Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6075 20 пікір 16 Қаңтар, 2020 сағат 15:47

Ресейдегі билік транзиті һәм Назарбаев жолы (Шолу)

Кешелі-бері біздің әлеужелідегі әлем жұрт қоңсылас қоныстанған Ресейдегі президент жолдауын жерден жеті қоян тапқандай сүйіншілеп, сөзін сарап қылып, бірлі-жарым тұсын өзіміздің Үкіметке үлгі етіп, сөйлеп жатыр... Жиырма жылдан бері Кремльде кресло ауыстырып көрмеген Владимир Путин жолдау дегенді алғашқы рет айтып отырған жоқ-ты. Бірақ, біздікілер үйі бөтен, күйі басқа Путиннің осы жолғы дегендерін ерекше талқы қылуда.

«Путин ана мен бала капиталын арттыратын болыпты», «Бірінші балаға 2,8 миллион екен, екіншісіне 3,8 миллион екен», «Мықты шықты. Біздікілер де сөйтсе кәне» деген гу-гу әңгімені өзіңіз де көзіңіз шалып қалған болар... Әйтеуір Қазақстанның жаңалық жасаушылары жарыса жазып, Ресей президентінің жолдауын жақсы-ақ, жарнама қылды.

Содан «одақтасып» отырған ел болған соң, біз де орыс басшысының осы жолғы жолдауын шолып шықтық. Ел-жұртының алдында сенім кредиті таусылуға тақау тұрған Владимир Путин саяси, әлеуметтік һәм экономикалық ахуал жайлы біраз айтыпты. Мақұл, ол орыстың елішілік проблемалары. Көзімізді бұрып, көңіл аудартқаны – «билік транзиті» тақырыбы болды.

Владимир Путин өз сөзінде Ресейдің Мемлекеттік Кеңесінің құзыретін күшейтіп, оның статусын конституцияда айшықтап көрсету керектігін айтқан екен. Сондай-ақ, ел президенттігіне үміткер болу шартын өзгертіп, бұрынғыдай кемі 10 жыл емес, Ресейде туған, 25 жылдан бері Ресейде тұратын адам болуы керек, деп сөйлеген. Оған қоса, президенттіктен мерзім аяқталмай-ақ кетуге болатынын ескерткен.

Кремльдің жиырма жылдан бергі қожайынының бұлай сөйлеуі, бұрын жұрт көзінде аса беделі жоқ МемКеңестің мәртебесін көтеріп, құзыретін ұлғайтуды талап қылуы – «билік транзитінің» басталғанын көрсетеді дейді сарапшылар...

Картинки по запросу "александр баунов""

Журналист  Александр Баунов «Фейсбукте»: «Егер желтоқсандағы пресс-конференция жай ғана меңзеу болса, бұл жолы билік транзитінің басталғанын ашық айтты. Негізгі тезистер: біз күштіміз, біз жасай аламыз. Соңғы жылдардың ең сүйікті мотивтері. Біз әлсіз емеспіз немесе КСРО-мен теңбіз. Біз үлкенбіз немесе КСРО-мен теңбіз. Біз қуаламаймыз, біз басып оздық... МемКеңестің рөлі артпақ. Оның рөлін конституциямен белгілеу керек. Өйткені, солай істеу керек. Достаевский айтқандай, адамның баратын жері болса... Мысалы, президенттіктен кейін...» депті.

Путиннің таңдауы - қазақстандық модель!

«Транзит» басталса, оның моделі қандай болмақ? Біз орыстілді саясатшылар мен ағылшынтілді ақпараттарға аз-кем шолу жасадық. Көп жұрт Владимир Путиннің таңдаған транзиттік жолы – қазақстандық модель дейді.

Vera Ryklina суреті.

Журналист Григорий Голосов «Фейсбукте»: «Путиннің конституциялық идеялары «билік транзитінің» базалық моделі ретінде қазақстандық нұсқаның қарастырылып жатқанын меңзейді. Ол – ресми құжатта жалпылама айтылатын МемКеңеске (Қазақстаннан айырмашылығы оларда – ҚауКеңес) конституциялық рөл беріп, Путинді төрағалыққа тағайындап, конституциялық заңға сәйкес, МемКеңеске шексіз құзырет беру» деп жазыпты.

Evgeny Savin суреті.

Ал саясаттанушы Екатерина Шульман «Фейсбукте»: «Мен бұл жолдауда кедейлікпен күрес, демография мен мерейтой туралы айтылар деп ойлаған едім. Ал конституциялық фан-тюнинг парламенттік сайлаудың жақындағанын аңғартты. Ал қалғаны сол баяғы қазақстандық сценарий», депті.

Публицист Иван Давыдов «Твиттерінде»: «Айтпақшы, көсемді бұдан бұлай қалай атауға болады? Владимир Абишевич Путин, Нұрсұлтан Владимирович Путин әлде Владимир Владимирович Назарбаев?» депті.

Ал Француз басылымы Le Monde: «Көпшілікке белгісіз МемКеңесті күшейту ерекше назар аудартады және 2019 жылы Қазақстандағы, президенттіктен отставкаға кетсе, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымында саяси сахнадағы рөлін сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқасын еске салады», деп жазады.

The New York Times басылымы: «Қазір мүмкін дейтін тағы бір сценарий Путин президенттіктен кетіп, Қазақстандағы секілді жүйе құру. ОА-дағы бұл мемлекетте бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы өз елінің мемлекет басшысы қызметінен ресми кетіп, бірақ билік партиясының басшылығында қалды және жаңа титулды (Елбасы) қабылдады», деп жазады.

Бұл туралы Financial Times басылымы: «Теориялық тұрғыдан Путин қайтадан премьер-министр болуы мүмкін. Сарапшылар ең ытималды нұсқа деп оның жаңартылған МемКеңесті басқаруын айтады. Егер Путин отставкаға кететін болса, Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, былтыр отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев секілді «ұлт лидері» атанып, мұрагер таңдау құқығына ие болар еді», деп жазыпты.

Осылайша Владимир Путин «көрші көргенін істейдінің» керін келтіріп отырғанын орыстың өз саясатшылар ашық жазуда.

Картинки по запросу "путин транзит""

Владимир Путин Ресейді 2000 жылдан бері үздіксіз басқарып келеді. 2008-2012 жылдар аралығында Ресей Президенті қызметін Путиннің премьер-министрі Дмитрий Медведьев атқарды. Ол кезде Путин ел премьері болды. Ол өзінің өмірлік премьер-министріне «премьер» болған аз жылда жұрт оны – премьерзидент атап кеткен. Өйткені, формалды билік президент Медведьевтің емес, премьер Путиннің қолында болған. Ал Путиннің президенттік мерзімі 2024 жылы аяқталады.

Айта кетейік, 15 қаңтарда Владимир Путин РФ Үкіметінің отставкасын қабылдады. Бүгін Ресейдің Думасы жаңа Үкімет басына Федералды салық қызметінің басшысы Михаил Мишустинді таңдады. Сарапшылар отставкаға кеткен Медведьев МемКеңеске орынбасар болып баруы мүмкін деп болжайды.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543