Әр қадамнан саяси астар іздей бермей, бірлігімізді көрсетейік
"Бұл ғаламда Қазақстан өз халқымыздан басқа ешкімге керегі жоқ" деген президенттің сөзінде үлкен астар жатыр. Терең сөз түсінгенге.
Жалпы, өзара пікірталастыратын, дауласатын кез болады. Сонымен бірге бір нүктеге келіп, аталы сөзге тоқтап, өлетін нүктемізді білетін кез де болады. Осының ара-жігін ажыратып, оң мен солын танитын деңгейде болсақ жақсы.
"Әр қазақ менің жалғызым" деген халықпыз. Індет әлемді жаулап ондаған, жүздеген адамдардың өмірін алып барады. Медицинасы дамыған батыс елдерінің де шамасы жетпей жатыр. Президент енгізіп жатқан төтенше жағдай ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін қажетті, мәжбүрлі әрі оң қадам. Осыған орай әртүрлі пікірлер жазылып жатыр. Ел болғаннан кейін бұл да заңдылық шығар. Бірақ, осындай қиын жағдайда қоғамдық тұтастықтың болуы маңызды. Әрбір қадамнан саяси астар іздей бермей бауырмалдық пен саяси көзқарасы мен ұстанымына қарамай бірлігімізді көрсететін, елдігімізді білдіретін кезді осындай жағдайда көрсетуіміз қажет-ақ.
Анадан да, мынадан да саясат іздемей алдағы төтенше жағдай кезінде вирустан қорғану шараларын, қауіпсіздік мәселелерін көбірек талдап, халыққа пайдалы ақпараттармен бөліскен дұрыс деп есептеймін. Дәл қазір ауырып жатқан азаматтарымызға саулық тілеймін. Бұл сан әлі де артуы мүмкін. Жаратушы өзі елімізге жар болсын. Ешқандай үлкен саяси процестер мұндай қиын-қыстау кезеңде орын алмайды деген ойдамын. Азаматтарымыздың саулығы мен амандығы бәрінен жоғары тұруы тиіс.
Бауыржан Серікбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz