Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 4286 3 пікір 9 Наурыз, 2020 сағат 10:58

Мереке, Әйел және Гүл

(болған оқиға ізімен)

Бұл біраз жыл ілгері болған оқиға. Әр жылы 8- наурыз мерекесі қарсаңында еріксіз есіме келеді...

Жетінші наурыз, тойдың болғанынан боладысы қызық күн. Жұмыстың қиуы кетіп, есесіне құттықтаулар есіп, көңіл біткеннің сәні кіре бастайды. Қыз-келіншектер көбірек шоғырланған оқу орындарында мерекенің берекесі бөлек. Шеттерінен әдемі киініп, шаштары мен беті-қолдарын нәрлеп, әрлеп келген оларды бір көргеннен танымай қалатын да кезің болады. Түскі ас мезгілінде  құстың сүтінен өзгенің бәрі табылатын мол дастархан жайнап жайылады. Алдымен сол шағын ұжымның ақсақалы саналатын ағалар батасын беріп, әс мәзірінен алуымызға рұқсатын береді. Сосын еркек кіндікті өз әйелдеріне “қимайтын” не бір жайсаң да, сұлу тілектерін бағыштайды. Сөз арасында өлең-жыр да, ән мен күй де шырқалып, мерекелік сыйлықтар мен  шоқ-шоқ раушан гүлдері өз иелерін тауып жатады. Жандары жайсаң қазақ қыздары да даланың раушан гүлдерін бір кем емес әсем де, аяулы. Оларға қанша тілек атсақ та артық емес бұл күні.

Мерекенің көңілдегі әсем әсерімен автобусқа міндім. Әлі жұмыс уақыты, көлік ішінде адам қарасы көп те емес. Келесі бір аялдамадан қолына ұстаған үш тал күлгін түсті раушан гүлі бар, жасы жиырманың жуан ішіндегі бір жігіт келіп мінді. Менің көзім қолындағы гүлге түсті. Толық қауашағын жарған, әдемі күлгін және алқызыл түстер жарыса бойына сіңген, жап-жасыл жапырағы бар раушан гүлдері шынында әдемі еді. Бірақ, әлгі жігіттің қолынан “құрмет” таппағандай, бастарын жерге салып, “жабырқап” тұр. Ал жүзі солыңқы, ақсары жігіт қолына гүл емес, шөп ұстағандай немесе қолында не бар екенін де ұмыт қалдырғандай мең-зең күймен келді де менің қасымдағы бос орынға сылқ етіп отыра кетті. Одан арақ пен темекінің күлімсі исі мүңк ете қалды. Өз басым мұндайдан аулақ болғандықтан, бірден басымды терезе жаққа бұрып әкеттім. Көзімнің қиығымен гүлге қарап қоямын. Менің әйелім дәл осындай күлгін түсті раушан гүлін ұнатушы еді. Ал мына "бейшара" гүлдер оның тізесінің үстінде басын жерге салбыратқан күйі жатыр. "Беу дүние-ай"- деймін іштей, "мына әдемі гүлдей, қазақтың қанша ару қызы, сұлулықты бағалай білмейтін, безбүйрек еркектерге тап болып, соры қайнап жүр-ау. Мынау да сондай әумәсірдің бірі, әдемі гүлдің сәнін кетіріп, ұстап отырған түрін қарашы". Менің ойым осы араға келгенде, қасымдағы жігіт маған қарай бұрылып: 

- Кешіріңіз, аға, сіз үйленгесіз бе?-деді май ішкен кісінің көзіндей кілмиген көздерін маған қадап. 

- Иә, үйленгенмін. Үйленбесем үйлендірейін деп пе едің-дедім кекетіп.

- Жоқ, бірдеңе сұрайын деп едім-деді ол екі ернін кезек жалап. Айтыңызшы, бұл өмірде махаббат бар ма, жоқ па?-деді.

- Бар деп бағаласаң бар, жоқ деп жорамалдасаң жоқ - дедім жақтырмаған әуенмен.  Ол аз-кем отырды да: 

- Меніңше жоқ. Мен оны жанымнан артық сүйдім. Тұп-тура үш жыл соңынан қалмадым. Жүрегіңді бер десе суырып қана қолына ұстатар едім. Ал, ол болса, мені, мына мені тастап кетті. Ашығын айтқанда айырбастап кетті. Ол осыларды айтқанда маған емес, қолындағы гүліне еміне қарап отырып айтты. Дауысы да бір түрлі дірілдеп шықты. Бейне маған емес гүліне мұң шағып отырғандай. Мен ептеп оны түсінейін дедім. Аздап жүрегім де жылынғандай болып, енді оған қарап отырып: 

- Асықпай айтшы, ол кім, сені кімге ауыстырды-деп сұрадым. Ол енді жанарын маған қадап: 

- Сіз, Динараны көрген жоқсыз, періште еді ғой, мен өмірімде ондай сұлу жанды көрген емеспін. Соңынан қалмай ердім. Ол осы күлгін раушан гүлін ұнататын. Бүгін де оны мерекесімен құттықтап гүл сыйлауға асығып, орнымнан ерте тұрып, жиналып, гүлін сатып алып, уәделі мейрамханада оны асыға күттім, бірақ ол кешікті. Мен оны сағаттап емес, апталап күтуге де бар едім. Кенет менің Динам кіріп келді, өңі бір түрлі суық, көздері домбығып кеткен, бәлкім жылады ма екен. Маған емес, мейрамхананың бұрышына қадалған күйі: 

- Нурик, кеш мені, мен сені сүймеймін. Енді мені іздеме-деді аптыға сөйлеп. Содан сыртты нұсқап: - Анау ақ джипті көрдің бе, менің болашақ күйеуім сонда отыр. Қайыр, қош. Ол осыны айтты да шығып кетті. Төбемнен жай түскендей меңірейіп мен қалдым. Не деп кетті ол? Есімді жия сыртқа көз салып едім. Менің Динашым ақ джипке жайғасып жатыр екен. Әлде бір қара көзілдірікті біреу «чау»-деп қолын шошайтты да көлігін айдап кете барды. Бәрі әп-сәтте, қаспен көздің арасында өтті де кетті. Қаққан қазықтай сілейіп тұрдым да қалдым. Ол осыларды айтып, үнсіз қалды. Мөлт еткен жасы сырғып барып палтосының омырауына тамды.

- Сосын, не болды? 

- Сосын не болушы еді, бар ашу-ызамды арақтан алдым, өмірі шекпеген темекіні шектім. Ішім қан жылап тұр, аға. Махаббат бар ма айтыңызшы? - Мен енді сасайын дедім. Бар дейін бе, жоқ дейін бе? Еріксіз сөздің ауанын басқа арнаға бұрып:

- Інім есімің кім?-дедім  жұмсақ үнмен.

- Мырзағали. 

- Онда, Динара неге сені “Нурик”-дейді? 

- Ол мені солай шақыратын. Естуімше, оның бала күнінде ерекше жақсы көретін "Нурик"- атты күшігі болыпты. Бәлкім күшіктің "құрметіне" мені солай атаған шығар. Мейлі, тіпті, "Ақтөс"-десе де “ау”-дер едім ғой. Оның бұл сөздерін естіген соң, ішім жылып, жаным аши бастады. - Бейшара-ай, шындап ғашық болған екен ау. Мынау бүгінгінің Мәжүні ғой. Тек енді қайтып менен, “махаббат бар ма”-деп сұрамаса екен.... 

Осы сәт автобустың ішінен әдемі, нәзік дауысты әйелдің оқыған құран аяттары естілді. Нурик екеуіміз де солай қарай қарадық. Киімі жұпыны, жасы отызға енді аяқ басқан, сырт жерлік жас келіншек көздерін төмен салып оқып отыр екен. Мереке құрметіне әйел адамға ақша ұстатайын деп сөмкемдегі әмияныма қол салып, қайта басымды көтергенімде бізге қарап тұнып тұрған, қап-қара бота көзді көріп бір сәт көз алмастан қарап қалдым. Мөлдір әрі тұнық көз. О, Жаратқан осындай да әдемі көз болады екен-ау-деді менің ішкі дауысым. Мен қолымды созып ақшамды ұсындым. Ол үнсіз келіп алды. Басында сұрғылт жаулық, үстінде қаракөк көнетоз пальто, аяғына кигені кәрі кісінің бетіндей бырысып-тырысқан ескі бұлғары етік. Тотығып қарайып кеткен жүзі мен тарамыстанған қолдары “күтім көрмедім”- деп мұң шағып тұр. Көздері қап-қара, шаралы болса да жанары нұрсыз. Оның қарақат көздеріне, одан жүдеу жүзіне, одан соң жадау киіміне көз жүгіртіп шықсаңыз бейне қуаныштан, ренішке, одан мұңға, одан әрі қасіретке құлағандай күй кешесіз. Мен осы ойлармен  отырғанда,  күтпеген жағдай болды. Нурик орнынан ұшып тұрды да, қолындағы гүлін әлгі әйелге қос қолдап ұсынды. Әйел де мұндайды мүлде күтпесе керек, көзі жарқ етіп, гүлге бір, Нурикке бір қарап аңтарылды да қалды. 

- Алыңыз, алыңыз -дедім мен де қостап. Әйелдің қуқыл тартқан жүзі нарттай қызарып сала берді. Жанарынан жарқ еткен ойнаған бір ұшқын жүрек қуанышын паш еткендей болды. Деседе тосырқап біраз тұрды да, ептеп қолын созып гүлді алып, жүзіне жақындатып, көзін жұмып, искегендей, сүйгендей болды. Автобуста отырғандардың біразы байқап отырса керек, осы сәт бірнешеуі қол шапалақтап “мерекеңізбен”-деп жатты. Бәлкім өмірі мұндай қошемет көрмеген де шығар, қайыршы әйел кемсеңдеп жылап жіберді. Жасты көзін қара қайыстай қолдарымен сүртіп, бізге, әсіресе, Нурикке қарап басын изей берді. Жас тұнған шаралы, қарақат көз мұндайда тіпті әдемі көрінеді екен. Кітаптарда “сен жылағанда, тіпті әдемі көрінесің”-деп жатушы еді жігіттер қыздарына. Сондай теңеулер расында осындай жанарларға қарата айтылса керек. Әйел көп тұрмады. Сол басын изеген күйі, келесі ялдамадан түсіп қалды. Нурик екеуіміздің көзіміз сол әйелде. Енді не істер екен дегендей үнсіз қадалып отырмыз. Бәлкім келесі автобусқа мініп, жалғасты қайыр сұрай бере ме, жоқ әлде? Нурикті білмеймін, өзімнің көкірегімде осы сұрақ. Бұл аялдамада автобус біраз аялдады. Ал ана әйел құшағындағы гүлін иіскеп, кеудесін кере, дәл бір қонақасынан сый алып қайтқан ханымдардай баяу басып көше бойлап кете барды...

- Байқадыңыз ба, осы гүлдерде бір сиқыр бар. Қыз біткеннің басын айналдыра қояды. Ана әйелді көрдіңіз бе, өзінің қайыршы екенін мүлде ұмытып кетті. Әсіресе, осы 8 -наурызда гүл алу әйел заты үшін үлкен абырой. Сыйлыққа гүл алған әйелдер өздерін өзге әйелдерден бақытты, мәртебелі санайды. Сол үшін кейбір қыздар өз-өздеріне гүлдің әдемісін  сатып алып көшеде, аялдамада біраз тұратыны бар -деді Нурик әлде бір құпияны білетін жандай езу тартып.  Байқаймын Нуриктіңде қабағы жадырап, ептеп әзілге бүйрегін бұра бастағандай. Оның сөзін менде қостап: 

– Дұрыс айтасың, әйел халқы сұлулықты сүйеді ғой. Деседе сен жарадың інім, кім болса да ол болсын, Алланың бір құлын қуанттың. Алла сені де шаттыққа бөлейді әлі, көресің. Байқадың ба, ана әйел біз ақша бергенде самарқау алды, ал сен гүл сыйлап едің жаздай жадырап шыға келді. Әне сол масаң күйден әлі арыла алмай барады. Өзің мас едің, өзгені мас етіп жібердің, енді өзің сауығып келесің-дедім сөзімнің соңын әзілге бұрып. Ол мырс етіп күлді де:

– Бірақ сіз әлі менің сұрағыма жауап бермедіңіз.

– Бар, махаббат бар. Махаббат - әне сен ұсынған әдемі гүлдің қауашағы мен жұпар исінде, сол гүл секілді үнемі аялауды, сырласуды қажет ететін адамдар арасындағы нәзік сезімдерде жатыр- дедім сеніммен сөйлеп. Нурик сөзіме риза болғандай қолымды алып, мені құшақтай берді. Енді одан арақ пен темекінің күлімсі исі емес, бағанағы әсем гүлдің әдемі исі шыққандай болды. Тіпті, тұтас автобустың ішінен раушан гүлінің жұпар исі аңқып тұрғандай сезіле берді...

Қастер Сарқытқан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404