ДСҰ 12-министрлік конференциясы өтпеуі мүмкін
Дүниежүзілік сауда ұйымының Женевадағы Бас директоры Роберто Азеведо, ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы, Жаңа Зеландия Елшісі Дэвид Уокер Қазақстан Республикасының Женевадағы тұрақты өкілдігімен кеңескеннен кейін мүшелер арасында «бұрын келісілген МК12-нің 8-11 маусым аралығында өткізілуін орынсыз деп санаймыз» деген жазба хатты таратты.
Алдында Қазақстан Республикасының Үкіметі COVID-19 коронавирусының жаһандық таралуы аясында жағдайдың ағымдағы дамуына және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұл вирусты індет деп жариялауына байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелеріне 12-министрлік конференциясын Нұр-Сұлтан қаласында 8-11 маусым аралығында өткізу туралы шешімді қайта қарастыру жөнінде өтініш білдіргенін еске саламыз.
Қазақстан Республикасы өзінің өтінішінде ағымдағы жағдай Министрлік конференцияға тиісті деңгейде дайындалуға мүмкіндік бермейтін, ал індет тәртібін сақтау еліміздің халқының және іс-шараға қатысушылардың денсаулығына қауіп төндіретінін атап өткен.
ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведо хабарлағандай, өзі және ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы Жаңа Зеландия Елшісі Дэвид Уокер жақын арада Ұйымның мүше мемлекеттерімен, соның ішінде 12-Министрлік конференциясын өткізу күні мен орны туралы мәселелерді талқылау мақсатында Бас кеңестің арнайы сессиясы шеңберінде кеңес өткізуді жоспарлайды.
Abai.kz