Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2737 0 пікір 14 Қазан, 2011 сағат 04:40

Еркінбек Шохаев. Ислам мен дәстүр біріне-бірі қайшы ұғымдар емес

Еліміз егемендігін алып, дербес мемлекет болғалы ата дініміз - Исламға бостандық берілгені баршаға мәлім. Әрине халқымыздың жастары тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап дін ілімдерін үйренуге ден қоя бастады. Қазақтың жастары бабаларымыздың жолын қуып ислам елдеріне ілім іздеу үшін сапар шегіп те үлгерді. Сол жастарымыз исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне ешбір тұрғыдан бөтендігі жоқ тәлімін үйреніп келіп жатыр. Десек те, солардың арасында қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығаратын кейбір араб елдерінде тәлім алып келген жастарымыз бар екенін айтпай кетуге болмайды. Міне сондықтан, дініміздің әр халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескеріп, дәстүрінің озығын қолдайтынын негіздей отырып қоғамға дұрыс көзқарасты ұсыну білімді азаматтардың борышы деуге болады.

Еліміз егемендігін алып, дербес мемлекет болғалы ата дініміз - Исламға бостандық берілгені баршаға мәлім. Әрине халқымыздың жастары тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап дін ілімдерін үйренуге ден қоя бастады. Қазақтың жастары бабаларымыздың жолын қуып ислам елдеріне ілім іздеу үшін сапар шегіп те үлгерді. Сол жастарымыз исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне ешбір тұрғыдан бөтендігі жоқ тәлімін үйреніп келіп жатыр. Десек те, солардың арасында қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығаратын кейбір араб елдерінде тәлім алып келген жастарымыз бар екенін айтпай кетуге болмайды. Міне сондықтан, дініміздің әр халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескеріп, дәстүрінің озығын қолдайтынын негіздей отырып қоғамға дұрыс көзқарасты ұсыну білімді азаматтардың борышы деуге болады.

Алла тағала қасиетті кітабы - Құран Кәрімде: «Ей адамдар, расында Біз сендерді ер кісі мен әйелден жараттық. Сондай‑ақ, бір‑бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді халықтар және тайпалар етіп тараттық. Шын мәнінде Алланың құзырында ең құрметтілерің - көбірек тақуалы болғандарың» [1, 49:13] ‑ дейді. Демек, адам баласының әртүрлі халықтар, ұлттар, тайпалар және рулар болып жер бетіне тарауы Жаратушының тарапынан қойылған табиғи заңдылық. Жер бетінде осындай сан‑алуандықтың қалыптасуы тікелей Раббымыздың даналығы. Бұл даналықтың мақсаты - адамдар бірін‑бірі мен ақпын, сен қарасың деп кемсітуі немесе бөлінуі емес. Мұндағы мақсат - көп нәсілге тарап жатқан адам баласы өзара танысып, білісу еді. Аяттың соңында Алла тағала абзалдық пен артықшылықтың таразысын баяндайды. Адам өзінің тегімен, қанымен немесе байлығымен басқадан артық болмайды. Оның өзгеден артықшылығы мен абзалдығы Алланың әміріне бойсұнып, тақуалығы берік болумен екен.

Сондай‑ақ, адамдардың тілдері мен түстерінің түрлілігі Жаратушы тағаланың шексіз құдіретінің айғағы. Бұл турасында Құран: «Аспандар мен жердің жаратылысы және сендердің тілдерің мен түстеріңнің түрлі болуы Оның (Алланың) құдірет белгілерінен. Бұл мәселеде білетіндер үшін үлгілер бар» [1, 30:22] ‑ дейді. Бұл аят арабтың тілі - араб, орыстың тілі - орыс, қазақтың тілі - қазақ, сол сияқты адамдардың түстері мен келбеттерінің сан‑қилы болуы Хақ тағаланың шексіз құдіретінің белгісі деп ескертеді. Әлемдегі түрлі тілдер мен келбет‑кескіндердің куәсі болып жүрген әрбір адам бұл көріністен ғибрат алуы керек. Бірақ өкінішке орай біздің заманымызда халықтар бірін‑бірі ұлтына қарап ұлықтап, түсіне қарап сыйлайтын болды.

Адам баласының әртүрлі ұлттар болып қалыптасуы раббани жүйе болса, олардың әрбірінің ерекшеліктері мен өзіндік құндылықтары бұл жүйеден тысқары болуы мүмкін емес. Егер әрбір ұлттың өз ерекшелігі болмай, баршасына ортақ бір ғана қасиет болғанда, олардың өмір сүруі қиындап кеткен болар еді. Сондықтан, әр қоғамның ойлау өрісіне, географиялық және әлеуметтік талаптарына қарай өзіне тән өмір сүру үлгісі қалыптасты. Осымен әрбір қоғамның күнделікті өмірдегі үйренген жағдайлары, ұстанатын пікірлері, қолданатын сөз тіркестері және қоғамда кең тараған іс‑қимылдарының жиынтығы әдет-ғұрып, салт-дәстүр деген атаулармен жеке зерттелетін болды. Сол сияқты қазақ ұлтының да өзіндік құндылықтары мен өзіне тән ерекшеліктері бар.

Ислам - шынайы өмірмен санасып отыратын дін екеніне дау жоқ. Тарихтың парақтарын түгелімен ақтарып отырсақ та, Ислам діні жеткен жердің халқы өз құндылықтарынан айрылып, арабтанып кеткенін көре алмаймыз. Ислам әрбір ұлттың Алла әміріне қарсы болмайтын ерекшеліктерін оң қабылдап, бекітіп отырды. Ислам келген кезде жәхилият[1] дәуіріндегі арабтар шарапты қатты ішетін. Олар үшін шарапсыз аталатын қуаныш болмайтын. Бірақ біздің дана дініміз мас қылатын ішімдіктерді бірден харам етіп, тыйым салмады. Бұл турасында Айша анамыз: «Ең алғашқы түскен сүрелер жәннат пен тозақ туралы болатын. Адамдар исламның айналасына жиналған кезде, харам мен халал аяттары түсе бастады. Егер де шарапты ішпеңдер, тастаңдар деген аят бірден келгенде, сахабалар: «жоқ біз шарап ішуді ешқашан қоймаймыз дейтін еді» [2, 69:4707х] - деп әңгімелейді. Керісінше біздің кемел шариғатымыз сол кездегі араб қоғамының жағдайын ескеріп, шарапқа тыйым салуға бірте-бірте алып келді. Олай болмағанда Айша анамыз айтқандай сахабалар бірден қабылдамауы мүмкін еді. Біріншіден Құран аяты шараптың пайдасы мен зияны да бар, бірақ оның зияны пайдасынан көбірек деп келді. Екінші кезекте аят мас болған кезде мұсылмандарға намаз оқуға тыйым салды. Содан кейін ғана соңғы кезекте шараппен бірге, құмар ойыны, бал ашатын тастар мен табынатын бұттарға түгелімен тыйым салған аят түсті. Ислам дінінің әр қоғамның өзіндік жағдайын ескеретінін, Имам Әш-Шафиғидің Ирактан Мысыр еліне көшіп барғанда көптеген пәтуаларына өзгерістер енгізгінінен де көре аламыз.

Адамның іс-қимылына қатысты шариғаттың үкімдерін зерттейтін фиқһ ғылымында қоғамда қалыптасқан әдет‑ғұрыпқа, салт-дәстүрге негізделген бірнеше «фиқһ қағидалары» пайда болды. Солардың бірі ретінде «Әдет-ғұрыпқа төрелікке жүгініледі» [3, 219 б.]  деген фиқһ қағидасын айта білеміз. Ислам ғұламалары шариғаттың Құран аяты немесе Пайғамбар хадисі секілді нақты мәтіні келмеген мәселелерді, аталмыш қағидаға сала отырып үкімін беретін. Сондай‑ақ, имамдар фиқһи мәселелерде әр адамның жағдайы бөлек болғандықтан, оның өзіне жеке пәтуа беріп, оған қатысты шариғаттың үкімін бекітіп отырды. Сондықтан, фиқһ және фиқһ негіздері[2] [4, 11 б.] ғылымдарында әдет‑ғұрып мәселесі көбірек талқыланудың өзіндік маңызы бар. Фиқһ ғалымдары өздерінің көптеген пәтуаларын адамдардың күнделікті өмір сүру үрдістеріне негіздей отырып айтып кеткен. Әсіресе адам өміріндегі сауда‑саттық, егін, шаруашылық отбасылық өмірдің мәселелері және қоғамдық қағидаларға қатысты шариғаттың көптеген үкімдері әрдайым әдет‑ғұрыпқа негізделіп отырған.

Алла тағала қасиетті кітабында: «Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол» [1, 7:199] - деп әмір етеді. Сондай-ақ, хадис имамдары ұлық сахаба Абдулла ибн Масғудтың: «Мұсылмандардың жақсы деп қабылдағаны, Алланың құзырында жақсы, ал мұсылмандардың жаман деп қабылдағаны жаман болып есептеледі» [5, 71:241 х.] - деп айтқанын жеткізеді. Ислам дінінің көздегені адам баласының мүддесі болып келеді. Адам баласына салауатты өмір салтын сыйлап, екі өмірде бақытты ету. Тағы бір аятта: «Сендерге дінде ешбір қолайсыз жағдайды жүктемеді» [1, 22:78] - делінеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр. Сондай-ақ, біздің дініміз адам баласына ешқашан қиын, қолайсыз болатын істі міндеттемеген. Сол сияқты ислам адамның қолайсыз жағдайда өмір сүруін қаламайды да.

Ислам келгеннен кейін де арабтардың қоғамында қалыптасқан кейбір жағдайларды бекітіп, қолдады. Мысалыға өлтірілген адамның құнын төлеу араб қоғамында исламнан бұрын бар еді. Ислам келген соң, оны жоққа шығармай «кек алумен» бірге қосымша жаза етіп бекітті. Сол секілді сауда-саттық саласында араб қоғамында іске асып жатқан «мудараба,[3] серіктестік, сәләм[4] саудасы» сияқты сауданың үлгілерін де ислам қолдады. Ханафи мәзһабының үлкен имамдарының бірі Әл-Кәмәл ибн Әл-Хумәм өзінің Фатхул-қадир атты кітабында: «Шариғаттың мәтіні (аят, хадис, сахабалар сөзі) келмеген тұста, ғұрыптың үкімі ижмағ[5] үкімімен тең болады» [6, 2:839 б.] - дейді.

Ғұрып сөзі арабтың «ғұрыф» сөзінен келіп шығады. Тілдегі мағынасы жақсы, көркем,  және жағымды іс дегенді білдіреді. Терминдік қолданыстағы анықтамасына келер болсақ, «ол белгілі бір қоғамның күнделікті өмірінде сөзге немесе іске қатысты үйреніскен және қалыптасқан жағдайлары». Демек, ғұрып ұғымы сөзге және іске де қатысты. Іске қатысты болған ғұрыпты фиқһ негіздері саласының ғалымдары «ғұрып ғамали» яғни істік ғұрып, сөзге байланысты болғанын «ғұрып қаули» яғни сөздік ғұрып деп атайды.

Ал әдет арабтың «ғадат» сөзінен келіп шығады. Қайта келу, қайталау, жалғасу секілді мағыналарды білдіреді. Ғалымдардың берер анықтамасына тоқталсақ, «әдет дегеніміз ақли қатысусыз қайталанып отыратын жағдай». [6, 2:828-830 бб.] Рационалдық негізде қайталанған жағдайлар әдетке жатпайды. Мысалы әр күні жұмысқа келіп, компьютерде отырып жұмыс істейтін адамның әрекеті қайталанып отырғаны үшін, оны  әдет деп айта алмаймыз. Себебі, бұл тұста рационалдық биліктің әсерімен қайталану үрдісі орындалуда. Орындалып тұрған іс пен оның себебінің арасында тығыз байланыс орнап тұр. Демек, «әдет-ғұрып - белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада пайда болып, оның мүшелерінің мінез-құлқының, тұрмыс-тіршілігінің бұлжылмас қағидаларына айналған жөн-жосық, жол-жоралғы» [7].

Істегі ғұрыптарға мысал ретінде адамдардың сауда-саттық кезінде тілмен айтпай-ақ, алыс-беріспен ғана мәміле жасау, көпшілікке арналған моншаға уақытты тағайындамай кіру, келген қонаққа міндетті түрде дастархан жайып тағам ұсыну, үйге келген қонақтың дәмнен ауыз тиюі, жаңа зат алған адамға байғазы беру, адам басына қиындық түскенде жылу жинау, қуанышты оқиға болған кезде хабарлап сүйінші сұрау және келін түскенде беташар жасап келінді қарсы алу секілді әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді айта білеміз.

Ал сөздік ғұрыптар мен дәстүрлердің қатарына негізінде тілдегі мағынасында ұл мен қызға да бірдей бала деп айтса да, «бала» сөзін тек ұл балаға ғана қолдану. Сондай‑ақ, ет сөзін балықтың етінен басқа жануарлардың етіне айту. Себебі, күнделікті қолданыста балықтың етін ешкім ет деп айтпайды. Қой, сиырдың етіне ет деп айтып, балықтың етіне балық деп қана айтылады.

Ислам ғұламалары әдет‑ғұрып, салт‑дәстүрлерді жалпыға немесе белгілі бір топқа ғана қатыстылығына байланысты екі түрге бөледі. Біріншісі «ғұрып ғамм», екіншісі «ғұрып хасс» делінеді. Ғұрып ғамм дегеніміз көп елдерге немесе барша адамдарға қатысты болған әдет‑ғұрыптар. Яғни көптеген елдерге немесе барша адамзатқа ортақ болғаны. Ал ғұрып хасс, белгілі бір елге немесе адамдардың бір тобына ғана қатысты болады.

Қоғамдағы кең тараған істерді, әдет‑ғұрыптар мен салт‑дәстүрлерді қабылдау үшін, исламның қоятын шарттары айқын. Фиқһ ғылымында «Нәрселердің негізі мұбах[6]» деген қағида бар. Мұның мағынасы, қандай іс, сөз, жағдай немесе көрініс болса да негізінде халал және рұқсат етілген болып есептеледі. Демек, оларды істеуге, айтуға, жасауға немесе ұстануға рұқсат етілген. Бірақ, исламның ережелері мен талаптарына қайшы келетін, шариғат тыйым салған істердің немесе жағдайлардың үкімі басқа. Осылайша шариғаттың арнайы келген мәтінінің шектеуімен негізінде халал әрі рұқсат етілген жәйттер тыйым салынған жағдайларға айналады.

Сондықтан, фиқһ негіздері ғалымдары ғұрыпты «сахих» және «фәсид» деп екіге бөледі. Мұның мағынасы дұрыс және бұрыс ғұрып дегенді білдіреді. Дұрыс ғұрып исламда халал болған істі харам етпейтін, харам болғанды халал етпейтін ғұрып. Жалпылама айтқанда шариғаттың үкіміне қайшы келмейтін іс. Ислам ғұламалары мұндай ғұрыпты қабылдап, фиқһ саласында атап айтсақ, ант ету, талақ (ажырасу), сатып алынған затты тапсыру, сауда-саттық саласының терминдері т.б. мәселелерде сүйенетін негіздердің бірі етеді. Біздің қазақтың «дәстүрдің озығы» дегені осы сахих ғұрып болса керек.

Ал фәсид ғұрып дегеніміз, шариғаттың ережелеріне қайшы келген, халалды харам, харамды халал еткен ғұрып. Мысалы белігілі бір қоғамда тек өсімге ақша беріп және алып жұмыс жасау, қуанышқа арналған шараларда жын‑ойнақ музыка қойып, ерлер мен әйелдер қосылып билеу, ер кісілердің алтыннан неке жүзік тағуы секілді қалыптасқан істерді ғұрыптың осы түріне жатқызуға болады. «Дәстүрдің тозығы» болып есептелетін мұндай ғұрыптарды ислам шариғаты мүлдем қаралап, қарсы күресіп, мұсылман қоғамды бұлардан тазартуға жұмыс жасайды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ислам діні әрбір халықтың, ұлттың  өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері - әдет-ғұрпы және салт-дәстүрлеріне айрықша көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, осылайша оның өзін жеке тақырып етіп зерттеген. Егер біздің заманымызда пайда болған кейбір білімдісымақтар айтқандай ислам діні ұлт, ұлттық құндылықтар, әдет, ғұрып, салт және дәстүр секілді ұғымдардың барлығын дерлік жоққа шығаратын әрі қабылдамайтын болғанда, ғұламаларымыз бұл тақырыпты осыншалықты зерттемеген болар еді. Әрине мұндай атүсті пікірлер дініміздің мақсаттары мен негіздерін жете түсінбегендіктен шығып отыр.

Сондай-ақ, дәстүрге бұлай теріс көзқараспен қарау және жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болады. Себебі, шариғаттың мәтіндері адам өмірінің негізгі ережелерін қамтығанмен, адам өмірінде кездесетін әрбір оқиғаны арнайы тәппіштеп айтпағаны ақыл иесіне белгілі. Міне осы тұста фиқһтың қияс, истихсан, истисхаб, қоғамның мүддесі және ғұрып секілді тәсілдеріне жүгінуге тура келеді. Бұл тәсілдер мен негіздерге сүйене отырып шариғаттың үкімін беру ғасырлары бойы ислам ғұламаларының салып кеткен ұлы жолы.

 

«Абай-ақпарат»

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Алтай Х. Құран Кәрім қазақша мағынасы және түсінігі - Медина: Екі Харамның қызметкері Фаһд патшаның Құран Шариф басым комбинаты 1990 - 604 б.

2.      Аль-Бухари М.И.  Жамиғ ас-Сахих аль-Мұхтасар - Бейрут:  Ибн Касир, 6 томдық, 1987 ж. 3-баспа, өңдеген Мұстафа Диб аль-Буға.

3.      Әз-Зарқа А.М. Шарх Әл-қауағид Әл-фиқхия - Дамаск: Дәрул-Қалам баспасы, 2001 - 509 б.

4.      Зайдан А. Әл-уажиз фи Усул әл-фиқһ - Бейрут: Рисала баспасы, 2002 - 435 б.

5.      Имам Мәлік бин Әнәс, Муатта - Ислам істері жоғары кеңесі, 1994 ж.

6.      Д. Уәһба Зухайли, Ислам фиқһ негіздері - Бейрут: Дәрул фикр, 2 томдық, 2004 - 1262 б.

7.      http://kk.wikipedia.org/wiki/



[1] Ислам діні келуден бұрынғы надандық кезең.

[2] Фиқһ үкімдерін қалыптастыру үшін қолданылатын қағидалар мен тәсілдердің жиынтығын зерттейтін ғылым.

[3] Екі немесе одан көп тараптың біреулері малын салып, екіншілері еңбегін арнайтын серіктестік түрі.

[4] Құны бұрын төленіп, заты кейін берілетін сауда.

[5] Ислам ғұламаларының бір ауыздан келіскен үкімі.

[6] Рұқсат етілген, істеген адамға сауап та күна да жазылмайтын амалдардың үкімі.

0 пікір