Бақытжан МОМЫШҰЛЫ, жазушы: Атақты болғанның азабы көп
- Алтыншы мүшеліңізге қарай аяқ басқан екенсіз. Құтты болсын...
- Рақмет, айналайын. 70 жылдығым да жақындап қалды. Ортама, айналама кандай пайдамды тигізе алдым. Бұл күнге қалай келдім? Не бітірдім? Міне, бұл мерейтой осындай мазалаған сансыз сауалдарыма жауап іздеу арқылы өзім үшін есеп беру секілді, Осы кезге дейін аудармаларымды есептемегенде, одан бөлек 30-ға жуық кітабым жарық көріпті. Мұнымен қоса, баспаға әзірлеп, шығаруға дап-дайын етіп қойған алты қолжазбам бар.
- Сіз өз туындыларыңызда негізінен ұлы данышпандардың философиялық тұжырымдарына тереңінен еніп, бүгінгі күнмен салыстыра отырып ой толғайсыз. Екінің бірі бірден қабылдай алмайтын күрделі ойлар сіздің трактовкаңызда кімге болса да түсінікті. Творчестволық бастауыңызда осындай жолды таңдауыңызға түрткі болған кім?
- Алтыншы мүшеліңізге қарай аяқ басқан екенсіз. Құтты болсын...
- Рақмет, айналайын. 70 жылдығым да жақындап қалды. Ортама, айналама кандай пайдамды тигізе алдым. Бұл күнге қалай келдім? Не бітірдім? Міне, бұл мерейтой осындай мазалаған сансыз сауалдарыма жауап іздеу арқылы өзім үшін есеп беру секілді, Осы кезге дейін аудармаларымды есептемегенде, одан бөлек 30-ға жуық кітабым жарық көріпті. Мұнымен қоса, баспаға әзірлеп, шығаруға дап-дайын етіп қойған алты қолжазбам бар.
- Сіз өз туындыларыңызда негізінен ұлы данышпандардың философиялық тұжырымдарына тереңінен еніп, бүгінгі күнмен салыстыра отырып ой толғайсыз. Екінің бірі бірден қабылдай алмайтын күрделі ойлар сіздің трактовкаңызда кімге болса да түсінікті. Творчестволық бастауыңызда осындай жолды таңдауыңызға түрткі болған кім?
- Кітап оқуға жастайымнан тым әуес болғандықтан шығар. Жата жастана жатып, бас көтермей кітап оқитынмын. Біреулер күрделі жазасыз деп айтады. Ойыңды әдейі күрделі болсын деп құрмайсың, бәрі құдіретті сөздің қағазға қалай түрленіп түскеніне байланысты. О баста даналардың философиясына жүгінгендегі мақсатым - ұлы ойшылдардың терең нәрінен жастарымыздың бойына там-тұмдап болса да, ең жоқ дегенде бір тамшысы сіңісті болса, жас толқынның керегіне жарап, тура жолды адаспай табуына бір септігі тисе деген ниеттен туындады. Абай, Шәкәрім шығармаларынан, шығыс шайырлары мен көне ұстаздардың нақылдарын өзімше талқылауға тырысамын.
Жалпы, менің ойымша, творчество деген дұрыс емес, творец - бұл сөз тек қана 18 мың ғаламды Жаратушыға ғана тән айтылуы тиіс атау. Өйткені Жаратушы жалғыз. Творчество - іздену жолы. Бұл ретте өзім түсінгендей өзгелер де сол ұлылардың ұлағатымен сусындап, рухани кемелдене түссе екен деп армандаймын. Әсіресе, осынау күрделі заманда ұлы ұстаздардын жолын, бағытын көрсеткім келеді оқырманыма. Жазушы ретіндегі миссиямды көпшіліктің осылай қабылдағаны абзал.
- Кейіпкерлеріңіздің дені дерлік ортамызда жүрген белгілі кісілер. Көпшіліктің кейіпкерлеріңізді күнделікті байқай бермейтін қырларынан аша отырып, оларды биіктерге көтересіз. Сіздің шығармаларыңызды оқығанда, осындай биік рухты азаматы бар елдің түтіні түзу, шаңырағы шайқалмайтынына деген сенім ұялайды көкейге. Бұл тұрғыда өзіңіз қандай пікірдесіз?
- Біз көбінесе мансап иесінің шапанын мақтаймыз, оның жаны қандай, оған үңіле бермейміз. Содан барып оның жаны, жүрегі назардан тыс қалады. Сонда кейіпкердің ұлылығын ұғынудың орнына ұсақ-түйек, оқырманға еш ой салмайтын, тек күлкі тудыратын арзанқол іс әрекетін, сыртқы көріністі суреттегеннен не ұтпақпыз.
Мүсілім Дайырбеков туралы кітап шығардым. Ол кісі ең әуелі қолжазбаны Олжасқа оқытуға берген екен, «бұл болашақтың кітабы» деп баға беріпті ақын ағамыз. Жер бетінде періштедей, таза жанды кездестіре қою қиын. Әркімнің бір кемшілігі бар, кім болса да қателеседі. Бір-бірімізді құрмет тұтып, сыйлағанда ісіміз де оңға басады, алға жылжимыз. Жанжал, дүрдараздық, есеп айырысу, өкпе жүрген жерде, береке қашатыны белгілі. Сондықтан да мен үнемі кейіпкерлерімнен оқырманға нұрлы шуақ шашылғанын, оқырманымның жиренгенін емес сүйсінгенін қалаймын.
100 пайыз кіршіксіз таза адам жоқ. Ең аяр қылмыскердің де әйтеуір бір жақсы қасиеті болуы мүмкін. Оны тек көре білу керек. Соған жол таба білу керек. Осы позицияда еңбек етіп жатырмын.
- Бақытжан аға, 30-ға жуық кітабы жарық көрген сізден гөрі, ел ішінде бір кітабымен батыр Бауыржанның келіні қандай болатынын көпшілікке дәлелдеген, әрі оқырманға өзін жазушы ретінде танытқан жеңешеміз атақты секілді?..
- Кейде біреулердің «Зекең атақты болып кетті, көлеңкесінде қалып қойған жоқсыз ба?» деп қалжыңдайтындары бар. Атақта тұрған не бар? Ол май емес нанға жағып жейтін. Кімнің болса да табысына, жетістігіне тек қуану керек, егер ол адал, таза еңбекпен келген болса, кімге болса да игілігін көруге нәсіп етсін. Әкеміз айтушы еді, «атақтың қасында азап жүреді» деп. Атақты болғанның азабы көп...
Біз бір-бірімізді емеуріннен түсінеміз. Сонымен адам бақытты. Жалпы, адамның ең үлкен байлығы - жанында жақын жандардың, әсіресе, түсінетін жандардың көп болғандығында. Талайларды білеміз, қарым қатынастары жаттан да алыс.
Жеңешелерің бір қолжазбаны бітірді. Өзі ол еңбегін «Шуақты күндердің» жалғасы деп отыр. Мен ол ойымен келіспедім. «Бұл жеке бір кітаптың жүгін көтеріп тұрған дүние, сәтті шыққан еңбек» деп мақтадым.
- Оқып шықтыңыз ба?
- Иә, әр тарауын мұқият қарап шықтым. Жеңешелеріңді маған жолықтырғанын тағдырдың өте сәтті сыйы деп білемін Біздің үйде сенікі, менікі деген жоқ. «Біз - Біздікі» деген ұғым қалыптасқан. Бәрі бір бағытта жүреді, бір арнаға түскен отбасымыз. Көзқарасымыз бірдей. Бірден бәрі дөңгелеп кете қойған жоқ, бір қалыпқа түскенше қажалудай қажалды жеңешелерің. Адамдардың бірін-бірі түсінісуі оңай шаруа емес. Толық түсіністік орнықпаған отбасының берекесі де болмайды. Отбасы - шағын мемлекет. Сол үшін жеңешелеріңе ризамын. Ол да талай азап тартты. Құран оқыған сайын кешірім сұраймын.
- Бауыржан Момышұлы жайында жазған әр автор батыр бейнесін өздері таныған қырынан көрсетуге тырысты. Ал сіз еңбектеріңізде әкеңіздің абыздық қасиетіне ерекше тоқталасыз. Өмірі қайшылықтарға толы күрделі бейнені толық ашу мүмкін емес те шығар?
- Әкем жайлы жазатындар көп. Бір рет көргенінің өзін оны ғұмыр бақи білетін секілді естеліктер жазады кейде. Кейбір авторлар «Ананы қуып жіберіпті, мынаны боқтап жіберіпті» деген секілді ұсақ-түйек нәрсеге әуес. Оның астарына үңілмейді. Не себепті олай болған, оған мән бермейді, тіпті. Әкемнің сыртқы болмысын ғана суреттейтіндер жетерлік. Тамырларымыздан аққан нәрді түсінбегеннен кейін қиын болады. Әкеміз ғұмыр бойы ұлтын жан-тәнімен сүйіп, оның болашағына алаңдап өткен тұлға. Бір күні былай деді: «Дарвин маймылдан жаратылған, ал мен қасқырдан жаралғанмын!» Осылай бір ауыз сөзімен Дарвиннің эволюциясын жоққа шығарып отыр. Өйткені біздің киеміз көкбөрі болған ғой. «Соны ұмытпаңдар!» деген астар жатыр ойында.
Кез келген отырыста, кездесулерде жұрт менен әкем жайлы сұрайды. Ондай жағдайда «Өзіңіз әкеңіз жайлы не білесіз?» деп қарсы сауал қоямын. Көбінесе еститінім, «әкем совхоз директоры болған немесе парторг, министр» деген секілді әңгіме. Парторг, министр деген қызмет қой. Ал айналасындағылар оның жүрегін көре алды ма? Мәселе осында. Бауыржан аталарың айтқан еді кезінде: «Адамның бетін көру оңай, жүрегін көру қиын» деп. Соны көруге еңбек керек. Көре білер көз керек, сезіне білер сезім керек. Адамның ішкі әлемі шексіз, тұңғиық мұхит секілді. Мен оқырманыма кейіпкерімнің рухани әлемін кеңінен ашып көрсеткім келеді, жақсы жағын насихаттағым келеді. Оның өзге қызығар қасиетін алдыңғы планға алып шығуға тырысамын. Өз туындыларымен өзгені қызықтыра алса, онда жазушының мақсаты орындалғаны.
- Болашақта әке тақырыбына әлі талай оралатын боларсыз?
- Еңбектерімнің бәрінде әкемнің, анамның аты жүреді. Алайда жеке өзін бас кейіпкер етуге әлі толық дайын емес секілдімін. Бар болғаны маған осындай әке бергеніне тәубе деймін.
- Кезінде Батыр Бауыржанның баласы «орысша жазады» деп сынағандар да болған шығар?
- Орысша жазатыным ешкімге жасырын емес. Оған мен кінәлі емеспін. Аулада бірге ойнайтын достарым, мектебім, бәрі де орысша, орта солай болды. Алматыда ол кезде бар болғаны жалғыз қазақ мектебі. Анам «Лениншіл жас» газетінде терімші болып қызмет атқарды кезінде. Өте мейірімді, қолы ашық, дастарқаны мол кісі еді. «Лениншіл жастың» жас журналистері анамды туған апаларындай көретін. Үйге жиі келетінді. Мені туған бауырларындай еркелетті. Соны байқаған әкем, анама: «Осы балаларға есігің ашық болсын әрдайым. Мынаған аға болып жүрсін жігіттер» депті. «Лениншіл жастың» журналистерінің бәрін аға тұтып өстім, дегенмен шын мәніндегі өмірлік ағаларым болып қалған - Хайдолла аға Тілемісовтің, Кәкімжан аға Қазыбаевтың, Саттар аға Бөлдекбаевтардың орны ерекше. Бұл күндері бәрі де марқұм болды.
Ағаларым кезек-кезек мені театрға, спектакльдерге, операларға апаратын еді. Дина апамның концертіне барғаным әлі күнге жадымда. Опера театрының барлық репертуарын жатқа білетінмін. Каникулға шыққан кезде, достарымды ата-аналары Мәскеу, Ленинградты аралап қайтуға жіберіп жатса, мені әкемнің тапсырмасымен міндетті түрде ауылға аттандыратын. Іштей әкеме ренжитінмін сонда. Ол кезде әкемді түсінбеппін. Ауыл дегеніңіз қаймағы бұзылмаған ұлттық салт-дәстүр, наным-сенімнің қайнар бастауы емес пе! Тіл де, діл де осында. Содан әлі күнге әкеме де, анама да, ауылға да ризамын. Әкемнің көрегенділігіне таңғаламын осы күндері. Тамырым кесілсе де шабылмапты. Өзімнің ең бірінші рухани ұстазым - әкем деп білем әрдайым.
Өз басымнан өткергеннен кейін тіл білмегеннің жәйін жақсы түсінемін, қиын. Орысқа да біржола сіңіп кете алмайды, не толық қазақ болып та жарытпайды, қазақ та дүбәраны қабылдамайды.
- Ал енді қазіргі таңда немерелеріңіз қандай мектептерде оқып жүр?
- Ұлымыз Ержанды қазақ мектебіне берген кезімізде, таныстарымыз: «Бастық бола алмай қалады. Неге олай еттіңдер» деді. «Бастық болу - басты мақсат емес, ең бастысы - адам болғаны. Бастық болмаса болмай-ақ қойсын, қазақ болса болғаны» дедім. Ол мектепті алтын медальмен бітірді. Журналистиканы тәмамдаған Ержаным, кейін келе «папа, мен техникалық оқу орнына түскім келеді» деді. Содан Алматы энергетикалық институтын бітіріп, дипломын әкеліп көрсеткенде, анасы; «Балам, енді медициналық институтқа түссең қайтеді» деп қалжыңдады. Аллаға шүкір. Балам адал, таза азамат болып ержетті.
Құдаларым да адал, таза жандар. Келінім қызым секілді болып кетті.Үлкен немереміз физика-математика мектебінде оқиды. Озат оқушы. Математикаға бейімділігі бабасына тартқан. Қимыл-қозғалысына дейін аумайды әкемнен. Мінезі салмақты, есімі - Нұрсұлтан. Әкеміз алтын жұлдыз алып жатқанда, дүниеге келген Қайрат Сатыбалдының ұлының атын Нұрекең «Бауыржан» қойыпты. Біз содан тұңғыш немеремізге Нұрекеңнің есімін таңдадық. Ал екінші немереміз Мадияр - әжесінен аумайды. Аузы бір тыным таппайды. Әжелерің екеуіңнің батереяларың бітпейді деп мен күлемін. Өте бауырмал, көпшіл. Кіммен болса да тез арада тіл табысып кетеді. Биыл бірінші сыныпқа барды. Екеуі де қазақ мектебінде оқиды.
- Баукеңнің 100 жылдық мерейтойын бүкіл республика болып атап өткеніне де көп бола қойған жоқ. Бұл тойдың бір ерекшелігі - руханият жағына көп мән берілумен есте қалды. Осы той қарсаңында Баукеңе мәңгілік өшпейтін ескерткіш іспетті 30 томдығы жарық көрді. Оқырманның пікірі қандай?.
- 100 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы бір ғылыми орталық ашылып, естеліктерін, архивте бұрын-соңды жарияланбаған қолжазбаларын шығаруды жоспарлаған болатын. Оған да арнайы дайындық керек. Іштей рухани дәрежеге көтерілу керек. Әсіресе, әрбір материалға қатысты осы оқырманға керек пе, жоқ па, бұл естеліктің шығар мерзімі жетті ме, жетпеді ме деген мәселені алдын ала талдап, талқылап, зерде таразынан өткізе білу керек еді.
- Кешіріңіз, көп томдық көңіліңізден шықпады ма?
- Жоқ, шыққан жоқ. 30 том шығарды, көп нәрсені бүлдірген. Менің қолымда «Бауыржан Момышұлы архивінің заңды мұрагері» деген қағаз бар. Мемлекеттік архив ешкімге менің рұқсатымсыз бір жапырақ қағаз да бермейді. Алайда мен архивтен әкемнің қалаған қағаздарын алуға рұқсатымды бердім. Ресейде бұл заңның талаптарына аса жауапкершілікпен қарайды. Бізде оған онша мән бермейтін секілді, мұның өзі заңды дұрыс білмегеннің салдары. «Бәрі де оқырман үшін ғой, жақсы етіп шығарсыншы» деген оймен үйдегі архивті де бердік. Қысқасы, 30 томдыққа сүзгіден өтпеген дүниелер де еніп кеткен.
- Сіз саясатқа араласпайсыз, көпшілік алдына да көп шыға бермейсіз. Не себепті?
- Ешқандай саясатқа араласқан емеспін. Көппен бірге комсомол қатарына өткенім болмаса, жас кезімде де. Партияға өтуге ұсыныс түскенде, бас тартқан болатынмын. Құдайсыздығын жүрегі қабылдамады.
Жазушылар одағының басшылары айтады: «Бәке, сіз 50, 60 жылдығыңызды атап көрмедіңіз. Енді, міне - 70. Тағы да бас тартып отырсыз. Неге?» дейді.
Маған оның қажеті шамалы. «Көзі тірісінде естіп қалсыншы өзі жайлы не айтатынымызды» дегендей, сахнаның төріне отырғызып қойып, бірінен соң бірі іліп алып мақтағаннан не шығады. Құр босқа кеткен уақытқа обал. Оның орнына сол уақыттың ішінде бір бет болса да, жазу жазғаным пайдалы.
Кіндік қаным тамған жер - Алматы. Жазатыным да Алматы жайында. Әрине, өз көрген-білгеніңді, өмірден түйгеніңді жазасың. Біреулер ана бастықты, мына бастықты жамандайды, сынап жатады. Ешкімнің есігін ашып көрген жоқпын. Қай бастықтың қандай екенін де білмеймін. Теледидардан көріп, газеттен оқығанның бәріне сене беруім қиын. Жалпы, саясаттағы көп нәрсені түсінбеймін. Түсінбей тұрып жазғанның өзі - күнә.
«Сіздің жазғаныңыз біз үшін ескерткіш» дейді оқырмандарым. Иә, ол рас, кітап - мәңгілік ескерткіш. Айталық, әйгілі адамдардың қаланың кез келген бұрышында тұрған қоладан құйылған ескерткіштердін, тас мүсіндерін бір рет көру үшін адамдар іздеп барса, ал кітап - әр үйге оқырманын өзі іздеп келген ескерткіш. Әрдайым қасыңнан табылады, оның кереметтігінің өзі осында. Мысалы, мен әкемнің кітаптарын сағынғанда жиі қолыма аламын. Қайталап оқыған сайын қуаттана түсемін. Тағы бір қолыма қайта алғанша аялап орнына қоямын .
Мемлекеттік баспаларда кітап шығарудың бұрынғы тәртібінен еш жұрнақ қалмаған, қысқартып есті шығарады. Демеуші табылса, жекеменшік баспаларда шығарған тиімді, тиражыңды үйге әкеп береді.Оны мен автор ретінде мектептерге, колледждерге, оқу орындарына тегін таратамын. Жеке өз басым одан материалдық пайда көріп жатқан жоқпын.
Ақ қағаз күтіп жатқан секілді.Таң азаннан тұрып, құранымды оқып, сосын жұмысқа отырамын. Жұмыссыз, яки жазусыз өткен күнімді сызып тастауға әзірмін. Жаратқан Ием ғұмыр берсе, тағы бір оншақты кітапты дүниеге әкелсем бе деп ойлаймын. Мендегі арман әзірге осы.
Сұхбаттасқан Ұлбосын АЙТӨЛЕН
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=10252&Itemid=2