Қытайда ажырасу деңгейі өскен
Қытайдағы ажырасу жағдайының күрт артуы карантинде жатқан біздерге де сабақ болуы тиіс.
Коронавирус салдарынан екі ай бойы үйде қамалып отырған көптеген қытайлық отбасында, жұмыссыздық кесірінен күнде жанжал туып, оның соңы ажырасуға әкеліп жатыр. “Бұдан әріге төзе алмаймын. Ажырасамыз деп шешім қабылдадық. Келесі қадам – заңгер табу” дейді жасы 30-ға таяған У деген бір әйел.
Қытайдың БАҚ-ы, елдің бүкіл аймағында індетке қарсы оқшаулау кезеңі аяқталған соң отбасы жұптары үйлерін тастап кетіп жатқаны туралы жазуда. Сөйтіп, ажырасу деңгейі наурыз айында ерекше өскен. Отбасындағы зорлық-зомбылық та артқан.
Ажырасу жағдайы әсіресе, Сиань, Шэньси және Дачжоуда ерекше байқалған. Бір-бірінен безінген жұптардың көптігі соншалық, тиісті департамент алдында кезекке тұру көбейген. Жұптардың ажырасу рәсімдері бойынша шанхайлық адвокаты Стив Лидің айтуынша, наурыздың ортасында аяқталған карантин уақыты біте салысымен, оның қызметіне жүгінушілер қатары 25%-ға дейін артқан. “Олар бірге ұзақ тұрған сайын, көңіл толмаушылықтары да үдей түседі. Кеңістік тек жұптарға ғана емес, бәріне керек.” дейді ол.
Қытайдың ұлттық статистикасы бойынша, 2003 жылы елде 1.3 миллион жұп ажырасқан екен. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп, 2018 жылы 4.5 миллионға жетіпті. Ал былтыр 4.15 миллион жұп айырылысып тынған. Қытайда ажырасу жағдайы ата-аналарына қарағанда жас отбасыда көп. “Некені бұзу үшін олардың “сен маған ұнамайсың” деген бір ауыз сөзі жеткілікті”,- дейді адвокат Стив Ли. Тағы бір шанхайлық адвокат Ян Шенлидің айтуынша, ажырасып жатқандардың әрбір төртінші жұбы – 1985 жылғылар. Оның екеуі ажырасу себебін үйдегі карантин олардың өзара қарама-қайшылықтарын өршіте түскенімен түсіндірген.
Былтыр Қытайда ажырасу көрсеткіші 44% болса, Қазақстанда 25.7% болған екен.