Мұрат Масановтың жиен ағасы Бақтияр Әбдішевтің Азаттыққа айтуынша, қазір әулет жаназаға дайындалып жатыр.
- Осыған дейін әкесінен қан алынған. Экспертиза қорытындысы шықты, "бізге әкесі мен баланың қаны сәйкес келді" деді. Құжаттары бар, бірақ өзім әлі көрмедім. Әрине, сенгім келмейді, бірақ солай болып тұр. 5 наурызда жерлейміз, - дейді ол Азаттыққа.
Мұрат Масановтың жездесі Бауыржан Нұрғали де бұл ақпаратты растады.
- Жолға шығып бара жатқан жерімнен туыстарымнан сондай ақпаратты естідім. Енді кері қайтып бара жатырмын, - деді ол.
Бұл мәселеге қатысты Жамбыл облыстық полиция департаменті мен Қордай аудандық полиция басқармасынан ақпарат алу мүмкін болмады. Екі орган да ресми мәлімдеме таратқан жоқ.
Осыған дейін Мұраттың әпкесі Ақмарал Әбдірахман інісінің жанжал болған күні кешке Масанчидің жанындағы Қарасай ауылындағы туыстарына барам деп үйден шығып кетіп, қайтып оралмағанын айтып еді. Оның сөзінше, бауырының өртенген көлігі 8 ақпанда Масанчи ауылының маңынан табылған. Кейін Мұрат Масановтың туысқандары прокуратура мен полицияға арыз жазған.
7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен. Кейін жанжал болған Масанчи ауылында қираған ғимараттан тағы бір адамның мүрдесі табылды.
Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 20 сауда орны мен 39 үй бүлініп, 47 көлік өртенді. Үкімет қақтығыста қираған үйлер мен сауда орындарын қалпына келтіруге көмектесетінін мәлімдеген.
Билік жанжал қарт ер адамның жаралануымен аяқталған жол үстіндегі кикілжіңнен шыққан деп мәлімдеді. Кикілжіңнен соң қазақтар (көбі – Қаракемер ауылының тұрғыны) жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.
Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 90 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.
Abai.kz