Мұхан Исахан. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріде жатыр
Тақауда russiankz.info сайтында Максим Акимов деген әлеуметтанушысымақтың «Орыстар ояныңдар!» деген шуылдақ мақаласы жарияланысымен қалың елдің ішкені ірің, жегені желім болды. Өйткені, мақаланың мазмұны тұтастай мемлекетіміздің ұйытқысы қазақ халқын кемсітуге, қорлауға арналыпты. Үндеу тастағыш әлеуметтанушының айтуына қарағанда қазақ даласына орыстар аяқ басқанға дейін отырықшылық мәдениет һәм мемлекет болмаған көрінеді. Өз сөзімен айтар болсақ: «Бұл иен далаға орыстар келгенге дейін мұнда отырықшы халық болған жоқ. Ешқашан болған емес! Қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде шағын ауылдар болуы мүмкін. Бірақ, қала болған жоқ, өркениеттің исі де сезілмейтін. Ресейдің ішкі губернияларынан келген орыстар және өзге славяндар - бұл жердің алғашқы отырықшыл халқы. Сондықтан да Қазақстанның негізгі халқы солар болуға тиіс. Мұнда түрлі көшпелі халықтар көшіп-қонып жүрді. Олардың шекарасы болған жоқ. Мемлекеті де жоқ болды. Қазіргі Қазақстанның жерінде мемлекеттің іргесін қалаған - орыстар» деп тарихи негізсіз пікірімен Акимов айды аспанға бірақ шығарды.
Тақауда russiankz.info сайтында Максим Акимов деген әлеуметтанушысымақтың «Орыстар ояныңдар!» деген шуылдақ мақаласы жарияланысымен қалың елдің ішкені ірің, жегені желім болды. Өйткені, мақаланың мазмұны тұтастай мемлекетіміздің ұйытқысы қазақ халқын кемсітуге, қорлауға арналыпты. Үндеу тастағыш әлеуметтанушының айтуына қарағанда қазақ даласына орыстар аяқ басқанға дейін отырықшылық мәдениет һәм мемлекет болмаған көрінеді. Өз сөзімен айтар болсақ: «Бұл иен далаға орыстар келгенге дейін мұнда отырықшы халық болған жоқ. Ешқашан болған емес! Қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде шағын ауылдар болуы мүмкін. Бірақ, қала болған жоқ, өркениеттің исі де сезілмейтін. Ресейдің ішкі губернияларынан келген орыстар және өзге славяндар - бұл жердің алғашқы отырықшыл халқы. Сондықтан да Қазақстанның негізгі халқы солар болуға тиіс. Мұнда түрлі көшпелі халықтар көшіп-қонып жүрді. Олардың шекарасы болған жоқ. Мемлекеті де жоқ болды. Қазіргі Қазақстанның жерінде мемлекеттің іргесін қалаған - орыстар» деп тарихи негізсіз пікірімен Акимов айды аспанға бірақ шығарды.
Арандатуға бағытталған үндеу әлеуметтанушының әу-бастан күткеніндей-ақ қалың бұқараның ұйқысын алып, берекесін қашырды. Қазақ баспасөздері жапа-тармағай өре түрегелмесе де арандатушылыққа қарсы ауық-ауық мақалалар жариялап, қал-қадерінше ұлттық мүддені қорғауға тырысып бақты. Ұлт зиялылары да «Конституцияға қарсы әрекеттер тоқтатылсын!» деген атпен қарсы үндеу жасады. Әлі де жер-жерде қарсылық акциясы жүріп жатыр. Десек те, Акимовтің сандырақ пікірлері елімізде әлсін-әлсін төбе көрсетіп қоятын орыс шовинизмінің қоламтасын үрлеп, онсызда биліктің жамап-жасқап, ілдебайлап әзер жасаған «Қазақстан халқының бірлігіне» жарықшақ түсіре жаздады...
Акимовке қарсы бірде-бір орыс ұлтының өкілі басалқы айтпағанына қарап, орыс отандастарымыздың да қазақ мемлекеттілігіне деген оң пиғылы атқақтап тұрмағандығы айқын аңғарылды. Егер, ауасын жұтып, жерін басып жүрген өңірдің мәдениеті мен арғы-бергі тарихынан хабардар болса, тіпті, мектеп қабырғасында жүріп «Қазақстан тарихы» пәнін дұрыстап оқыған болса, біреуі шығып Акимовке «Айналайын көзіңді аш! Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріде жатыр. Мұндай ұлы халықтың асын ішіп, аяғын тепкеніміз тектілікке жатпайды», деп тиым жасайтын еді ғой. Отандастарымыз мұндай азаматтық танытпаған соң, ойымыз сан-саққа кетті...
Тегі, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін барып шамырқана қалғанымызбен, бар кілтипан өзімізде сияқты. Біздің мемлекетіміз қазақ мәдениеті мен мемлекеттілігінің тарихын жан-жақты терең оқытқан болса, өз азаматтарын отаншыл етіп тәрбиелесе, мұндай өрескелдік төбе көрсетпес еді. Яғни, мемлекеттік кемел идеологияның жоқтығы, оқу бағдарламасындағы «Қазақстан тарихы» пәнін оқытудың формальді сипат алуы, базбіреулердің сепаратистік пиғылының оянуына түрткі болуда. Сонымен, орыс отарламай тұрып қазақтың шекарасы мен мемлекеті болған ба, болмаған ба?
Қазақ мемлекеттілігі қашан пайда болған?
Алаш орда үкіметінің негізін қалаушы мемлекет қайраткері Райымжан Мәрсеков: «Халық болған соң, халықтың мекен қылып, жайлап жүретін жері, суы болады. Жері, суы бар болса, өзінің билігі, өз тізгіні өзінде болған, әмір иелері өзінде болған халық, сол мемлекет болып табылады» (Райымжан Мәрсеков. Патшалық. «Қазақ». 1913, 31 желтоқсан. № 44), дейді. Демек, халық және оның өмір сүретін территориясы, сондай-ақ, сол халықтың тәуелсіз билігі орнаған болса, ол халықтың мемлекеттілігі бар деген сөз. Олай болса, қазақ қашан халық болды, қай уақыттан бастап иен даланы мекендеді, қашаннан бері тәуелсіз ел болды деген мәселенің басын ашып алсақ.
«Қазақ хандығы» XV ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққанымен, қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріде жатыр. Бұл туралы көне тарихымызға қозғау салып жүрген белгілі тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлы: «Азия даласында алғаш салтанат құрған көшпелілердің бірі хұндар (ғұндар). Тарих ғылымында қазақ халқының этногенездік бір тармағы хұндар екендігі анықталған ақиқат. Ал хұндар жалпы тұркі тайпаларының қайнар-бұлағы болып табылады. Демек, хұн-түркі тайпалары ұзақ тарихи даму барысында өзіне тән мәдениет қалыптастырып (М.И көшпелі өркениет), көптеген дербес ұлттарға айналып кетті. Бірақ, солардың ішінде ерте замандағы көшпелі тіршілік формасы мен дүниетанымын таяу заманға дейін біршама толық сақтаған ұлттардың бірі қазақтар болып табылады» (Нәбижан Мұхаметханұлы. Ежелгі көшпелілердің этнотерриториялық ұғымы және Қазақстан аумағының қалыптасуы. ІІІ Халықаралық Түркология конгресі. 486 бет) деп қазақ мемлекеттілігінің тарихын хұн дәуіріне (б.э.б V-IV ғасырлар) апарып тірейді.
Б.э.б І мыңжылдықта Тұран ойпатында өмір сүрген көшпелі Сақ тайпаларының парсы немесе түркі тектес екендігіне тарихта талас-тартыстың бар екендігі белгілі. Еуропалық зерттеушілердің көпшілігі сақтарды көшпелі иран тектес халық деп біледі. Дегенмен, тарихшы, профессор Сайран Әбушәріп: «Сақ-скифтердің түрік тектес деуге келетін сипаттамаларын Страбонның еңбегінен, А.Македонскийдің Түркістанға жасаған сапарына байланысты айтылып, жинақталған әпсаналардан, Табаридің жазбаларынан табуға болады» (С.Әбушәріп. Қазақ мемлекеттілігінің түп-тамыры тарихтың тым терең қойнауынан іздеу ләзім. «Қазақ мемлекеттілігінің хронологиясы, құрылымы және заңдылығы туралы мәселелер» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция. 466 бет) деп тұжырымдап, қазақ мемлекеттілігінің тарихын ежелгі Сақ қоғамымен сабақтастырады. Сондай-ақ, қытай зерттеушісі М.Фанрыннің: «Тарихи деректерге негізделгенде кейбір ғалымдар былай деп қарайды: сақтар және үйсіндер бір ұлыстың екі басқа аталуы» (Ежелгі үйсін елі. Шыңжан халық баспасы. Үрімші 2005. 97 бет) деген көзқарасы да профессор С.Әбушәріптің жоғарыдағы пікірін қуаттай түседі. Яғни, бұл ғылыми болжамдарды негізге алсақ, қазақ мемлекеттілігінің тарихы б.э.б І мыңжылдықтан бастау алады.
Мәшһүр ғалым Жағда Бабалық кәсіби тарихшы болмаса да, қазақ мемлекеттілігінің тарихын сақтармен шектеп қоюға болмайтынын жиі айтатын. Оның пікірінше қазақтың сақтардан да бұрынғы арғы бабасы «Мықтың елі» (ғылыми әдебиеттерде «мук» деп аталады) болып табылады. Ал, «Мықтың елінің» тарихы б.э.б он мыңжылдықты бойлайды. Жағда Бабалық бұл пікірін құр жайдақ тілге тиек етіп қоймай, еліміздің түкпір-түкпірінен оба таспен үйілген нақты «мықтың үйінің» орындарын көрсетіп берген еді. Сондай-ақ, М.Жүсіп Көпеевтің «Арқада мық деген халық болған» дегені дерегі де Жағда Бабалықтың ойын тірілте түседі (Қараңыз: Есбол Өміржанов. «Мықтың үйін іздеу». Алты Алаштың Абызы. Алматы 2010 жыл. 249-259 беттер).
Әрине, «Мықтың үйі» болжамы әлі де археологиялық-антропологиялық һәм кешенді тарихи зерттеуді қажет етеді. Десек те, ғылымда нақты заттай айғақтар гипотезалық қорытынды жасауға негіз бола алатындықтан, Жағда атамыздың бұл тарихи ой-тұжырымы қазақ мемлекеттілігінің тарихы үшін аса маңызды деп білеміз. Демек, бабалар тарихын хұндар мен сақтардан да бұрын өмір сүрген «Мықтың еліне» (б.э.б III-X мыңжылдықтар) апаратын болсақ, онда Алаш мемлекеттілігіне ХІІ мың жылдан астам уақыт болған деп түйіндеуге толық негіз бар.
Ал, Әбілғазының «Шежіре-и түрік» атты шығармасындағы: «Иафес атасының (Нұх) әмірімен Жуды тауынан кетіп, Еділ мен Жайық суының арасына қоныс тепті. Екі жүз елу жыл онда тұрып, опат тапты. Иафестің сегіз ұлы бар еді, ұрпақтары көп болды. Олар мыналар: Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих. Иафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз Түрікті патша біліп, оның сөзінен шықпаңыздар», - деп өсиет қылды, оған Иафес ұғланы деген лақап қойды» деген көне деректерді негізге алсақ, мемлекеттілік тарихымыздың алтын шежіресі Нұх пайғамбардың немересі Түріктің ел билеген шағынан бастау алады (Әбілғазы. Түрік шежіресі. «Ана тілі. Алматы 1992 жыл. 12 бет). Яғни, көне тарихтағы мемлекеттілігіміздің атаулары басқа болғанымен, этногенездік тегімізге негізделген көшпелі мәдениет тұрпатындағы мемлекеттілік тарихымыз әу-бастағы адамзат тарихымен астасып, қойындасып жатқанын болжауға болады.
Еліміздің қазіргі территориясының қалыптасуы
Мемлекет және құқық теориясы ғылымының теоретиктері көшпелі елдердің тұрақты әскер ұстамауына байланысты, сондай-ақ, әскери әлеуеті бар кез-келген күш иесі билікке қол жеткізе алатындықтан, мұндай жоғары саяси ұйымға мемлекеттілікке өту кезеңіндегі «әскери-демократиялық қауымдастықтар» деп анықтама жасаған. Бірақ, бұл еуроцентризмнен туындаған көзқарас. Батыс ғалымдары не десе де, біз Сақ, Хұн, Түрік бірлестіктерін «мемлекет» деп танимыз. Задында, түркілік дүниетаным бойынша ел билеу үшін әскери әлеуетіңнен бұрын «алтын ұрықтың» сарқыты болуың шарт. Бағзы түріктің түсінігі бойынша бойына Құдайдың құты дарыған харизматикалық тұлға ғана мемлекет құра алады. Яғни, түркі тарихындағы «мемлекеттілік» категориясын анықтау үшін мәселеге еуроцентризмнің көзілдірігімен емес, өзіміздің төл шарттарымызбен қарауға тиістіміз. Осы себептен де мемлекеттілікті тек отырықшылық мәдениетке негіздеу дұрыс емес. Демек, Сақ, Үйсін, Қаңлы, Хұн, Түрік бірлестіктері көшпелі және жартылай көшпелі ғұмыр кешкен мемлекет санатына жатады.
Мемлекеттілік қашан қалыптасты деген мәселеде, қазақ халқының өмір сүрген кеңістігі - мемлекеттігіміздің айшықты көрінісі бола алады. Себебі, мемлекеттіліктің міндетті бес белгісінің бірі - оның территориясы екені көпшілікке мәлім (С.Өзбекұлы. Ө.Қопабаев. Мемлекет және құқық теориясы. «Жеті жарғы. Алматы 2006. 15-16 беттер). Біз жоғарыда айтып өткен Мық, Сақ, Үйсін, Қаңлы, Хұн, Түрік қағанаттары толықтай қазақ жерінде орнықпағанымен, бір бөлшегі қазіргі Қазақстан территориясын қамтыған. Мәселен, Ә.Ғали мен Ж.Қасымбаеваның редакциялауымен шыққан «Қазақстан тарихы» еңбегінде: «Жетісу мен Тянь-Шань, Тарбағатай мен Алтай тауларында тиграхауда сақтары өмір сүрді. «Тиграхауда» - шошақ төбелі сақтар деген мағынаны береді. Ал, Арал теңізінің төнірегін массагеттер мен дай (грек тілінде) тайпалары мекендеді. Орталық Қазақстан аумағын исседондар мен аргипилер жайлады. Арал теңізі мен Батыс Қазақстан аймағында сарматтар ғұмыр кешті» (История Казахстана. «Институт развития Казахстана. 2003. 35 cтр) деп көрсетілген. Ал, б.э.б ІІ ғасырдан бастап Үйсіндер тәуелсіз бірлестік ретінде Жетісу жерін мекендей бастаған. Сондай-ақ, б.э.б ІІІ ғасырда Сырдария алқабында (Шу, Талас өзіненін Арал теңізіне дейінге аймақта) Қаңлы бірлестігі өмір сүрді (Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавщих в Средней Азии в древние времена. Т. 1-2. М-Л,. 1956).
Хұндар б.э.б І мыңжылдықта тарих сахнасына шықты. Мөде тәңірқұтының (б.э.б 209 жылы таққа отырған) кезінде Хұн мемлекеті ұлан-ғайыр аймаққа билік жүргізді. Мөденің дәуірінде қытайдың Хань патшалығы хұндарға алым-салық төлеп отырды. Осы кезеңде Хань патшалығы көшпелілерден қорғану үшін «Ұлы Қытай қорғанын» салуға мәжбүр болды. Хұн мемлекеті бүгінгі Солтүстік Қытай мен Моңғолияда қазығын қаққанымен, біздің дәуіріміздің 93 жылы солтүстік хұн бірлестігі Тарбағатай, Сырдария және Орталық Қазақстан аумағында қамтыды (История Казахстана. «Институт развития Казахстана. Алматы 2003. 42-43 cтр).
Хұндардың тікелей мирасқоры түріктердің қағаны Бумын Моңғол үстіртінде 552 жылы мемлекет құрып, оның ұлы Мұхан қағанның кезінде қағанаттың ауқымы Сібір, Манжурия, Орталық Азияны түгелдей қамтып үлгерді. Ал, 571 жылы Батыс түрік қағанатының билеушісі Естеми қаған Еділ өзенінен өтіп, Солтүстік Кавказды жаулап алып, Боспор бұғазына дейінгі аймақты бағындырды (Гумилев Л.Н Древний тюрки. М-Л 1967).
VІІІ ғасырда Түрік қағанаты ыдырап, оның орнына Жетісуде - Түркеш (704-756), Сырдарияда - Қарлық (682-940), Арал бойында - Оғыз (VІІІ-Х ғасырлар), Ертіс бойында - Қимақ (ІХ-ХІ ғасырлар), Оңтүстік Қазақстанда - Қарақанидтер (940-1125), Орталық және Солтүстік Қазақстанда - Қыпшақтар (Х-ХІІІ ғасырлар) өмір сүрді (История Казахстана. «Институт развития Казахстана. 2003. 47-72 cтр). Этногенездік һәм территориялдық тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ елі бұл мемлекеттердің де тікелей мирасқоры саналады
Қазақ хандығы - Шыңғысхан құрған Ұлы державаның мұрагері
Бүгінгі Моңғолия жерінде ХІІІ ғасырдың басында Шыңғысхан құрған алып империя (1206 жылы) әлем тарихына ұлы өзгерістер әкелгені әмбеге аян. Ұлы қаған көзі тірісінде төңірегіндегі елдерді түгел жаулап алды. ХІІІ ғасырда Моңғол үстіртін мекендеген Қоңырат, Найман, Меркіт, Керей, Арғын, Уақ, Жалайыр, Жетісудағы Үйсін мен Дулат, Сырдария бойындағы Қаңлылар, Орталық және Батыс Қазақстандағы Қыпшақтар бәрі-бәрі Шыңғысхан құрған қағанаттың құрамына енді.
Біз Ұлы Қаған Темушинді осы күнге дейін моңғол нәсілді Қият тайпасынан шыққан деп келдік. Тек, соңғы жылдары ғана Шыңғысханның Көк түріктің ұрпағы екендігі жиі-жиі айтылуда. Әуесқой тарихшы Тілеуберді Әбенайұлы «Шыңана көш тарихы! Шыңғысхан кім?» атты еңбегінде Ұлы Қағанның тегін Жалайыр тайпасынан таратады (Тілеуберді Әбенайлы «Шыңана көш тарихы! Шығысхант кім?» «Құпия шежіренің» құпиясы. Нұрлы Әлем баспасы. 2010).
Әрине, Шыңғысханның шыққан тегін анықтау әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Бұл жерде біздің айтпағымыз оның құрған қағанаты қай елге тиесілі деген мәселе болып отыр. Ұлы Қағанның қағанатты құрысқан үзеңгілес серіктері қазақ ру-тайпаларының өкілдері (Борашы - Арғын, Уаң хан - Керей, Мұқылай - Жалайыр, Дай шешен мен оның қызы Бөрте - Қоңырат). Сондай-ақ, көптеген қазақ тайпалары осы қағанаттың құрамына кірген болатын. Осы себептен де Моңғол империясының тікелей қазақ мемлекеттілігіне қатысы бар деп білеміз. Мәселен, Шыңғысханның үш ұлының ұлысы (Оңтүстік Шығыс Қазақстан - Шағатай ұлысына, Шығыс Солтүстік Қазақстан - Үгедей ұлысына, Орталық және Батыс Қазақстан - Жошы ұлысына) Қазақ жерінде құрылды. Ал, Шыңғысхан мемлекетті құру үрдісінде көне түркілік басқару дәстүріне арқа сүйеді. Бұл жөнінде профессор Абдулкадир Юбалы өз зерттеулерінде жан-жақты дәлелдер келтіріп өтеді (Абдулкадир Юбалы. «Шыңғысхан және оның ұлдары». Түркістан 2000).
Шыңғысханның тұңғышы Жошының ұлы Бату хан Алтайдан Дунайға (Оңтүстік Сібір, Солтүстік Кавказ, Рус княздықтары, Молдова, Қырым, Дешті-Қыпшақ, Хорезм) дейінгі аралықты бағындырып, 1242 жылы Еділ бойындағы Сарай Батуды астана қыла отырып, Алтын Орда империясын құрды. Шағатай ұлысына жататын Барлас руының өкілі Ақсақ Темір 1395-1396 жылы Тоқтамысты шауып, Сарай Беркені күйреткенге (Егоров В.Л Историческая география Золотой Орды. М-Л. 229 стр) дейін Алтын Орда мемлекеті әлемнің ең алып империясы саналды. XV ғасырдың басында Маңғыт биі Едігенің тұсында Алтын Орда біршама қайта күшейгенімен, 1419 жылы Едігенің қайтыс болуымен, Бату ұлысы мүлде құлдырады. Алтын Орданың орнында Мәскеу княздығы, Қырым, Қазан, Ноғай, Астрахань, Өзбек ұлысы секілді кіші хандықтар пайда болды.
Ақ Орда мен Көк Орда (көшпелі өзбектер) Алтын Орданы ұйыстырушы ұлыстар болғандықтан, бұл ұлыстарды қағанаттан бөлініп тәуелсіздікке қол жеткізді дегеннен көрі, империялық қуатынан айырылып қалды деп қорытынды жасаған әлдеқайда дұрыс секілді. Өйткені, Алтын Орда империясын Жошының екі ұлы Бату мен Орда Ежен ұрпақтары құрған болатын. Жошы ұрпақтарының өзара алауыздығынан империя әлсірегеннен соң, бұрын Алтын Ордаға тәуелді болып келген Орыс княздықтары және т.б. иеліктер дербестікке қол жеткізді. Осыдан соң империя құрушы Орда Ежен мен Шибан ұрпақтары өз ұлыстарының атынан саяси қозғалыстар жасай бастады. Нәтижесінде Дешті-Қыпшақта 1428 жылы Әбілхайыр хан көшпелі Өзбек мемлекетінің негізін салып, қырық жыл бойы билік құрды (Қараңыз: Ахмедов Б.А., Государство кочевых узбеков, М., 1965). Алайда, 1456 жылы Ақ Орда ұлысының сұлтандары Керей мен Жәнібек көшпелі өзбектерден бөлініп, Шу, Қаратал өзендерінің бойына көшіп барып, тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылды. 1469 жылы Шайбанидтерді Мәуреннахрға қарай ығыстырған бұл мемлекет - Қазақ хандығы (Пищулина К.А Юго-Восточный Казахстан в середине XIV- начале XVI вв,. 247-259 стр) деген атпен тарих сахнасына шықты.
Жаңа хандықтың билеушілері Керей мен Жәнібек Ұлы Қағанның кіндігінен тарайтындықтан, сондай-ақ, жаңа ұлыстың құрамындағы ру-тайпалар Шыңғысхан құрған қағанаттың белді мүшелері болғандықтан, Қазақ хандығын Шыңғысхан құрған державаның және Алтын Орда империясының тікелей мұрагері деп білеміз. Яғни, Алаш жұрты - Хұн, Түрік, Алтын Орда секілді алып қағанаттарды ұйыстырушы, мемлекет құру тәжірибесі бай, мемлекеттілігі тым әріде жатқан текті халық деген сөз.
Қазақ хандығы қандай аумақты қамтыды?
Бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің территориясы Қазақ хандығының аумағынан тұратындықтан, біз үшін хандық кезеңдегі шекараны анықтау аса маңызды. Алайда, хандық дәуірдегі шекара белдеулері туралы қолымызда нақты карта сызбасы болмағандықтан, шекара сызығын тарихи деректер негізінде ғана болжауа болады. Әсіресе, Қытай, Ресей, Өзбекстанмен арадағы шекара сызығын анықтауда тарихи деректер басты өлшем бола алады.
Қазақ хандығы Жетісудағы Шу, Қаратал, Қозыбасы аймағында құрылғанымен, Бұрындық ханның (1480-1511) кезінде ірге кеңейтіп, Сыр бойындағы бірнеше қаланы Шайбаниттерден тартып алды. Ал, Қасым ханның (1511-1523) тұсында Қазақ хандығы бүкіл қазіргі Қазақстан аумағын толық қамтыды. Тіпті, Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуына қарағанда миллион әскері бар Қасым хан дәуірінде Ұбай-Сұбайраға (Шаңғы Тара - Тюмень) дейінгі аумақ Қазақ хандығының құрамына енген (Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. Тұран баспасы. 2003. 111, 313 беттер).
Қасым хан өлгеннен кейін орнаған бұлғақ кезеңінде (1523-1538 жылдары) Қазақ хандығы құлдырауды бастан кешіргенімен, Хақназар ханның (1538-1580 жылдары) тұсында қайтадан ес жиып, Батыс Қазақстан аумағымен қатар (Жайыққа дейінгі жер) көрші елдердің аумағына ауыз салды. Мысалы, зерттеуші Л. Рычковтің жеткізуіне қарағанда Хақназар хан «ноғайлар мен Башқұртстанға ие болып қана қоймай, сонымен қатар Қазан, Сібір және Астрахан патшалықтарын, Бұхарияны, Хиуаны, Ташкентті және басқа да көптеген қалаларды өз қол астына бағындырып, олардан алым жинаған» (Қазақстан тарихы. Атамұра. ІІ том. Алматы 1998. 398 бет).
Қазақ хандығының іргесі күнгей беткейге қарай Тәуекел ханның тұсында кеңейе түсті. Тәуекел хан 1586-1598 жылдар аралығында Бұхара хандығымен ұзақ уақыт күрес жүргізді. Мәуреннахрға 1598 жылғы жасаған соңғы жорығында Ташкент, Ферғана, Самархандты басып алды. Бұхарадағы соңғы соғыста кері шегініп, арадағы келіссөздерден соң Ташкент пен Ферғана аймағын Қазақ хандығының құрамына қосты. Тәуекелдің ізбасары Есім ханның (1598-1630 жылдары) кезінде де Ташкент өңірімен бірге Алатауды жайлаған қырғыздар Қазақ хандығына бағынды (Қазақстан тарихы. Атамұра. ІІ том. Алматы 1998. 422, 428 бет).
Есім ханнан кейін ел басқарған Салқам Жәңгір хан (1640-1652 жылдары) мен оның ұлы Әз-Тәуке ханның тұсында (1680-1718 жылдары) хандықтың территориясын кеңейтуден көрі сыртқы жаулардан қорғану мемлекеттің басты функциясы саналды. Бұл кезеңде Шығыстан ойрат тайпалары Қазақ хандығына жиі-жиі қауіп төндірді. Батур қонтайжының 1643 жылғы 50 мыңдық шерігін Салқам Жәңгір хан өзінің 600 жауынгерімен асқан айлакерлік танытып, Орбұлақта тас-талқан етіп жеңді. Тәуке хан да Цеван-Раптанның бірнеше дүркін жасаған жорықтарының бетін қайтарды. 1694 жылы Түркістанда Ресей елшілері Феодор Скибин мен Матвей Трошихинді қабылдағанда Әз-Тәукенің: «Түрік сұлтанының немесе Қызылбас (Парсы) шахының менен, Тәуке ханнан несі артық? Олар да мен сияқты ғой» деген сөзінен, сол дәуірдегі Қазақ хандығының іргесі берік, шекарасы бүтін, айбарлы мемлекет болғанын аңғарамыз (С.Өзбекұлы. Права кочевой цивилизации казахов. Мектеп. Алматы 2002. 105 стр).
«Ақтабан шұбырынды» (1723) қырғынынан кейін Ұлы жүз (Қазақстанның Оңтүстік Шығысы өңірлері) уақытша (1752-1756) Жоңғар мемлекетінің құрамына енді. 1642 жылы Шығыстағы торғауыттар еліміздің Батыс өңірлеріне көктей өтіп, Еділ бойына табан тіреген болатын. Сонымен бірге, Ресейге бағынышты башқұрттар Ор, Елек, Жайық жағасына қол салды. Кіші жүз ханы Әбілхайырдың 1731 жылы Ресейге бодан болуымен торғауыттар мен башқұрттардың шабуылы саябырсыды. Әйткенімен, есесіне Ресей патшалығы 1742-1748 жылдары қазақ жеріне алғашқы Ор, Елек бекіністерін тұрғызды.
Жоңғарға кіріптар болған Оңтүстіктегі қалалар мен Жетісу өңірі 1750-1755 жылдары Абылай ханның басшылығымен жау қолынан азат етілді. 1757 жылы Цинь патшалығы Жоңғарияны жаулап алғаннан кейін Қазақ хандығы аспан асты елімен шекара түйістірді. Цинь патшалығы бұрын жоңғарға қараған жерлерге иемденгісі келгенімен, Абылай хан бұған көнгісі келмей, Жоңғар жаулап алған ежелгі қазақ қоныстарын қайтарып алуға күш салды. Бірнеше қайтара елшілік алмасудың нәтижесінде, Цин патшалығы Абылай ханға ежелгі қазақ қоныстарын (Іле, Тарбағатай, Алтай) қайтарып беруге мәжбүр болды (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 793 том, 20 бет).
Мемлекеттіліктің тағы бір міндетті нышаны - мемлекеттің құқықтың жүйесі екендігі белгілі. Сақ, Хұн, Түрік қоғамының әдет-ғұрып заңдары Шыңғысхан дәуірінде «Жасақ» заңы болып жетілді. Алтын империясы тұсында Өзбек хан мен Жәнібек хан шариғат заңдарына көбірек басымдық берсе, Едіге би заманында «Жаса» заңы қолданыста болды. Ал, Қазақ хандығы дәуірінде «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның ескі жолы» және Әз-Тәукенің кезінде «Жеті жарғы» заңнамасы қабылданды. Яғни, көшпелі қоғамының алғышарттарына сай қазақ мемлекеттілігінің өз құқықтық жүйесі болды (Қараңыз: С.Өзбекұлы. Права кочевой цивилизации казахов. Мектеп. Алматы 2002).
Ресей патшалығының қазақ жеріне аяқ басуына келетін болсақ, Кіші жүз 1731 жылғы бодан болғанан кейін Ор мен Елек бекінісі, Орта жүз аумағында Семпалатинск (1718), Уст-Каменогорск (1719), Қызылжар (1745) бекіністері тұрғызылды. Абылай ханның өлімінен кейін Орта жүзді біржолата бағындыру үшін 1822 жылы Сперанскийдің «Батыс Сібір қазақтары туралы уставы» қабылданды. Ал, Кіші жүзді отарлау үшін 1824 жылы Ильгестром реформасы жүзеге асырылды. Осылайша хандық билік жойылып, окруктерді басқаратын аға сұлтандық үкімет құрылды (Е.Бекмаханов. «Казахстан в 20-е и 40-е годы XIX века» Алматы 1991. 115-120 сс).
Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілістер жер-жерде бұрқ ете қалғанымен, әскери қаруы озық Ресей XIX ғасырдың орта шенінде қазақ жерін толықтай бағындырды. 1867 және 1897 жылғы әкімшілік реформалар, сондай-ақ, 1911 жылғы Стольипиннің реформасынан кейін ішкі Ресейден қара шекпенділер көшіріліп әкеліп, қазақ жеріне қоныстандырыла бастады. Қазақстанның кейбір аймақтарында орыс переселендерінің саны шамадан тыс арта түсті. Бұл жағдай 1917 жылы Ресей патшалығы құлап, Қазақ автономиясы құрылар шақта бірқатар шекаралық мәселелерді туындатты.
Алаш қайраткерлері жер тұтастығын сақтап қалды
Ресей Федерациясының құрамындағы Қазақ автономиясының шекарасын белгілеу жөніндегі 1920 жылы 9-10 тамыздағы комиссия отырысында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков сынды Алаш қайраткерлері Ресей патшалығы жаулап алғанға дейінгі Қазақстан территориясын қайтарып алуға күш салып бақты. Әлімхан Ермековтің шекара жөніндегі өте сауатты жасаған баяндамасы орыс щовинистерін келісімге келуге мәжбүр етті (Тұрсын Жұртбай. Көтеріліп басылған жанартау. Түркістан 2011).
І Дүниежүзілік соғыстан соң халықаралы саясатта автономиялық статусты ұлттардың территориялық негізінде белгілейтін «Вилсьон қағидалары» теориясы кең қолданысқа ие болды. КСРО құрамындағы ұлттарға автономиялық мәртебе беруде де осы қағида негізгі өлшемге айналды. Алаш қайраткерлерінің әу-бастан аттандап, автономия аумағын анықтауда жанқиярлық танытуы, Қазақстан Республикасы аумағының тұтастай сақталуына екпінді ықпал етті. Сөйтіп, бүгінгі Алтайдан Атырауға, Сырдариядан Сібірге дейінгі ұлан-ғайыр аймақ мемлекеттік шекара белдеуімен шегенделіп, қазақ мемлекетінің аумағы ретінде ресми мойындалды.
Әйтсе де, Кеңестік қызыл империяның құрсауында күн кешкен қаралы жылдары Қазақстан территориясы әр тұсынан бір кертілді. Әдепкіде, Ресей Федерациясы Астрахань губерниясына қарасты Воладар, Қарабалин, Таулы Алтайдағы Қосағаш аудандарын, сондай-ақ, Орынборды (1924 жылы) бөліп алса, іле-шала өзбек қайраткерлері айла-шарғы жасап 1930 жылы Ташкент уалаятын қосып алды. «Алтын шыққан жерді белден қазған» өзбек әкәларымыз 1936 жылы Қазақстан құрамындағы Қарақалпақстан автономиясын өздеріне қаратты. Хрушевтің өнеркәсіпті басқару саясаты (1955-1963 жылдары) да қазақтың маңдайына шөңге болып қадалды. Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік аудандары мақта шаруашылығын дамыту мақсатымен Ташкенттің құзырына берілді (Дінмұхаммед Қонаев. Өтті дәурен осылай. Алматы 1992. 237-239 беттер).
Түйін
Акимовтің: «Бұл иен далаға орыстар келгенге дейін мұнда отырықшы халық болған жоқ. Ешқашан болған емес! Қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде шағын ауылдар болуы мүмкін. Бірақ, қала болған жоқ» деген даурықпасына археологтар мен культурологтар жауап бере жатар. Ал, біз «Мұнда түрлі көшпелі халықтар көшіп-қонып жүрді. Олардың шекарасы болған жоқ. Мемлекеті де жоқ болды» деген сандырақ пікіріне тиісті жауабымызды беріп отырмыз. Егер, «шекара болған жоқ» деген жалаң тұжырымға Президенттің «шекараны мен белгіледім» деген сөзі тұздық болған болса, онда Елбасының салихалы саясатында кінәрат бар деген сөз. Біз үшін тұңғыш Президентіміздің әрбір сөзі қасқалдақтың қанындай қымбат. Бірақ, Отанымыздың тәуелсіздігі мен біртұтастығы одан да қымбат екенін ұмытпауымыз керек.
«Абай-ақпарат»