Әліпби түзу талаптары
А.Байтұрсынұлы Тіл білімі институты ғалымдары 20–25 жылдан бері «дұрыс әліпби» құрудың талаптарын зерттеп келеді. Сол талаптарға қоса «Ұлттық әліпби» түзудің негізгі талаптарын көрсеткіміз келеді. Оны тілтанымдық, графикалық, психологиялық, педагогикалық, техникалық деп бөлдік.
Тіл танымдық талаптар:
– Тілдің жалпы және ішкі заңдылықтары толық қамтылуы. Жалпы заңдылық типологиялық ерекшеліктерін ескерумен байланысты. Мысалы, қазақ тілінің жалғамалы тіл екені, оның тіл үндесім заңдылығы арқылы іске асатындығы жалпы заңдылық деңгейінде көрінсе, ішкі заңдылықтар қазақ тілінің фонетикалық, грамматологиялық, лексикалық, грамматикалық деңгейі арқылы бағамдалады;
– әліпби арқылы тіл көрініс табады. Сондықтан әліпбиді тілтанушы ғалымдардың, оның ішінде тілдің барлық жүйесін білетін мамандардың және грамматолог ғалымдардың пікірін ескере отырып жасаған абзал.
– орфография мен әліпби байланысты категориялар. Әліпби дұрыс құрылмаса орфографияға да өз әсерін тигізеді. Әліпби құруда әрбір әріптің қай әріппен қай позицияда тіркесетіні, мүмкіндігінше омограф тудырмайтындай болуы ескерілуі тиіс.
– әліпбилердегі әріптер тілдің табиғатын, құрылымын толық бейнелеуі және тілдің дыбыстық қорында жоқ дыбыстарға таңба арналмауы керек;
– бір-біріне жақын, өте ұқсас таңбаларды мүмкіндігінше алмау;
– вокализм, консанонтизм сияқты фонетикалық белгілерді адекваттық (барабар) мағынада қолдану. Яғни дауысты дыбыстың таңбасымен дауыссыз дыбысты, керісінше, дауссыз дыбыстың таңбасымен дауысты дыбысты белгілеуге болмайды;
– бір мағынада жұмсалатын көп әріпті таңбаларды алмау, яғни бір единица бір таңба болуы;
– дауысты және дауыссыз дыбыстардың таңбалары жазу түрлерінің ішкі жіктеліміне сәйкес келуі керек;
– мағына ажырататын әрбір тілдік бірлікке жеке-жеке әріп арналуы тиіс. Себебі, мағына ажырататын тілдік бірлікке таңба арналмаса, уақыт өте келе дыбыстық тілден де шығуы мүмкін;
– бір әріппен екі түрлі мағына беретін дыбысты беруге болмайды;
– әліпби монобағытты принцип арқылы жасалуы тиіс;
– әліпбиге фонемограммалар алынуы тиіс, логограммалар мен фразеограммалар дыбыстық әріп түрінде алынбайды.
Графикалық талаптар:
– мәтін ішінде тез танылуы және көзшалымға қолайлы болу жағы ескерілуі тиіс;
– мағына ажырататын әр таңбаның өзіне тән белгілі бір ерекшелігі болуы;
– таңба қарапайым әрі оңтайлы болуы қажет;
– таңбалардың мәтінде үйлесімді болу жағы қарастыруы. Жиі кездесетін фонемалардың таңбалары қарапайым әрі жеңіл болу керек.
Психологиялық талаптар:
– әріпүсті, әріпасты диакретикалық белгілерді мүмкіндігінше шектеу;
– бір дыбысты екі немесе үш таңба арқылы, яғни лигатуралық тәсіл арқылы таңбаламау;
– әліпбидегі әріп жазарманның психобейнесіне сәйкес болуы керек.
Педагогикалық талаптар:
– әріптерді тану және жазу оңтайлы болуы керек;
– оқу мен жазудағы автоматизмді баяулатпауы тиіс;
– әліпби қолдағдыға ыңғайлы болуы керек;
– көзтанымға жеңіл болуы шарт;
– диграф, триграфтарды (sh, sch) мейлінше аз қолдану қажет.
Техникалық талаптар:
– әріптің пішіні бүтін болуы;
– әріптердің кескіні пернетақтаға дұрыс орналауы;
– юникод жүйесінде жиілігі жоғары таңба ретінде болуы;
– диакретикалық белгілерді шектелуі;
– экономикалық, өндірістік жағдайларға тиімді болуы көзделеді.
Қорыта атқанда, әліпби түзу барысында осы талаптардың сақталуын қадағаласақ, ұлттық тілдің өміршеңдігіне жол ашылатыны сөзсіз. Көрсетілген әліпби талаптары «үздік» әліпбидің түзілуіне негіз болады.
Назира Әміржанова,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к.
Abai.kz