Сенбі, 23 Қараша 2024
Естелік 5125 3 пікір 24 Ақпан, 2020 сағат 11:40

Әнекеңнің болмаған балалық шағы...

Ғасырлар тоғысында ғаламдық тұрғыда ойлау былай тұрсын, әдеби санасыз, әдеби тарихсыз күллі әлем мекендеушілері қараңғы болары хақ. Менің олай дейтін себебім, әр ұлттың тілін, дәстүрін, мәдениетін, тарихын тіптен географиясының өзін суреттейтін ол – әдебиет. Мен сөз еткелі отырған тұлға кісілік келбетіне кесе көлденең келетін көлеңке былай тұрсын, дақ түсірмеген ұлы тұлға.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде әдеби тұлғаларымыздың, кешегі қайраткер ағаларымыздың азаматтығын жалпақ жұрт жаңа ғасырда керек қылары неғайбыл. Бірақ айту парызым. Себебі ол менің Әнуарым. Менің музам, қала берді менің пірім.

Әнекең екеуміздің ауылымыз Қарлығаш. 1829 жылы сол уақыттағы аумалы-төкпелі заманда қос сайдың етегін жайлай қоныстана бастап ауыл атанған екен деседі. Әнекеңнің әкесі Тұрлыбек Әлімжанұлы орта жүз ішіндегі найманнан тарайтын «Болатшы» деген рудан болған. Ал анасы Меңсұлу көрікті, сымбатты келген қыпшақ руының қызы.

Әнуар 1930 жылы бұрынғы Талдықорған облысына қарасты, Андреев ауданы, Қарлығаш ауылында 12 мамырда дүниеге келген. Әнекеңнің үш жасында анасы Меңсұлу айықпас дерттен көз жұмады. Рас, көп адам айтуы мүмкін, Әнуар әдебиетке қалай келді, деп. Ол заңды сұрақ. Әнуарды әдебиетке алып келген бала күнінде көрген азапты күндері. Араға уақыт салмай жатып, қос жанары бірдей сөнген әкесі Тұрлыбек өмірден өтеді. Жалғыз қалған жетімге қырғидай шүйліккен кісі қарасы көбейеді. Әнуар аға өзінің балалығын былайша еске алады: «иә, менде балалық мүлде болмады десе де болады. Ес білгелі жоқшылық, жетімдік, қасірет, қайғы басыма төнген қара бұлттай түнеріп тұрып алды»...

Әнекеңнің осы естелігінің өзінен-ақ, оның балалығы қалай өткенін аңғаруға болады. Балалық шағына кеңінен тоқталсам, Тұрлыбек ақсақал өмірден өткеннен кейін Әнекеңнің азапты күндері де басталады. Ауыл савхозының қандай ауыр жұмысы болса, Әнуар сонда жұмсалатын. Оған дәлел, Әнағаңның көзін көрген марқұм Жарқынай Құрманбаева анамыздың мына бір естелігі. «Мен Әнуардың балалық шағының тірі куәгерімін. Сол бір күндердің естелігін қалайша ұмытарсың. Соғыс жылдары бұғанасы қатпаса да өгіз айдап, қырманда бидай тазалап ауыр жұмысқа араласқандардың бірі Әнуар болатын. Ол май шайқайтын жерге сүт тартатын. Бір күні жегіп жүрген өгізі ыстық күнде оқыралап екі аяқты арбасын ала қашады. Мұны күтпеген Әнуар көп балалы отбасыларына, тамағы жоқтарға берілетін екі фляг көк сүтті төгіп алады. Сол кездегі мінезі қатаң бастықтар: «мойныңа жазамыз әдейі төктің», деп ұрсып әбден сілкіндіргенін талай мәрте көзіміз көрді. Қорғаушысы, қолдаушысы жоқ болған қайран Әнуарға кейде осындай қорлауларға да шыдау керек болатын»...

Осыдан кейін Әнуардың басындағы бұлт сейіліп әкесінің немере қарындасы Темірболатова Бибікен анамыздың қамқорлығына өтеді. Ауылдағы бастауыш білім ордасынан тәлім алған Әнуар білімін ары қарай жетілдіріп жоғары сыныпты интернатта оқиды. Осы жерде айта кететін тағы бір жәйт, Әнуар Әлімжанов еш уақытта интернатта я болмаса балалар үйінде тәрбиеленген емес. Жоғарғы мектепті үздік бітірген Әнекеңнің Лепсідегі педагогикалық училищеге түсуіне себепкер болған бірден-бір адам - ол менің әкем Кәрім Ақшолақов болатын. Бұл кезде Әнуардың қамқоршысы Темірболатова Бибікен апамыз өмірден өткен. Жерлес жазушымыз, белгілі Бейімбеттанушы ғалым Тоқтар Бейісқұловтың «Қаза мен аза» романында былай деген: «Сталиндік құрбандар басталғанда біздің өңірімізден қаншама адам кетті десеңіздерші. Солардың ішінде жұлдызы жанған жалғыз адам бар. Ол – Кәрім Ақшолақов болатын. Халық жауы атанып еркек кіндіктілердің барлығы ит жеккенге айдалып кеткен бір отбасына көмек қолын созып, қамқорлық көрсеткені үшін пысықайлар Ақшолақовтың үстінен домалақ арыз жазып, итжеккенге айдамақ болады. Алты айдай түрмеде отырған Кәрім ақсақал Сталинге өзі туралы хат жазады. Осы хаттың жоғарыға жетуіне және ақталуына қолдау білдіріп, қорғаған жалғыз адам болса. Ол – сол кездегі заңдылық сауаттылығы жоғары адам Темірболатова Бибікен болатын.  Жыланды ауылында өткен сотта Бибікен Кәрім Ақшолақовтың үкіметке адал екенін дәлелдеп алты сағатқа созылған сот отырысында Кәрім Ақшолақовты толығыменен ақтап шығып, оны « Жеткеншек» колхозына басқарма етіп қайта жібереді»...

Өмірінің соңғы сәттерінде Бибікен анамыз ат үстіне кісі салып, Кәрім Ақшолақовты өзіне шақыртады ер мінезге бергісіз Бибікен анамыз Кәрім ақсақалға өзінің немере інісі Әнуарды тапсырып, қамқорлығына алуды өтінеді. Аманатқа қиянат жасамаған Ақшолақов кейін келе Әнуарды сол кездегі Лепсі уездіндегі педагогикалық училещеге оқуға түсіріп, қолдау білдіріп, қаржылай көмек береді. Осы жасаған жақсылығын Әнағаң әркез есінен шығарған емес. Ол туралы өзінің «Көгілдір таулар» шығармасында анық көрсете білді.

Әлімжанов ат жалын тартып азамат қатарына қосылып Алматыға жол түзейді. Қаламгер қашанда өзінің туған елін, жерін есінен әсте шығарған емес.

Алакөл ауданы әкімі Әлібек Әскербекұлы Жақанбаевтың тікелей қолдауымен жыл сайын аудандық Әнуар оқулары өткізіліп келеді. Тоқсан жылдығына да айлық, апталық жоспар жасатып, ауданның барлық елді-мекендерінде тойлауды тапсырып отыр. оған қоса мерейтойға қызу дайындалып, Қабанбай аулындағы мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жасауға білек сыбана кірісіп кетті.

Осылайша, топырағына тартпай тумайтын Әнуар ағамыздың биылғы жылы торқалы тоқсан жылдық мерейтойына ел болып, халық болып дайындалып жатырмыз.

Ербол Кәрімұлы Ақшолақов,

Алакөл ауданы. 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369