Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Әлеумет 6034 8 пікір 17 Наурыз, 2020 сағат 11:50

Халыққа түскен ауыртпалықты билік неге бірге көтермейді?

Біздегі барлық тіршілік Американың көк кағазына кіндігімен байланып қалғандығын айтсақ, жаңалық ашқандық болмас. Сол доллар деген құрғырдың тұғыры берік болса, біздің көңілімі де жарқын. Ал егер оның қадірі кетіп, құны төмендесе, әбден абдырап, берекеміз кететіндігі тағы да шындық. Міне, жақында ғана мұнайдың бағасы күрт құлдырап, тым арзан дүниеге айналып еді, долларымыз да шарықтап шыға келді. Енді еліміздегі барлық тауар атаулының бағасының да көтеріліп кететіндігі жайлы тіпті де бал ашпай-ақ қоялық. Демек, қарапайым халықтың тұрмыс деңгейінің де төмендейтіндігі анық. Өйткені біздегі өз өндірісіміздің тауарларының тым болмашы екендігі, ал сатылатын дүниенің барлығы дерлік шетелден әкелінетіндігін ескерсек, бұған да таң қалуға болмас.

Енді не істемекпіз? Азғантай уақыт ішінде өз өнідірісімізді жолға қоя алмасымыз анық. Дүниенің өлшемі - АҚШ доллараның шарықтауы жақын арада тоқтап, бәрі де бұрынғы қалпына келетіндігіне ешкім де кепілдік бере калмайды. Тіпті кейбір сарапшылардың айтуынша теңгеміз 500 деген цифрға жетпей тоқтамайтын көрінеді. Мүмкін, бұл асыра айтқандық болар. Алайда қазіргі шақта халық басына қиындық туып келе жатқандығы айдан анық. Демек, біз осыған қолымыздан келгенше бөгет жасауға тырысуымыз қажет. Ал оның қандай жолы бар?

Біздің пайымдауымызға, қазіргі таңда көзге анық көрініп тұрған, барлық өркениетті елдер әлдеқашан қолданып жүрген бір тиімді тәсіл бар. Ол - халықтың ақшасынан құралған бюджет деген байлығымызды ұқыпты жұмсап, оның әрбір тенгесінің ысырап болуына жол бермеу. Алайда айтуға оңай болғанымен, осынау тиімді тәсілді пәрменді түрде қолдануға тосқауылдар мен кедергілер жетіп артылады. Мәселен, табыс салығы байға да, кедейге бірдей, небәрі 10 пайыз ғана. Мұндай теңгермешілдік тек қалталыларға ғана пайдалы. Неге олар кедеймен бірдей болуы керек? Бізде неге, мәселен, Франция мен Норвегияның тәжірибесін пайдаланбасқа? Бұл елдерде табысы аса жоғары лауазым иелері мен бизнесмендер айлығының 70 пайызға дейінгісін табыс салығы есебінде бюджетке құяды. Ал біз болсақ, жаңағы 70 пайыз түгілі мықтылардың миллиондаған табысының ең болмаса 20 немесе 30 пайызын табыс салығына айналдыруға жүрегіміз дауаламайды. Мәселен, депутаттарымыз бен министрлеріміз сол миллионға жетерлік айлығының 200 немесе 300 мыңдайын бюджетке аударса, кедейленіп қалмайды ғой. Болмаса, облыс әкімдерінің 700-800 мың теңгелік айлығының тіпті жартысына жуығын бюджетке аударса, несібесі кеміп қалмасы анық.

Жалпы, бұл мәселенің көтеріліп отырғаны жалғыз бұл емес. Тек ол қазіргі таңда аса көкейтесті мәселеге айналғанын ғана айтпақпыз. Мұны біз ғана емес, өзге де азаматтардың жұрттың назарын аударып, алаңдағаны анық. Мәселен, жақында ғана еліміздегі медиаторлардың «Келісім» атты одағының директоры Сара Ыдырысова Парламент депуттарының айлығын қысқартып, жеңілдік атаулының барлығын алып тастауды ұсынды. Оның ойынша дәл осылай іселсе ғана халық қалаулыларының кәсіби деңгейі көтеріліп, ол жерге тек халықтың қамын ойлайтын адал адамдар ғана барады.

-Мен, әрине, өмірді көрген, тәжірибесі мол адамдардың депутат болғандығына қарсылы емеспін, - дейді ол өз тұжырымын дәлелдеп. - Алайда сол депуттарымыздың жиналыстарда ұйықтап отыратындығын да жоққа шығара алмаспыз. Сондықтан да меніңше 60-70-тен асқан адамдарды депутаттық тізімге енгізбеген мақұл. Олар - өмірден шаршаған адамдар. Олардың мол тәжірибесін басқа салаға неге пайдаланбасқа?

Сара ханымның анау-мынау жерде емес, еліміздің Әділдік министрлігінде «Сайлау туралы» заң жобасын талқылау секілді алқалы жиында айтылған бұл ойын негізсіз деуге де келмес.

Жалпы, қазіргідей халық басына ауыртпалық туғанда бюджет қаржысын барынша ұқыпты жұмсау - ең бір өзекті тақырыпқа айналып отырғандығы айдан-анық. Алайда бұл мәселеге кезінде де, қазір де ешбір мән бермей келгенімізді мойындауға тиіспіз. Әсіресе, жергілікті жерде халықтың маңдай терімен келген ақшасына деген немқұрайды көзқарастың белең алып кеткендігін, оған жоғары жақтан еш бақылау жоқтығын тағы да жасыра алмаспыз. Мәселен, біздің Архимед әкіміміз Нұр-Сұлтаннан басқа еш жерде жоқ, ерекше ғимарат - «Тобыл-арена» деп аталатын жабық стадионды салды да тастады. Оған енді анау-мынау емес, қолақпандай 4,5 миллиард теңгені бөліп болса да, бере салуға келісті. Бұған: «Мұның қалай? Осы стадион соншалықты қаржы шығаруға татиды ма?» деп жоғары жақтан алаңдаған ешкім жоқ. Оның құрамында негізінен легионер деген  ақшаға құныққан келімсектер ойнайтын «Тобол» футбол клубына тартқан «әкелік» сыйы болды. Бюджет есебінен, әрине. 

Міне, осылайша әкімімізге жоғарыдан «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң, халық қаржысы есебінен «мырзалығын» үдете түсті. Енді ол құны дәл осындай 4,2  миллиард теңге тұратын Мұз сарайын салуға бел сыбана кірісіп кетті. Биылғы жылдың басында халықпен есепті кездесуінде ол бұл ғимаратты биылғы жылы аяқтайтындығын салтанаты түрде паш етті. Сол жерде ешкім де: «Оу, ол жерде негізінен хоккей ойналатындығы белгілі. Ал сол Қостанайда жоқ, тек сонау Рудный қаласындағы құрамында берде-бір қарадомалақ жоқ команда үшін осыншама шала бүлінудің қажеті бар ма? Біз сонда бұл спортшыларды көршіміз Ресей үшін дайындаймыз ба? Күні ертең олар осында тәжірибе жинап алып, Ресейге тайып тұрмасына кім кепіл бола алады?» деп сұрауға ешкімнің де дәті бармады. Мұндай сауал жоғары жақтан да түскен жоқ. Содан кейін, әрине, «Мен облыста спортты дамытып жатырмын» деп өтірік абырой жинау үшін бюджеттің қаржысын аясын ба? Архимед үшін элиталық спортқа есепсіз мол қаржы бөлуді тоқтатып, бар дүниені бұқаралық спорт мен дене шынықтыруға жұмсау керек екендігі айтқан Парламент депутаты Гүшара Әбдіқалықованың да, «Ақжол» партиясының серкесі Азат Перуашовтың да жан айқайы еш елеңдеткен жоқ. Ол не, тәйірі депутаттардың кезекті бір пікірі шығар. Ал енді мұны министрліктен, тіпті Президент әкімшілігінен айтылса, мәселе басқа. Онда амалсыз тыңдауға тура келеді. Ал мына өзіне жарнама жасайтын депутат дегендердің барлығының айтқандарына құлақ аса берсең, халық үшін маңдай терлетіп жұмыс істеуден қаларсың. Сондықтан да Архимед өзі құрылтайшысы болып табылатын «Тоболынан» несін аясын. Бұрынғы оның 2 миллиардтық бюджетін биыл еш қиналмастан 3 миллиардқа көтеріп тастады. Қиналып қайтеді, өз қалтасынан шығып жатқан жоқ. Ал облыстың бюджеті деген еш сұрауы жоқ, ешкім де есептеп жатпайтын таусылмайтын түпсіз дүние емес пе? Күреп ал да жұмсай бер.

Жұмсай бер дегеннен шығады, бұл бағытта әкім шындығында де ешкімге қарайлап жатқан жоқ. Өткенде Қостанайдың шенеуніктері Нұр-Сұлтанға барғанда анда-мында жүріп тұруына арналған көлік үшін анау-мынау емес 5,6 миллион теңгені бөлді де жіберді. Және көлік болғанда қандай, ылғи тек әйдіктер ғана мінетін бір өкілдік пен бизнес-класс дәрежесіндегі «Mersedes-Benz» секілді сылаңдаған сәйгүліктер. Сағатына 8 мың теңгеге жетіп жығылады. Ал астанадағы әуежайға апарып тастаса бірден 16 мың теңгені ұстатасыз. Міне осылайша тізбектеліп  кете береді.Біздің пайымдауымызша, тендердегі «машинаның салоны таза, темекі мен бензин исі мүлдем сезілмейтін, салонын қыста жылытылған, ал жазда қоңыр салқын болуға тиісті» деген қатаң талаптарға қарағанда Елордадағы бұл саяхат тек қана Архимедтің үлесіне ғана тиетін «рахат өмір» секілді. Мүмкін, анда-санда ол көлікке оның бірер орынбасарының да тақымдары тиеп қалар бәлкім. Архимедтің «мырзалығына» ешкім де шек келтіре қоймас.

Айтпақшы, Архимед мырза бәлкім қазіргі халық басына түскен қиындықты көре тұра қала сыртындағы он шақырымдағы орман ішінде орналасқан, аумағы ат шаптырымдай, жылына халықтың есебінен 60 миллион теңге жұмсалатын, жұмаққа бергісіз резиденциясында жалғыз өзі тұруға ұялап, қала ішіндегі жақсы бір ососбнякқа көшер. Сосын ана Семей қаласының әкімінің бастамасымен бұл резиденцияны облыстағы ауру балалар емделетін шипажайға айналдырар. Сөйтіп, халықтың бір алғысына бөленер. Бұл және екінші жағынан биліктің осынау қиын кезде халық басына түскен ауыртпалықты бірге көтеруге деген жақсы ұмтылысы есебінде бағаланапып, халық пен билік арасын жақындата түсер.

Бірақ, әй қайдам, қаймана халық есебінен жайлы да жақсы өмірге үйреніп кеткен әкімдеріміз осындай мұндай құрбандыққа бара қояр ма екен? Бұлар үшін ана Еуропа елдерінде министрлер шайтан арбамен жұмысқа баратындығы, мәселен, Германия канцлері Ангеле Меркельдің қарапайым ғана бес қабатты үйде тұратындығы, ал Монғолия президентінің қызметіне жаяу баратындығы секілді «жаман әдеттері» тіпті де өнеге емес. Өзге елдің президенті кім, біздің Архимед кім?

Жайберген Болатов

Abai.kz

8 пікір