Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 6060 14 пікір 14 Наурыз, 2020 сағат 14:26

Қол бермей амандасу жаңалық емес, еліміздің ежелгі мәдениеті

Амансыздар ма? Армысыздар! Мал жан аман ба? Асалаумағалейкум! Қалайсыңдар?

Міне, осының бәрі қазақтың кешегі, бүгінгі амандасуы.

Жалпы біздің бабаларымыз ұлы мәдениеттің иесі және қайнар көзі болғаны ақиқат. О баста бабаларымыз бүгінгідей еркегі де, әйелі де қол алысып амандаспайтын, шолпылдатып сүйіспейтін. Ерлері сол қолын оң кеудесіне қойып құрмет көрсеткен, амандасқан. Бүгінгі гимн ойналған кезде сол қолын оң жақ кеудеге қойып құрмет көрсету осы дәстүрмен сабақтасып жатыр. Бұлай амандасудың бірнеше мәні бар. Ең алдымен, гигиена. Дүниедегі неше түрлі паразиттер мен бактериялар, вирустар қолдан немесе екінші адаммен тым жақын контактіге түсу (сүйісіп амандасу) арқылы жұғатынын олар жақсы білген. Ер азаматтар, балалар әйелдер бір бірімен кеудеге қол қойып амандасса, келіндердің сәлем салуы да осы дәстүрмен кірігіп жатыр.
Мынау ұшы - қиырсыз далада қазақ оба, шешек, тағы да басқа індеттерді талай бастан кешіп, осындай дәстүрге жүгінген болар, кім білсін. Ал қол алып амандасу 9 -шы ғасырдан кейін келді деген дерек бар. Бұл бізге өзге мәдениетпен келгені анық.

Ұры түспесе қорасын қымтамайтыны сияқты әр нәрсеге бір себеп болады.
Мынау әлемді дүрліктіріп жатқан індет елге де келді дегелі байқаймын, адамдар бір- біріне үрке, сезіктене қарайтын болды. Қол алып амандаспауға тырысатыны, етене жақындаудан (контакт) қорқатыны байқалады. Мынандай кезеңде бұл дұрыс та. Сондықтан жалпы осы кезеңде, жалпы болашақта ежелгідей қалымызды кеудеге қойып амандасып, құрмет көрсетуді қайта тірілкеніміз, өзіңіз қол бермей - ақ, егер кім де кім қолыңызды алмаса ренжімегеніміз дұрыс шығар. Бұлай амандасу түркі халықтарында әлі сақталған, тез сіңіседі. Қолдарын кеудеге қоймаса да жапон, корей, қытай, тағы да басқа Азия халықтары бас иіп, контактіге түспей амандасады. Тіпті, патшалық Ресей офицерлерінің басын сәл иіп "честь имею" деп амандасуы қазақтың "Армысыз" дейтін салтынан алынғаны көрініп тұр емес пе? Ал Брежневтен қалған сүйісіп амандасудан мүлде бас тарту керек. Әсіресе әйелдер қауымы.

Қол бермей амандасу жаңалық емес. Еліміздің ежелгі мәдениеті.
Әрине, бұл жұқпалы дерт келеді, кетеді. Аз күндік сақтық, сабыр керек кезең. Қазіргі медецинаның дамыған заманында ондай індеттің тым қарқын алуы да мүмкін емес. Десек те осындай қатерден сабақ алып бабаларымыздың ежелгі салтының біреуін болса да қайтарып алсақ, ұлтқа келер еш зиян болмас еді. Амандасудың бұл түрі тән тазалығын сақтаудың бастауы. Ал қолыңды кеудеге қойып тұрып " Армысың!?" деп амандасу ар тазалығына апарар жол болар еді. Күн сайын "Армысың?" яғни "арың таза ма?" деп сұрап жатса бүгінгідей көп адамның ары былғанбас па еді. Бұл енді бөлек әңгіме. Одан да тазалайтын бір зауал келер...

Осы сәттен бастап "Армысың!?" деп амандасыңыз. Жасы кішіңіз "Армысыз!?" деп, жасы үлкеніңіз "Бар бол қарағым!" деп сәлем қайтарыңыз. Сол қолыңызды оң кеудеге қойып құрмет көрсетіңіз. Өз ата салтыңызды қолдаңыз. Қажет болса бұны дәл осы кезеңге аса қажетті челендж деп қабылдаңыз. Мүмкін бұл қазақша амандасу әлемге тез таралып кетуі де мүмкін ғой, интернеттің заманында.

Ұлттың өткенін қайтару, өшкенін жағу деген осындай ұсақ- түйек сияқты көрінгенімен салтымен сіңісті болған қажетті дәстүрлерді қайтарудан тұрады. Бар болыңыздар!

Әділбек Қаба

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527