Елордада діни ақпарат орталығы ашылды
Елордада ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының ұйытқы болуымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппараты жанынан Діни ақпарат орталығы, яғни, call center ашылды.
Орталықта дін саласының айтулы мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсетеді.
Бүгінде діни ақпарат орталығына (call-center) бір тәулікте шамамен 50-60 сұрақ келіп түседі екен.Одан бөлек көпшілік WhatsApp желісі арқылы да өз сауалдарын жолдайды. Орталықтың статистикасы бойынша, бүгінгі таңда сұрақ қоюшылардың басым көпшілігі әлемде таралған коронавирус індетінен сақтанудың жолдары жайлы,жұқпалы індетке арнайы оқылатын дұғалар жөнінде, жұма намазына қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үкімдері жайлы тағы басқа алуан түрлі сауалдар жолдайды.
Бас мүфтидің айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттарының бірі – жамағат тарапынан қойылатын алуан түрлі діни сауалдарға жауап беру. Осы арқылы Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру игі жобасын жүзеге асыру дейді.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы:
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру атты ізгі жобасының негізінде еліміздің әр саласында түрлі іс-шралар қолға алынып жатыр. Осы тұрғыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағытарының бірі – көпшілік тарапынан қойылған діни сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелер бойынша пәтуа шығару. Қазіргі кезде біз еліміздегі төтенше жағдай кезінде халықтың иманын күшейтіп, алдағы күнге деген үмітін арттыратын, жігерлендіретін насихатты көбірек айтуға тиіспіз. Осы бағытта қолға алынып жатқан ойнлайн дәрістер мен уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру керек,- деді Бас мүфти.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін мұндай call-center республикалық “Әзірет Сұлтан” мешітінің жанынан ашылған болатын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Шариғат және пәтуа бөлімі қызметкерлерінің тәжірибесі мен білімі ескеріліп, ақпарат орталығының қызметі мүфтияттың бас ғимаратына көшірілді.
Сонымен, елордадағы діни ақпарат орталығының байланыс номері 33-30-30. Орталыққа елорданың коды арқылы байланысқа шығуға болады.
Ал, аталған орталықтың ашылу рәсімінде Бас Мүфтидің өзі еліміздің түкпір-түкпірінен келген сұрақтарға жауап берді.
Осылайша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының халықпен байланысы еліміздегі төтенше жағдай кезінде жаңаша бағыт алды.
Abai.kz