Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5508 0 пікір 30 Қыркүйек, 2011 сағат 07:31

Қанағат ЖҮКЕШЕВ. Тәуелсіздік туралы тәуелсіз ойлар

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуының 20 жылдық мерекесі қарсаңында дүниежүзілік отарлау жүйесінің тарихына бір оралып қарау, халыққа өзін-өзі басқару құқығын беруге бағытталған ұлы істердің басында кімдер тұрғаны, Батыс өркениеттерінің біздің тәуелсіздігімізге қатысы туралы ой кешу парыз сияқты. Өйткені ұлы оқиғалардың түпкілікті мәніне үңіле білу дүниежүзілік қауымдастыққа кірігу үдерісінде ұстанатын нысаналы векторды дұрыс айқындап алу үшін тек бізге - қазақтарға ғана емес, тарихы отарлықпен байланысты халықтардың бәріне керек болары даусыз.

Тарихта отарлау деген үдеріс болды. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал оның қалай ыдырағаны, жаңа отарлау саясаты туралы мәселелер ақыл таразысынан тағы бір екшеуге тұрарлықтай деп ойлаймын. Бұл тұста отарлық жүйенің ыдырауы қандай себеппен, кімнің идеясымен және еркімен жүзеге асырылып еді деген мәселе өзекті болып табылады. Өйткені, ол жүйе мызғымай, сақталып қалуы да мүмкін еді.

Көптеген адамдар отаршылдық халықтардың басқыншыларға қарсы саяси және қарулы күресінің нәтижесінде жүзеге асырылды деп есептейді. Нағызында солай ма? Бұл жерде тарихи шынайылықпен үйлеспеушілік орын алып отырған жоқ па?

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуының 20 жылдық мерекесі қарсаңында дүниежүзілік отарлау жүйесінің тарихына бір оралып қарау, халыққа өзін-өзі басқару құқығын беруге бағытталған ұлы істердің басында кімдер тұрғаны, Батыс өркениеттерінің біздің тәуелсіздігімізге қатысы туралы ой кешу парыз сияқты. Өйткені ұлы оқиғалардың түпкілікті мәніне үңіле білу дүниежүзілік қауымдастыққа кірігу үдерісінде ұстанатын нысаналы векторды дұрыс айқындап алу үшін тек бізге - қазақтарға ғана емес, тарихы отарлықпен байланысты халықтардың бәріне керек болары даусыз.

Тарихта отарлау деген үдеріс болды. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал оның қалай ыдырағаны, жаңа отарлау саясаты туралы мәселелер ақыл таразысынан тағы бір екшеуге тұрарлықтай деп ойлаймын. Бұл тұста отарлық жүйенің ыдырауы қандай себеппен, кімнің идеясымен және еркімен жүзеге асырылып еді деген мәселе өзекті болып табылады. Өйткені, ол жүйе мызғымай, сақталып қалуы да мүмкін еді.

Көптеген адамдар отаршылдық халықтардың басқыншыларға қарсы саяси және қарулы күресінің нәтижесінде жүзеге асырылды деп есептейді. Нағызында солай ма? Бұл жерде тарихи шынайылықпен үйлеспеушілік орын алып отырған жоқ па?

Барлық Батыс метрополияларының басып алған аумақтардағы аборигендерді қырып тастау немесе оларды өз еркіне толық бағындыру мүмкіндігі болды. Отарлаудың алғашқы кезеңінде олар солай істеді де. Отарға түскендердің өз халқының атрибуттарын жеңіл лақтырып тастап, отарлаушы халықпен ассимиляцияланып, олардың арасына сіңісіп кеткен жағдайлары да аз болған жоқ. Әрине, таяқ пен шоқпар ұстап, абыйырын жапырақпен жауып, джунглиде шапқылап жүргендер ағылшынның қаруына қарсы не істей алар еді? Осы тұста мәселенің бәрі тек қарумен шешілмегеніне, отарлау бастала салысымен оның аморальдық нышандарына қарсы басқыншы елдердің өз арасынан шыққан рухани күштердің наразылығының белсенді бой көтергеніне назар аудара білу керек.

***

Осы бізге тәуелсіздік қалай келді? Кеңес Одағы тарап кеткеннен кейін, өзгелер жариялап жатқан тәуелсіздікті еріксіз жариялағанымыз белгілі. Партизандық әскер жасақтап, Қазақстанда жайғасқан Кеңес әскерін күшпен қуып шықпағанын немесе саяси партия құрып, бүкіл елді иландырып, референдум ұйымдастырып, коммунистер жайлап алған Жоғарғы Кеңеске тәуелсіздік туралы заң қабылдаттырмағанымызды әркім біледі.

Шынын айту керек, кеңестік қайта құрулар басталар шақта қазақ тәуелсіздік үшін белсенді күрес жүргізуден алыстап кеткен болатын. Жеке ұлттық мемлекет үшін күрес туралы ой бізде болған жоқ, болуы да мүмкін емес еді. Егер әлдекім осындай ойға келсе, халық оны ақылынан алжасқан деп қабылдайтындай деңгейге түскен болатын.

Иә, армандадық. Бірақ арманның өзінен-өзі орындала салмайтыны белгілі. Иә, көтеріліс жасадық, 380 рет. Сонша рет жеңіліс те таптық. Иә, биліктің басында жүрген біреулер отаншылдарға бейіл танытқан болар, мүмкін, қолынан келгенше көмек те көрсеткен шығар. Біреулер батыл идеялар да айтқан болар. Аумақ тұтастығы үшін күрескендер де болды. Солай болса да, осының барлығы ХХ ғасырдың 80-жылдарына таман Кеңес империясының Қазақстанды сіңіріп әкету үдерісін тоқтата алатындай емес еді. Халық ұлттық мемлекеттігін қайтарып алу туралы үмітін толық үзген болатын. Осыны білетін саясатшы Г.Төлемісова «біз тәуелсіздігімізді кездейсоқ алдық, егер Ельцин болмаса, біз оған қол жеткізе алмас едік. Бұл КСРО-ға тәуелділік жылдарындағы шеккен жапамыз үшін тағдырдың қайтарған сыйы болды» («Тасжарған», 28.01.2009) деп жазды. Ал көрнекті қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев тәуелсіздікті «тер төкпей келген олжа» деп бағалады («Жас қазақ», 20.02. 2009). Мінеки, біздің тәуелсіздік туралы түсінігіміз осындай. Өзгені қойып, мемлекеттік жоғары лауазымдарда жүргендердің, философтар мен тарихшылардың өздері тәуелсіздікті кенеттен аспаннан түскен, «Кездейсоқтық» деп аталатын мырзаның сыйы деп ойлайды.

Зиялы санатына енетіндердің көпшілігі Беловежье орманындағы екі қабатты ақ үйде «көңілі көтеріңкі жағдайда» Кеңес Одағының ыдырауы туралы құжатқа «байқамай қол қоя салған» Ресей президентіне риза. Тарихта мұндай, капитализм мен социализм деп аталатын екі полюстың дүниежүзілік ауқымдағы қақтығысын келмеске кетіретін, жүздеген жылдар ішінде жүзеге асырылатын ғаламдық деңгейдегі оқиғалар арасында кездейсоқтықтар болмайтыны ешкімнің қаперіне кірмейді. Әрине, тарихтың сол мезетінде тағдыр шешерлік құжатты дайындаған және оған қол қоюды ұйымдастырған Борис Николаевичтің жеке рөлін кішірейтуге болмайды. Дегенмен, өркениеттің даму үдерісінде болып жатқан құбылыстардың тереңде жатқан себептеріне үңіле білуге рухани әлеуетіміздің жетпей жатқанынан қысылуға тура келеді. Бұл да заманауи геосаясат кеңістігінде болып жатқан құбылыстардың ақиқатты сипатын ажырата алмай, сарсаңға түсудің бір белгісі болса керек.

Шынында да, тәуелсіздік еңіреп жүрген қазаққа жаны ашыған Құдайдың лақтыра салған нәпақасы ма еді? «Судың да сұрауы бар» демеуші ме еді халық. Ғаламдық тарихи оқиға ретіндегі отарсыздану үдерісін дүние жүзіндегі отарлық езгі көрген жүздеген халықтарға сұраусыз игілік ретінде төбесінен түсіре салған кім және оның себебі неде?

 

***

Ал тарихи айғақтар не дейді? Тарихи айғақтар мынаны көрсетеді: 1941 жылы 14 тамызда АҚШ президенті Ф.Рузвельт пен Ұлыбританияның премьер-министрі У.Черчилль Атлант мұхитының Канада жақтағы жағалауындағы Арджентия шығанағында (Ньюфаунленд) ресми кездеседі. «Принц Уэльский» ағылшын линкорында өткен бұл кездесуде АҚШ және Ұлыбритания үкіметтерінің басшылары тарихта Атлантика хартиясы деген атпен қалған декларацияға қол қойды [История второй мировой войны 1939-1945.- М., 1975. Т.: 5. 84-б.]. Декларацияда фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы соғыстың мақсаттары, соғыстан кейінгі дүние жүзінің түзілуі жалпы пішінде тиянақталды. 1941 жылы 24 қыркүйекте Лондонда өткен одақаралық мәслихатта КСРО Атлантика хартиясының негізгі қағидаларын қостайтынын білдірді. Осылай Гитлерге қарсы құрылатын коалицияның алғышарты жасалды. Декларация оның бағдарламалық құжаттарының бірі ретінде танылды.

Кешікпей Коалицияға жоғарыда аталған державалардан басқа Франция мен Қытай кірді. Артынан Германия, Италия, Жапония бастаған агрессиялы блок елдеріне қарсы соғысып жатқан одақтастарға көмектескен басқа елдер де - Югославия, Польша, Чехословакия тартыла бастады. Соғыстың аяғына қарай Гитлерге қарсы Коалиция құрамына 50-ден астам ел бірікті.

Атлантика хартиясы алдына ұлтшылдық тираниясын жою, агрессорды қарусыздандыру, халықтарды соғыс ауыртпалығынан құтқару мақсаттарын қойды. Тараптар мүдделі халықтардың келісімінсіз аумақтық өзгерістер жасауға тырыспайтынын, сауда және экономикалық ынтымақтастықтың тең мүмкіндігін жасауды жақтайтындарын жариялады. Фашизмді талқандағаннан кейін барлық елдер үшін бейбітшілік орнату және қауіпсіздікті қамтамасыз ету ниетін білдірді.

Өркениеттің соғыстан кейінгі дамуы астарында Декларацияның 6-пунктінің маңызы аса зор болды. Онда барлық ұлттардың өз тағдырын өзі анықтауына жол ашып беретін «барлық халықтардың өздерінің өмір сүруіне қолайлы басқару формасын өзі таңдау құқығы» жарияланды. АҚШ және Ұлыбритания егеменді құқықтарынан, өзін-өзі басқару тетіктерінен зорлықпен айырылып қалған халықтарға ол құқықтары мен мүмкіндіктерін қалпына келтіруге көмектесетіні туралы ниеттерін жариялады. Ұлт ретінде мемлекеттер ғана емес, мемлекеттігі жоқ халықтар да танылатын болды. Ұлттардың өз даму жолын өзі айқындау ұстанымдары пішінделіп, олардың жүзеге асырылу мүмкіндіктері белгіленді.

Атлантика хартиясының либерал-демократиялық ұстанымдары Сталиннің саясатымен қабыспады, Мәскеуде секемдік туғызды: халықтардың бір кезде айырылып қалған егемендіктерін қалпына келтіру ұстанымы Ресейдің ғасырлар бойы жаулап алған аумақтарын легитимсіздендіретін болды.

Сталиннің ойына алдымен 1939-1940 жылдары күшпен қосып алған жерлер оралды. Кейінірек ол Атлантика хартиясы Кеңес Одағына қарсы бағытталған деген қорытындыға келді. Сталиннің бұл түсінігі орыс тілінде жарық көрген «Дүние жүзі және КСРО тарихы» оқулықтарында Атлантика хартиясының маңызын бұрмалаған түсіндірулердің орын алуына түрткі болды.

Солай болса да, 6-пункт Декларацияға Ф.Рузвельттің ұстанымды ұйғаруымен енгізілген деп ұғу керек. Әрине, Черчилль дүниежүзілік тарихтың ары қарай дамуы үшін, әсіресе Англия үшін тағдыр шешерлік маңызы бар бұл ұйғарымды бірден қабылдаған жоқ. Өйткені ол кездегі Англия «аумағында ешқашан күн батпайтын империя» атанған, бүкіл ғаламшардағы жер қыртысының 1/4-іне иелік ететін, дүние жүзіндегі ең ірі отарлық держава болатын. Ал метрополияның өзінің ресурсы шектеулі еді. Дәл осы фактор Британ жетекшісінің мазасын алмауы мүмкін емес еді.

Әрине, У.Черчилль Декларацияның бұл бабын пішіндеуде қатты қиналды. Солай болса да, дүниежүзілік тарихтың бұдан кейінгі дамуы айғақ болып отырғандай, өз социумының өкілі Черчилль-империалисті Черчилль-демократ жеңді: ол халықтардың өз даму бағытын өздері айқындауын қабылдады.

 

***

Ал Кеңес Одағын күйреткен қандай күш? Бұл сұрақтың жауабын іздеу бізге ғана емес, бұрынғы кеңестік республикалардың бәрі үшін өзекті болып табылады. Өйткені олардың бәрі мемлекеттік тәуелсіздігін Кеңес Одағының күйреуінің нәтижесінде алғанын біледі, ал ғаламшардың 1/6 бөлігін алып жатқан алып империяның өзін күйреткен күш туралы тәптіштеп айта бермейді. Отанының тарихын білу үшін, қазіргі қалыптасқан геосаяси ахуалда ұстанатын бағдарын айқындау үшін бұрынғы Кеңес Одағының етегінен шыққан республикалар мәселенің осы жағына жіті назар аударса керек еді. Бірақ саясат пен тарихтан қорытынды шығаруды үйренбеген жетесіздіктен олардың тағдыр шешерлік мәселені айналып өтіп, «тәуелсіздік жасасын» деп құрғақ айқайға баса беруден басқаны естен шығарған сыңайы бар.

Көзі қарақты зиялыға бұрынғы кеңестік республикалардың тәуелсіздік жолындағы «қырғи қабақ соғысында» коммунистік Шығысты демократиялық Батыстың жеңуі нәтижесінде қол жеткізгенін аңғару қиынға соқпаса керек еді. Бұл да - бұлтартпас тарихи айғақ. Оны саралай білу - сұңғылалықтың, айғақ ретінде қабылдау - адамгершіліктің ісі. Одан жалтару мүмкін емес, ал оны бұрмалау Шығыстың өзіне де тиімді емес.

Біз - отарсыздану поезының кездейсоқ жолаушысы емеспіз. Тәуелсіздік бізге осылай, АҚШ мен Англия бастаған шынайы демократия елдерінің, Батыс либерал демократтарының, алдыңғы қатарлы зиялылардың дүниежүзілік коммунизмге қарсы ұзаққа созылған табанды күресінің және жеңісінің нәтижесі ретінде келді. Бұл - әлдекімдердің құлағына жағатынына немесе жақпайтынына қарамайтын тарихи айғақ. Біз мемлекеттігімізді қалпына келтірудің идеялық негізі мен заңды базасын жасап берген, отарсыздану үдерісінің тарихи іс жүзіне асырылуына өмірлік қызметін арнаған англосаксон өркениетінің екі еліне, сол елдерді басқарған екі ұлы перзенті - Франклин Рузвельт пен Уильям Черчилльге бас июге, олардың есімін құрметтеуге міндеттіміз.

 

Шығыста құлға еркіндік, бағынышты халықтарға тәуелсіздік беру идея ретінде тумады, ондай идеяны тудыратын алғышарт - рухани тұғыр болмады. Оны былай қойғанда, қазіргі Шығыс елдерінің дені Батыстан келген адам еркіндігі идеясын қабылдауға да дайын емес екенін көрсетіп отыр. Мұның мысалын қазіргі Қытай мен Ресейдің қол астына алған халықтарына қатысты жүргізіп отырған ішкі саясатынан айқын көруге болады.

Ресей қарамағындағы жиырма бір автономиялық республикаларға өзін-өзі басқару құқығын беру ниетін көздеп отырған жоқ. Отарларға бостандық беру туралы сөз қозғау былай тұрсын, бағынышты халықтардың бұған дейін болған автономиялық құрылымдарын жойып жіберу үшін жанталасып жатыр. Ресей Қиыр Шығыс пен Сібірді мекендеген халықтардың ұлттық автономиялық құрылымдарын жойды. Енді автономиялы республикалардың мәртебесін іс жүзінде шектеу жолдарын, «елді жинау» - бұрынғы Кеңес Одағына енген халықтарды қайта біріктіру әрекетін жасап жатыр. В.Путин үшін дүние жүзінің жүздеген ұлттарын қан қақсатқан Кеңестік тоталитарлық режимнің құлауы, он бес елдің азаттық алуы прогресс емес, «XX ғасырдың аса ірі геосаяси апаты». Мәскеу шенеуніктері 1991 жылдың оқиғалары үшін қатты өкінеді, естеріне түскенде жандары байыз таппайды, басынан ес, бойынан сабыр кетеді. Әсіресе бұлардың - Ресей мен қоса Қытайдың да, ындынын жайлап отырған ел Қазақстан болып отыр.

Шығыс айдаһары Тибет пен Шығыс Түркістанға тәуелсіздік беруді қарастырғаны былай тұрсын, тіпті оларға Қытайдан бөлінбейтін автономия беру туралы мәселені талқылаудан бас тартып отыр. Қытайдың көкейін тескен мақсатына жету үшін таңдап алатын әдісі де айдаһарша - жымиып келіп орап алады, құрбандығын бірден қылғытуға ұмтылмайды, аз күшпен ұстап отырады, оның кезекті босаңсыған сәтін күтеді, босаңсу мезетін сезе қалғанда, оралған белді қыса қояды, пайда болған мүмкіндікті жібермейді, оңтайлы тәсілдермен жемтігін сығып өлтіреді. Жеңіске жетер сәтке таяғанда ғана бар ресурсты қосып, жағдайдың қожасы болып шыға келеді.

Егер Қытай мен Ресейге бағынышты халықтар Батыстың отары болса, онда олар тәуелсіздігін алып, халықаралық қауымдастық субъектілері ретінде әлдерінше дүниежүзілік интеграцияға араласып жүрер еді.

Жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейінгі кезеңде Арабтық Шығыс елдерінің басым көпшілігі феодалдық және жартылай феодалдық қоғамдар ретінде өмір сүріп жатты. Қазір өз елін өзі қырып, бар пәлесін Батысқа жауып жүрген Сирия мен Ливия - мандатпен басқарылатын аумақтар болатын. Кувейт пен Марокко - протекторат жағдайында күн кешті.

Ал Египеттің (1953 жылға дейінгі), Ирактың, Ливанның тәуелсіздігі формалы болатын. Бұл елдердің бәрі іс жүзінде отар және жартылай отар болатын. Метрополиямен жасасқан шарттарында ол елдердің егемендігі маңыз аларлықтай шектеулі екендігі хатталып тасталған болатын.

Бүгін Америкаға өлердей өшігіп жүрген Иранның да соғыс жылдарындағы формалы бейтараптығы солқылдақ болатын. Үкіметінің елді қорғауды ұйымдастыра білген құзіреттілігімен емес, саяси ахуалдың қалыптасуынан толық отарға айналып үлгірмеген бұл елдің де келешекке кепілдігі көрінеу азайып, басына түнек үйіріліп келе жатқан болатын. Бұған дейін Кеңес Одағына кіріптар болып келген Иранның ішкі істеріне 1930 жылдардан бастап Германия да араласа бастаған болатын. Сол кезден бастап Иран екіжақты қысымның тегеурінін тартып жатты. Егер АҚШ араласып, дүниежүзілік соғыстың бағдарын өзгертіп жібермегенде, Иранды агрессивті блок елдерінің толық отарға айналдырып, бөліп алуы уақыттың ғана құзырында қалған болатын. Қазіргі Иранның жетесіз саяси элитасы АҚШ мен Ұлыбритания құрған «Ұлы альянстың» жеңісінің пәрменімен, Атлантика хартиясындағы халықтардың даму жолын өзі таңдау құқығын жариялануының және оны аталған екі елдің дүниежүзілік практикада жүзеге асыруының арқасында өзгелер қатарлы ұлттық мемлекет құрып отырғандарын сезбейді, «Ассалаумағалайкум дегенге - әкеңнің басы» ұстанымымен, Батысқа жауығуын жалғастырып келеді.

Ол кезде де тарихтың баламалы даму жолы көп болды. Оқиғалар нұсқаларының бірі былай өрбуі мүмкін еді: егер екі англосаксондық держава арасында «Ұлы альянсқа» қол қойылмағанда, АҚШ бейтараптық сақтап, гитлерлік Германияға қарсы соғыспағанда, фашистік блок Еуразия құрлығын түгел басып алар еді.

Бұған дейін «Риббентроп-Молотов» пакті бойынша Гитлерге қорыққанынан еріксіз көмектесіп келген Кеңес Одағының фашистік машинаны тоқтатуға шамасы келмес еді. «Ост» жоспары бойынша, «Мәскеу жермен жексен болып, Ленинград Гитлердің канцеляриясын картоппен қамтамасыз ететін огородына» айналар еді, соғыстан тірі қалған орыстарды «оқ шығармай, арақ пен темекімен ғана құрту» жоспары жүзеге асырылар еді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін жартылай отар жағдайында ілдәлдалап өмір сүріп келген өзге елдер де жеңген жақтың толық отарына айналар еді. Олардың арасында Қытай, Иран, Ирак, Пәкістан, Сирия, Ливия, т.б. қазіргі кеудемсоқтықпен Батысқа кіжініп жүргендердің бәрі жүрер еді.

Қазақтар мына факторларды ешқашан ұмытпауы керек. Ресей үшін Қазақстан - жемқорлықта сыбайлас, халықаралық қатынастарда, әсіресе Батыспен шептесіп қалғанда соңынан ертіп жүретін итаршы мемлекет, тоталитарлық эксперименттер алаңы, Екінші Кеңес Одағын құрғанда қосып алатын «одақтас республика».

Орыстың көздегені - бірінші кезекте жемқорлыққа белшесінен батқан үкіметті қолдай отырып, оны мәжбүрлі досқа айналдыру, солардың қолымен Қазақстан экономикасын уысында ұстау, сыртқы саясатына бақылау жасау, билігіне, заңына араласып, жаңа отарлық тәуелділікте ұстау. Орыстың екінші кезекте көздейтіні - қажетті ахуал қалыптасқанда, іштей тұрақсыздық пайда болып, саяси қызу кондицияға жеткенде Қазақстандағы орыс диаспорасының қолтығына су бүркіп, мемлекеттің іргесін солқылдату. Молдовада, Украинада, Грузияда, Балтық елдерінде қолданған әдісін Қазақстанда қолдану. Бесінші колоннаны күшейте отырып, іштегі тұрақсыздықтың орын алуына жол беру, содан кейін «шет елдердегі Ресей азаматтарын қорғауды» желеу етіп, «Қазақстан үкіметінің сұрауымен» әскер кіргізу. «Мәңгілік дос» идеясының шымылдығын жамылып, «елді жинауды» жүзеге асыру.

Қытай үшін Қазақстан - әзірше жемқор үкіметіне пара беріп қойып, байлығын соратын, сапасыз, арзан тауарды үйіп тастап, өздеріне ештеңе өндіртпейтін, сонысымен экономикасын тәуелділікке түсіретін, келешекте жаулап алатын аумақ. Бұл бағыттарын жүзеге асыру үшін Қытай қаражат аямай табиғи ресурстарды сатып ала беруге, «бірлескен» кәсіпорындар құрып, оларды ханцзу кадрлармен құрамдауға, мейілінше көбірек «жалға» жер алуға, бар мүмкіндікті пайдаланып, өз азаматтарын Қазақстанға көп енгізуге тырысып бағуда. Енді бірер онжылдықтан кейін Қытай «ар сақтап тұрмайтын» (Мао Цзедунның сөзі), қазіргі халықаралық құқықтық тәртіптерді біржақты бұзатын, сонысына жауап бермейтін деңгейге жетеді.

Қазақстанға келген әр ханцзу - Қытай мемлекетінің қауіпсіздігі органының жауынгері. Олардың тұрпатты әрекетінің мәні мынада: жергілікті ел өкіліне үйлену, қытайдың санын мейлінше көбейтуге атсалысу, орналасып алып, артынан өзге туыстары мен достарын тарту. Өзара байланыс жасай отырып, хуацяоды күшейте беру. Осылардың бәрі сатқын және парақор шенеуніктердің аузын тығындау арқылы екі қолды босатып алумен жүзеге асырылады.

Батыс үшін Қазақстан - Орталық Азиядағы тең әріптес.

Қазіргі Батыс соңғы мың жыл ішінде өздерін дүниежүзілік басымдыққа жеткізген либерералды демократия құндылықтарын ұстанып өмір сүріп келеді. АҚШ осы құндылықтарды өзге елдер мен құрлықтарға орнықтырумен айналысуда. Оларға ғаламшардың қауіпсіздігі, дүние жүзінде бейбітшіліктің сақталғаны керек.

Жер шарында үйлесімділік орнату үшін АҚШ үкіметінің өзіне тиімді бола бермейтін, адами және қыруар қаржы шығаруды талап ететін әрекеттерге де баратын кездері аз емес. Жаппай қыру қаруын иеленуге тырысып жүрген диктаторлық режимдерді ауыздықтауға әрқашан өзгелерден көп күш пен қаражат шығарады. Әрине, нәтижесі үнемі қанағаттандыра бермейтіні де рас, бірақ оның өзіндік себептері бар.

Бүгінгі АҚШ өзінің НАТО-дағы одақтастарымен бірге құқықтық жағынан да, парыз тұрғысынан да дүниетүзуші рөл атқарып келеді. Еуроазия құрлығы елдерінің басым көпшілігі, шынайы демократия елдері түгелдей АҚШ-қа сенім білдіреді. Еуроодақ ұйымы болса жеке ел мен ұйымның мүдделерінің өзара үйлесуіне қол жеткізіп отыр.

Мұнда антагонистік сипаттағы тіл табыспай қалушылық іс жүзінде болмайды. Альянстің кіші әріптестері - Бельгия, Люксембург, Голландия ауыр салмақты Германиямен, Франциямен баяғыдан қолтықтасып өмір сүреді, өздерін жайлы сезінеді. Осыдан кейін Батысқа ілтипатпен қарап, соған қарай бұрылып кеткені үшін Шығыс Еуропа мен Балтық елдерін көзге шұқи кіналауға себеп қалмайды. Болгария, Венгрия, Чехия, Словакия, Польша, Румыния, Латвия, Литва, Эстония - бұлардың бәрінің коммунистік құрылыс орнату жылдарында «үлкен ағаларынан» шекесі ісіген кездері жақсы естерінде. Сондықтан олар «кіммен істес боларымызды Мәскеудің нұсқауынсыз өзіміз шешеміз» дейді және дұрыс істейді.

Ал Мәскеу болса большевиктік мәнермен жұдырығын тұмсыққа таяп тұрып, «сүйетінін» жариялауын қойған жоқ, өзінің бұрынғы одақтастарына олардың кіммен достасуы, кімнен аулақ болу керектігі жөнінде нұсқау беруін әлі жалғастырып келеді. Сонысымен оларды өзінен аулақтатып отырғанын мойындағысы келмейді.

«Украина - мемлекет емес» - деді В.Путин 2008 жылы Бухаресте өткен НАТО-ның саммитінде. Ресей жетекшісі сонысымен украиндықтардың Батысқа қарай тезірек ойысуға мәжбүрлеп отырғанын түсінбеді.

Батыс өркениеттері Қазақстанға қатысты қытай мен орыс жасайтынның бірін де жасамайды. Батыстан ешкім Қазақстанға тұрақты орналасып алу үшін көшіп келмейді. Батыс либерал-демократиялық елдерінің санасында Қазақстанда 5-колонна құру, оны экономикалық тәуелділікте ұстау, аумақты арзан шикізат көзіне айналдыру сияқты жымысқы пиғылдардың бірі де жоқ. 16 миллион қазақстандық түгел қол қойып, 51-штат болайық деп арыз берсең - АҚШ Конгресі қанағаттандырмайды. Батысқа Қазақстанның күшті, демократиялы ел, сенімді әріптес болғаны керек. Оларға Қазақстан аумағы арқылы есірткі трафигі өтпегені, лаңкестік ұйымдар жасақталмағаны керек.

Біз мұсылман еліміз, тегіміз шығыстық, сондықтан дініміз бен тегімізден ажырамай, халықаралық саяси шептесулерде үнемі Шығыс елдері жағына шығып, соларды қолдап отыруымыз керек деген бағытты ұстану - бұл алжасу атрибуты. Саясатта либерал-демократизмді ұстану дін мен тектен ажырауға әкеліп соқтырмайды. Рухани аяда, заңды кеңістікте бұлар құндылық ретінде өмір сүре береді. Ал мемлекеттің келешегі, әлеуметтік дамудың кепілі - Батыс либерал-демократиясында.

 

Қанағат ЖҮКЕШЕВ,

философия ғылымдарының

кандидаты

«Общественная позиция» (проект «DAT»32 (115) от 28 сентября 2011 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321