Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3352 0 пікір 5 Қазан, 2011 сағат 08:56

Айдос Сарым: «Түркілер әлемдегі кез келген держава санасатын күшке айнала алады»

- Қазір дін мәселесі мен тіл мәселесі қоғамдық пікірдің қазанын қайнатып жатыр, жуырдағы тіл дауының пайдасы болды ма?

- Қазір дін мәселесі мен тіл мәселесі қоғамдық пікірдің қазанын қайнатып жатыр, жуырдағы тіл дауының пайдасы болды ма?

- Бұл дау біреулердің арандатушы­лы­ғымен емес, стихиялы түрде туындаған пі­кірталас болатын. Биліктің шешімінен кейін бұл дау аяқталды деп тағы айта алмаймыз. Мәселе бүгінгі биліктің, депутаттардың сө­зінде емес. Тіл туралы заң 1989 жылы қа­был­данған болатын. Ол кезде «желтоқ­сан­ның» ызғары қайтпаған, кеңестік уақыт. Қазақ пен орыстың арасында әлі де болса талас-тартыс бар, қазақтарда қорқыныш бар, үрей бар. Яғни ол заң сол кездегі халықтың бойындағы үрейді, қазақтың әлі де болса ұлттық азшылықты құрайтынын суреттеп тұр. Естеріңізде болса, 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы қазақтың саны 49 пайыз ғана болған. Біз ол заңға ренжи алмаймыз. Себебі ол сол кездің ойын ережесіне сәйкес болған. Ал енді бүгінгі күннің жағдайы мүлде бөлек. Құдай қаласа, қазіргі қазақтың үлес салмағы 70 пайызға жетіп қалғанын соңғы санақтың көрсет­кіштері тағы да айқындап отыр. Қазақтардың дені қазақша біледі және жаза алады. Бүгінгі қазақтардың тіл туралы заң үшін алаңдап отырғаны да заңдылық, табиғи құбылыс дегім келеді. Біреулер оны биліктің жаса­ғаны, екіншілер саяси ойын деп атайды, оның бәрі - бос сөз. Бұл - нақты қазақтың күн­ тәртібінде тұрған үлкен мәселе. Тіл мәселесі алдағы бір айдан кейін де, бір жылдан кейін де, он жылдан кейін де, қысқасы, өз мәртебесіне ие болғанға дейін ал­дымыздан шыға береді. Бір заманда Қазақ­стандағы қазақтар 90-95 пайызды құраған. Қазақстан сол көрініске қайтып келе жатыр. Алдағы жиырма жылда Қазақ­стан негізінен түркі текті, мұсылмандардың еліне айналады. Негізін құраушы қазақтар болса, оның қасында жүрген өзбек, ұйғыр сияқты халықтар болады. Мәселен, ұйғыр­лар мен өзбектердің үлес салмағы Қазақ­стан­дағы орыстармен пара-пар болатыны сөзсіз. Сол кезде біздің мемлекетке төрт тілді елге айналу керек пе? Яғни осыдан жиырма жыл бұрынғы ойын ережесі бүгінгі күнге сай келмейді. Өзгеріске түсу керек. Біраз шенеуніктер тіл мәселесін көтерушілерді «кон­сти­ту­цияға қарсы келіп жатыр» деп айыптап жатыр. Ал енді түрлі славян ұйымдарының «орыс тіліне мемлекеттік тіл статусын бері­ңіз­дер» деген ұрандары Конституцияға қар­сы шығуға жатпай ма? Қазақ қауымының, зия­лы қауымның осындай белсенділік танытуында, хат жазуында да үлкен гәп бар. Ана тілі дегеніміз - Конституция секілді құрметті нәрсе. Конституциямызды жазбай тұрып та қазақ тілі өмір сүрген. Сондықтан мәселені Конституцияға әкеліп тіреудің, оған өзгеріс енгізуді сұрағандардан құбыжық жасаудың қажеті жоқ. Конституция дегеніміз қоғамның ортақ келісімін растайтын шарт қой.

- Мәселен, бізде қазақтілді қауым мемлекеттік тілдің күшейтілуін талап етті. Ал билік ең алдымен елдегі тұрақ­тылықты қалайтынын білдірді, тағы бір қауым бұл мәселені шешуде ешқандай консенсус іздемейтінін, яғни бұдан 20 жыл кейін болса да, қазақ тілінің мәрте­бесін мойындамайтынын байқатты, солар жайлы не айтасыз?

- Қазақтар мемлекет құраушы ұлт бол­ғаннан кейін мойнына жүктелетін жауапкершілік те кез келген өзге ұлт өкілдерінен, этностан жоғары болатыны анық. Біздің орыс­тілді сарапшылар «жиырма бес пайыз халық дүр көтерілетін болса не болады» деп, елдегі тұрақтылыққа нұқсан келу қаупімен қор­қытып жатады. Тыныштық керек шығар деген пікір айтылып жатыр. Ал елдегі 70 пайыз халық көтерілсе не болады? Оны неге ойламаймыз? Біз қазақ деген толерантты халық, барлығына түсіністікпен қарайды деген пікірді көп айтамыз. Менің ойымша, толе­рант­тылық қасиет қазақта ғана емес, еліміздегі барлық ұлт өкілдерінде болуы керек. Және олар қазақтың мемлекеттілігін мойындауы керек. Ол мәселені көптен бері өзіміз де айтып жүрміз ғой. Елімізде Қазақстанның ақпарат кеңістігін, билігін мойындамай, Ресей билігін мойындап, екі бірдей елдің төлқұжатын көтеріп жүрген, екі бірдей елден зейнетақы алып жүрген адамдар бар. Бұл - ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіре­тін жағдай. Кезінде Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияны дүрліктірген кезде алғаш­қы қадамы сол жақтың азаматтарына Ресей­дің төлқұжатын таратудан бастағанын біле­міз. Яғни бұл мәселеге біз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Жуырда солтүстік аймақтарда болған мәслихат сайлауынан кейін біраз дау-дамайлар болды. Біраз депутаттарымыз, біраз шенеуніктеріміз, лауазымды тұлғаларымыздың қалтасынан Ре­сейдің паспорты шыққаны айқындалып отыр. Біз - сөзсіз унитарлы мемлекетпіз. Уни­тарлы мемлекет болғаннан кейін тек қана Қазақстанның азаматтығын мойындай­ды. Және Қазақстанның азаматы ретінде мем­лекеттік қызметке баруға қақылы.

- Сіз түрлі басылымдарға пікір бергенде жаңа ұрпаққа көп үміт артаты­ныңызды жиі айтасыз. Жаңа буынның арасында славян тектес жастар да бар, олардың бойынан шовинистік идеялар табылуы мүмкін бе?

- Бұл жерде қарапайым ғана математика бар, үлкен сандардың теориясына негіздейтін болсақ, Қазақстан халқының қазақы­лануы демографиялық құбылыс болып тұр. Жалпы, Қазақстанда радикалды экстре­мизм­нің үш бағыты бар. Алғашқысы - діни бағыт, екіншісі - анархистік солшыл бағыт, үшіншісі - этно-сепаратистік бағыт. Соңғы кез­дері елі­мізде славян текті орыс жастары­ның көше­де жүргенде жаппай свастика, крест тағып жүруді әдетке айналдырғанын байқадық. Бұл - сонау Мәскеуден тарап жат­қан идеологиялық үгіт-насихат жұмыста­рының қорытындысы. Негізінен, ғаламтор арқылы жетіп жатыр. Орыс нәсілді жастар «біз неге өз қандастарымыз сияқты болмаймыз» деген пікірге ұрынады. Бірақ мәңгі солай болып тұрады деп ойламаймын. Ертең шындықтың да шырылдайтын кездері келеді. Қазір Ресеймен қарым-қатынасымыз, Құдайға шүкір, жақсы. Бірақ ертең белгілі бір себептерге байланысты екі елдің арасы нашарлайтын болса, орыстың арнайы қыз­меттері, басқа да мекемелері осы тақырыпты әбден ушықтырып жіберуі мүмкін. Сол кезде түрлі сепаратистік ұйымдар өзін көрсетеді. Мысал үшін, кезінде национал-большевиктерді жинап, Өскемен жақтан келіп, көтеріліс жасамақ болған Лимоновты жақсы білеміз ғой. Сондықтан мен бұл мәселеге жіті назар аудару керек деп санаймын. Және ел ішіндегі процестерді мұқият бақылауымыз керек. Елдегі діни және этникалық экстремизм неге күшейіп кетті? Болашағымызды ойлайтын болсақ, бүгінгі славян ұйымдарының ара­сында болып жатқан құбылыстарды мұ­қият зерттеуіміз керек. Дегенмен сонымен күресемін деп екінің бірін түрмеге тығу тағы да амал емес. Мысал үшін, Ресейдің өзінде Президенттің, Премьердің жанынан басқа да қоғамдық қорлар құрылып жатыр. Со­лар­дың ақшалары қазір Қазақстанға ағылып келуде. Бұрындары бір-екі ғана газет жұмыс жасаған болса, қазір ондаған сайттар, газеттер белсенділік танытуда. Олардың ішінде не боп жатыр, қандай идеялар қозғалып жатыр, соның барлығын зерттеу қажет.

Кезінде ағылшынның әйгілі саясаткері «Ауғанстан - бүкіл империялардың жерлеу­шісі болатын мемлекет» деген екен. Сол секілді мен айтар едім, кезінде Қазақстан Кеңес Одағының жерлеушісі болды. Енді Ресей маңайындағыларға осылай қысым жасап, еркінси беретін болса, Қазақстан түбі сол Ресейдің өзін де ыдыратып жіберуі мүм­кін. Ресейліктер «біздер Кеңес Одағын қайта қалпына келтіріп жатырмыз» дегенді жиі айтады. Бірақ сол империялистік пиғыл­дан өздеріне келетін пайданың шамалы екенін тү­сінбейді. Империяда ең көп ұтылатын ха­лық - империяның негізгі құраушы ұлты. Бар­лығын ұстап қалу үшін өзінің колонияларына көп ақша жібере бастайды. Бүкіл кү­шін, ақылын, энергиясын жұмсайды да, нәти­же­сінде өзінің тоз-тозы шығады. Бүгінгі Ресей - соның дәлелі. Мысал үшін, екі соғыс бол­ма­ғанда, революция болмағанда, ашар­шы­лық болмағанда Ресейдің халқы бүгін 400 мил­лиондай болып отырар еді. Енді қа­зір 130 мил­лионнан азайып бара жатыр. Ре­сей сонда да өзінің саяси курсын өзгертер емес. Кеңес Одағы енді ешуақытта қалпына кел­мейді. Жаңа туған ұрпақ оған жол бермей­ді. Тәуел­сіздікте туған ұрпақтың санасы мүл­де бөлек. Еркіндік, бостандықтың үлкен құды­реті бар. Оны күнделікті өмірде біз түсін­бе­уіміз де мүмкін. Бірақ оның әсері күшті.

Жалпы, меніңше, жақын болашақта Қа­зақ­станда Ғылым академиясының жанынан немесе басқа бір мекемелердің жанынан Ресейді зерттеу, Қытайды зерттеу, исламды зерттеу орталықтарын ашуымыз керек. «Бұл елдер, аймақтар бізге қандай жаңа мүмкін­діктер әкеледі немесе қандай қауіптер тудырады» деген сауалдарға талданған жауаптар берілу керек.

- Ондаған жылдардың болашағын алдын ала зерттейтін дейсіз ғой?

- Иә, өкінішке қарай, біздің қоғам бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді. Бүгінгі жағдай, бүгінгі құбылыстар мәңгі-бақи деп ойлаймыз. Шын мәнінде, олай емес. Егер әлемдік үрдістерге назар қойсақ, он жылдың аясын­да-ақ үлкен өзгерістер орын алатынына көз жеткіземіз. Ал жиырма жылда, отыз жылда не болады? Мысалы БҰҰ-ның сарапшылары алдағы жиырма бес, отыз жылдан кейін Ресей мемлекеті жартылай мұсылман елге айналады дегенді айтады. Егер Ресей халқының жартысын мұсылмандар құраса, оның бар болмысы, алған беті, саясаткерлерінің сөз саптауы, барлығы өзгереді. Түбі тұ­тас­тығын сақтай ала ма, алмай ма, ол да бір мәселе. Сондықтан біз де «қазіргі кей­піміз - мәңгі-бақиға» деген көзқарастан бас тартуымыз керек. Біріншіден, біз қиял­дай білуіміз керек. Қазір бізде қиялдау деген атымен жоқ болып кетті. Соңғы кездегі әде­би шығар­ма­ларға, түсірген кинолары­мызға қараңыз, фантастика жанры атымен жоға­лып барады. Негізі, қазақтың табиғаты сондай бір қиял­шыл, арманшыл еді ғой. Бірақ сол армандарды мемлекеттік идеяға айналдыра білуіміз керек. Тарихқа үңілсек, әлем­дегі уто­пиялық идеялар, үлкен әлеу­мет­тік-сая­си көзқарастардың, қозғалыс­тар­дың ба­сын бас­тағанына көз жеткіземіз. ХVII ғасыр­да Кам­па­неллалардың жазып кеткені, бертін келе со­циалистердің жазып кеткендері түбі қандай нәрсеге алып келді? Сон­дық­тан біз утопия жанрын да, антиутопия жанрын да жақсы меңгере бастауымыз керек сияқты. Кез келген жағдайға дайын болуы­мыз керек. Мысалы, біз өзімізді Қытай­мен қорқы­тамыз. Бірақ сол Қытай түбі бір­тұтас мемлекет болып қала бермейтін шығар. Оның да ішкі мәселесі өзіне жетеді. Әрине, Қытай қау­пі бар екені анық, бірақ біз өзімізді жасыт­пауымыз керек. Қытайдың Сунцзы деген үлкен стратегі болған екен, сол айтыпты «жеңіс өзімізге байланысты, ал ұтылыс біздің жауларымызға байланысты» деп. Егер біз өзіміздің жеңісімізге анық сенетін бол­сақ, бас біріктіре алатын болсақ, үлкен идея­лардың төңірегіне топтаса алатын бол­сақ, бізді сырттан жау алмайды. Ал енді біз өзіміздің Қазақ мемлекеттігін күшейте отырып, оның қасында түркі бірлігі деген идея­ны қатар алып жүретін болсақ, болашақта ешбір держава бізді ала алмайды.

- Қазір орыстілді саясаттанушылар БАҚ беттерінен түспейді, бірақ солардың бол­жамдарының, саяси тұжырымдары­ның призмалары тарылып келе жатқан жоқ па?

- Сөзсіз тарылып келе жатыр. Осыдан үш-төрт жыл бұрын саясаттанушылардың үлкен бір конгресінде осы мәселе сөз болып еді. Шетелден келген саясаттанушылар қа­зақ­стандық саясаттанушыларға күліп: «Ей, жігіттер, сендер халықтарыңның 60-70 па­йызын құрап жатқан азаматтардың не деп жатқанын білмесеңдер, Қазақстан туралы қан­дай пікір айта аласыңдар», - депті. Яғни, егер шын мәнінде сен қазақстандық саясаттанушы болсаң, сенің болжамдарың тұжы­рымдарың да жалпыұлттық деңгейде болу керек. Яғни, орыс тілімен шектеліп қалмау ке­рек. Осының өзі олардың көзқарас аясы­ның тарылып келе жатқанын көрсетеді. Негізі бір тілді, бір бағытта немесе ашықтан-аш­ық Ресейдің сойылын соғып жүрген азаматтар аз емес. Дегенмен бұл жағдай да бір­те-бірте өзгеріп келе жатыр. Себебі қос тіл­ді қатар меңгерген саясаттанушылардың саны арта бастады. Осыдан үш-төрт жыл бұ­рынғы уа­қытпен есептегенде қазір бір топ қазақтілді саясаттанушылар өсіп келе жатыр. Оның өзі жетістік деп ойлаймын. Сонымен қо­са, ағыл­шын, қытай және басқа да тілдер­ді меңгерген азаматтарды көптеп тарту қа­жет.

- Биылғы жылы дін дауы көрініс берген соң, саясаттанушылардың барлығы дерлік дін туралы пікір айтып кетті. Шын­дап келгенде, солардың көбі қазақ тілін де білмейді, ислам туралы да түсінігі жоқ. Ол жайында не айтуға болады?

- Қазақстанда діни тақырыпты жақсы меңгерген сарапшылар жоқтың қасы екені рас. Ал сарапшы атанып жүргендерінің көзі - интернеттегі орыстілді ақпараттарды алып, соның негізінде тұжырым жасап жүр­ген­дер. Меніңше, ондай сарапшы алдымен қазақы дәстүрді, қазақы контексті жақсы түсіну керек, содан кейін ғана барып елдегі дін ахуалы жайында әлдене айтуға болады. Тіпті, арабтың тілін білсең де, арабтың тарихын білсең де, қазақтың тарихын білмесең, дәс­түрі мен әдет-ғұрпынан хабарың болмаса, онда сенің айтып отырған негіздемелерің шата болып шығады. Сондықтан мен айтар едім, арабтың тарихын білген жақсы, әлем­дік сарапшылардың не деп жатқанын білген жақсы, бірақ оны бүгінгі қазақтың нақты өмірімен, жағдайымен табыстыра білген одан да дұрыс. Менің ойымша, сараптама тек сол кезде ғана ұтымды болып шығатын сияқты. Бізде осы жетіспейді.

- Дін дауын қоғамның түрлі топтары қалай қабылдап жатыр деп ойлайсыз?

- Қазір дін десе, сауаты бар адамдар қашатын жағдайға жеттік. Ол дұрыс емес. Керісінше, соны зерттеп-зерделеуіміз керек. Қазақтардың дінге, дәстүрге оралуы - заң­ды құбылыс. Дегенмен дін саласының басы-қасында жүрген адамдарға айтарым, дін мәселесін реттеудегі радикалды қадамдар­дың өнімі әрдайым тиімді бола бермейді. Мысалы, Тәжікстан, Қырғызстан елдері бі­раз қатты қадамдарға барып жатыр, бірақ ме­ніңше, ол - қате қадамдар. Америкада, ағыл­шындарда «Soft power» деген ұғым бар, қазақша мағынасы «жұмсақ күш». Яғни біз бұл мәселеде ақылды, парасатты саясат жүр­гізуіміз керек. Ислам дінінің дамуына еш кедергі келтірмей, ғылыми исламның дамуына жол ашу керек. Ешқандай жат саяси көз­қарастарға ұрынбаған, қазақстандық діни жоғары оқу орындарының құрылуына күш салуымыз керек. Ол дін ең алдымен қа­зақтық дәстүрді, мемлекеттік дәстүрді жоққа шығармауы керек. Және соған барынша ықпал етіп отыруы керек. Бұл теологиялық мемлекет құру деген сөз емес. Сондықтан мен айтар едім, біздің дәстүрімізге нұқсан келтірмейтін нәрселерден қорқудың қажеті жоқ. Зайырлы мемлекет деген ұғымды әр халық әрқалай түсінеді. Біз де өз түсінігімізді қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттің кү­шін тоқпақ ретінде пайдалана беруге де бол­майды. Қоғамның өзінің реттеуші иммунитеті болады. Мысал үшін, көптеген елдер­де әлі күнге дейін фашистік партиялар, түрлі оңшыл, солшыл күштер бар, өздері тым радикал. Соған қарамастан мемлекет оларды жоқ қылып, жойып жіберген жоқ, ол іске ара­ласпайды да. Себебі ондай күштер сайлау науқандарында өліп кетсе де 1-2 па­йыздан артық күш ала алмайды. Яғни саяси мәдениеттің көтерілуі қоғамдық процес­тер­дің өздігінен реттелуіне мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен бізге қатты заңдар мүлде ке­регі жоқ деп тағы айтпаймын. Түрлі жат идео­логиялардан ерекше қорқатын себебіміз, біз әлі шатқалақтап тұрған, жас мем­лекетпіз. Бізде Құдай сақтасын, сондай идеялардың күш алып кетуі оңай. Себебі саяси мәдениет қалыптаспаған. Оның үстіне, ертеңгі күні түрлі бәлеге ұшырасақ, қоғамды ұстап қалатын орта тап жоқ. Сондықтан мен ай­тар едім, қатты заңдар көбіне шеттен ке­ліп жатқан секталарға қатысты болуы керек. Мысалы, Оңтүстік Кореяны алайық. Эконо­ми­калық тұрғыдан мықты болғанымен, 60 пайызына дейін христиандық ілімді қабыл­дап кетті. Енді жиырма жылда олардың қандай болатынын бір Құдай ғана біледі. Ал жапондарға келсек, өздерінің табиғатына сәйкестеп синтоистік ілімді қалыптастырды. Сол арқылы өзінің тұтастығын алып қалды.

Бүгінде еліміздегі түрлі экстремистік ұй­ымдардың артында бөтен елдердің арнайы қызметтері тұрғандығы, олардың артында үлкен капиталдар жатқаны айтылып жатыр. Сондықтан біз ешкімнің ойыншығына айналмауымыз керек. Біздер батыстық жаһан­дануды көп айтамыз. Бірақ соның арабша нұсқасы да бар. Халифат құру идеясы, яғни салафиттік бағыттың батыстық жаһанданудан еш айырмашылығы жоқ. Бір жаһанданудан қашамыз деп, екіншісіне ұрынып қалуымыз­ға тағы болмайды. Түптеп келгенде, сала­физм­ның түпкі мағынасында түркі өркение­тіне, сопылыққа қарсы көптеген идеялар жа­тыр. Бір кездері бұл саяси идеология Осман империясын ыдырату үшін пайда бол­ғаны белгілі. Оның артында тағы да Батыс­тың ізін көруге болады.

- Алматыда жүріп жатқан сопыларға қатысты істі қадағалап жүргеніңізді айтып жүрсіз, бұл жөніндегі пікіріңіз қандай?

-Жалпы, осы істің артында тағы да салафиттік күштер жатуы әбден мүмкін. Мәселен, тарихи фактілерге үңілетін болсақ, салафиттер қашан да болса, ең алдымен сопыларды жоюды көздеген. Қай ғасырда болса да, сопылар діни тақырыпты жақсы меңгерген, көздері ашық адамдар болған. Дін тарату ісінде өте ұқыптылықпен келіп, дінді жергілікті мәдениеттер мен құндылықтарға нұқ­сан келтірместен, жергілікті мәдениетпен ас­тастыруды көздеген. Сондықтан діндегі ра­ди­кал күштер сопылармен күресте еш­қандай тәсіл таңдамай, тізеге салуға тырыс­қан. Менің ойымша, бүгінгі Қазақстандағы сопылар оқиғасы да сол күрестің тарихи жалғасы немесе қайталануы. Салафиттер биліктің маңында жүрген бірқатар азаматтарды осы сопыларға қарсы айдап салып отыр деген ойдамын. Қоғамдық ұйымды халыққа құбыжық етіп көрсетіп, артынан өзі­міз жол тауып кетеміз деген ой болу керек. Ал шындап келетін болсақ, Яссауи жо­лы, яссауия тарихаты біздің дәстүрімізден туын­даған төл идеологиямыз. Бір Қазақ­стан­ның өзінде сопылықтың үш мектебі қалыптасқан. Бірі - оңтүстік, екіншісі - батыс Қазақстанда, үшін­шісі - солтүстіктегі Абай, Шәкә­рім, Мір­жа­қып­тардың мектебі. Ар­ғын­ның алты бала­сы­ның барлығы сопы атануы тегін емес. Қазақты мұсылман емес деп айыптау - үл­кен қателік. Қазақтың барлық ауыз әде­биеті  - дін таратушы асыл сөздер. Құран өлең­мен жазылған. Ал қазақ сол дінді өлең­мен тарат­қан. Оның не ағаттығы бар? Біздің бабаларымыз ХІХ ғасырдың ортасына дейін әлем­дік, адам­заттық деңгейдегі құбы­лыс­тардан хабардар болып отырған. Оның ішінде ис­лам­ның ішіндегі тайталастарды жақ­сы тү­сін­ген. Қа­жет болғанда оларға идео­ло­гия­лық тойтарыс та берген. Яғни біз­дің қазақ діни тұр­ғыдан сауатсыз деген пікір - өте сауатсыз немесе қастан­дықпен айтыл­ған пікір.

- Түркі идеясын айтып кеттіңіз, сол идеяны мүлде келмеске кеткен жоба ретінде қарайтындар бар...

- Жоқ, ондай керітартпа пікірмен келіспеймін. Менің арманым, болашақта түркі конфедерациясы деген ұйым болса. Бұл бүгін іске аспайды, бірақ болашақта жүзеге асуы әбден мүмкін. Біз әрқайсымыз жеке алғанда шағын ғана елдерміз. Ал Еуропа одағының тәсілімен түркі халықтары біріксе, болашақта оған жартылай мұсылманға айналған Ресейдің өзі зәру болып қалар еді. Қарап отырсаңыз, түркі халықтарының арасында саны жағынан ең көп халық Ресейде тұрады, онда 50-ден астам түркі халықтары бар. Оны да ескере отыруымыз керек. Бүгінгі күні «қазақтар Орталық Азияның осал тұсы, орысша «слабый звено», «элитасы орысшыл, түбі Ресейге қосып тынады» деген пікірлер жиі айтылып жатады. Бірақ меніңше, ондай көзқарас қате. Элитаның қалауы бір бөлек, халықтың қалауы бір бөлек нәрсе. Халық қаламаған жерде ешқандай одақ та бола алмайды.

Бір арманым...

Менің арманым болашақта Түркі конфедерациясы деген ұйым болса. Ол Қазақстанның және Орталық Азия халықтарының әрқайсысының өзін аман сақтауының, біртұтастығын сақтауының кепілі болады дер едім. Түркі мемлекеттері біртұтас ел болмаса да, біртұтас саясат жүргізе алатын одаққа, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, тарихи серіктестік орнататын аймаққа айналуы 300 миллиондық нарыққа алып келеді. Ол бүгінгі Кедендік одақтан да үлкен болар еді. Ондай нарыққа ие түркілер әлемдегі кез келген держава санасатын күшке айнала алады.

Сұхбаттасқан - Сәкен Көкенов

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369