Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 10483 7 пікір 13 Сәуір, 2020 сағат 10:46

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас...»

Бұл жолы Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңіне (көлемі – 14 шумақ) түсінік бермекпіз. 1902 жылы жазылған бұл шығарма түпсіз терең, жүрек көзінен төгілген феномен! Өлеңде имандылық деңгейлері талданып, әйгілі иманигүл ілімі негізделген. Тура айтсақ, өлең өзегі – Алла тағала туралы таным (мағрифатулла). Енді мынаған қараңыз: коронавирус төрткүл дүниені жайпап өтті. Жер беті алып абақты есепті. Күллі әлем түршікті. Тап осы мезетте әйгілі өлеңге тағы бір үңіліп, оның мән-мағынасын жаңаша байыптау сұранып тұрған шаруа сияқтанды. 

Анық басқанға, өлеңді қатесіз түсінгенге не жетсін. Ол үшін өлеңді «Тасдиқ» (қазіргіше 38-сөз) трактатынан ажыратпай талдаған ұтымды тәсіл. Өйткені, Құдайтану (теология) – оларға ортақ арна.  Абай ізденістерінің ғылыми сапалы нәтижесі – квинтэссенциясы болғандықтан қос туындыны қатар екшеп, екеуінің тығыз байланысын назарда ұстамақпыз. 

Дана Абайға тән машық –өз басынан нені өткерсе, сенімі неге кәміл болса, соны ғана айтқан. Мәселен: «Алла тағаланың пендесін махаббат уә мархаматпен жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпенен ғана елжіремекті – Құдайға ғашық болды дейміз», – дей келе, әулие хакімдер хақында: «Бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанбақ» деп түйеді. Бұл жалпыға ғана емес, өзіне де қатысты сипат! Яғни Абай Құдайға ғашық адам, біз сөз етпек қос шығармасы құдайы шабыт (илхам) арқылы келген. Бұған қарсы ешкім қаруласпаса керек.  

Сөйтіп, Абайдың көздегені – Алланы таныту, өлеңді дінге қатысты деу кемшілік болмақ. Оған кіріспе ретінде айтылған:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөз айырмас,    

деген алғашқы шумақтан-ақ көзіміз жетеді. Қараңыз: «рас» сөзі үш мәрте қайталанған. Кешегі күні бірінші жолға ат үсті қарап, өте шығар ма едік, қазіргі күні оны асықпай қарастырған абзал. 

«Алланың өзі де рас». Оған дәлел – табиғаттың өзі, айналадағы тіршілік иелерінің сансыз түрлері. «Тәффаккару фиғла Иллаһи» (Құдай ісін пікірлеу, табиғат көріністері арқылы Құдай барына көз жеткізу) дейтін ислам қағидасы бойынша «Құдай тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған». Құдайға ғашықтық Оның ісін «білмекке құмарлықтан шығады» деп үйретеді Абай. 

Сөйтіп, он сегіз мың ғаламды жаратушы бір Алла. Хазіреті Шәкәрім: «Жан де, мейлі, бір Мән де, Сол қуатпен бол таныс!» деген. Сол бастапқы қуат болмысы жағынан материя емес. Бұл ғылымда, дәлірек айтсақ, кванттық физикада қолға ұстатқандай дәлелденген факті!  

Бірақ Аллатанудың қарсы қаруласқан, ата жауы тірі. Ол – «Құдай жоқ» дегенді ұстанатын атеистік көзқарас. Тіршілік көзі – материя және баршасы өздігінен түрленуде дейді ол. Тіпті жаңағы кванттық физика ашқан керемет жаңалық та сырт қалды. Кез келген құбылыс – Құдай ісі, қалауы, хикметі. Себептердің себебі де –  Құдай. Бірақ тәкаппар адамзат Құдайды ұмытты. Атеист ғалымдар мен саясаткер қулар аты жаман вирустың шығу себебін іздеп әлек қазір. Жарайды, тапты дейік. Вирусқа әлдебір ғалым немесе табиғат мутанты кінәлі дейік. Не бітті? Құдай тағы сырт қалмақ па? Өстіп, адамзат сабақ ала алмай, суық ақылдан сорлап-ақ келеді. Пандемия індеті – Алла ескертуі, қаһары! «Құдайсыз қурай да сынбайды». Ақиқатты көрмей, босқа сенделу, басқа себеп іздеу, бұра тарту – зор қауіп! Дарвинизм теориясы күн сәулесін жапқан қалың бұлт есепті. Оны күллі білім ордалары әспеттеп, оқытып жатса, ау, жұртшылық, кісілік неге адам жүрегінен алшақтап барады, әлемді ақша билеп, қатігездік жайлағаны қалай деп несіне таң қаламыз?!  Адамзатты тығырыққа тіреген де – осы атеистік сана!  

Сөйтіп, Құдай рас деп ауызбен айту аз, сенім кәміл болсын. Сонда ғана жалған құндылықтар жойылмақ, әйтпесе жоқ. «Алланың өзі де рас» деген  Абай танымынан алар басты ғибрат та осы деген ойдамын.  

«Алланың сөзі де рас». Енді осы мәселеге келейік. Алладан түскен киелі мәтін, кітап көп. Абай тек Мұса пайғамбарға – «Тәурат» (Библия), Дәуіт пайғамбарға – «Забур» (Псалма), Иса пайғамбарға – «Інжіл» (Евангелия), Мұхаммед пайғамбарға – «Құран» кітабын бөлек атап, осы төрті – «Алланы танытуға сөз айырмас» дейді. Алланы таныту  – барша әлемдік діндер миссиясы. «Құдай бар, жан мәңгі, қиямет шын» қағидасы ортақ. Алалықты емес, осы ортақтықты көру маңызды. Адамзатқа ең керегі – иман, ол барша тәрбиенің анасы. Имансыз елден ұят қашпақ. Құдаймен байланыс та үзілмек.

Екінші шумақ не туралы? Оны түсінуге алдымен иманды болудың деңгейлерін саралаған жөн сияқты. «Тасдиқ» трактатында Абай адамдарды жарым адам, адам және толық адам деп үшке жіктеген. Осыдан иманды сақтаудың үш деңгейі бары анықталмақ. Оның жоғарғысы – Алланың барына жүрекпен илану, ортаңғысы – Хақтың барына ақыл, білім күшімен көз жеткізу, төменгісі – қазақ болсаң, мұсылмансың, орыс болсаң, христиансың дегендей, дінді тумысына  сәйкес ұстану. Түсініктемелейік.

Абайда «жарым адам» кім? Ол – надандық (жаһилдік) басқан, өзімшіл, қиянатшыл, бос сөзбен, «қайуанша жүріп күнелтетін» адам. Қара басқан бұл пақырға Құдай сәулесі түспек емес, сондықтан оған түзелуге де жол жабық. Төртінші шумақта Абай: «Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен, Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес» деп осы жарым адамдық хәлден сақтандырған. 

Келесі «адам» атының иесі кім? Оның жауабы Абай айтқан: «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», – деген пайымда. Он сегіз мың ғаламды Алла тағала ғылым құдіретімен жаратқан. Сен де ұмтыл, ұқсап бақ! Ғылым-білімнің алды – Құдай тағаланы танымақ, онан соң өзін танымақ, онан соң дүниені танымақ. 

Адам атына лайық болуға басты шарт – Алланы ақылменен, білімменен тану. Бірақ «Аятты ақылға салма!» деседі діншіл қауым. Онда Алла тағаланың: «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалмақ? Абай да ақылға салған адамдар көп болуын қалайды. Құдайға ілімсіз, көпке еріп сенбе дейді. Расында да, қоғам ілім арқылы сенгендерге зәру (исламда еріп сену – тақлиди иман, іліммен сену – тәхқиқи иман делінеді). «Адам» дәрежесін түсінуге осы айтылғандар жеткілікті сияқты.

Жә, Абай «толық адам» деп кімді айтқан? Толық адамдықтың белгісі – Құдайға ғашық болу. Бұл таңдаулылардың, азшылықтың жолы. Сол себептен оларды Абай: «...Пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар», – деп атап айтқан. Төрт топтың да Алланы тану тәсілі – ғашықтық. Бұл жерде «ғашық» сөзі – танып-білуден биігірек, Жаратушы хикметін сезу, адам мен Алла байланысын білу деген мәнде. 

Сөйтіп, Абай жарым адам, адам және толық адам ұғымдары арқылы иманды болудың үш деңгейін анықтап бергеніне көз жеткіземіз. 

Бір сәт осы үш деңгей тұғырынан бүгінгі заманға көз салғанда, жарым адамдық сана күллі жұмыр жерді жайлап алғаны алақанға салғандай көрінбек. Тойымсыз, ашкөз тұтынушылық шектен шықты. Табиғат азып-тозды. Құндылықтар ауысты: махаббат пен мейірім орнын ақша мен пайда басты. Осының бәрінің себебі – адамзат Құдайдан ажырап қалды. Алғаш ХІХ ғасырда ғылыми прогреспен бірге құлағы қылтиған атеизм дерті, бүгінгі коронавирус құсап ауадай жайылды.  

Екінші шумаққа оралайық. Оны Абай былай деп бастайды:

Аманту оқымаған кісі бар ма?

Уәкитабиһи дегенмен ісі бар ма? 

Мұсылман жамағаты ауызбен Аллаға сендім («аманту биллаһи») және кітабына (уә китабуһи) нандым деседі, бірақ онымен ісі бар ма? Әрине, жоқ. 

Қай елде, қай қоғамда демеңіз, иманы барлар азшылық, «сөзді ұқпас» рухани надандар көпшілік. Сананы сауықтырушы антивирус – тек Алланы жүрекпен сезу, ең болмағанда, ақыл, біліммен тану. 

Руханият білгірі әулие Абай адамзатты тығырықтан қайтсем шығарам деп шарқ ұрған шығарманың әр жолы, әр шумағы астарлы. Түгендесек, сөз ұзармақ. Оқырман шыдамы таусылмас үшін «Алла өзгермес» деген қағида діттелген екі шумақтан асып, бірден бесінші шумаққа өтейік. Терең сыр да, хақиқат та сонда. Абай жүректегі иманды ұқтырған – әйгілі төрт жол мынау:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,

Және «Хақ жолы осы деп әділетті». 

Керемет! Шын иман, асыл иман дейміз, ол не? Оған жауап – үш сүю (имани гүл) екен. Нағыз ноу-хау де, мейлі, әлемдік жаңалық де.  Өзі ашқан жаңалықтың рөлін, құндылығын жақсы білген хакім бабамыз келесі шумақты былайша кестелейді: 

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл. 

Көрдіңіз бе, үш сүю туралы «ойлан» деген. Ол ол ма, «Басты байла жолына, малың түгіл» деп шегелей түскен. Осымен, «үш сүю» аса маңызды ілім екенін аңдатқан.

Бұл төрт жолдың әрбірін жеке қарастырайық. Әуелгісі – «Махаббатпен жаратқан адамзатты». Ғаламдық, тіпті ғарыштық мәнге ие осы өлең жолын назарға алдық па? Жоқ, қағаберісте қалды. Өйткені, «Құдай жоқ» дейтін советтік ойлау шаблоны оны «бірінші сүю» деп танып-білуге мұрсат бермеді. 

Адамның ғылымы Алла ғылымының зәредей бөлшегі. Сол сияқты Алланың махаббаты болмаса, өзге махаббат қайдан келмек? Махаббат – Алланың құдіреті, қуаты, рухы. Онсыз дүние – қаңырап, бос қалмақ. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағынан, Алланың махаббатын танып-білмей тұрып, Оған қайтіп ғашық болмақсың, қалайша жаннан тәтті сүймексің? 

Демек, шумақтың бірінші жолы – бірінші сүю. Жә, мұны қабылдаудың несі қиын? Соңғы аманат өлеңін жазып отырған Абай да осылай ойлаған, тегі. Өйткені, «Тасдиқ» трактаты, қала берді, «Сократ хакімнің сөзі» деген қара сөзі Алланың адамды махаббатпен жаратқаны жайлы дәйек пен мысалға толы. Сопылық (тасаууф) ілімі өзегі: «Адам Құдайдың құдіретін танып, Оны сүю арқылы Оның махаббатын біледі. Сүйіспеншіліктің де, әр нәрсенің себебі де – Құдай» деген қағида болса, Абайдың ұстанымы да осы.  

Екінші жол – екінші сүю. «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті». Сүю шарты – танып-білу. Демек, «Алланы жаннан тәтті сүй» деп Абай танымға, ғылым-білімге шақырған. Оған дәлел – тағы «Тасдиқ» трактаты. Алланың  ғаламды адам ақылы жетпейтін шеберлікпен жаратқанын һәм оны махаббат арқылы мінсіз басқармағын біл. Жаратылыс тілін үйрен, онымен келісім, үйлесімде бол. Осы арнадағы ой-танымдарын Абай: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? ...Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?» деп қорытады. 

Табиғаттың егесі – Құдай, ал адамзат сол табиғаттың бір бөлшегі ғана. Бірақ Құдай тіршілік иелері ішінде адамды ең кемел жаратқан. Мұсылман ғұламалары адам – жер бетінің әміршісі (халифы) дейді.  

Енді үшінші, төртінші жолға ауысайық. Олар бөлек емес. Екеуі қосылып үшінші сүюді білдіреді: «Адамзаттың бәрін сүй» деген. Қалайша? Мәселе сонда, Абай соңғы сүюді бір емес, екі мықты уәжбен бекемдеген. Біріншіден, адам баласына адам баласының бәрі – дос, бауыр. Екіншіден,  көпті сүю, оның қамын ойлау – әділетті Хақ жолы. Осылайша мейірімділікке үндеген екі уәж бірін бірі толықтырып, байытқан. Оған қоса, «Адамзаттың бәрін не үшін сүю керек?» деген дүдәмал сұрақты да сейілтеді.

Осы айтылғандарды түйіндер болсақ, Абайда бірінші сүю – Алланың махаббаты, екінші сүю – адамның Алланы сүюі, үшінші сүю – адамның адамзаттың бәрін сүюі.  

Өзіңіз де ойлаңыз, егер Абай «әділетті сүй» десе, онда соңғы жолда: «Және сүй Хақ жолы деп әділетті» деп турасын айтар еді. Негізі, арлы, мейірімді, ізгілікті я болмаса ақ жүректі болудан әділетті болудың қай жері артық, несі ерек? Бұл сұраққа жауап жоқ. Біле білсек, адам атаулыны «бір бауыр көру» һәм пайдасы көпке тиетін қаракет қылу – киелі кітаптардан аян  Құдайдың әмірі. Абай да «Хақ жолы әділетті» деп осы мағынада айтқан. 

Көріп отырсыздар, «үш сүю» ілімін осы заман талабына сай жаңаша көзқараспен екшеп, талдап бақтық. Тереңірек қаузап, тексеру келешектің ісі.

 Жетінші шумақта ойшыл үш сүюді бұзатын үш іс бар: «Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы» дейді. Бұл жерде «әуесқой» сөзі жылтыраққа жүгіру,   не болса соған еліктеу, жеңіл-желпіге құмарту, нәпсіге еру, желігу деген мәнде. Қазіргі спорт я өнердегі «әуесқой» терминіне еш қатысы жоқ.

Келесі жиыны бес шумақта Абай дін ислам танымы мен тәжірибесіне сүйене отырып, үш сүю ілімі маңызын тиянақтай түседі. Мәселен, сегізінші шумақта:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс, дейді. Ұқтыратыны – әуелі үш сүюді жүректе бекіт. Діннің жаны – осы арада.  Парыздың аталған төрті – тек тағат, яғни иманның күзетшісі. Ретін білмесең, жеміс күтпе! Әрі қарай Абай: «Бас жоғары жаралған, мойын төмен, Істің басы – ретін танымақтық», – дейді. Жоғарғы – жүрек тазалығы, төменгі – тәнмен қылатын тағат-ғибадат. Мінеки, Алланың мүмин құлы болсаң, осы реттілікті ұстанып бақ.

Оныншы шумақта Абай:

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған, – дейді. «Иманның тазалығы» – Жаратқан Иенің хикметін сезу, Оның заңы, ісін ақыл, білім арқылы санаға сіңіру. Сол үшін дінді  ғылымнан, сенімді танымнан оқшаулама! Үш сүю ілімімен – иманды сақта, бекемде. Ол Құранның тәулиі (анық мағынасы) әрі Аллаға ұқсап бағудың үлгі-өнегесі. Бірақ ілімді ұғып, қабылдау қиын. Неге? Келесі шумақта Абай: «Тәулиін білерлік ғылымың шақ» деп рухани білімсіздікке сілтейді. Дін ислам тәжірибесіне сүйеніп:

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз. 

Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі,

Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз? – дейді. Десе дегендей, барлық діндерге тән кемшілік – Құдайды тану адамзат көшінің басынан соңына ығысты. Имандылық әлем бойынша төмен қарай құлдырады. «Пайда, мақтан, әуесқой (нәпсіге еру) – шайтан ісі». Күнде көзіміз көреді, міне, осы үшеуі де ноқтасыз кетті. 

Соңғы екі шумақта Абай даналық ой-танымдарын қорытады.

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол.

Шын илан да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

«Пендеге иман өзі ашады жол». Шумақты ұғудың кілті – осы танымда. Таза мүмин (мұсылман) деген кім? Ол – әр ісін Алланың атымен бастайтын, бақыт жолын Құдайды танып, Оған махаббат қылудан тапқан жылы жүректі адам. Оған жұғысты мінез, қасиет – арлылық, кешірімділік, уәдеге беріктік, бір сөзділік. Кемеңгер оған өтірікке жүйрік, екіжүзді мұнафиқты қарсы қояды. Мұнафиқ деген кім?  Ол – пайда, мақтан үшін ар-ұятын саудаға салуға даяр жарым адам, не болмаса соқыр сенім иесі. Соқыр сенім мен радикализм арасы бір-ақ қадам. Абай «мұнафиқ» термині арқылы жастарды «сырты – мұсылман, іші – кәпір» болудан сақтандырып отыр. 

Осы «Алланың өзі де рас...» өлеңіне берген түсінігін ғұлама Мұхтар Әуезов былай деп түйеді: «Абай өлеңде ...мұсылманшылықтың «Алласынан» бастап, адамшылықтың үлкен мағынадағы адамдығымен тоқтайды. Өз оқушысының бәрі де «мұсылманбыз» деп, белгілі дінді тұтынғандықтан Абай солардың дін негізіне сүйене отырып сөйлеген тәрізді. ...Ал өзінің шынайы үлкен мүддесі ислам дінінің шеңберінен әлдеқайда ары асып түсіп, кең жатады. Ол адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қояды» (Абай Құнанбайұлы. – Алматы, 1995. –173-бет). 

Алып-қосары жоқ әділетті пікір. Соңғы шумақты келтірейік:

 Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мүмин болсаң,

Ойла, айттым: «Адамдық атын жойма!».

Көрдіңіз бе, адамзаттың Абайы өлеңді «Адамдық атын жойма!» деген үндеумен қорытындылаған. Пендесіне қастықпен кінә қойма, орынсыз жазғырма! Алла бәрін айтқызбай біледі. Мысалға бүгінгі «Тоқта, есіңді жи!» деген түсінік те, Жер-Ана бір ауық дем алуына берілген мүмкіндік те Құдай ісі, оған күмән-күдік болмауы керек.

Абай «Тасдиқ» трактатын: «Құдай тағала жолына... жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – ол жол Құдайдың жолы емес. ...Өзге жолда не үміт бар?!» деп қорытады. «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол» (Шәкәрім) туралы Абай өсиеті осы. Әйгілі эпопеяға «Абай жолы» деп ат қойып, Мұхаң да осыған меңзеген болатын. Мына өлең соңын да осылай ұққанымыз жөн.            

Қорытынды. Табиғатты аяусыз тонау, тек пайда ойлау, тек тұтыну – жарға тіреді ақыры. Әлемдік пандемия шеңгелі босатқан соң ғылым-білім, экономика, мәдениет, саясат, жалпы жаһандық өркениет дамуы жаңа бағыт алуға тиісті. Сол соны жолда Абай еңбектері, әсіресе, «толық адам», «үш сүю» ілімдері зор сұранысқа ие болары күдіксіз ақиқат. Мейірімді Жаратушы Иеміз халқымыз сол жарқын заманға жетуін нәсіп етсін! Баршамыз да аман-саулықта болайық, ағайын, бауырлар!

Асан Омаров

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524