Сенбі, 23 Қараша 2024
Аймақ 12686 22 пікір 27 Наурыз, 2020 сағат 12:31

Шыңжаң тағдырының шырғалаңға түсуі

Бүгінгі күндері Шыңжаң аталып кеткен Қытайдың солтүстік-батыс аумағының Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары ежілгі қалмақ қонысы болғанымен, кейіннен қалмақ елі қытайдан жеңіліп, аяусыз қырғын тапқан соң бұл аймақтарға біртіндеп қазақтар қоныс тепті. Сонау 1757-1758 жылдары осы аты аталған аймақтармен қоса қазіргі қытай еліндегі Жаркент, Қашғар қалаларын Цин империясы басып алды. Сондай-ақ 1760 жылы бұл орасан зор аймаққа «Синь-Цзян» (жаңа өлке) деген атау беріп, өздерінің территориясы ретінде иелене бастады.

Дегенмен, қытайлар қалалық ел болғандықтан бұл өңірлерге бірден келе қоймады. Ормандай қалын қалмақтың көнеден атақонысы болып келген Жоңғар Алатауының ұлан-байтақ арғы және бергі аумағы (сулы да нулы Жетісу өңірі, Іле өзенінің атырабы, қырғыз елінің көп бөлігі, Тарбағатай, Зайсан және Гүршім (Күршім) маңайы) біраз жылдарға иен қалды. 

Осынау шұрайлы аймақтардың бос қалғанын аңғарған қазақ жағы Абылай ханның көреген саясатының арқасында, Цин династиясымен келіссөздер жүргізіп, жылына 1000-дай арғымақ беру арқылы жаз жайлауына пайдалануға келісті. Келе-келе осы аты аталған құнарлы өңірлер қазақтың атамекеніне айналды. 

Ал тәуелсіздік жолында үздіксіз ұлт-азаттық күресін жүргізген ұйғыр халқы XVIII-XX ғасырларда тәуелсіздік үшін Қытайға қарсы 400-ден аса көтеріліс жасады. Әсіресе, XIX ғасырдың өне бойында үздіксіз ұйғыр қожалары басқарған көтерілістер көлемі мен саяси мақсаты жөнінен жойқын болды. Бірақ 1851 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы Құлжа келесімінен кейін өзара қарым-қатынасын жақсартқан екі империя онсыз да басы қосылмай жатқан Ұйғыр хандықтары мен сұлтандықтарын екі жақтан талай бастады. Ал 1864 жылдың 7 қазанындағы Ресей мен Цин империясы арасындағы Шәуешек келісімі бүтін отырған қазақ жұртын тұнғыш рет бөліске салды. Міне, осы кезден бастап «Ресей қазақтары» және «Қытай қазақтары» деген атау пайда болды. 1871 жылы Ресей империясының әскерлері Іле сұлтандығын басып алғанымен, 1879 жылғы Ливади келісімі бойынша ол аймақты Қытайға қайтарып берді. 1884 жылы Цин империясы ұйғырияға қайтадан «Синьцзян» деген атау берді.

Ресей патшасының 1916 жылғы атышулы жарлығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азияда болған ұлт-азаттық көтерлістерден кейін, патша өкіметінің жазалаушы әскерлерінен қашқан қазақтар мен басқа да түркі халықтар Шыңжанға өтіп, ол жердегі орыс эмигранттарының үлкен шоғырын құрады. Міне, осы кезеңнен бастап РК (б) ПОК Саяси бюросы Шыңжан мәселесін ерекше назарда ұстады. Шыңжандағы Қытай билігі де кеңестік Ресеймен жақсы қарым-қатынас жасауға мүдделі болды. Себебі Шыңжан экономикасында басты рөл атқаратын сыртқы сауда- саттықта Ресей негізгі басымдыққа ие болатын. 

1920 жылы Шыңжаң өкіметі Пекиннің келісімі бойынша Құлжаға кеңестік сауда-дипломатиялық миссиясын келіссөздерге шақырды. Соның нәтижесінде, 1920 жылы 27 мамырда Құлжа қаласында Шыңжаң мен кеңестік Ресей арасындағы сауданы реттеп отыратын кеңестік агенттікті ашу жөніндегі Іле келісімі жасалды. Келісім бойынша екіжақты сауда Қорғас арқылы өтетін жалғыз жолмен жасалатын болды. Міне, осы кезден бастап, ШҰАР билігі Кеңестік Ресейдің айтқанын істеп, Шыңжаңға шоғырланған ақгвардияшылардың негізгі ошағын жоюға көмектесті. Олардың А.И.Дутов, Б.В.Аненков, Н.А.Денисов сияқты басшыларының көзі жойылды. Екі ел арасында аса үлкен маңызға ие болған керуен саудасы орнады. Кеңес мемлекетінен Шыңжаңға қант, сіріңке, мұнай өнімдері, маталар, жіптер, темір мен шойыннан жасалған бұйымдар, ыдыс-аяқ және т.б. шығарылса, ол жақтан былғары, тері, жүн, өңделмеген жібек, мақта, шай, темекі, жылқы, ірі қарамал, кепкен жеміс-жидектер тасымалданды. 1926 жылы екіжақты сауда 1913 жылғы деңгейге жетсе, 1929 жылы ол деңгейден 63,2 пайызға асып кетті.

Кеңес Одағы басшылығының XX ғасырдың 30-жылдарында Шыңжаңға қатысты қабылдаған шешімдеріне қарап, Шыңжыңның толықтай ҚСРО дотациясына көшкенін көруге болады. Әсіресе, 1933 жылы ақгвардияшылардың көмегімен Шыңжаң билігіне келген Шын Шицайдың кезінде Кеңес - ШҰАР қарым-қатынасы ерекше қарқынмен дамыды, 1933 жылдың тамызы күні өткен БК (б) ПОК Саяси бюросының мәжілісінде Шыңжаң экономикасын дамыту жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылданды. Саяси бюро Шыңжаңға 4 пайыз жылдық өсіммен 5 млн алтын рубль қарыз беріп, оны алтын, қалайы, тері, жүн және т.б. тауарлар арқылы қайтаруды міндеттеді. 

Шыңжаң билігінің жетекшісі Шын Шицайдың И.В.Сталинге жазған хаттарында, оның шексіз жағымпаздығы мен «көпшік» бола білерлік қабілетінің кереметтігіне тәнті боласыз. Оның хаттары «Менің ең сенімді жолбасшыларым Сталин, Молотов, Ворошилов...» деп басталып, «Марксизм-ленинизмге және Сталинге берілген және Сіздің нұсқауларыңызды жүзеге асырушы Шын Шицай» деп аяқталады екен. Екінші жағынан, Саяси бюро Шыңжаңдағы антикеңестік элементтердің көзін жою кезінде осы Шын Шицайдың көмегіне жүгінді. Жергілікті мұсылман халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын басуда асқан қатігездігі және аярлығымен көзге түскен Шын Шицай ҚСРО басшылығының қолтығына кіре отырып, өзінің Шыңжаңдағы саяси билігін нығайтты. ҚСРО отызыншы жылдардың екінші жартысында Шыңжаңның экономикасын толық монополиялап, тіпті жергілікті валютаның курсына әсер ете бастады. Сонау 1933 жылдың жазында Сәбит Дамолла және Мұхаммед Эмин Бұғра басшылығымен құрылған Шығыс Түркістан Ислам Республикасының өзі ақгвардиялық әскерлердің киімін киген ОГПУ-дың 13-ші Алматы полкы мен 10-шы Ташкент полкы әскери қызметкерлерінің күшімен талқандалды.

Осындай жағдайда, жергілікті қытайлық билік өкілдерінің өзі Шыңжаңның ҚСРО-ға қосылуы туралы мәселені бірнеше рет көтереді. XX ғасырдың 30 жылдарының өне бойында И.В.Сталиннің қолтығына кіріп, кеңестік саясаттың қолжаулығына айналған Шыңжаң дубаны Шын Шицай 1942-43 жылдары ашық антикеңестік бағыт ұстап, император Чан Кайши билігін қолдай бастайды. Шын Шицайдың осындай саясатынан кейін, Кеңес Одағы бұған арнайы шешім қабылдауға мәжбір болады. Л.П.Берия, С.Круглов, В.Абакумовтың Сталинге жолдаған баянхатында, осы шешімді орындау үшін Шыңжаң өлкесіне жасырын түрде арнайы адамдар жіберіліп, қытайларға қарсы көтеріліс ұйымдастыру жұмысының қарқынды жүріп жатқандығы айтылады.

Міне осы ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмысының нәтижесінде – Алтай, Тарбағатай және Іле аймақтарының қазақтары көтеріліс жасап (Оспан батыр көтерілісі) Шыңжаңдағы қытай жасақтарын талқандайды (ескертеріміз, ұйымдастырумен қатар, көтерілісті толықтай қару-жарақпен және оқ-дәрімен Кеңес Одағы қамтамасыз еткен). Сөйтіп, 1944 жылдың 7 қарашасында Құлжа қаласында Шығыс Түркістан республикасы құрылады. Дегенмен, осы арада біздің таратып айтарымыз; - Шыңжаңда, өз уақытында ұйғырлардың күшімен 1933 жылы Шығыс Түркістан Ислам республикасы құрылса және Сталиндік биліктің қолдауымен және ұйымдастыруымен Оспан батыр жасаған көтерілістің арқасында Шығыс Түркістан республикасы құрылған болатың. Біздің тағы бір айтарымыз, кезінде осы қытайлық император Чан Кайши үкіметіне қарсы орыстар өз уақытында Монғол республикасын ұйымдастырса, кейіннен осы Шығыс Түркістан республикасын дүниеге келтіреді. Сол кездердегі құжатты деректерге қарасаң, Кеңес билігінің жоспарында Маньчжурияның орталығы Харбин қаласы қылып, тағы бір дербес республика құру межеленген екен. Сөйтіп, Чан Кайши басқарған елді мұхитқа қарай итеріп тастамақ болған (кезінде Ф.Э.Дзержинскийдің мемлекеттік қауыпсіздік коммитетіне кіргізген, іштен шалу, талқандау теориясы).

Бірақ, Қытайдың комунистік партиясының жетекшісі Мао Цзедун бастаған армия Чан Кайши үкіметін талқандап, бүкіл қытайлық билікті өз қолына алады. Осы орайда, 1945 жылы Мао Цзедун мен Сталиндік билік келісім шартқа отырып, өзара достық қарым-қатынас орнатады. Бұдан әрі орыстарға Шығыс Түркістан республикасы керексіз болып қалады. Кезінде өздері ұйымдастырған Монғол және Шығыс Түркістан республикасының біреуін қытайларға жығып беру керек болды. Ақыры, кейіннен ұйымдастырылған Шығыс Түркістан республикасын талқандау үшін қытайларға ерік береді. Ал, Монғол республикасы Чойбалсанның (Монғол партиясының жетекшісі) орыстарға қайта-қайта келіп өтініш жасауының арқасында сақталынып қалды (Монғол басшысы Сталинге кіре алмай, Молотов кабинетінде өкпесін білдіріп, көзіне жас алып отырып алған екен). Мао Цзедун бұл республиканы да өз елінің құрамына кіргізуге И.В.Сталинге талай рет өтініш жасаған болатын. Сөйтіп, кеңестік И.В.Сталин басқарған Саяси бюро Шыңжаң мұсылмандарының тағдырымен ойнап, өздері құрған мемлекетті өз қолдарымен тұншықтырды. Міне, Кеңестер Одағы Саяси бюросының Шыңжаңға қатысты осындай шешімдері өрескел саяси қателік болды. 

1953 жылы И.В.Сталиннің орнына келген Н.С.Хрущев тобы 1956 жылы өткен партияның XX съезінде «жеке басқа табынушылықты» айыптады. Міне, осы кезден бастап КСРО мен ҚХР билігі арасына жік түсіп, салқындық пайда болды. Осының барлығы Шыңжаңдағы мұсылман тұрғындарының жағдайына орасан зор кері әсерін тигізді. Қалай деп айтсақта, осы өлкедегі түркі – мұсылман елдерінің сонау 1944 жылы қол жеткізген саяси тәуелсіздігі өз бесігінде тұншықтырылды. Ал енді, Монғол елі Сталин мен Молотовтың көңіл жықпастығының арқасында қытайға қосылудан әзерге аман қалса, Шығыс Түркістан республикасы және оның түркілері кеңес билігінің қытайларға рұқсат беруімен азаттығынан мәнгілік айырылып, шүршіт елінің құрамына қосылды.

Бейсенғазы Ұлықбек

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402