Қордай трагедиясы қайталанбасын десек...
Елімізде бейбіт заманда қан төгілді. Ата-аналар перзентінен айрылып, әйелдер жесір, тоғыз айлықтағы балаға дейін жетім қалды. Әлеуметтік, мемлекеттік ауқымдағы трагедия орын алды. Әлемдік тәжірибеде кездесе бермейтін 130 ұлттың татулығының шикі тұстары ашылды. Қазақстанда осынау байтақ мемлекетті құраушы қазақ ұлтының өзекті мәселелері шешімін таппағандығы, олай болса елдің келешектегі тағдырының табиғаты әлі танылып болмағандығы тағы да көрінді.
Президент Қ.Тоқаевтың ішкі тұрақтылық пен өркендеудің негізі – қоғамдық диалог, еститін мемлекет екендігін мәлімдеуінің мәнісіне көзіміз әбден жете түсті. Алайда, осы арада мынаны айтуымыз қажет. Жалпы, біздің елімізде мемлекет басшылығының, парламент пен үкіметтің биік мінбелерінен айтылып жатқан жайттардың әрбір аймақ, аудан, елдімекенге жетіп ұғынылуы қаншалықты деңгейде. Әсіресе, қордай трагедиясы көрсетіп отырғандай, белгілі бір мекендерде тығыз, томаға тұйық, жабық күйде өмір сүріп келе жатқан шағын диаспоралар арасында. Өйткені, жап жас балалардың жалаңаш қолмен еңгезердей қарулы полицияға, яғни билік өкіліне шабуыл жасауы мүлде тереңдеген дағдарысты дәлелдеп берді. Олардың Қазақстан мемлекетінің аумағында, оның ішкі және сыртқы саясатына, идеологиясына сай өмір сүріп отырмағандығы бұрыннан айтылып жүрсе де, билік орындарының, мүдделі, арнайы мекемелердің назарынан тыс қалып қойғандығы ақыры ақтарылды.
Сыртқы саясат демекші, дүнген диаспорасы жетекшілерін шет елдердің елшілерінің, сыртқы саяси ведомство өкілдерінің жария түрде ресми қабылдаулары үлкен сұрақтар туғызуда. Бұл кездесулердің мәнісі неде, қандай тақырыпта әңгімелер айтылып, қай бағыттағы қолдау көрсетілуде. Бұл арнайы назар аударылатын жайт.
Ішкі саясатқа, ұлттық идеология, қоғамның біртұтастығы тақырыбына келсек, Қазақстанда тұратын титулды емес этнос өкілдерінің басым бөлігі мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде оқитындықтары мәлім. Демек, мемлекеттік қаражатқа халықтың 70 пайызының тілі, ақыр соңында мемлекеттік мәртебелі тілі емес, өзге елдің мемлекеттік тілі оқытылады. Мемлекеттік тілді білмейтін, мемлекет құраушы халықтан оқшау өмір сүретін пенденің ой-өрісі де, санасы да, олай болса көзқарасы да бұл қоғамнан оқшау, бөтен болатындығы саңылауы бар әркімге аян. Сондықтан алдағы уақытта елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтаудың стратегиялық міндеттері тұрғысынан шағын диаспоралардың тығыз әрі оқшаулану үрдісіне жол бермеу шараларын түпкілікті қарау лазым.
Қазіргі уақытта елімізде жаңа көші-қон заңы қарастырылып жатқаны, онда халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден экономикалық қажеттіліктерді ескере отырып, елдің солтүстігіне қоныс аударуын ынталандыру шаралары көзделуде. Міне, осы заң аясында бұған дейін қоғамға ықпалдасудан тысқары қалып келе жатқан диаспоралардың, бірінші кезекте жастардың әртүрлі аймақтарға қоныс аударуын ынталандыру тетіктері де жан-жақты қарастырылуы барынша маңызды, ең бастысы балаларының қазақ мектептеріне оқуына табиғи сұраныс туындауы тиіс. Алысқа бармай-ақ, көршілес Қытайда қазақ мектептерінің ішкі саясат талаптарымен толық жабылғандығы, ал Ресейде сұраныс болмауынан, бала саны жетпегендіктен жабылып біткендігі мәлім.
Әріптестеріміздің пікіріне сүйенсек, халықаралық тәжірибеде, мысалы Сингапурда елдімекен тұрмақ, көп қабатты үйдің өзінің әр қабатында бір сингапур, бір қытай, бір малай, бір үндіс отбасыларын қатар тұрғызатын талап бар екен. Бұл не үшін – қоғамның тұтастығы үшін.
Ел арасында диаспора өкілдерінің, соның ішінде дүнгендердің ұлдарының әскерге бармайтындығы айтылуда. Бұл қалай? Отанды қорғау олардың міндетіне жатпай ма, әскери билетті қалай алады онда, әлде мұндай жауапкершіліктің қажеті жоқ па олар және басқалар үшін. Мұның аяғы қайда апарып соқпақ. Міне, өкінішке орай адамдар өлімімен, елеулі материалдық шығындармен, әлеуметтік күйзеліспен ұштасқан, мұнымен бірге еліміздің қисапсыз күш-жігермен қалыптастырып келе жатқан халықаралық оң келбетіне орасан теріс әсерін тигізген қордай трагедиясынан аймақтық емес, барша мемлекеттік ауқымда қорытынды жасалып, бірінші кезекте мемлекет құрушы қазақ халқының айналасына барлық диаспораларды ұйыстыру арқылы елді дамыту туралы ел азаматтарының жанайқайы, соның ішінде «Abai.kz» порталында жарияланған Жанұзақ Әкім сынды сарапшылардың құнды пікірлері, әсіресе жеке ұлттың ғана емес, бүкіл мемлекет тағдырына айналған қазақ тілінің тағдыры туралы тұғырнамалық ұсыныстары ең жоғары билік орындарына жетуі аса маңызды деп білеміз.
Расында, Үндістандағы отарлыққа қарсы халқын көтерген әйгілі тұлғаларының айтуынша, «елге ең қауіптілер – отарлық жүйемен оқып тәрбиеленген зиялылар» заманы келмеске кетіп, енді тәуелсіздігіміз кезеңінде еркін ойлап еркін сөйлей алатын өркениетті тұлғалардың үніне құлақ асып, баянды қадамдар жасайтын сәт туғандығы кәміл.
Мұхтар Кәрібай
Abai.kz