Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5062 8 пікір 17 Қаңтар, 2020 сағат 11:38

Бизнесті ашуға арналған мемлекеттік қолдау - ең үлкен кедергі!

Бизнесті ашуға арналған мемлекеттік қолдау - бизнесті ашу үшін ең үлкен кедергі.

Бұл жолғы әңгіме «Даму» қоры жайында. Жеті жылдай ақпарат саласында қызмет етіп, осы бағыттағы мемлекеттік қолдаулар жайлы айтып келгем. Бірақ, жеті ай шапқылағанда жағдайдың мүлде басқаша екеніне көз жетті. И то бұл жұмсартып жеткізіп тұрғаным.

Сонымен, «Даму»-да нең бар дейсіз ғой? Жарнамасы жер жарып жатқан мемлекеттік қолдауды алу үшін осы қорға бардық. Өйткені, кепіл боламыз деп тұр сайтында. Жалпы, негізгі функцияларының бірі ғой. Бірақ, оған қол жеткізу үшін біраз шапқылауға тура келеді деді. Тексерісі бар, басқасы бар, әйтеуір, соның бәрінен өту керек екен. Әлбетте. Жүгірісті бастадық. Қысқасы, осы жарты жылдан астам уақытта біз барлық тексерістен өттік. Қорлығына да, зорлығына да көндік. Абсурдқа толы талаптарын орындадық. Бүкіл тараптан рұқсат алып, (тіпті, жеке саналатын банктің өзі мақұлдады) айналып қайта қорға келмейміз ба?! Концерт осы жерде басталды. Ананы-мынаны қазбалап, тырнақ астынан кір іздегендей болды. Өйткені, қордың ресми «отказында» ешқандай себеп көрсетілмеген. Бірақ, ауызша айтты. Кезінде әйелім несиесін кешіктіріп төлеген. Одан кейін ғимараттың жалға алу ақысы қымбаттығын алға тартты. Қысқасы, анау-мынау деп жылы шығарып салды ғой. Нақты көз жеткізгенім, мемлекеттік қолдауды алу тетіктері сол қолдауды беретіндерге ыңғайлы қылып жасалған. Яғни, бергісі келсе, бәріне көз жұма салуға болады. Бергісі келмесе, әйтеуір, бірдеңе табуға болады. Оған тағы бір дәлел – жүгірісті бастағанда-ақ «таныссыз болмайды» деген әңгімені естідік. Бірақ, таппадық. Іздегеніміз де шамалы. Өйткені, сенім болды ғой. Сеніммен жарты жыл ойнап, лақтыра салу жақсы нәрсе емес.

Жарты жыл демекші. «Даму» қоры менеджерімен болған диалогтан:
- Құжаттармен шапқылап жүргеніңізге қанша болды?
- Жарты жыл
- Бізде адамдар жылдан астам да уақыт жүреді.

Осының өзінен-ақ елдегі бизнестің ахуалы, нақты айтқанда, оған деген мемлекеттік қолдаудың деңгейі анық көрініп тұр. Өйткені, бір жыл уақытта кез-келген бизнес-жоспар шіріп кетпей ме?! Қазіргі заманда күнделікті жаңа технология мен қызмет түрлері шығып жатыр. Ал, бір жыл ішінде қай-қайсы да өзекті болмай қалуы мүмкін. Басқа елдер 1 күнде, тіпті, 1 сағатта шешетін мәселелер бізде неге жылдарға созылады? Ал, соңында «отказ»!

Одан кейін жалпы «Дамудың» функцияларына қатысты сұрақ көп. Өйткені, бизнесті бастайтындарға кепіл боламыз дейді. Қымбат мүлігің болмаса, кепілді алу мүмкін емес. Қымбат мүлігің болса, қорсыз-ақ несие алуға болады. Онда «Дамудың» не қажеті бар? Үкімет бизнесті қолдауға қаржы бөледі. Екінші деңгейлі банктер береді. Яғни, қордың қызметісіз-ақ бизнес өз қарқынымен жүре береді ғой.

Бұған қоса, «Даму» қорынан «отказ» алған жалғыз біз екен. Яғни, бүгінге дейін ондай жағдайлар тіркелмеді деді. Бірақ, әлеуметтік желідегі жазбаларымнан кейін, біраз сабылып, біраз сандалып, ақыры санын соғып қалғандар көп екенін байқадым. Жекеге шығып, мұңын шағып жатқандар жетерлік.

Себептерге қатысты тағы бірер сөз. Оларды жоққа шығара алмаймын. Расымен де, кейбір олқылықтар бар. Бірақ, енді мемлекеттік қолдауды алып жатқандардың бәрі періште емес қой. Олар сонда анасының жатырынан шыға салып тікелей қорға қарай тарқан ба? Өмір сүргесін әртүрлі жағдайлар болады. Оған «отказ» берудің себебі ретінде қарап, соны ғана нұқи берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Керісінше, мемлекеттік қолдау осындай жағдайларды реттеуге, орайластыруға, көмектесуге арналған емес пе? Бірақ, оны жүзеге асыратындар басқаша ойлайтын сияқты. Оған бір дәлел – бірде елордадағы кеңсесіне барып, жауапты мамандарымен жолықтық. Сұрақтарының бәрі біртүрлі: «Ол бизнес жүрмей қалмай ма?», «Кейін банкрот болмайсыз ба?», «Тұтынушылар таппай қалмайсыз ба?», «Несиені төлей алмауыңыз мүмкін ғой»... Біздің жауап: кешіріңіз, писсимист болғаныңызға біз кінәлі емеспіз!

Осынша тырнақшаның ішіндегі жанашырлық танытуларын түсінбедім. Өйткені, несиені алатын біз. Ол жауапкершілік мәңгілік біздің мойында. Ал, берілетін ақша Үкіметтікі. Яғни, сіз бен біздің салығымыз ғой былай айқанда. Бірақ, оған қол жеткізуге қор мүмкіндік бермеді.

Көп қыртып кеттім-ау) Айтатын мәселе әлі де жетеді негізі. Қысқа қайырар болсам, осы мемлекеттік қолдауға апаратын баспалдақтың әр сатысында бір-бір пышақтан жасырып қойғандай әсер қалдырды. Алға басқан сайын қадала түседі. Ауырсынғандар бірден артқа шегінеді. Ал, шегінбегендер... Шегінбегендер біз ғой. Бәрібір ештеңеге қол жетпейді.

Аслан Қаженнің әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534