АҚШ Орта Азия елдерінің өз алдына бөлек одақ құрғанын қалайды
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Орта Азиялық сапарынан орала салысымен 5 ақпанда Мемлекеттік департаменттің Орта Азия елдеріне қатысты 2025 жылға дейінгі стратегиясын жариялады.Негізгі 6 мақсат көрсетілген онда. Бәріне тегіс тоқталып бастарыңды ауыртпай-ақ қояйын. Мені қызықтырған бірінші бап болды. Онда былай делінген:
"Орта Азия елдерінің әрқайсысының және жалпы аймақтың тәуелсіздігін қолдау және оны нығайтуға ықпалдасу. Америка Құрама Штаттарының олардың экономикаларын дамытуға, энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуіне, мемлекетті басқаруда демократиялық принциптерді енгізуіне жүйелі түрде атсалысуының арқасында Орта Азия мемлекеттері аймақта бірлескен әріптестік негізінде дамып, өз егемендіктерін нығайтып, экономикалық тәуелсіздіктерін сақтау мақсатында нақты қадамдар жасайтын болады. Құрама Штаттар аймақтағы мемлекеттерді бөліп тұрған ішінара алауыздықты жеңуге ықпалдасатын болады,"
Бір сөзбен айтқанда АҚШ Орта Азия елдерінің өз алдына бөлек одақ құрғанын қалайды. Негізі Қазақстанның да соңғы бес алты жылдағы мақсаты да осыған келіп саяды. Оған соңғы жылдардағы өзбек ағайындармен арадағы орнаған жылымық саясат та куә. Өзбекстан,Түркмения, Әзірбайжан, Тәжікістанмен өткізген көп жақты келіссөздер де сол жақындасудың амалы еді. Тіпті қателеспесем осыдан бес-алты жыл бұрын түркі елдерінің бірлескен әскери жаттығуы өткен болатын. Түркі елдерінің етене араласып кетуіне қарсы күштер жоқ емес. Баршылық. Дегенмен АҚШ-тың осы доктринасын пайдаланып, туысқан елдермен біршама жақындасудың оңтайлы сәті келіп тұрған сияқты. Енді болмағанда қашан? Сыртқы қауіптерге, мықтылардың экспансиясына жападан жалғыз қарсы тұра алуымыз екіталай ғой. Сондықтан дәл қазіргі таңда Қазақстанға тең дәрежедегі одақтастар керек-ақ.
Мұхтар Түменбайдың әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz