Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6024 20 пікір 28 Ақпан, 2020 сағат 16:28

Түймебаев: Этносаралық қатынастарды реттейтін заң жоқ

Кеше Астанада «Қазақстандағы этносаяси маңызды мәселелер: сарапшылар пікірі» атты дөңгелек үстел өткен екен. Онда ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Қордайдағы ахуал жайын сөз еткен. Бұл туралы ҚХА ресми сайтында жария болды.  Түймебаевтың айтуынша, Қордайдағы дүнген этникалық тобының оқшаулануына көрші елдердің ықпалы болуы мүмкін. 

Осыған дейін ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің сарапшылар тобы Қордайда болып, аймақтағы жағдайға әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізіп қайтқан болатын. Түймебаев аталған зерттеу нәтижесіне сүйене отырып, этнос өкілдерінің жергілікті жерде әлеуметтік-мәдени оқшаулану мәселелері бар екенін айтты.

Түймебаевтың айтуынша, әсіресе жастардың жалпықазақстандық әлеуметтік бағдарламаларға қатыспауы, демографиялық өсімнің тұрақтылығына қарамастан, қалаға немесе басқа да облыстарға көші-қонның аздығы бұл проблеманы тереңдете түскен.

Сонымен қатар, дүнген этносының өз ішінде топ-топқа бөлінуі де байқалады. Дүнгендердің яхши және яман топтарының адамдары бір-бірінің мешітінде намаз оқымайды, той-садақаларына бас сұқпайды. Ауыл ішіндегі мешіттер де «дүнгендер» мен «қазақтардың» мешіті деп бөлінетін көрінеді.

Сонымен қатар Түймебаев аймақта «көрші елдердің ықпалы жоғары екенін» айтты. Мәселен, дүнгендердің көпшілігі балаларын Қырғызстанда, Қытайда оқытатын көрінеді. Және, Қытайдың, Ресейдің, Қырғызстанның ұялы байланыс операторларын спутниктік теле арналарын қарап, Қырғызстанда шығарылатын дүнген тіліндегі баспасөз басылымдарын оқиды екен.
Мұны Түймебаев жергілікті биліктің әлеуметтік салаларды бақылаусыз қалдырғанынан деп атапты.

- Білім беру, денсаулық сақтау, жер пайдалану, әлеуметтік, еңбек қатынастары, ақпараттық кеңістіктегі шешілмеген мәселелер мемлекеттік шекарада жабық этникалық қауымдастықтың пайда болуына әкеліп соқты. Сондықтан этникалық жабық қауымдастықтарда әлеуметтік, тұрмыстық, еңбек, криминальді шиеленістер көп жағдайда этносаралық сипат алып кетеді. Кез-келген кісі өлтіру, зорлау, төбелес секілді резонансты қылмыстар этносаралық шиеленіске от қоюы мүмкін, - деді ол.

Сонымен қатар ол этносаралық саланы басқаруда жүйелі проблемалардың бар екенін де айтты.

- Этносаралық қатынастарды реттейтін заң жоқ. ҚХА туралы Заңда олардың қызметін регламенттейтін шектемелі нормалар ғана қарастырылған.

ҚХА Хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» РМК-ны мемлекеттік орган болып табылмайды. Сондықтан оларға қажетті өкілеттіктер берілмеген.

Ал жергілікті жерлерде этносаралық қатынастар жөніндегі жұмыстар қалдық қағидаты бойынша жүргізіледі. Кейбір аймақ әкімдері, ҚХА төрағалары бола тұра, бұл жұмыстан өз беттерінше қол үзіп кеткен, - деді ҚХА төрағасының орынбасары.

Түймебаевтың айтуынша, этносаралық қатынастар тақырыбында ғылыми, аналитикалық, болжау жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру қажет. Сонымен қатар, ол этносаясат мәселелері жөніндегі ғылыми -зерттеу институтын құру туралы мәселе күн тәртібіне енгізілгенін айтты.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963