Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 7135 15 пікір 11 Сәуір, 2020 сағат 14:29

Дәрігерлер covid-ті Біртановтың рұқсатымен ғана жұқтыра ма?

Алматыдағы № 12 орталық клиникалық ауруханасының қызметкерлері қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін 4 адамнан covid-19 анықталғанын айтып дабыл қағуда. Бұл туралы журналист Ирина Советжанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Ондағы ақпараттарға сүйенсек, Алматыдағы № 12 орталық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін төрт адамнан (бір мейірбике, бір санитар, бір травматолог және бір хирург дәрігер) covid-19 анықталған.

Мейірбике мен санитардың ауырғанына үш күн болыпты. Тест нәтижелері кеше алынған. Қазір covid-19 анықталған төрт кісі де сол 12-ауруханада жатыр екен. Оқшауланған.

Ирина Советжанқызының жазуынша, осы жағдайды сол ауруханада жұмыс істейтін бір кісі Whatsapp арқылы жеткізген.

Тест нәтижелері кеше алынғанымен, Алматының Денсаулық сақтау басқармасы Нұр-Сұлтанға хабарлауға асықпай отырған көрінеді. Егер хабарланса, аурухана covid ошағы ретінде карантинге жабылуы керек.

Интернеттегі мәліметтерге қарағанда, Алматыдағы сол 12-ауруханада ұзын-ырғасы 1500 адам жұмыс істейді екен. Соның тек 500-і қабылдау бөлімінде көрінеді. Олар күн сайын қанша науқаспен қарым-қатынаста (контактіде) болды?.. Енді есептей беріңіз.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқасенсек, пневмониямен ауырған науқастар да сол 12-ауруханаға жатқызылған екен. Олар неге инфекциялық ауруханаларға жатқызылмаған? Дәрігерлер сол науқастардан вирус инфекциясын жұқтырмасына кім кепіл?

Алматыдағы науқастардың бірінің жағдайы орташа ауыр – әкімдік

Біз аталған мәселенің анық-қанығын білмек болып, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасына, басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаевтың ұялы телефонына хабарласып ек, дәрігерлерге қатысты ақпарат бере алмайтынын айтты. Шарт бойынша әуелі Денсаулық сақтау министрлігі ақпарат таратуы тиіс екен. Тек сонан соң ғана, қандай да бір ақпарат беруге болады-мыс.

Сонда қалай? Қаладағы індетке жауапты басқарманың ресми ақпаратын алу үшін, әуелі министрліктің бірінші сөйлегенін күтіп отыру қаншалықты дұрыс? Алгоритим дейді. Сонда бұл - «аш пәледен қаш пәле. Бірінші солар айтсын», деген алгоритм бе?

Біз Денсаулық сақтау басқармасының басшысына хабарласып отырғанда, министрлік жаңа деректерді жариялап үлгеріпті.

Ресми дерек

Алматыда дәл қазіргі сақатта тағы 13 адамнан covid-19 анықталған. Оның 12-сі медицина қызметкерлері болса, тағы бір адам сырттан жұқтырған.

12 науқас қалалық стационардың қызметкерлері. Олардың арасында екі дәрігер және 10 медбике бар. Екі адамның жағдайы полисегментті пневмонияға байланысты ауыр деп бағаланған.

«Өкінішке орай, зардап шеккендердің арасында халыққа медициналық көмек көрсететін медициналық ұйым қызметкерлері арасынан пациенттер тіркелген.

Осы санаттағы адамдар карантинге қарамастан өздерінің лауазымдық міндеттерін атқарды. Олар ауру қаупі бар аймақта тұрған алғашқы адамдардың бірі болып табылады,өйткені алдыңғы қатарда тұр.

Олар емделуші оған мұқтаж болған кез-келген жағдайда көмек көрсетті. Олар кез келген адамнан, оның ішінде симптомсыз тасымалдаушыдан жұқтыруы мүмкін.

Қазіргі уақытта эпидеомологиялық тергеу жүргізілуде. Жағдай қаланың жедел штабының бақылауында. Инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша белгілі бір шаралар жүргізілуде. Олармен байланыста болған барлық адамдар іздестіріліп, карантинге орналастырылады», - депті Алматы қаласы Денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Қалған екеуі-жергілікті байланыста болған 2000 жылы туылған жас жігіт, ал 24 жастағы қыз Куалу-Лумпур рейсімен ұшып, ол стационарда.

Түйін. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы алматылық дәрігерлердің вирус жұқтырғанын растап отыр. Алайда, нақты қай ауруханадан екенін ашып айтпапты. Олар қай медициналық мекеменің қызметкерлері? Вирус анықталған дәрігерлерді оқшауладық дегенмен, олармен күн сайын байланыста болған науқастардың жағдайы не болмақ? Егер вирус анықталған медқызметкерлер 12-аурухана қызметкерлері екені рас болса, мыңнан аса адам жұмыс жасайтын аурухананы карантинге жабу керек емес пе? Сұрақ көп. Құзырлы мекеме басшылары ақпаратқа сараңдық танытып, ол отыр. Ал әлеуметтік желіде әртүрлі қауесет тарап, ол жатыр.

Тағы бір мәселе - жауапты мекеме басшылары жедел әрі нақты ресми ақпарат тарату үшін әуелі министрлікке тәуелді болып отыр? Қазір көріп отырғанымыздай, төтенше жағдайдағы төтенше ақпараттар әуелі әлеуметтік желіде айтылып жатыр. Әлгіндегі алматылық дәрігерлердің қонақ үйге жатқызылғаны да,  ас-сусыз қалғаны да, онан кейінгі әлеуметтік төлемнен қағылғаны да, кешегі Жамбыл облысындағы дәрігерлердің мүшкіл жағдайы да әуелі әлеуметтік желіде айтылды. Министрлік қоғамдық наразылықтан кейін ғана кеткен кемшілікті мойындауға мәжбүр болды.

Ал осылар туралы нақты ақпарат таратуы тиіс жауапты мекеме басшылары министрліктің қас-қабағын күтіп қимылдауы тиіс екен. Демек, кез келген ақпарат министрліктің мақұлдауымен ғана айтылды деген сөз. Бұл да өз кезегінде көп дүние жасырын қалып отыр ма, деген күдік ұялатады.

Әрине, тар кезеңде тартыспақ, қауіпті індеттің бетін қайтаруда алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің, басқармалар мен министрліктің жұмысын түгел жоққа шығару ойымызда жоқ. Деседе, осындай көп дүниені журналистер айтып шықпаса, министрліктегілер жасырып қалуға тырысып жатқандай-ақ. Бұл дегеніңіз «ауруын жасырған өледінің» нақ кебі. Ақпаратты тек қана министрлік береді деген қайдан шықты?

Минздрав РК запрещает лечить гомосексуальность | Kok.team

Алматылық 4 дәрігерге вирус жұққаны әлеуметтік желіде кеше айтылды. Кешеден бері олардың дерегі ортақ базаға салынған жоқ. Одан бері 12 сағаттай уақыт өтті. Ал дәрігерлердің вирус жұқтырғаны туралы ақпарат бүгін жарияланып отыр. Демек, фактінің расталуы кеше болған. Ал кешеден бері олар туралы деректер неге айтылмады? Әлде дәрігерлер covid-ті Біртановтың рұқсатымен ғана жұқтыра ма? Демек, аурухана басшылығы мен денсаулық басқармасы Біртановқа нақты ақпарат беруге жүрексініп отыр деген сөз.

Әлеуметтік желідегі тағы бір әңгіме: 12-ауруханаға covid жұққан адамдармен байланыста болғандарды карантинге жатқызу туралы бұйрық шыққан-мыс. Басшылық тарапынан қарсылық болған. Соған қарамастан аурухана карантин орталығына айналған. Артынан ол бұйрық күшін жойып, науқастарды басқа жаққа карантинге алып кеткен. Осы екі орталықта дәрігерлерге жұққан.

Ал бұл бұйрықты шығарған кім? 1500 қызметкері бар, оның сыртында қаншама науқас жатқан ауруханаға карантиндегілерді жатқызу туралы шешім шығарған адам неге жауап бермейді? Карантиндегі адамдарды жатқызу керек болса, Алматыда қаңырап тұрған қанша ғимарат бар? Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшылары бұл туралы не дейді?

Біздікі - «жау жағадан алғанданың» кері емес. Қауіптің сөзі. Күн сайын күш алып келе жатқан covid-19-бен ойнауға болмайтынын түсінетін уақыт жетті емес пе?.. Мыңнан аса дәрігер жұмыс істейтін мекеменің індет ошағына айналуын күтіп отыру, керек десеңіз - қылмыс!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511