Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 6155 34 пікір 20 Наурыз, 2020 сағат 16:19

Назарбаев: Мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз

Экс-президент, қазіргі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қауіпті вирустың жылдам таралуына байланысты Қазақстан халқына қайрыла сөйлеп, үндеу жариялады. Ескі президенттің ел-халыққа айтқан үндеуінің толық мәтіні «Елбасы» сайтында жарияланды. 

Ал біз ондағы негізгі-негізгі ойларды оқшау алып, ортаға салғанды жөн көрдік.

90-шы жылдар һәм бүгін

Экс-президент қауіпті вирус пен халықаралық экономикалық ахуалды салыстыра сөйлеп, бүгінгі жағдай 90-шы жылдарға ұқсас екенін айтып, тығырықтан шығу үшін халықты ел Президентінің (Қасым-Жомарт Тоқаевтың - ред.) маңайына топтасуға шақырды.

«Бұл жағдайды халықаралық экономикалық дағдарыс –  шикізат, валюта және қаржы нарықтарының құлдырауы ушықтыра түсуде. Мұның бәрі біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Басқаша айтқанда, біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз.

Шешу жолдарын табу тұрғысынан күрделі боп отырған қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жылдардың басындағы жағдайға ұқсайды. Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын», - деді Назарбаев.

Халық үнемшілдікке үйрену керек

Әлем елдеріне таралған коронавирустың залалын азайту үшін, онымен күресу үшін Мемлекет тарапынан, Билік тарапынан (Үкімет тарапынан) атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта келіп, халықты үнемшілдікке үйренуге үндеді.

«Қазіргі дағдарыс ұзағырақ уақытқа созылар болса, Үкімет оған қарсы шаралар әзірлеуге тиіс. Ондай жағдайда елімізді және азаматтарымызды қатаң үнемшілдікке, кешенді орнықты даму бағдарына шығуға дайындау керек», - деді экс-Президент.

Мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз

Әрі қарай, қауіпті вируспен күресу үшін Мемлекеттің, биліктің күші жеткізіліксіз екенін айтып, Қазақстанның әрбір азаматы өз хал-қадірінше көмектесу керектігін айтты.

«Осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс.  Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, студенттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңілдету бағытындағы нақты қадамдарын жария етті. Бірақ тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Жылу жинайтын қор құру

Одан әрі қарай, ерікті азаматтардан жылу жинау үшін (әркімнің өз еркі, әрине) Республикалық қор құруды ұсынды.

«Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын», - деді Назарбаев.

Оның айтуынша, ондай қорлар әрбір облыс орталықтарында, Республикалық маңызы бар қалаларда құрылуы және ол жұмысты жергілікті әкімдер атқаруы тиіс.

«Бүкіл халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылудың жарқын үлгісі мен тиімділігін біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткен едік», - деді Ол.

Қысқартылған жұмыс кестесіне көшу, еңбеккерлерді ақылы демалысқа жіберу, жалдамалы жұмысшыларды жұмыстан шығармау туралы айтты. Ірілі-ұсақты бизнес иелеріне өз аймақтарына көмек көрсетуге кеңес берді.

Өзі басқаратын «Nur Otan» партиясы көмекке 150 миллион, ал өзінің атымен аталатын Қор 200 миллион теңге бөлгенін айтты. Жұртты пандемиямен күрестің «алдыңғы шебінде» жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскерилерді қолдауға, олардың нұсқауын орындауға шақырды. 

Қиындықтан құтқаратын қор бар

Сөз соңына қарай, қазіргі күрделі ахуалдан шығу үшін барлық қажетті ресурстың жеткілікті екенін, алда-жалда қиындықтан құтқаратын Ұлттық қордың бар екенін айтты.

«Жайма-шуақ кездердің өзінде де біз алдымыздан шығуы мүмкін сын-қатерлерге дайындалып, алмағайып уақыттарда қажет болатын резерв қалыптастырдық. Жинақталған алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор қаражаты әрдайым біздің қабылдаған шараларымыз бен жалпы ұлттық экономиканы қолдауға септігін тигізді. Қазір осы күрделі ахуалдан шығу үшін Қазақстанда барлық қажетті ресурс бар, қор да жеткілікті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолғы үндеуінен кейін әлеуметтік желіде жаңадан қор құру туралы ұсынысқа қатысты пікірлердің дені сыни көзқараста айтылып жатыр. «Бізде Ұлттық қор бар. Екінші Қордың керегі қанша», дейді әлеуметтік желі белсенділері. 

Халықтан жылу жинайтын Қор - «Nur Otan-ның» Қоры ма?

Естеріңізге сала кетейік, «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы «Жаңа Алатау» қорымен бірлесіп арнайы шот ашқанын хабарлаған. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров онлайн брифинг кезінде мәлімдеген. 

«Бұл шотқа туындаған жағдайға бейжай қарай алмайтын барлық қарапайым азаматтар да қаражат аудара алады. Бұл қаражатқа медициналық бетперделер, антисептикалық құралдар мен бірінші кезекте қажетті тауарлар сатып алынып, оларды партиялықтар мен Jas Otan-ның еріктілері халықтың тұрмысы төмен әлеуметтік тобына, атап айтқанда, ардагерлер, мүгедектер және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға үлестіріліп берілмек», - деген еді Канкуров

Түйін. Бүгін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қауіпті вируспен бірлесе отырып күресу туралы айтты. Әркім хал-қадірінше көмектесу керектігін айтты. Халықтан жылу жинайтын Республикалық қор құру керектігін айтты.

Ал кеше биліктегі бас партияның Алматыдағы филиалының өкілі Станислав Канкуров партия филиалы «Жаңа Алатау» қорымен бірлесіп арнайы шот ашқанын хабарлаған. 

Біз айтылған ақпаратты жаздық. Көптің көңілін күпті еткен жалқы сұрақ - халықтан жылу жинайтын Қор - «Nur Otan-ның» Қоры ма? Талқылайық...

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529