Коронавирус жүрек ауруларын нашарлатуы мүмкін
Әлемнің 200-ден аса мемлекетіне тараған коронавирусты дүниежүзінде 1,5 миллионнан аса адам жұқтырған. 88 мыңнан көп адам осы індеттен көз жұмды. Бұл кесел біздің елге де жетті, білесіздер. Коронавирус белгілері анықталған 750-ден аса науқас тіркелді. 7 адам қайтыс болды.
Бізде, біз түгілі әлемде дәрігерлер қауіпті індет әуелі қарт кісілерге, сосын бала-шағаға тез жұғатынын айтып дабыл қағуда. Бұл көптің білетін ақпары. Ал қауіпті вирустың бұдан басқа қандай белгілері бар? Вирус тағы кімдерге тез жұғады? Індеттің бетін қайтаруы үшін не істеу керек? Мысалы, мамандар коронавирус инфекциясы жүрек проблемаларын нашарлатуы мүмкін дейді. Ал сол қауіпті қалай азайтуға болады? Бұл сұраққа Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мамандары жауап береді.
COVID-19-ға шалдыққан пациенттердің 25%-дан 50%-ға дейін жанама аурулары бар. Бұл болжамды статистика. Жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, созылмалы респираторлық аурулар және қант диабеті сияқты патологиялары бар коморбидті науқастар үшін қолайсыз нәтижелер қаупі халықтың орташа деңгейіне қарағанда едәуір жоғары.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты кардиология кафедрасының доценті, м.ғ.к. Күлзида Қошумбаева популяцияда жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар ерекше қауіп тобын құрайды, дейді.
Күлзида Қошумбаева, м.ғ.к., Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, кардиология кафедрасының доценті:
- Жүрегі ауыратындар науқастардың қатарына қосылмау үшін қарапайым сақтық шаралары мен дәрігердің айтқандарын орындауы керек. Бұл дегеніңіз - мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, медицина қызметкерлері тарапынан қабылданған карантин талаптарының сақтау деген сөз. Яғни адамдармен қарым-қатынасты шектеу, үйде болу, адамдар көп жиналатын орындарға шықпау, әртүрлі көлікпен жүрмеу, немерелердің ата-әжелерімен байланысын уақытша шектеу т.б. Өйткені балалар асимптоматикалық вирус тасымалдаушылары болуы мүмкін.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ:
- Қоғамдық орындарға амалсыз барған кезде, басқа адамдарға қатысты (1-1,5 метрден астам) қауіпсіз қашықтықты сақтау керек. Медициналық маска киіп, қол алысудан бас тартып, бетіңізге, көзіңізге, мұрныңызға және аузыңызға қолыңызды тигізбеңіз, қолыңызды мүмкіндігінше жиі жуып, сабын және құрамында спирт бар дезинфекциялық сұйықтықты қолданыңыз. Дәрігерлердің барлық ұсыныстарын қатаң сақтап, тағайындалған дәрі-дәрмектерді қабылдауды жалғастыру қажет. Пандемия уақытша екенін сезініп, үрейге бой алдырмай, ақыл-парасатыңызды сақтаңыз.
Коронавирус инфекциясына шалдыққан жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттердің 90%-ы сауығып кеткенін айта кету керек.
Ыстық ванналар мен моншалар COVID-19-дан қорғамайды, керісінше жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар үшін қауіпті болуы мүмкін. Бұл пікірді коронавирус инфекциясын алкогольмен «емдеу» әрекетіне де қатысты айтуға болады.
Abai.kz