Вакил Набиев: Абай тойына Қазақстан күрдтері де өз үлесін қосады
Президент Қасым-Жормарт Тоқаевтың бастамасымен ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығы және қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ел көлемінде, тіпті Халықаралық деңгейде атап өтілетіні белгілі.
Әлгінде ғана сол қос тойдың ресми ашылуы өтті. 500-ден астам іс-шара атқарылатыны ақпаратта айтылды. Бұл ел болып, республика көлемінде атап өтілетін дөңгелек дата болғандықтан, оған елдегі ірілі-ұсақты барлық қоғамдық ұйымдар атсалысуы керек-ақ. Сондай қоғамдық ұйымның бірі Қазақстан Халқы Ассамблеясы.
Президент пәрмен беріп, қос тұлғаның тойы республикалық ауқымда аталып өтілетін болды. Осы орайда еліміздегі түрлі диаспора өкілінің басын қосқан Қазақстан Халқы Ассамблеясы, ондағы этностық топтар қандай үлес қоспақ? Біз бұл туралы ҚХА жанындағы күрдтер бірлестігінің өкілі Вакил Набиевті сөзге тарттық.
Вакил Набиев - 1982 жылы Қырғызстанда дүниеге келген. 1990 жылы отбасымен Қазақстанға қоныс аударады. Осы жерде білім алып, қызметтік жолын Алматыдан бастайды.Ол қазір Алматы қалалық күрд қауымдастығы филиалының төрағасы. ҚХА жанындағы «Жарасым» РМБ төрағасының орынбасары және «Нұр Отан» партиясының мүшесі.
Вакил Набиев, Алматы қалалық күрд қауымдастығы филиалының төрағасы:
- Мен Қырғызстанның Ош облысында дүниеге келгенмін. Біз 1990 жылы отбасымызбен Қазақстанға көшіп келдік. Алматы облысы Іле ауданының №19 орта мектебін тәмамдадым. Одан соң, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Халықаралық құқық» мамандығына оқуға түстім. Сосын «Тұран» университетінің экономика факультетін аяқтадым. 2014 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-да мәдениеттану мамандығы бойынша «Қазақстанның күрд диаспорасының мәдениеті» деген тақырыпта диссертация қорғадым. Қазір Қазақстан Халқы Ассамблясының «Барбанг» күрд қауымдастығында қызмет етемін.
Біз Абайдың 175 жылдығына орай диаспора атынан бірнеше шара өткіземіз. Оның ішінде Абай мұраларына арналған дөңгелек үстелдер өтеді. Абай қазаққа ғана емес, барлық қазақстандықтарға ортақ. Біз кішкентай күнімізден бастап Абайдың шығармаларын естіп өстік.
Біздің диаспора өкілі Хасен қажы Сүлейман деген бауырымыз Абай өлеңдерін күрд тіліне аударды. Қателеспесем, 15 шығармасын аударды-ау деймін. Бұл аудармалардың барлығы өзіміздің қауымдастық шығаратын журналда жарияланып тұрады.
Одан бөлек Президент бастамасымен елімізде ұлы ғұлама, ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өтіледі. әл-Фарабиге қатысты бірнеше бағдарламалық жоспар құрдық. Ғалым туралы дөңгелек үстелдер мен ғылыми жиындар өтетін болады.
Абайдың және әл-Фарабидің мерейтойына Қазақстан Халқы Ассамблеясы, оның ішінде біздің күрд диаспорасы белсенді атсалысатын болады. Бұл Қазақстан азаматы ретіндегі борышымыз деп есептеймін. Қазақстан біздің ортақ үйіміз. Демек, оның әрбір тарихи сәті бізге ортақ болуы заңдылық. Абай да, әл-Фараби де қазақтың өз ішінде ғана белгілі адамдар емес. Олар дүние халқына танылған тұлғалар. Сондықтан олардың мерейтойына өз үлесімізді қосуға міндеттіміз.
Ұлы Абайдың «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген дана сөзі өзектілігін әлі жойған жоқ. Абайдың елінде Абайдың жолын ұстанған ұрпақ өсіп келеді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір азамат бір ниет, бір тілекпен ел үшін қызмет етуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жормарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып отырған ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойынан шет қалуға ешбір қазақстандықтың қақысы жоқ деп ойлаймын. Еліміздің әр ұлт халқы бір жағадан бас, бір жеңген қол шығарып, мерейтойды өз деңгейінде атап өтуі керек.
Abai.kz