«Көп ұлтты Қазақстан» деген сөзді доғару керек!
Менен біреу "елімізде қай ұлттың адамдары (диаспора) қалсын?" - деп сұраса, "немістердің қалғанын жөн көремін" дер едім. Неге? Өйткені, бұл халық тәртіпке бағынады. Таза. Өтірік айтпайды. Еңбекқор. Қазақты сыйлайды. Қазақтың тілін үйреніп алады, қазақша сөйлейді. Біреуді біреуге жамандамайды. Артық міндеті жоқ.
Оларға кезінде Қазақ Республикасының ішінен автономия бермек боп Хрущеві бар, басқасы бар, тыраштанғанда саналы түрде бас тартты. Себебі, қайда тұрып жатқандарын, қайдан келгендерін жақсы біледі. Балаларына да айтып отырады.
Ал енді қазақ жерін мекен қылған өзге ұлттар ше? Үлкендері кеше жылап-сықтап, арып-ашып келгендерін біледі. Сөйлетсең "қазаққа рахмет, өзі жарымай отырып, жарты нанымен бөлісті" деп сайрай жөнеледі. Бірақ соны балалары білмейді. Демек, үлкендері кейінгілеріне қай Құдай, қандай тағдыр айдап қазақ жеріне келгендерін айтпаған. Айтса да, жұқалап, бер жағынан қайтқан. Немесе "бұл елдің қожасы басқа, соның тілін біл, соған жағынып бақ" дегенді құлақтарына құйып отырған.
Осы сарын біз Тәуелсіздік алғанда да жалғасты. Олар "Көп ұлтты Қазақстан" дегенге сүйенді, соның пайдасын көрді. Енді бұл сөзді доғару керек!
"Көп ұлтты Қазақстан" жобасы расында бірнеше диаспора бас құрап отырған елімізге тыныштық бермейді. Елдің бәрі сені түсінетін, жаны ашитын немістер емес. Осыны ойлағанымыз абзал.
Дәурен Қуаттың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz