«Індеттің жаппай таралуының шектік деңгейіне көтерілдік»
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева елімізде covid-19 вирусының жаппай таралуы өршіп, шектік деңгейге дейін көтерілетін кезеңге жеткенін айтты.
"Біз індеттің жаппай таралуының шектік деңгейіне көтерілдік. Қазіргі деңгей 100 мың адамға шаққанда 7-ні көрсетіп тұр. Мұндай жағдайда толықтай скрининг жасалады. Әсіресе елді-мекендерге қызмет көрсетушілер мен індет жұқтыру қаупі аса жоғары жерлердегілер. 20 сәуірге дейін жаппай тестілеу жүргізіледі", - деді бүгінгі брифингте.
"Сонымен қатар, медициналық ұйымдар эпидемияға қарсы күшейтілген режимге өтеді. Ол дегеніңіз - әрбір пациентті індет жұқтырған адам деп қарап, тексереді деген сөз. Сондықтан медқызметкерлер жекелеген қорғаныш заттарымен ғана жұмыс жасайтын болады", - деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, әрбір медициналық ұйым басшылары өз қызметкерлерін қорғаныш заттарымен қамтамасыз ету керек. Олар сол үшін жауап беретін болады.
"Дәрігерлерді пациенттермен жұмыс істегенде аса сақ болуға, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береміз", - деді вице-министр.
Abai.kz