Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 3114 0 пікір 10 Қазан, 2011 сағат 05:48

Аягүл МАНТАЕВА. Мәдени экспансия алаңында – қазақ киносы

Жаһандану ғасырында біз «рухани аштығымыздың» орнын ұлтттық фильммен, толтыруға тиіс едік.  Бүгінде көркем шығарма оқымайтын оқырманның ықыласы «көк жәшікке» ауып кеткен. Олар кітап оқуға ынта танытпаса да, кино көруге уақыт табады. Батыстың эротикалық, атыс-шабыс, қантөгіс фильмдерінен шаршаған қазақты ұлттық киномыз құтқаруға тиіс еді.  Бірақ... қоғамда  «Қазақфильм» түсіріп жатқан фильмдерге қатысты дау-дамай көп. «Жас қазақтың» конференциясында бас қосқан киномамандар бүгінгі қазақ киносы туралы ой өрбітті. 

Жас қазақ: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кино саласына көңіл бөлінбегені рас. Сол уақытта режиссерлер «кино түсірейік десек, ақша жоқ» деп қынжылатын. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан киноға деген бетбұрыс байқалады. Бірақ, баспасөз беттерінде хаттары жарияланып жатқан  көрермендердің пікірінше, көркем құбылысқа айналған кино жоқ. Неге?

Рүстем Әбдірашев: Сол бір қиын кезде де жанкешті режиссерлер кино түсірді. Жақсы кинокартиналар жарық көрді. «Көркемдік құбылысқа айналған фильм жоқ» деген пікірмен мүлдем келіспеймін.

Жаһандану ғасырында біз «рухани аштығымыздың» орнын ұлтттық фильммен, толтыруға тиіс едік.  Бүгінде көркем шығарма оқымайтын оқырманның ықыласы «көк жәшікке» ауып кеткен. Олар кітап оқуға ынта танытпаса да, кино көруге уақыт табады. Батыстың эротикалық, атыс-шабыс, қантөгіс фильмдерінен шаршаған қазақты ұлттық киномыз құтқаруға тиіс еді.  Бірақ... қоғамда  «Қазақфильм» түсіріп жатқан фильмдерге қатысты дау-дамай көп. «Жас қазақтың» конференциясында бас қосқан киномамандар бүгінгі қазақ киносы туралы ой өрбітті. 

Жас қазақ: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кино саласына көңіл бөлінбегені рас. Сол уақытта режиссерлер «кино түсірейік десек, ақша жоқ» деп қынжылатын. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан киноға деген бетбұрыс байқалады. Бірақ, баспасөз беттерінде хаттары жарияланып жатқан  көрермендердің пікірінше, көркем құбылысқа айналған кино жоқ. Неге?

Рүстем Әбдірашев: Сол бір қиын кезде де жанкешті режиссерлер кино түсірді. Жақсы кинокартиналар жарық көрді. «Көркемдік құбылысқа айналған фильм жоқ» деген пікірмен мүлдем келіспеймін.

Сатыбалды Нарымбетов: Құбылысқа айналған қазақ киносы жоқ?.. Осы пікірді айтатын көрермен қай ұлттың, қай режиссердің киносын «құбылыс» деп бағалайды екен? Жыл сайын халықаралық кинофестивальдерге кем дегенде, екі фильміміз қатысып, жүлделі орын алады. Менің көзқарасымша, дүниежүзінде қазақ киносына деген ынтызарлық бар. Бұрын әлем қазақ киносы түгілі, Қазақстанды білмейтін. Халықаралық кинофестивальде топ жарып, жүлделі орын алып жатқан фильмдеріміз аз емес. Серік Апырымов, Дәрежан Өмірбаев, Ардақ Әмірқұлов, т.б. режиссерлердің фильмі талай халықаралық кинофестивальге қатысып, қоржынын толтырып қайтты. Жәнібек Жетіруовтың «Дүниежарығы»  он беске жуық кинофестивальде жүлделі орынды иеленді. Өкінішке қарай, олардың жүлде алған фильмі елімізде кеңінен көрсетілмеді. Себебі, сол баяғы кинопрокат мәселесі.

Рүстем Әбдірашев: Экономикалық дағдарыс кезінде фабрикалар мен зауыт­тар бірінен соң бірі жабылып жатты. Қазақстан әлемдік нарыққа өнімдерін шығара алмай жатқан кезде режиссерлеріміз халықаралық кинофестивальдерге қатысып, қанжығасы майланып келетін. Құбылысқа айналған қазақ киносы дүниежүзіне тарап жатыр.  Өкінішке қарай, елімізде қазақ киносының жетістігін ешкімнің көргісі де, білгісі де келмейді.

Дидар Амантай: «Қазақфильм» көп жанрлы киноөндірісін қолдап отыр. Оның ішінде авторлық кинодан бастап, жанрлық киноның түр-түрін қамтуда. Көркем фильмге ғана емес, анимациялық және деректі фильмдерге де баса назар аударып отырмыз. 2008 жылға дейінгі Қазақстан киноиндустриясының жағдайын білесіз бе? Қазақстан кино прокатының жетпіс пайызы голливудтық және батыстық фильмдер меншіктеген, ал жиырма бес пайызы Ресей фильмдерінің үлесінде болатын. Сонда қалған бес пайызы ғана қазақ киносының үлесіне тиетін. 2010 жылы Қазақстан кино прокатының он пайызынан астамын иелендік. Айналасы екі-үш жылдың ішінде осындай көрсеткішті иеленуіміз, меніңше, жақсылықтың нышаны. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде «Қазақфильм» үлкен жобаларды қолға алды.
Анкара кинофестивалінде өзбектің режиссерлерімен пікірлестім. Олар «қазақ киносының көркемдік сапасы өте жоғары» деп мақтап жатты. Мына отырған Рүстем Әбдірашевтың «Балалық шағымның аспаны» фильмінің көркемдік деңгейін жоғары бағалаймын. Биыл «Қазақфильм» көрерменге ұсынған  төрт кинокартина да көрерменді бейтарап қалдырмады. Ақан Сатаевтың «Баскесері» кассалық фильм болды. Сләмбек Тәуекелдің «Жерұйығы»  - қазақтың тағдырын көрсеткен фильм. Бұл фильмде басты рөлді Болат Әбділманов сомдады. Жаңа фильмдердің ішіндегі ең үздік ер адам бейнесін Болат жасады. Міне, «құбылыс» алдыңда отыр.

Болат Әбділманов: Қоғамда осыдан  он бес-жиырма жыл бұрын «қазақ киносы жоқ» деген пікір қалыптасты. Сол көзқарас әлі өзгерген жоқ. Кейбіреу­лер, тіпті кинотеатрда жүріп жатқан қазақ киносын көрмей-ақ, сол фильм туралы пікір айтады. Қызық. Кино - үнемі қозғалыстағы өнер. Ол дамиды, тоқырайды... құлдырайды, қайта дамиды... Бүгінгі көрермен тамсанып көретін, құбылыс ретінде бағалаған ескі фильмнің өзін кезінде сынап, жоққа шығарған.   
Жас қазақ: Сонда «Келін» мен «Махаббат тәлкегі» «құбылыс» па? «Болмысты жалаңаштаған» киноға қарсы қазақтың ұлттық фильмге сусағаны байқалады. Ұлттық фильм түсіруге не кедергі?

Дидар Амантай: Рүстем Әбдірашевтың түсірген кинокартиналарын «ұлттық фильм емес» деп кім айтады? Сләмбек Тәуекелдің «Жерұйығын» «ұлттық фильм емес» деп кім айтады?

Жас қазақ: Қазақ киносы өз көрерменіне жете бермейтін секілді. Режиссерлер осыдан жиырма жыл бұрын «кинотеатр қазақ киносын көрсетпейді, көрсетуге қыруар қаржы сұрайды» деуші еді.  Әлі сол әңгіме. Қазақ елінде, өз жерімізде өмір сүріп отырып, неге бұл мәселені шеше алмаймыз? Әлде, киногерлердің ауызбіршілігі, болмаса, рухы әлсіз бе?

Дидар Амантай: 2009 жылдан бастап  «Қазақфильм» түсірген фильмдер  кинотеатрдан да, телеарнадан да көрсетіле бастады. Рүстемнің «Балалық шағымның аспаны» фильмінің тұсаукесері Астана мен Алматыда болды. Астанадағы тұсаукесеріне Елбасы келіп, көрді. «Балалық шағымның аспаны», «Жерұйық», «Баскесері» лентасы облыс, аудан орталықтарындағы кинотеатрда көрсетілді.

Рүстем Әбдірашев: Мен тек қана кино түсірумен айналысам. Киномды прокатқа шығару - менің шаруам емес. Бірде прокатшылармен кездесу өтті. Сонда бір әйел: «Қазақ тілінде қазақтың киносы жүріп жатса, ешкім келмейді. Қазақтың киносын көрсетудің қажеті қанша?» - деді. Осындай сөздерді естігенде ашу-ызаң келеді. Еліміздегі қазақ тілінің қолдану аясын өзіңіз де білесіз ғой. Қазақстандағы прокат мәселесімен айналысып жүрген адамдарға қазақтың киносы керек емес. Олардың арасында қазақтың тілін, қазақтың киносын қорғайтын адам жоқ. Басқа ұлттың адамы қазақтың тілі мен киносын қайтсін? Шынында да, кинотеатрға ұлттық киноны іздеп баратын көрермен көп емес. Халқымыздың саны аз және қазақ тілін білмейтін қазақ қаншама?! Қазақ киносы көбінесе, пайда таппақ түгілі, кеткен шығынын да жаба алмайды. Соңғы жылдары бір-екі режиссер ғана шығынын жабуға күш салды. Кәмпит, сусабынды жарнама­лаған секілді қазақ киносына да пиар жасау қажет. Оған арнайы қаржы бөлу керек. Түкке тұрмайтын фильм прокаттан әжептәуір пайда тауып жатса, әсте таңғалуға болмайды. Себебі, олар жарнамасын жақсы жасайды. Голливуд фильм­інің бәрі шедевр емес. Олар кино түсіруді қолға алғаннан бастап, жарнамасын жасауға кіріседі. Технологиясы бұрыннан қалыптасқан. Егер менің фильмім халыққа жетпей жатса, бұл мәселеде мені кінәлай алмайсыз.

Жас қазақ: Ана дүниеге әкелген баласын «мен туарын тудым, енді сендер асырап-бағыңдар», - деп көршісіне бере салмайды. (Баласын тастап кететін тасжүрек әйелдерді айтпағанда) Сіздер киноңыздың көрсетілуін  тиісті орындардан талап етуге тиіссіздер ғой?

Сатыбалды Нарымбетов: Прокат жүйесі басқа мәселе. Сен әңгімелеріңді  жаздың, кітабыңды шығардың, оны өзің сатып жүрмейсің ғой. Әлде, сатасың ба? Бұл мәселемен сенің кітабыңды шығарған баспа айналысады. Біз, режиссерлер прокат мәселесімен айналыспаймыз.

Рүстем Әбдірашев: Кеңестік кезеңде прокат жайы соншалықты түйінді мәселе емес еді. Себебі, прокатпен айналысатын ұйым болатын. Оған бюджеттен арнайы қаржы бөлінетін. Енді-енді есімізді жиып, барымыз бен жоғымызды түгендей бастадық. Бүгінде «Қазақфильм» прокат мәселесін де өзінің мойнына алды. Киностудия фильм түсіре ме, әлде прокатпен айналыса ма? Менің жеке көзқарасым бойынша, прокат мәселесін түбегейлі шешуге күш-қуаты жете қоймайды. Мемлекет тарапынан ұлттық прокатты ұйымдастыру керек. Бұған Мәдениет министрлігі ұйытқы болуы тиіс. Оның атауын «Еуразия» дей ме, әлде «Бәйтерек» дей ме, білмеймін, ұлттық киноның прокатымен айналысатын ұйым болуы керек.
Бүгінде кинотеатрдың бәрі - жекеменшік. Егер зерттесеңіз, алпыс-жетпіс пайыз акциясы америкалықтардың үлесінде болып шығады. Қазақ режиссерінің фильмі көрсетілсе, сатылған билеттен түскен пайданың жартысын, тіпті қырық пайызын ғана алуы мүмкін. Ұлттық прокат ұйымын құрмай, бұл мәселе шешілмейді. Себебі, әлдекімдерге кіріптармыз. Өзінің дүкені болмаған жан біреудің дүкеніне өнімін апарып, «сатып берші» десе, дүкенші қалай қабылдайды? Міне, біздің жайымыз да осындай.
Дағдарыс Ресей киносына кері әсерін тигізбей қоймады. Орыстар да киносына кеткен шығынның жиырма пайызын да қайтара алмай, айтысып-тартысып жатыр. Олар да кинотеатр арқылы орыс киносын көрерменге жеткізе алмай отыр. Себебі, Голливуд фильмдерінің артында тұрған күш Ресей прокатын сатып алған. Соның ішінде біздің Қазақстан да бар. Оларға қарсы тұру үшін көп қаражат керек. Бұл да бір «рухани соғыс ойыны» ғой. Бұл қатерлі ойынға қарсы «Қазақфильм» жұмыс жасап жатыр, құдайға шүкір.

Сатыбалды Нарымбетов: Кеңес үкіметімен бірге кинопрокат пен киностудияның одағы да «өлді». Қазір «Қазақфильм» АҚ-ның президенті Ермек Аманшаев кинопрокатты қайта жандандырып жатыр. Бүгінде қазақ киносы кинотеатрға «тәуелді». Кинотеатрға бүгін барып, афишаларын көрші, қазақ киносы жоқ. Жаңа фильмдеріміз кинотеатрда бүгін жүреді, ертең жүреді, ал арғы күні көрсетпейді. Себебін сұрасаң, «көрермен келмейді» дейді. Жай айта салған сөз. Шын мәнінде, кинотеатрдың қожайыны қазақ киносын көрсетуге ынта танытпайды. Голливудта бүгін премьерасы өткен фильм бір жетіден соң Алматы кинотеатрында жүреді. Голливудтың дүниежүзінің барлық мемлекетінде штабы бар. Солар жүйелі түрде Голливуд фильмін насихаттаумен айналысады.

Болат Әбділманов: Кинотеатрды сатып алған адамдардың мақсаты не? Ақша табу, баю. Меніңше, кинотеатрдың бәрі қайтадан мемлекет иелігіне көшуі керек. Сонда бюджеттен қаржы бөлініп, түсірілген фильмнің көрсетілуіне де үкіметтің өзі демеуші болып, кинотеатрда жүрер еді.

Жас қазақ: Франция мен Кореяда шетел фильмін көрсеткені үшін телеарна мен  кинотеатр қыруар салық төлейді. Олар өздерінің киносын насихаттайды. Біріншіден, ұлтжандылық, ұлттық киноға деген сүйіспен­шілік, ұлт режиссеріне деген құрмет. Екіншіден, киноға кеткен шығынды жауып, пайда табу. Үшіншіден, ұлттық киносын әлемдік деңгейге көтеру.

Рүстем Әбдірашев: Дұрыс айтасыз. Біздің елімізде, Ресейде  америка­лықтар киносын көрсетіп, шаш етектен пайдаға кенеліп жатыр. Ал, Францияда керісінше, олардың фильмі француз киносының дамуына «қызмет» етіп жатыр. Американ­дық режиссердің киносынан түскен қаржының елу пайызы  авторға берілсе, қырық пайызы  француз киносының дамуына жұмсалады. Біздің елде шетел фильмдеріне сатылатын билет құны мың теңге тұрса, оның төрт жүз теңгесі қазақ киносының дамуына жұмсалуы керек. Біз облыс орталықтарынан, аудандар мен елді мекендерден кинотеатр ашуға тиіспіз. Сонда ғана қазақ киносының көрерменге жетуіне жол ашылады.

Сатыбалды Нарымбетов: Франция, Корея, Қытай және Үндістан ұлттық фильмдеріне квота бөледі. Француз режиссері телеарнадан Американың фильмі көрсетіліп жатса, қол шапалақтайды.  Себебі, шетел фильмдерінен  француздың ұлттық киносын дамытуға үлкен табыс түседі. Жыл сайын 250 миллион доллар пайда табады екен. Біздің еліміздегі кинотеатрлар, мейлі жекеменшік бола берсін, бірақ француз билігі секілді біздің билік те талап қоюы керек. Кинотеатр басшыларына «Сіз Қазақстанның азаматы болсаңыз, ұлттың, ұлт киносының жанашыры болыңыз, кинотеатрда көрсетілетін әрбір шетел фильмінен түскен табыстың мынанша пайызын қазақ киносына аударуыңыз керек»,  - деп бұл мәселені шешуге тиіс. Телеарналар режиссерге көк тиын да төлемейді. «Қазақфильм» телеарналарға киносын, тіпті тегін беріп жатыр деп те айтуға болады...

Жас қазақ: Отандық телеарналар шетелдің фильмдерін сатып алады ғой?..
Сатыбалды Нарымбетов: Иә, сатып алады. Түріктің де, кәрістің де сериалын сатып алып жатыр. Құрығанда, шетелдің ең арзанға сатып алған киносының ақшасын қазақ киносына берсе екен. Атты баптап, жаратып, оны бәйгеге қоспасаң, не істейсің? Сойып жейсің, болмаса, сатасың. Көрермен «қазақ режиссері киносын шетелде өтетін кинофестивальге қатысу үшін түсіреді», - деген пікір айтады. Фильміңді кинотеатр, телеарна жүйелі түрде көрсетпесе, олар халықаралық кинофестивальге қатыспағанда, не істейді?!

Болат Әбділманов: Ұлттық фильмдерді кинотеатрлар мен телеарналарда жиі көрсетіп, жүйелі түрде насихаттау керек. Отандық телеарна қазақ киносын көрермен қалың ұйқыда жатқанда көрсетеді. Өткенде ауылға бардым. Ауыл тұрғын­дарымен қазақ киносы туралы пікірлестім. Олар да телеарнада қазақ киносы­ның көрсетілу уақытына ренішін білдірді. Мал бағып, егін егіп, жан баққан ауыл тұрғындарының көпшілігі түнгі онда ұйықтайды.

Жас қазақ: Біздің елімізде жыл сайын тұрақты түрде «Еуразия» және «Шәкен жұлдыздары» атты екі кинофестиваль  өтеді. «Еуразия» кинофести­валінің мәртебесін асқақтату мақсатында арысы Америкадан, берісі Ресейден киножұлдыздар шақырамыз. «Шәкен жұлдыздары» кинофестиваліне шақырылатын қонақтар да осал емес. Бұл кинофестивальдер қазақ киносының танылуына, дамуына қаншалықты үлес қосып жатыр? Әлде, ақшаны оңды-солды шашу ма? Жалпы, ұтқанымыз бен ұтылғанымыздың арасалмағы қандай?

Рүстем Әбдірашев: Бізге бұл екі кинофестиваль де қажет. Сіз айтқандай, «ақшаны оңды-солды шашып» жатқанымыз жоқ. Кинофестивальде көрсетілетін фильмдерді телеарнадан көре алмауың мүмкін. «Еуразия» кинофестиваліне қаншама ұлттың киносы қатысты. Мысалы, Румыния мен Иран киносынан бұл елдердің бет-бейнесін ғана емес, бүгінгі жағдайын көрдік. Кино дегеніміз - идеология. Елімізде өтіп жатқан кинофестивальдің жас режиссерге, Өнер академиясында білім алып жатқан болашақ киногерлерге берері көп. Бүгінгі жас режиссер­дің бір кемшілігі: олар Батыс режиссеріне еліктейді. Олар үшін нағыз кино дегеніміз - Голливудтың фильмдері. Шын мәнінде, Голливуд режиссерлері ең бірінші кезекте өнер жасауды емес, ақша табуды көздейді. Олар «менің фильмім халықты рухани тұрғыда байыта ма?» деген сауалға бас қатырмайды. Қырғызстанның бүгінгі жағдайы бәрімізге белгілі. Қанша қиын болса да, режиссерлері кино түсіріп, ізденіп жатыр. Олар да көштен қалғысы жоқ. Фестивальге әкелген фильмдері тәп-тәуір. Қалай десек те, қазақ үкіметі жас режиссердің кино түсіруіне қолдау жасап жатыр. Жастарға ренішім: олар осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмауда.

Болат Әбділманов: Тәуелсіз  Қазақстан үшін екі кинофестиваль артық емес. Елімізде өтіп жатқан кинофести­валь­дер қазақ киносының танылуына, қажет десеңіз, дамуына тигізетін әсерін жоққа шығаруға болмайды. Өз басым, әрбір қазақ киносынан ұлттың болмысын, рухын іздеймін. Сол секілді  елімізде өтетін кез келген фестивальден ұлттық нақышты іздеймін. Кинофестивальді ұйымдастырушылар осы жағын ескерсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Дидар Амантай: Қойып отырған сауалыңыздың өзі қызық. Елімізде жыл сайын қаншама мүшәйра, қаншама айтыс өтеді. Сіздіңше, олар не үшін өтеді? Мүшәйраның саны көп емес пе? Сіздің логикаңыз бойынша, онда мүшәйраны да қысқартайық.
Жас қазақ: Меніңше, қазақ ақындары арасында өткізіліп жатқан мүшәйра мен халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан кинофестивальді салыстыруға болмайды. Кинофестивальді өткізуге жұмсалып жатқан қаржының мүшәйра өткізуге бес пайызы ғана жұмсалады.

Дидар Амантай: Оны кім есептеді? Есепті қайдан алдыңыз? Жылына бәленбай машина мінетін ақындарымыз бар. Сол не, жаман ба? Жақсы емес пе! Қазақтың актері де, ақыны да бай болсын. Киномен айналыстың  ба, оған қыруар қаржы жұмсауға дайын болуға тиіссің. Кино түсіруге, оны насихаттауға ақша шығарғымыз келмесе, онда кино түсіруді тоқтатайық.

Жас қазақ: Өнерде үйсіз-күйсіз, пәтерден-пәтерге көшіп,  қаншама жастар жүр. Бұл екі кинофестивальдің қазаққа, қазақ киносына берері болса, әрине, біз қуанамыз. Ал егер ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болса, халықтың ақшасын оңды-солды шашпай, талантты жастарға шәкіртақы тағайындау керек. (Әлеуметтік мәселе шаршатқан жастан не талап етуге болады? Ештеңе). Олар жақсы фильм түсіріп жатса, қазақ киносының дамығаны сол емес пе?! Беделді  халықаралық кинофестивальге  қатысып, жүлделі орын алып жатса, қазақ киносының танылғаны сол емес пе?! Енді сіз менің сауалыма жауап беріңізші. «Еуразияға» шақырылған шетел жұлдыздарына қанша көлемде қаламақы төлейсіздер?

Дидар Амантай: Сіздің логикаңыз бойынша былай, мұқият тыңдаңыз. Айтысқа, мүшәйраға жыл сайын, ай сайын қыруар ақша шашқанша, қымбат көлік таратқанша, қаншама ақын-жазушымыз, ұлттық жорналшымыз үйсіз-күйсіз жүр, одан да сол қаражатқа оларға пәтер алып бермейміз бе?! Одан да сол қаражаттан ұлтқа жанашыр студенттерге шәкіртақы тағайындамаймыз ба?! Шынымен, ғимаратты жалдауға кеткен, айтысты ұйымдастыруға кеткен, жалпы, мүшәйраға бөлінген қаражатты жастарға бөліп, оларға бір-бір үй әперейік. Сонда, айтшы, осындай логика бола ма?   
Жалпы, «Қазақстанда көп кинофестиваль өткізу қажет пе?», - деген сөзді құлағымыз жиі шалып қалады. Бұл пікірді айтудың өзін - қазақ киногеріне, қазақ киносына жасаған қиянат деп есептеймін. Тіпті қылмыспен пара-пар. Қазақстанда өтетін кинофестивальде жекеменшік киностудиялардың еңбегі көрінеді. Олар өздері ақша тауып, қарызға батып, кино түсіреді. «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде жекеменшік студиясының «Мент» атты фильмі орын алды. «Қазақфильм» өз тарапынан бұл киностудияға сыйлық жасады. Олар келер жылы «Қазақфильмде» қысқаметражды кино түсіреді. Қазақ киносы ең бірінші Қазақстанда өтетін кинофестивальде көрінеді. Содан соң жүлделі орын алған фильмдер сұрыпталып, халықаралық кинофестивальге жолдама алады. Шетелден келген киногер қазақ режиссерлерін өз елінде өтетін кинофестивальдерге шақырады. Бұл жетістік пе? Жетістік. Қысқасы, «Еуразия» мен «Шәкен жұлдыздары» қазақ киносының жолын ашады.

Рүстем Әбдірашев: Бұл кинофестивальдер белгілі бір дәрежеде қазақ киносын насихаттап жатыр. Қазақстанның имиджі әлемде мұнайы арқылы емес, киносы мен әдебиеті арқылы көтеріледі.

Сатыбалды Нарымбетов: Құдайға шүкір, бүгінде қазақ киносына көрермен бет бұра бастады. Қазір Алматы мен Астанада, облыс орталықтарында жеке киностудиялар ашылып жатыр. Бәсеке үшін жекеменшік киностудиялар да керек. Өкінішке қарай, көрермен «Қазақфильм» мен жекеменшік студиялардың түсірген киносын шатастырып жатады. Сондықтан, БАҚ-та жаңа фильм туралы мақала жазылса, кинокартинаның қай киностудияның өнімі екені жазылуы тиіс.

Дидар Амантай: Өкінішке қарай, кинотеатрда жүретін ақылы фильмге қазақ көрермені ағылып бармайды. Жаңа фильмнің тұсаукесерінде залдың көрерменге толатыны рас. Ал қалтасынан ақша төлеп, қазақ киносына жанашырлық танытып, кино көруге сирек барады. Дистрибьюторлар шетел фильмін қазақшаға аудармай, орыс тілінде көрсете беруге кейде өзіміз «сеп» боламыз. Өкінішті.

Болат Әбділманов: Дидар, сенің бұл пікіріңмен келіспеймін. Алматы облысын аралап, «Жерұйықты» көрсеттік. Сонда жергілікті халық «Бізге фильмнің қазақша нұсқасын көрсетіңдер», - деп талап қойды. Сосын, тек қана қазақша көрсеттік.  Сонда қазақ тілінде көрсетілген «Жерұйықты» еденде отырып, орыс та, кәріс те көрді. Кинотеатрға баратын көрерменнің дені - 17-22-дегі жастар. Отыздан асқандардың көбі киноны теледидардан көргенді тиімді санайды.

Дидар Амантай: Рас, тегін көруге, тұсаукесерде көруге тайлы-таяғымыз қалмай түгел барамыз. Бірақ, ертеңіне, қазақ киносы прокатқа шыққанда, кинотеатр бос тұрады немесе кейде сеанста үш-төрт адам отырады. Мен «Жас қазақ» оқырманын қазақ киносын көруге шақырамын.

Дөңгелек үстелді жүргізген
Аягүл МАНТАЕВА

http://jasqazaq.kz/post/m%D3%99deni-ekspansiya-ala%D2%A3ynda-%E2%80%93-%D2%9Baza%D2%9B-kinosy

0 пікір