Сенбі, 23 Қараша 2024
2655 2 пікір 12 Наурыз, 2020 сағат 15:47

Министр "Назарбаеваның Лондондағы үйлері" жайлы сұраққа жауап бермеді

Әділет министрі Марат Бекетаев Лондонда Назарбаев отбасына тиесілі делінген жылжымайтын мүліктердің тұтқындалғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

10 наурызда британ соты Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы әрі парламент сенатының спикері Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевті Лондондағы құны 100 миллион доллардан асатын, күдікке ілінген үш жылжымайтын мүліктің иелері деп атаған еді. Британ басылымдарының жазуынша, Назарбаев отбасы "қайдан алынғаны белгісіз" мүліктерді бұғаттаған билік шешімін сотқа берген.

"Жекелеген сот процестеріне байланысты түсініктеме беру үшін соттың аяқталуын күту керек. Бұл процесс бойынша барлық материалды зерттеп, тек содан кейін ғана кәсіби заңгер пікірін айта алады. Соның өзінде бұл заңгердің жеке пікірі болмақ. Мемлекеттік органның ұстанымы болуы үшін өзге де жайттар анықталуы керек. Арнайы ресми органға сауал жіберіп, бұл мемлекеттік органның құзырында болуы керек" деді Марат Бекетаев.

Бекетаев ақпарат құралдарын "лауазымды тұлғалардың өкілетіне сәйкес сұрақ қоюға" шақырды.

"[Әділет министрлігі активтердің заңдылығын анықтауға тырыса ма?] Бұл сұрақ әділет министрлігінің құзырында ма? Бұл сұраққа қатысты дәл қазір түсініктеме беруге құқығым бар ма? Сот процесі аяқталған жоқ және ешқандай материал мен құжат та жоқ, сондықтан бұл сұраққа жауап бермеймін. Сол себепті сіздерді журналистік этиканы сақтап, нақты лауазымды тұлғалардың өкілетіне сай сұрақ қоюларыңызды сұраймын" деді Бекетаев.

BBC сайтының жазуынша, егер Назарбаева, Әлиев пен олардың офшорлық компаниялары күдікке ілінген даулы үйлердің заңды жолмен келген ақшаға сатып алынғанын сотта дәлелдей алса, онда "қайдан алынғаны белгісіз байлық" ретінде бұғаттауға берілген ордердің күші жойылады. Ал егер олар дәлелдей алмаса, онда билік әлгі үйлерді тәркілеп, аукцион арқылы сатуды талап ететін болады. Бұл іс бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, "мүлік иелеріне ешқандай айып тағылмайды, бұл дау олардың кінәлі я кінәсіздігі жайлы емес" деп жазады британ басылымы. ​

Ұлыбритания билігі бұрынғы Совет одағы құрамында болған елдерден шыққандардың күмәнді ақшаны заңдастыруына қарсы күресті 2018 жылы бастаған. Британ соты осы кезге дейін құны ондаған миллион фунт стерлинг тұратын мүлікті бұғаттаған.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504