Сенбі, 23 Қараша 2024
2155 1 пікір 23 Наурыз, 2020 сағат 10:51

Ақтөбеде үш белсенді "төтенше жағдай режимін бұзды" деп қамалды

Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты алдында 18 наурыз күні билікке қарсы шараға қатысқан үш белсенді – Әлібек Молдин, Асылхан Жаубатыров, Айтжан Темірғазиев “төтенше жағдай режимін бұзды” деп айыпталып, он тәулікке қамалды.

Ал Қарагөз Башигулова мен Ақлима Туксикованың әрқайсына 26510 теңгеден айыппұл салынды. Шешімді 21 наурызда Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты шығарды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

“Бұл азаматтар Әкімшілік кодекстің 476-бабының 3-тармағы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша айып тағылған. Олар Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты ғимараты жанында 18 наурыз күні жиын өткізген. Осылайша Қазақстан президенті [Қасым-Жомарт Тоқаевтың] 15 наурыздағы төтенше жағдай жариялау туралы жарлығын іске асыру жөніндегі нұсқаулықты бұзды” деп жазылған облыстық соттың хабарламасында

Бұл ақпаратты Азаттыққа қамалғандардың бірі Әлібек Молдиннің әйелі Жадыра Нұғыманова да растады.

- Күйеуім Әлібек Молдин мен өзге де белсенділер 18 наурыз күні белсенді Асылхан Жаубатыровты ("Полицияның заңды талабына бағынбады" деп айыпталып, іс қозғалған. Сот отырысы кейінге қалды - ред.) қолдау үшін сотқа барған. Төтенше жағдай режиміне орай оларды сот ғимаратына кіргізбеген. Сыртта топтасып тұрған белсенділерді билік "төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыптап, қамап тастады, - дейді ол.

Жадыра Нұғыманова күйеуі Әлібек Молдин мен оның жақтастары сот алдында өздеріне тағылған айыпты мойындамағанын айтады.

Әлібек Молдин, Асылхан Жаубатыров, Айтжан Темірғазиев осыған дейін де бірнеше рет билікке қарсы наразылық шараларына қатысып, әкімшілік жазамен бірнеше рет қамалып шыққан.

15 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде коронавирус табылуына байланысты сақтық шарасы ретінде төтенше жағдай жариялаған. Елде адам жиналатын шаралардың барлығына тыйым салынған.

22 наурыз кешкі дерекке сай, Қазақстанда барлығы 60 адамға коронавирус жұқты.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485