санайтын үндінің сиырларын сойып жеп?.. Әсел Сағатованың Дима ма, Сережа ма - біреумен сүйіскенін сонша даурыға айтудың қажеті бар ма еді? Бала кезден санамызға сіңіретіні сол: «Ой, біз көп ұлтты мемлекетпіз! Доспыз бәріміз...» - деп. Анау көшелердегі жарнама тақтайшаларындағы суреттер жақсылап насихаттап жатқан жоқ па, аралас некені, көк жәшіктегіні айтпай-ақ қояйын: қазақ пен орыс, кәріс пен қазақ... Одан кейін несіне таң қаламыз, несіне жағамызды ұстап, бет шымшимыз қаракөздер сүйісті деп, өзге ұлттың өкілімен?.. Өзіміздің тілімізді де «мемлекеттік тіл» деп нақтылай алмады, осы күнге дейін дүбара боп жүргеніміз де сол емес пе?.. Дәстүрді қалай сақтап қалмақ, тілі құрып бара жатқанда, түсінбеймін... Бекболат мырза шоу-бизнеске емес, жұртшылықтың назарын ана тіліміздің мәселесіне аударса ғой!

- Алға тартып отырғаның сенің ғана жеке басыңа қатысты өкпе емес, тілді кемсітушілік барлық жерде орын алып жатқан жоқ па?

- Ұлтаралық шиеленіс туғызайын деп отырғам жоқ. Достарым да көп араласатын өзге ұлттың өкілінен, жақын сырластарым да бар. Әріптестеріммен де қазірдің өзінде қарым-қатынасым жақсы - сөз басында айттым емес пе: «...Ұрыспай-керіспей кеттім жұмыстан», - деп. Мені жақсы білетін таныс-дос та айтар: «Өзі салт-дәстүрді сақтап жүргені шамалы...» - деп. Иә, киім-киісім көптің көңілінен шықпас: кейде иығым ашық, көйлегім қысқалау, тарлау болады... Бірақ етек-жеңін қымтап жауып, жаратушы алдындағы міндетін қоғамда «модаға» айналдырып жібергендердің тілге жанашыр боп жүргендері шамалы ғой. Дінге қатысты да әлі талай проблемалардың туындауы ғажап емес. Расында, «хиджабты» сәндік киімге айналдырып жібергендер көп бүгінде. Мейлі, діни көзқарастар, әрбір ұлттың өзіндік дәстүр ерекшелігі былай тұрсын, қазақ жерінде жүрген әрбір азамат қазақ тілін құрметтеуге міндетті! Ол киім-киіс, дүниетанымы мен өмірге деген көзқарасына еш байланысты емес. Қазақ тілді жүргізушілер көп ретте «түнге» ығыстырылғаны өз алдына, тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толды деп алақайлап, алып-ұшып, тойлатып жүргенде, тіл білетіндерді күндізгі эфирге жолатпауға тырысатын кейбір бастықсымақтар аз емес. Қазақ тілінде сөйлеп қалуымыз, не естіп қалуымыз үшін не әтештерден бұрын ерте тұруымыз керек, не мүлдем ұйықтамауымыз керек. Қасірет қой бұл!

- Енді неге бәрің жиналып, бастарыңды біріктіріп, осы жағдайды айтпайсыңдар ел алдында?

- Кім айтады?! Бірінің - бала-шағасы бар, оларды асырау керек; бірі - қызмет орнынан айрылып қалғысы келмейді. Нендей талапқа болмасын көніп отырғандар көп, көзді жұмып қойған барлығына. Әйтпесе тілге қатысты кемсітушілік толастаған емес. Егер Маңғыстаудың халқындай өр мінезі болса ғой атылып шығатын, өз позициясын мықты ұстанатын болса ғой - отырмас ек жалтақтап, өз жерімізде жетім баланың күйін кешіп! Өкінішке қарай, алматылықтар намыстан гөрі табысты көбірек ойлайды.

- Маржан, белгілі телебағдарламада жігіттердің намыссыздығына налып, сыпырып тастаған шашың өсіп қалған екен... Осы қысқа шаш өзіңе де жарасатын сияқты, әрі өткірлігі басым ер мінезіңе де келеді...

- «Осы уақытқа дейін өспейтін неғылған шаш бұл?» - деп, мені қазір көргендер таң қалады. Өсіргім келмейді, өсірмеймін! «Қазақтың қызына тән емес...» - деген жігіттерге көңілдеріне қатты тиіп жатса да: «Ұнамаса - шашы ұзын қыз тауып ал!» - деп айта салам.

Әр адамның өзіндік мінезі болады: ол сыртқы кескін-келбеті болсын, ішкі түйткіл ойлары болсын, адамның бәрі бір-біріне ұқсауы міндетті емес - өзіне ұнамды нәрсені таңдауға құқылы. Не дегенмен, «тәуелсіз», «құқықтық», «зайырлы мемлекетте» өмір сүріп жатырмыз ғой... Саясаттағы шиеленістерге қатысты ойымызды еркін ашып айта алмасақ та, ең құрығанда күнделікті өмірде өзіміздің «МЕН»-імізді жоғалтпағанымыз дұрыс деп есептеймін.

- Ал енді қайтпексің: Алматыда санаулы ғана радио бар, қайсысынан тұрақ таппақ ойың бар?

- Мен жұмыссыз қалмаспын... Иә, дегенмен менде үлкен стресс болды. Тыныш қана барып-келіп жүрген жұмысымды бір күнде тастап кете салу оңайға тимеді. Оның үстіне туыс-бауырларым да алыста. Үйге келгенде, тотықұсым Кеша ғана мені түсінгендей болып, басын изеп қояды. Тек іштей өзімді жұбатып қоямын: Маржан жұмыстан кетті деп ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамас, ол - түсінікті. Біз отырған алты қабаттық ғимарат та құлап қалмас. Мен кеттім мінез көрсетіп, енді келесіде қазақ эфирін қысқартар уақытта - олар ойланатын болады. Әкемнің бір сөзі бар осындайда айтатын: «Өз-өзіме адал боп қалайыншы» - дедім мен де. Ризамын өзіме, мінезіме, кей кезде өте орынды ұстап қалатын қырсықтығыма! «Тіліңді кесіп алмайды ғой, айт!» - дейтін марқұм анам. Жұмыстан кетіп бара жатқанымда: «Не үшін?..» - деді біздегілер. Менің жауабым: «Я буду работать там, где мой ЯЗЫК не будет мешать!»

- Рахмет, Маржан! Өзінің ана тіліне араша түсе алмаған депутаттарға қарағанда, сенікі үлкен ерлік болды.

Сұхбаттасқан - Сырым ДАТОВ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 27 (110) 24 тамыз 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373