Түбі қашықтан оқыту мен оқуды үйренуіміз керек еді...
Әлеуметтік желі бетінде кейбіреулердің
"Ойбай, дайын емеспіз";
"Пәлен ауылда интернет жоқ";
"Түген балада компьютер жоқ";
"Керек-жарақты сайлап алып, жазғы демалыс кезінде неге оқытпайды?" деген сыңайлы гөй-гөйін көріп отырған шығарсыздар.
Бұзықтау мұғалім болғандықтан шығар, телефон арқылы және жекемізге
"Сіз неге осыны айтпайсыз?"- деп өкпе-реніштерін білдіріп жатқан ағайындар да баршылық..
Меніңше, бұл жергілікті жердегі білім бөлімдерінің тұрғындармен жұмыс жүргізе алмауының кесірі...
Ағайындар!
БжҒ министрлігінен шыққан әр құжатты, министр мен орынбасарлары берген әр сұқбат пен брифингті аңдып отырмыз.
Кеше zoom арқылы республикалық бейнеконференция өткіздік. Оған еліміздің белсенді ұстаздары, ата-аналар, БжҒМ министрінің кеңесшісі, баспасөз қызметінің басшысы, "Күнделік.кз" сайтының жетекшісі қатысты.
Бірінші мәселе..
Біз онлайн-оқуға емес, қашықтан оқытуға көшіп жатқанымызды түсінуіміз керек... Онда да жетіскеннен емес... Қашықтан оқытуға мынау індет мәжбүрледі.
Қалай болғанда да, қол жетімді барлық мүмкіндікті пайдаланып, 4-тоқсанды аяқтауымыз керек.Интернет қол жетімсіз болса, мұғалім телефон, ватсап желісін пайдаланса болады. "Жоқ" деп қарап отыруға біздің моральдық құқымыз жоқ...
Екінші мәселе..
Мұғалім видеосабақ түсіруге міндетті емес.. Ал түсірем десе, нұр үстіне нұр..
Үшінші мәселе..
Қашықтан оқыту бойынша БжҒМ біраз батыл қадамдарға барды.
Барлық мектепте компьютері жоқ немесе интернет жоқ балалардың тізімі жасалды (Егер сіздің балаңыз баратын мектепте ондай тізім жасалмаған болса, оған мектеп басшысы кінәлі).
Мәселен, біздің мектебіміз дәл бүгін компьютері жоқ балалардың үйлеріне мектепте тұрған компьютерлерді таратып берді. Ертең демеушілер берген қаражат есебінен үйіне интернет желісі тартылмаған біраз оқушымыздың үйіне интернет желісі тартылады.
Жұмыс барысында тағы біраз кедергілер анықталуы мүмкін. Ондай кедергілерді жұмыс барысында еңсереміз.
Басты мәселе:
Біз қалайық, қаламайық, түбі қашықтан оқыту мен оқуды үйренуіміз керек еді.. Төтенше жағдай болмағанда "анау жоқ", "мынау жоқ" деп керіліп-созылып жүре берер едік..
Қашықтан оқыту мұғалім/оқытушылар мен оқушы/студенттерге ғана қажет емес. Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп жатқан мынау заманда бәрімізге қажет...
"Өсемін" дейтін жас мамандарға қажет.
"Көштен қалмайын" дейтін сақа маманға қажет.
"Балам білімді болсын" дейтін көзі ашық ата-анаға керек...
Қысқасы, бәрімізге қажет!
Сондықтан, артық гөй-гөйді доғарып, тығырықтан шығар жолды бірге іздейік!
Өмір Шыныбекұлының әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz