Киев Жеңіс күнін тойлаудан бас тартты
Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко «Украина 24» телеарнасына берген сұхбатында Киевтің Жеңіс күнін тойлаудан бас тартқанын мәлімдеді.
Дипломаттан 9 мамырда Мәскеуден ресми мерекелерге шақыру алса, Киевтің не істейтіні сұралды.
«Біздің ұстанымымыз қазір сол қалпында қалады: жоқ, біз 9 мамырды тойламаймыз. Біз, бүкіл Еуропа континенті сияқты, 75 жылдан кейін де осы қайғылы жағдайдың не үшін болғанын түсінуге дайынбыз және біз бір-бірімізді кешіруге дайынбыз. Біз мереке дәл осы бағытта өтуі керек деп санаймыз», - деді Украинаның министрі.
2015 жылдан бастап, Украина 8 мамырда белгіленген еске алу және келісім күнін атап өтеді. Сонымен қатар, елде кеңестік рәміздерді насихаттауға тыйым салатын заң бар және георгий лентасын кигені үшін айыппұл салынады.
Украинаның 9 мамырға деген мұндай көзқарас ұстануына Донбасс пен Қырымдағы қайғылы оқиғалардың да әсері бар. Бірақ олар 9 мамырды бес жылдан бері мереке ретінде емес, соғыс құрбандарын еске алу күні ретінде ұлықтап келеді.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz