Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 5616 26 пікір 8 Ақпан, 2020 сағат 01:00

Бұрынғы мүфти Серікбай қажы Ораз үш жылда не істеді?

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс IX құрылтайы өтті. Жиында басқарма төрағалығына және Бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлы тағайындалды.

Құрылтайға 300 делегат келген екен. Наурызбай Тағанұлының кандидатурасын сол 300 делегат бірауыздан қолдады. Сөйтіп жаңа мүфти таңдалды.

«Наурызбай қажы Тағанұлы менің бірінші орынбасарым ретінде көптеген игі жобаларды жүзеге асырды. Діни салада тәжірибесі мол. Діни басқарма жұмысын жандандырып, жаңа бастамаларға ұйытқы болатынына сенемін», деді бұрынғы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Ал құрылтайға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Серікбай қажы Ораздың 2017-2020 жылдары атқарған жұмысына оң баға беріп, Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Бас мүфти кім?

Наурызбай Тағанұлы Өтпенов 1977 жылы дүниеге келген. Биыл наурызда 43 жасқа толады. Тәшкендегі «имам әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында, ҚМДБ жанындағы Ислам институтында жоғарғы діни білім алған. Кейін Мысырда діни білімін жетілдірген. Одан бөлек, Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «тарих» факультетін сырттай оқыған. Аталған білім ордасында «дінтану» мамандығы бойынша магистратураны аяқтаған. Қазір «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «исламтану» мамандығы бойынша докторлықты оқып жатыр екен.

Осыған дейін Қарағандыда, Астанада, Түркістанда имам болған. 2011-2013 жылдары ҚР Дін істері агенттігінде діни бірлестіктер жөніндегі басқарманың бас сарапшысы болып қызмет еткен. 2018 жылдан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти болған. «Үміт сәулесі», «Мазһабсызбен сұхбат» атты кітаптардың авторы. «Құрмет» орденімен, «Қазақтан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақтан Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалдерімен марапатталған. Аягөз ауданының құрметті азаматы.

ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл

Картинки по запросу "Рәтбек қажы Нысанбаев"

Айта кетейік, биыл Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының құрылғанына 30 жыл толады. Аталған басқарманың алғашқы бас мүфтиі  Рәтбек қажы Нысанбаев болды.

Картинки по запросу "Әбсаттар қажы Дербісәлі"

2000 ж.өткен ІІІ құрылтайда басқарма төрағасы, бас мүфти болып, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі сайланды.

Картинки по запросу "Маямеров Ержан Малғажыұлы"

2013 жылдың 19 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс өткен VII құрылтайында Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүфти болып сайланды.

Картинки по запросу "Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Ораз"

2017 жылдың 8 желтоқсанында өткен Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында бас мүфти болып Серікбай қажы Ораз сайланды.

Ал, жаңа тағайындалған Наурызбай қажы Тағанұлы басқарманың бесінші бас мүфтиі. Сонымен, Серікбай Сатыбалдыұлы қызмет атқарған үш жылда ҚМДБ қандай жұмыстар атқарды? Біз бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметіне хабарластық.

Бұрынғы мүфти Серікбай қажы Ораз үш жылда не істеді?

1. Серікбай қажы алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастады. Халықаралық Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Ислам және ұлы дала өркениеті» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

2. 2018 жылдың 2 наурызында Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтті.

3. Осыған дейін екі рет өткен имамдар форумының жалғасы ретінде «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумы ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылып, жоғары лауазымды тұлғалардың баяндамасымен жалғасқан игі шарада «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» атты үш тарихи құжат қабылданды.

4. 2019 жылдың 11 сәуірінде елордада Қазақстан және Ресей мұсылмандары діни басқармаларының ұйымдастыруымен «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері» атты IV халықаралық ғылыми конференция өтті.

5. Жыл басында жұмысты жүйелеу мақсатында дін қызметкерлеріне 4 бағыт бойынша қызметті жаңа қырынан атқару бекітілді.

- Бірінші бағыт «Мешіттегі уағыз-насихат жұмыстары»;

- Екінші бағыт «Сапалы білім»;

- Үшінші бағыт «Ізгі іс-шаралар мен қайырымдылық»;

- Төртінші бағыт «Жат ағыммен жұмыс».

6. Жаназа рәсімдерін бірізділікке түсіру мақсатында «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап шығып, соның негізінде арнайы ереже бекітілді.

7. 2019 жылы Ғұламалар Кеңесі мақұлдаған пәтуалар жинақталып, екінші «Пәтуалар жинағы» жарық көрді.

8. Діни басқарма алғаш рет 2018 жылы Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мұсылмандары діни басқармасымен ортақ ымыраға келіп, діни мерекелерді бір күнде атап өтуге қол жеткізді.

9. «Шариғат және пәтуа» бағыты – Діни басқарманың негізгі бөлімі. Осы бағыт бойынша 2019 жылы ғаламтор арқылы 5241 сұраққа жауап берілді. 2018-2019 жылдар аралығында 33 пәтуа шықты.

10. Ғұламалар Кеңесі 24 концептуалды құжат қабылдап, шариғат, әлеумет, медицина, отбасы, неке бағытында 78 пәтуа бекітті.

11. Республика көлемінде насихат шаралары жүргізіліп, жастарға деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары түсіндірілді

12. «Ислам және отбасы», «Ислам және жастар» жылы аясында салауатты һәм сауапты шаралар ұйымдастырылды.

13. «Жастар және руханият» атты І халықаралық жастар форумында еліміздің және көршілес Ресейдің белсенді жастары қатысып, қоғамда өзекті болған мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

14. Жастар арасында діни экстремизм мен радикализм идеялары таралуының алдын алу, шетелдік діни оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен жан-жақты жұмыс істеу мақсатында «Талаба» жастар қауымдастығы құрылды. Осы бағытта Түркияда оқып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өтті.

15. ҚМДБ-ның күн тәртібіндегі маңызды төрт бағыттың бірі – жат ағыммен жұмыс болды. Осы орайда еліміздегі күрделі аймақтар анықталып, мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып ауқымды шаралар жүзеге асты. Жат ағыммен жұмыс үш бағыт бойынша жүргізіледі: жалпы кездесу, жеке кездесу және әлеуметтік желімен жұмыс. Жеке түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы – 940, 2018 жылы – 518, 2019 жылы – 520 адам райынан қайтты.

16. Жұма уағызын айтудың жаңа үлгісін ұсынып, тек діни уағыз ғана емес, қазақтың салт-дәстүрі, ақын-жыраулар мен би шешендер, қоғам қайраткерлерінің пәтуалы сөздері уағыз барысында кеңінен насихатталды.

17. 2019 жылы «Қайырымдылық және уақып істері» бөлімін аштық. «Мектепке жол» акциясы бойынша 26 630 балаға оқу-құралы және мектеп формасы берілсе, сол жылы жалпы саны 250 158 адамға мешіт арқылы түрлі қайырымдылық көмек жасалды.

18. «Жусан» операциясы бойынша елге оралған 400-ге жуық қандастарымызға 2 500 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді.

19. Діни басқарма шетелдік қайырымдылық қорларына иек арта бермей, өзінің жеке қайырымдылық мекемелерін ашуды қолға алды. Жағдайы төмен отбасылардың балаларын, жетім балалар мен мұқтаж студенттерге көмек ретінде заман талабына сай 13 қайырымдылық мекемесін ашты. Бүгінде сол мекемлерде 380 бала дін мен дәстүр, тарих пен әдет-ғұрып құндылықтарынан сусындауда.

20. ҚМДБ заман талабына сай халал өнімдерін стандарттау мәселесін қолға алып, аз уақыт ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 2015 жылы – 24, 2016 жылы – 45, 2017 жылы – 88, 2018 жылы 148, 2019 жылы 114 мекемеге сертификат берілді. Жалпы алғанда 348 мекеме халал сертификатына ие болды. Бұл саладағы негізгі жетістік – 2018 жылы 30 қазанда әлемнің 43 мемлекеті кіретін Малайзия Республикасы Исламды дамыту департаменті (JAKIM) ұйымының аккредиттеуінен өтті.

21. Діни басқарма Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент және Ақтау қалаларынан Мадина мен Жиддаға тікелей рейстің ашылуына ұйытқы болды.

22. Мүфтият мешіт ісін бір тәртіпке келтіріп, мешіт салудың арнайы ережесін бекітті.

23. «Зекет» қоры 2018 жылы 55 620 отбасына көмек көрсетті. 2019 жылы көмекке ие болған отбасы саны 73 мыңнан асты. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында мұқтаж отбасыларға 175 баспананың кілтін табыстады.

24. Барлық облысқа қарасты мешіт имамдары жаңа әдіс бойынша сараптаудан өтті. Яғни, электронды тест арқылы сынақ тапсырды.

25. 2019 жылы елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумы қарсаңында мүфтияттың жаңа басылымы «Мұнара» рухани-танымдық газеті оқырманға жол тартты.

Сонымен қатар, Серікбай қажы мүфтияттың 30 жылдығы қарсаңында 30 мешітке ел игілігі жолында қызмет еткен тұлғалардың, соның ішінде әл-Фараби мен Абайдың есімін беруді, 30 елді-мекеннің ауыз су, жол-көпір мәселесіне оң ықпал етуді, 30 отбасына қайырымдылық жасауды, 30 студентке грант тағайындауды, 30 мешітке күрделі жөндеу жүргізуді т.б. игі іс-шаралар қолға алынғанын атап өтті.

Сондай-ақ ол жаңадан сайланған Наурызбай қажы Тағанұлына «Діни басқарма жұмысын жандандырып, жаңа бастамаларға ұйытқы болатынына сенемін» деді.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394