Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 3775 7 пікір 27 Наурыз, 2020 сағат 11:23

Коронавирусты жеңу үшін ашық ақпарат қажет

Уикипедия мәліметтеріне жүгінсек 2019 жылы қазір әлемді құрсауға алып отырған коронавирустың 37 түрі тіркелген екен. Қазақстанда да басқа елдердегідей бұл індет күннен күнге өршіп отыр. Қазақта "ауруын жасырған өледі " деген ащы да болса анық шындық бар. Күнбе күнгі коронавирус туралы мәліметтерге көз салсақ құрғақ статистикалық деректерден басқа тұрғындарға қажетті ақпарат табу қиын. 

Қолды сабындап жуу, көшеге шығуды, қонаққа баруды шектеу, бетпердемен жүру сияқты тұмаумен ауырғанда қолданатын қарапайым ережелер баршамызға бұрыннан белгілі. "Ана облыста бүгін осынша ауру жұқтырғандар тіркелді, мына облыста осынша адам оқшауланды" деген бір сарынды хабарлар басқаларға қалай көрінетінін білмеймін, маған бұл егін орағы кезіндегі есепшілердің "бүгін осынша гектар алқаптың астығы орылды, осынша астық бастырылды" деген мәліметтерін еске түсіреді.

Мұндай статистикалық деректердің тұрғындарға қандай пайдасы бар? Ресми орындардан толық ақпарат болмаған жерде жалған ақпарат тарайды. Өйткені адам баласының табиғаты солай. Адам өзі үшін маңызды сұрақтарға жауап іздейді, жауап болмаса басқалардың желдей ескен қауесетіне құлақ түреді.

Әрине, қазіргі жағдайда елді дүрліктіретін жалған ақпаратқа қатаң тыйым салу керек. Мұның бірден бір жолы ресми дереккөздерден адамдарды алдын ала сақтандыру мақсатымен анық та қанық, әрі пайдалы ақпарат беру. Қазір ресми орындар Қазақстан Республикасы Қылмыстық істер кодексінің 5-бөліміндегі 147-бабындағы азаматтардың жеке басына қатысты мәліметтерді жарияламау талабына сүйене отырып, коронавируспен ауыратындардың аты-жөнін, мекенжайын құпия ұстауда. 

Сырт қарағанда бұл заң талабын орындау сияқты көрінеді. Бірақ дәл қазір індет жайылып, қоғамға қатер төніп тұрғанда Кеңес Одағындағы жабық қоғамдағыдай бәрін құпия сандыққа салып кілттеп тастау қаншалықты ақылға қонымды? Әрине, маскүнем, нашақор адамдар туралы мәліметтерді жариялаудың қажеті жоқ, өйткені бұл қоғамдық кесел, коронавирус сияқты жұқпалы ауру емес. Коронавирус сияқты індет жағдайында жеке бастың құпиялылық мүддесін, жалған этикалық, моральдық ұстанымды емес, халықтың денсаулығын жоғары қою керек.

Тұмау қоғамға соншалықты қауіпті кесел болмаса да тұмау жұқтырғанымызды басқалардан жасырмаймыз. Ал тұмау сияқты жұқпалы, тіпті халық үшін одан әлдеқайда қатерлі індетті неге жасырамыз? Ауру адам туралы ақпарат беріп, басқаларды неге аурудан сақтандырмаймыз?
Өзінің көршісінің ауру жұқтырғанынан да, оның кіммен араласқанынан да хабарсыз адам алаңсыз жүре береді, ауру жұқтырып алғанын да сезбейді. Содан ауру әрі қарай тала береді. Егер ресми орындар ауру адамды оқшауламастан бұрын оның аты-жөнін, мекенжайын ашық хабарлап, оның туыстары мен достарын, тұрғындарды алдын ала сақтандырса бұл індетті шектеуге болар еді.

Жақында Қазақстанда екі адамның коронавирустан айыққаны туралы хабар тарады. Бұл жағымды жаңалыққа қуанып қалдық. Алайда аурудан айыққандырдың кім екені, олардың мекенжайлары көрсетіліп, телеарналардан олармен сұхбат ұйымдастырылып, ауру кезінде қалай сезінгені, қандай шаралар қолданғаны, қандай дәрі-дәрмектер пайдаланғаны туралы айтылса халыққа пайдалы ақпарат болар еді ғой. Халық та, дәрігерлер де оларға ауруды жеңіуге не әсер еткенін, қандай дәрі көмектескенін білсе осы бағытта алға жылжуға пайдасы болар еді.
"Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа" дегендей жеке басқа қатысты мәліметтер туралы заң талабы Германия сияқты тәртібі қатал елдерде азаматтардың хұқын қорғаса, біз сияқты заңды да, тәртіпті де білмейтін, күн сайынғы той-думаннан жалықпайтын, ескертуге құлақ аспай көшелерде, базарларда жосылып жүретін халық үшін зиян ғана әкеледі.

Марат Ермұқанов

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402