Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1931 0 пікір 12 Қыркүйек, 2011 сағат 11:17

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». Кәрі көсем (жалғасы)

Сөйтіп, Заки Валидовтің екпінді саяси өмірі қазақ ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің ықпалымен басталады. Сонымен қатар империяның бұратана бодан елдерге жүргізіп отырған зымиян саясатын түсіндірген ұстаздарының да рухани жан айқайы оның ұлттық көзқарасын қалыптастыруға негіз қалайды. 1912 жылы Қазан университетінің тарих және археология қоғамының төрағасы, атақты профессор Катанов өзінің 50 жасқа толған қонақасынан кейін Закиді оңаша алып қалып зар мұңын шағады. Ол шәкіртіне:

«Монғолдар мен шығыс түріктерінің ішінен шығыстану жолына үш-ақ адам түстік - Доржи Банзаров, Шоқан Уәлиханов және мен. Бәріміз де өз өмірімізді орыс әдебиетіне арнадық. Мен шамандықтан бас тартып, христиандықты қабылдадым, олардың ғылымына қызмет етіп жатырмын. Шоқан мен Доржы 35 жасқа жетпестен арақтан өлді, өйткені, орыс әріптестеріміз бізге ішімдіктен басқа ештеңе де үйреткен жоқ. Сен осы ортадағы төртінші адам боласың, бірақ абай бол. Мен туып, өскен ортаның рухы мұсылмандардың руханияты сияқты сондай қуатты емес, біздің халқымыздың тағдыры сорлы тағдыр, орыстардың арасында да біз жат жұрт болып қалдық. Мен сен арқылы аса қуатты мәдениеттің өкілін көріп тұрмын», - деп үміт артқан.

Сөйтіп, Заки Валидовтің екпінді саяси өмірі қазақ ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің ықпалымен басталады. Сонымен қатар империяның бұратана бодан елдерге жүргізіп отырған зымиян саясатын түсіндірген ұстаздарының да рухани жан айқайы оның ұлттық көзқарасын қалыптастыруға негіз қалайды. 1912 жылы Қазан университетінің тарих және археология қоғамының төрағасы, атақты профессор Катанов өзінің 50 жасқа толған қонақасынан кейін Закиді оңаша алып қалып зар мұңын шағады. Ол шәкіртіне:

«Монғолдар мен шығыс түріктерінің ішінен шығыстану жолына үш-ақ адам түстік - Доржи Банзаров, Шоқан Уәлиханов және мен. Бәріміз де өз өмірімізді орыс әдебиетіне арнадық. Мен шамандықтан бас тартып, христиандықты қабылдадым, олардың ғылымына қызмет етіп жатырмын. Шоқан мен Доржы 35 жасқа жетпестен арақтан өлді, өйткені, орыс әріптестеріміз бізге ішімдіктен басқа ештеңе де үйреткен жоқ. Сен осы ортадағы төртінші адам боласың, бірақ абай бол. Мен туып, өскен ортаның рухы мұсылмандардың руханияты сияқты сондай қуатты емес, біздің халқымыздың тағдыры сорлы тағдыр, орыстардың арасында да біз жат жұрт болып қалдық. Мен сен арқылы аса қуатты мәдениеттің өкілін көріп тұрмын», - деп үміт артқан.

Міне, оқымыстылықтан дәметкен сол азаматты тарих толқыны қақпақылап әкеліп ақыры саясат сахнасына шығарды. Бұл сол кездегі Ресей бодандығындағы барлық отар ұлттардың, соның ішінде аз ұлт зиялыларының ортақ тағдыры болатын. З.Валидовтің тарихи еңбегі Әлихан Бөкейхановтың назарын ерекше аударады. Жас ғалыммен терең танысу мақсатында Закиді:

«Сол кездегі Самарадағы банктің қызметкері, Шыңғысханның тұқымы Әлихан Бөкейхан мен Бөкей ордасының сұлтаны Шәңгерей үйлеріне қонаққа шақырды... Әлихан Бөкейханов пен Сәлімгерей Жантөриннің шақыруын қабыл алып, жаз айында Қазаннан Самараға, одан Уфаға бардым. Бөкейхан мен Сәлімгерей қуана қарсы алды. Мен Әлиханның үйінде үш күн жаттым. Ол үнемі менің жанымда болды, менің кітабым туралы пікір білдіріп, қай жеріне қандай қосымшалар қосу қажеттігі жөнінде ұсыныстар айтты...».

Бұл кітаптың орыс тіліне аударылуына қолғабыс ете алатын адаммен - Алтынорда мырзаларының тұқымы, мемлекеттік думаның бұрынғы мүшесі князь Кугушевпен Сәлімгерей Жантөриннің үйінде таныстырады. 1912 жылы «түркітектес» цензура профессоры Катанов пен Ашмарин зерттеудің орыс тіліндегі нұсқасына ғылыми жетекшілік етіп, Ресейге қатысты батыл пікірлерді қысқартпай жібереді... Сол кезде жоғарыда айтылған қазақ сұлтандарының тұқымы Әлихан Бөкейханов хат жазып, Самараға шұғыл келуін өтінеді. Одан кейінгі тіршілік тынысын З.Валидов:

«Қонақтарын Дәулеткерей станциясынан Ферғанаға шығарып салып, содан әрі қарай Самараға бардым. Әлихан Бөкейхановтың үйінде бірнеше күн тұрдым. Оған Ахмет Байтұрсынов қонаққа келіп жатыр екен. Біз ұзақ әңгімелестік, түркі тарихына қазақ хандарын қалай кіріктіру керектігін ойластырдық. Бұл, екінші кітапты жаза бастау деген сөз еді... Сол жылы күзде Самарада Әлиханмен тағы да кездесіп, әңгімелестім. Бұл менің әкем қажыға баруға дайындалып жүрген жыл еді. Стамболмен байланыс жасауға бұл сапар тағы да бір мүмкіндік берді», - деп еске алады.

Бұл - «Алашорда» көсемдерімен Заки Валидовтің өте тығыз достық әрі ғылыми қарым-қатынаста болғанын көрсетеді. Оған Заки Валидовтің:

«1912-1913 жылдың қысында мен емтиханға дайындалуымды жалғастырдым. Алайда өзімнің түркістандық және қазақ достарымның тілектерін ескеріп, уақытымның көбін Мауреннаһрдың, Қашқардың, қазақ хандарының және ХҮІ-ХІХ ғасырлардағы ноғай иеліктеріне қатысты деректерді жинадым, яғни, «Түрік тарихының» екінші кітабымен жұмыс істедім», - деген естелігі дәлел.

1913-1914 жылдарғы Түркістанға жасаған ғылыми экспедициясы кезінде З.Валидов түрік халықтарының мемлекеттік, саяси тарихымен тереңдеп айналысады. Сондай-ақ сол кездегі студент Мұстафа Шоқаевпен, гимназия шәкірті Нәзір Төреқұловпен танысады. Олар туралы:

«Сол кезде Түркістанда танысқан адамдарымның арасынан маған Нәзір Төреқұл мен Әбділхамид Сүлеймен (ақындық ныспысы - Шолпан) ерекше жақын болды. Нәзірдің әкесі - Төреқұл Ферғана губернаторының тәржімашысы болатын, ол біраз құнды қолжазбаларды жинаған екен», - деп жазды.

Тергеу ісінде қатты қадағаланған Мұстафа Шоқаев пен Заки Валидовтің бұл таныстығы эмиграцияда жалғасты. Тергеушілердің З.Валидовпен арадағы байланысты қазымырлап сұрауының мәнісі оның естелігіндегі:

«Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық... Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді», - деген дерекке байланысты.

Саяси платформаның шет елде жариялануы төтенше оқиға ретінде бағаланды. Голощекин баспасөз арқылы:

„Алашордашылардың" шетелмен байланысы бар. Валидовпен бірлесіп большевиктерге қарсы құрған астыртын ұйым әшкереленіп отыр", - деп ашық айып тағуға мүмкіндік берді.

Қанша жаныққанымен де «Алашорда» үкiметiнiң төрағасы Әлихан Бөкейхановтың Заки Валидовпен жақын таныстығын және астыртын ұйым құру туралы хат жазысып, кеңес өкіметіне қарсы бірігіп күресуге уағдаласқанын ашық мойындата алмады. Ол:

«Уфадағы кеңестен кейін Валидовпен қандай да бір байланыс орнатты дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарамын: оған Болғанбаев арқылы сәлемдеме жібергенімді де, немесе басқа бір жолмен одан -Валидовтен хат алғанымды да жоққа шығарамын», - деп қысқаша ғана түсінік берумен шектелді.

Тергеушiлердiң қитұрқы арандатуларын олардың емеурiнiнен-ақ түсiнген Ә.Бөкейханов, мысқылмен жауап берiп, мысын құртып отырыпты. «Бұл мәселенi анау (мысалы, Сталин) жақсы бiледi» - деп кеңестің өз көсемдеріне сiлтеме жасап, келесi сұрақты қойдырмай, алдын орап отырған. Тергеушiлердiң өздерi де тiксiнiп, арандап қалудан сезiктенiп, арнайы дайындықпен келген. Бұған алаш рухты азамат Жайық Бектұровтың төмендегі естелігі анық дәлел (мазмұндалып алынды):

«ГПУ-дің бір тергеушісі (төменде көрсетілген Балдаев болса керек - Т.Ж.) Ә.Бөкейханнан жауап алыпты. Тергеу үстінде ол Әлиханға әкіреңдейді, оны балағаттайды. Бұрын басынан сөз асырып көрмеген, өтірік айтуды әсте білмейтін, бұра тартпайтын бетті, айбынды, айбатты қарт Ә.Бөкейхан жасы еңкейіп қалғанымен, әлгі надан да топас, пысық тергеушіні қатты жекіп, оның жер-жебіріне жетеді, екі аяғын бір етікке тығады. Мұны біліп ГПУ-дің өзінше жөн-жосық білетін бір басшы қызметкері (бұл жоғарыда өзі атап өткен Каширин болса керек - Т.Ж.) Ә.Бөкейханмен өзі сөйлеседі. Ол Заки Валидовке, әлде Сұлтанғалиевке жазған Ә.Бөкейханның бір хатының фотокөшірмесін көрсетіп: «Сіз оған бұдан басқа хат жаздыңыз ба?», - деп сұрапты. «Жоқ, жазбадым», - деп жауап беріпті Ә.Бөкейхан.     « - Неғып жазбадыңыз? Мүмкін жазған шығарсыз? Бізден жасырып отырған боларсыз?», - дейді ГПУ өкілі. «Жасырып отырғаным жоқ, жазбағаным рас. Баяғыда А.С.Пушкинді патша үкіметі Псковка жер аударып жібергенде, ақын өзінің сүйікті әйеліне хат жазбапты. Оның ерке жұбайы Наталья Николаевна күйеуіне өкпелеп, қатты ренжіпті. Сонда Александр Сергеевич: «Сені шексіз сүйетіндігім хақ. Шерменде күйде жүріп, сені «сүйдім, күйдім» деп жазған хатым табашыл дұшпандарымның бірінің қолына түсіп қалса, әлде біреуінің құлағына шалынып қалса, олар мені мазақ етпей ме? Сөйтіп, өзімді де, сені де жұрттың мазағына душар етпеймін бе? Сондықтан да арымызды аяққа бастырмайын деп хат жазбадым», - деген екен. Міне, дәл сондай бір хатым сіздердің қолдарыңызға түсіпті, тағы жазсам тағы да сіздердің қолдарыңызға түсе ме деп, хат жазғамын жоқ», - деп Ә.Бөкейхан алыстан орағытып жауап беріпті».

Мұндағы, „дәл сондай бір хатым сіздердің қолдарыңызға түсіпті", - деп отырғаны жоғарыда түсінік берілген Ә.Ермековтің Ленинградтағы М.Әуезовтің адресі арқылы Ә.Бөкейхановқа жолдаған хаты болуы мүмкін. Оған айғақ жетерлiк. Мұны түрмедегi тәркiге алынған құжаттар мен хаттар растайды. Бұл хатты Мұхтар 1928 жылдың басында, «Қилы заман» мен «Хан Кененi» жазып жатқан кезiнде алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен-жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Ол хатты 1928 жылы 21 наурыз күнi ОГПУ-дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ-дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:

«Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз», - деп түсiнiктеме берген.

ОГПУ-дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданып отыр. Демек, зерттеушiлердiң назарына ұсына кететiн жай, бiз ұшығына жете алмай жүрген не iз-түссiз жоғалып кеткен қолжазбалар мен құжаттардың түпнұсқасын Ташкенттен iздеу керектiгi. Хаттың сыртына:

«Ленинград. Декабристер көшесі, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке - жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II - 28 ж.», - деп жазылған да, iшiндегi сөз - Әлихан Бөкейхановқа арналған.

Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Мұнда жеке бастың дербес iсiмен қоса, бiз назарға iлiктiрiп отырған саяси мәселелер де қамтылған. Рухани бостандық жолындағы күрестiң бiр белгiсi болғандықтан да хатты толық келтiремiз. Оның үстiне, бұл жазбаның - түпнұсқасының қайта қолға түсуi неғайбыл нәрсе. Сонымен, Әлiмхан Ермеков Мұхтар арқылы Әлихан Бөкейхановқа былай деп сәлем жолдайды, ескерте кететiн жай, хатты көшiрушiлер «Әлеке!» дегендi «Ада» деп жазыпты. Бұл «Аға» деген сөз болуы да мүмкiн. Бiз «Әлеке!» дегенге тоқталдық.

«Қадiрлi Әлеке!

Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы - достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат-хабар алысатындарым да азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақта Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтанда жазудан бойымды аулақ ұстаймын.

Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әр түрлi сылтау айтып, қарсы болды және егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрігер - ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.

Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе, сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi немғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.

Бұл мәселенi РСФСР-дiң, орталық алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған Авксеньев одағына Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.

Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз. Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес, толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтанда мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.

Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.

Жер мәселесiнiң төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Палена мырза жүргiзген ревизияның «Губерниялық есептерiне» жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де, дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлiiсiктiң орыны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың - Т.Ж.) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары - Т.Ж.) «Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың» қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр - Т.Ж.). Мұның астарын түсiнуге ақылым жетпейдi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған «мамандардың» ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм «шiркiндердiң» де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақта бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде, бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме?

Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау - өз жерiнен өзi қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салады, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiң қансырайды. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы - әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады?

Әлiмхан.

Сотайға сәлем.

 

Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз.

Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз.

Әлiмхан.

25/II - 28 жыл.

Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков».

Бұл хатты Мұхтар оқыды ма, жоқ па, оны ашып айту қиын. Алайда, оның үйiне және тiкелей өз атына жолдай отырып, Әлiмхан Ермековтiң: «Мұхтар! Мына хатты Әлекеңе - Әлихан Бөкейхановқа табыс ет!», - деген бiр ауыз сөз жазғаны анық. Ендеше, мұндағы айтылған жайлардың мазмұнымен Мұхтар толық таныс. Жоғары оқу орынының ашылуына, жер мәселесi мен мәдениет, әдебиет саласындағы саясатқа дәл сол кезде немқұрайлы қарай алмайтын. Өйткенi оның да көңiлi ел жаққа қарап алаңдаулы болатын. Университеттiң толық курсы тамамдалып қалды. «Қилы заманды» аяқтап, «Хан Кенеге» кiрiстi. Қолжазбаларын Қызылордаға жiберiп, оның жауабын асыға күтiп жүрдi. Әлiмхан Ермековтi қатты алаңдатқан жоғары оқу орыны мәселесi сол жылы шешiлдi. Ал, Әлихан Бөкейхановтың Сталинге жолығуы неғайбыл. Тура осы кезде ол «Алашорданың» өзге үкiмет қайраткерлерiмен бiрге тергеуге алынды. Заң магистрi Жақып Ақбаев мырза әшкерелеген губернатор Паленнiң «Губерниялық есебi» - қазақ даласындағы «тыңды игерудiң» патшалық отарлау жобасы едi. Әлiмхан Ермековтiң күйiнуiнiң де себебi сонда жатыр. Мұхтар Әуезов те рухани ұстазы Әлихан Бөкейхановтың пiкiрiн ұстанды. Ол өзiнiң 1932 жылғы 10 шiлде күнгi «Социалды Қазақстанда» жарияланған «Ашық хатында»:

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517