Жаңа Конституция: адами капитал мемлекеттің басты стратегиялық тірегі
Жаңа Конституция жобасында Қазақстан үшін адами капиталды дамыту, білім, ғылым және инновацияны ілгерілету мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде нақты белгіленген. Бұл шешім кездейсоқ қабылданған жоқ. Керісінше елдің болашақтағы орны мен бәсекеге қабілеттілігі дәл осы факторларға тікелей байланысты.
Қазіргі әлем бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Технологиялық прогресс күн сайын жаңа өмір сүру үлгісін қалыптастырып отырған заманда ең басты ресурс жер қойнауындағы байлық емес, адам екені айқын. Экономиканың негізгі қозғаушы күші енді минералдар емес, білім мен интеллектке негізделген қоғамға ауысты.
Осы тұрғыда «білім экономикасы» ұғымы жаңа дәуірдің басты өзегіне айналды.
Конституциялық деңгейде адами капиталға басымдық беру Қазақстанның әлемдік даму үрдісінен шет қалмай, керісінше алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылуына жол ашады.
Ғылымның дамуы технологиялық серпіліс жасап қана қоймай, жаңа нарықтардың пайда болуына, инвестиция тартуға және жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл экономикалық өсімнің ең тұрақты әрі ұзақ мерзімді формуласы.
Сонымен бірге мұндай конституциялық ұстаным мемлекеттің адамға жүйелі түрде инвестиция салуға, білім беру мен ғылым инфрақұрылымын тұрақты қолдауға дайын екенін көрсетеді. Ал бұл өз кезегінде ұлт сапасының үздіксіз жаңарып, дамуына негіз болады.
Адами капиталды дамытуға деген мемлекеттік ниет Конституцияның өзге де баптарында көрініс тапқан. Мәселен, жаңа жобада зияткерлік меншік құқықтарын қорғау нормалары бекітілген. Бұл халықаралық құқықтық тәжірибеге сай келіп, инновациялық экономика құру үшін маңызды қадам саналады.
Сонымен қатар ғылым мен жаңашылдыққа берілген басымдықтың терең философиялық мағынасы бар. Бұл қоғамның жаңа өзгерістерге дайын екенін, ескі шектеулерден бас тартып, прогреске қарай бет бұрғанын білдіреді.
Айбар Олжаев
Abai.kz