Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3562 3 пікір 14 Сәуір, 2020 сағат 12:21

Барынша үнемшіл болуға үйрену керек

Коронавирустың вакцинасы жасалмай бұл індет толыққанды тоқтайды деп айту қиын. Тығыз қарым-қатынасы бар мына жаһандық дәуірде бір ғана мемлекет оқшаулау тәсілімен індетті ауыздықтағанымен, әлемде түбегейлі тоқтамайынша бұл індет кез-келген уақытта қайта өршуі мүмкін. Ғалымдардың пікірінше вакцина енді 5-6 айда дайын болады екен. Сондықтан толыққанды қалыпты да, қауіпсіз өмір жарты жылдан кейін басталуы ықтимал. Карантин созылған сайын әлем экономикасы құлдырай түседі. Көп елдердің жинаған қоры таусылады немесе барынша азаяды. Әртүрлі келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін.

Жарты жылда әлемде індет тоқтағанымен оның экономикалық, саяси, әлеуметтік, психологиялық салдары көпке созылады. Әлемде қалыптасқан тепе-теңділік шайқалады. Әлем өзгеріп, жаңадан дизайн жасалады. Адамзат тарихы коронавирустан бұрын және кейін деп бөлініп жатса, таң қалмаңыз. Әлемді әбігерге салып, ықпалы ұзаққа созылатын мұндай күрделі кезең адамзат тарихында ұзақ жылдар болмаған еді.

Алдымызда қиын-қыстау заман келе жатыр. Сондықтан халқымыз арқаны кеңге салмай барынша үнемшіл болуға үйренуі керек.

Елімізде індет ауыздықталған жағдайда да мемлекетіміз шетелмен байланысты қатаң бақылауға алуды жалғастыруы тиіс. Еліміздегі көптеген ірі бизнес өкілдері шығынға ұшырайтындығы сөзсіз. Қаржысы көп шетелдік байлар оларды сатып ала бастайды. Сондықтан стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар мен бизнестерді мемлекет сақтап қалуды, шетелге сатылмай өзімізде қалдыру жағына назар аударуы тиіс.

Мұнайға сұраныс азайғандықтан бюджетке түсім аз болары бәрімізге мәлім. Сондықтан ауыл-шаруашылығына мән беруіміз керек.
Алла адамзатқа рақымын төксін!

Қайрат Жолдыбайұлының әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543